
Ақсу қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен С.Дөнентаев мәдениет сарайының ұйымдастыруымен Қазақтың көрнекті театр және өнер қайраткері, сахна өнерінің саңлағы, актер, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі – Хасен Байырмановтың 120 жылдық мерейтойына және шығармашылығына арналған «Жай қоңыр-ғұмыр» атты республикалық өнер фестивалі өтеді.
Қазақ театры сахнасын биіктетіп, төл өнердің дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы тұлғаның мұрасын ұлықтау, оның өнегелі өмірі мен даналығын жас ұрпаққа насихаттау, сондай-ақ, рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеу мақсатында өтетін кешке ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері – Ербол Айтпаев, Сәрсенғали Жүзбай, Толғанбай Сембаев, Нұржан Жанпейісов, Айзат Қарабек және тағы басқа өнер тарландары қатысады.
«Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнердің» иесіне һәм тұлғалармен тоғысқан тұғырлы тағдырға тағзым ете отырып, қазақ руханиятының шынайы шежіресін, ұлттық өнердің асқақ биігін айшықтайтын тағылымды кеш барысында қалың көрерменді Хасен Байырмановтың өмірі мен өнері хақында арнайы түсірілген бейнефильм, «Алтын қордан» табылған, мерей той иесінің өз дауысы сақталған сирек әндер мен дәстүрлі ән өнерінің думанды мерекесі күтеді.
Өтетін күні, уақыты: 10 желтоқсан, сағат 16:00-де;
Өтетін орыны: Ақсу қаласы, С.Дөнентаев атындағы мәдениет сарайы.
