Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының ашылуына өлшеусіз үлес қосқан танымал актер, режиссер, ҚР еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаеваның 70 жылдық мерейтойына орай «Ана – Жер – Ана» трагедиясы сахналанады.
Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ-музыка драма театрының танымал актері Рауза Тәжібаева 70 жасқа толып отыр. Осынау мерейтойға орай, ұжым Рауза Ілиясқызы басты рөлді сомдайтын «Ана – Жер – Ана» трагедиясын (авторы Шыңғыс Айтматов, қоюшы режиссер Ерсайын Тәпенов) ұсынбақ. Қойылым жалпы көрерменге таныс, соғыс жылдары ел басына түскен нәубетті шынайы бейнелейді. Бір ғана Толғанай образы арқылы сол тұстағы жалпақ жұрттың өмірі көрінеді.
Өтетін мерзімі: 2025 жылғы 12 маусым, сағат 15:00-де
Өтетін орыны: Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры (Павлодар қаласы, Ломов көшесі, 140)
Рауза Тәжібаева 1955 жылы Қостанай облысы, Пешков ауданы, Батмановка ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Алматы қаласында Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының актерлік факультетін бітірген соң, министрліктің арнайы жолдамасымен С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облысындағы қазақ театрында актриса болып қызмет етті.
1990 жылы жаңа құрылып жатқан Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрына арнайы шақырумен келіп, өнер ордасының ашылуына үлес қосты.
Театрда актриса ретінде ғана емес, режисссер ретінде де өзін көрсете білді. «Ақнұр» (Ш.Уәлиханов), «Адасқандар» (К.Жұмабеков) қойылымдары, «Аяз атаның ала таяғы» ертегісі театр тарихында ерекше орын алады. Өнер иесі сондай-ақ «След росомахи» (1978), «Клад черных гор» (1978) деректі фильмдеріне түскен.
1996 жылы Жезқазған қаласында өткен республикалық театрлар фестивалінде «Ең үздік әйел ролі» дипломымен, Өскеменде өткен фестивальде О.Бөкейдің «Ең үздік әйел ролі» номинациясымен, 1998 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі» атағымен, 2007 жылы Көкшетау қаласында өткен республикалық фестивалде арнайы дипломмен, 2008 жылы Ақтау қаласында өткен республикалық фестивалде І орын дипломымен марапатталған. 2015 жылы ТМД елдерінің «Мәдениет пен өнердің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болды. 2022 жылы «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» атағымен марапатталды. 2025 жылы Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін медалімен марапатталды.