Екібастұз қаласында театр ашылмақ. «Өнер» қалалық мәдениет сарайында 29-30 қазан күндері Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат!» мелодрамасы сахналанады. Қойылым режиссері Бибіажар Дихан.
Премьера уақыты: 19:00

Екібастұз қаласында театр ашу мәселесі біраздан бері сөз болып, өнер сүйген қауымның құлағы түрік жүрді емес пе?! Енді, міне, сол тағатсыздана күткен оқиға таяуда болғалы тұр. Нақтырақ айтқанда, 29 қазан күні «Өнер» мәдениет сарайында М.Мақатаевтың «Қош, махаббат!» драмасымен кәсіби театрдың шымылдығы түріледі.
Бекзат өнер ордасы – театр ашудың жүгі ауыр, осы орайда бірқатар мәселе жеделдетіп шешімін тауыпты.
– Театрға 18 штат бекітіліп, Астана, Алматы, Түркістан мен Ақтөбе қалаларынан 12 кәсіби әртіс шақырылды. Олардың басым бөлігі – «Шабыт» өнер академиясының түлектері. Сонымен қатар, Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалы драма театрының екі тәжірибелі әртісі де Екібастұз театрында қойылатын спектакльдерде ойнайтын болады. Жергілікті өнерпаздардан Гүлжаһан Міртемірова мен Жеңісбек Саябек осы жолғы премьераға қамтылып отыр. Режиссер – Бибіажар Дихан. Оның есімі екібастұздықтарға «Танакөз» спектаклін сахналауымен таныс, – деді «Өнер» мәдениет сарайының директоры Талғат Сағынтаев.
Жас театрдың аяғынан қаз тұрып кетуі үшін жан-жақты қамқорлық керек. Осы орайда, қала әкімі Аян Бейсекиннің қолдауымен қаржыландыру мәселесі оң шешіліп, әртістерге 4 қызметтік пәтер бөлініпті. Ал кәсіпкер Серік Сәдуақасов сол пәтерлерге тұрмыстық техника сатып әпергелі отыр.
«Отарқа-ақпарат»
