Бүгін – әйгілі актер және режиссер Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл толды. Атаулы мерейтойға орай, Кенжетайұлының болмысы мен мінезін аша түсетін «Деген екендерін» оқырман назарына ұсынамыз.
«Шәкеннің әні»
Шәкен Айманов өзінің інісі Кәукен Кенжетаевты ертіп, бірде туған жері Баянауылға келіпті. Көз көрген ағайын-туған ортасында қуанышты бас қосу болады. Мұндай бас қосудың әнсіз өтпейтіні белгілі.
Ән кезегін «бас театрымыздың бас әншісі» деген көтерме сөздермен Кәукенге береді. Кәукен домбыраны алып «Екі жиренге» салады.
Кәукен айтып болғанда ауылдың Шәкенмен қатар өскен бір азаматы отырып:
– Шәкен, домбыраны ұсташы, «Екі жиренді» өзіміз бір дұрыстап айтайықшы! – деген екен.
Шәкеннің айтуында «Екі жирен» әні ерекше сыр-мұңға толы рухпен естілетін болған. Мұны жақсы білетін ауылдастары «Екі жирен» әнін «Шәкеннің әні» деп айтады екен.
Бес мың сом үшін...
Әйгілі күйші Әбікен Хасенов қайтыс болады да, марқұмды жерлеу комиссиясын басқару Шәкен Аймановқа тапсырылады.
Шәкен Әбекеңді жерлеу рәсіміне қаржы сұрап, тиісті қызметте отырған Асқар Закаринге келеді. Жағдайды айтады да, бес мың сомға рұқсат етуін сұрайды. Сонда А. Закарин:
– Шәкен-ау, бес мың сомың бір адамға көптеу емес пе? – деп тартыншақтаса керек.
Шәкен болса іле тіл қатып:
– Асеке-ау, бір бес мың сом үшін тағы да біреуіміз өлуіміз керек пе!? – деп, қалағанына рұқсат алып шығыпты.
Жиреншенің есебі
Әйгілі кинорежиссер, актер Шәкен Айманов бірде еңбекшілермен кездесуге шалғайдағы колхозға келіпті. Шағын ғана ауыл клубына ел толып, колхоз басқармасы жиынды ашып, біраз шаруашылықпен, ауыл адамдарымен таныстыру рәсімін жасайды.
Сөз арасында астаналық қонақтар алдында көтеріле сөйлеп, шаруашылықтың артта қалғанын жуып-шайған болып, «…біз қадірлі қонақтардың алдында колхозымызды сексенінші жылдарға қарай миллионер колхоз етеміз деп уәде береміз» деген сөзді де айтып жібереді.
Содан сөз кезегі Шәкен Аймановқа берілгенде:
– Сексенінші жылға дейін он-он бес жыл бар екен, – деп әңгімесін бастайды. – Бұл дегеніңіз бір ғұмыр ғой. Менің есіме осыған орай мынадай бір әңгіме түсіп тұр. Ерте-ерте, ертеде, бір еріккен хан: «Кімде-кім көк есекке он жылда хат танытамын деп уәде берсе, ат басындай алтын беремін. Егер уәдеде тұрмаса басы алынады!» деп жарлық шашады. Сонда қасиетіңнен айналайын Жиренше ел ішінен суырылып шығып, «Мен хат таныта аламын!» депті де ат басындай алтынды алып, көк есекті жетелеп үйіне келіпті. Мұны көрген Қарашаш: «Ойбай-ау, о заманда бұ заман, есек хат танушы ма еді, бұл не қылғаның?!» деп қамығады. Сонда Жиренше шешен: «Бәйбіше, алаң болмай алтынды қажетіңе жарата бер, он жылда не мен өлемін не хан өледі, не есек өледі!» деген екен. Сондай-ақ, басқармаларыңыздың уәдесінде мін жоқ, тек әлгі Жиреншенің есебіндей болып жүрмесін! – деп Шәкен жұртты бір күлдіріп алған екен.
Ақселеу Сейдімбектің «Деген екен…» кітабынан әзірлеген Еламан Қабділәшім.
(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)