
Менің ойымша, қазіргі қазақ әдебиетінің басты проблемаларының бірі — әлемдік әдеби-теориялық дискурстан тысқары қалуы. Жаһандық мәдени және философиялық трендтер қарқынды трансформацияға ұшырап жатқанда, біздің қоғамдық сана мен әдебиет парадигмасы әлі күнге белгілі деңгейде ортағасырлық романтикалық-эпикалық модельді төңіректеп жүр. Бүгінгі таңда қазақ прозасының біраз бөлігі хандар, батырлар, билер және т.б. сияқты дәстүрлі мифологемаларға негізделген, яғни Еуропа әдебиеті Айвенго типіндегі туындыларды өткен ғасырларда-ақ жасап, оны архивке тапсырып үлгерген шақта, біз сол модельдерді әлі күнге жаңғыртумен келеміз.
Мұндай тақырыптық және эстетикалық тұйықтық постмодерн дәуірінің күрделі болмысын тануға жеткіліксіз. Бүгінгі әлемдік әдеби кеңістікте өзекті мәселелер — гендерлік сәйкестік, интерсекциялық әділетсіздік, діни және саяси гегемония, адам құқығының бұзылуы, психологиялық фрустрация — барлығы көркем мәтінде терең психологизм мен күрделі нарративтік құрылымдар арқылы бейнеленеді. Әсіресе, зорлық-зомбылық тақырыбы қазіргі әдебиеттің интертекстуалдық және деконструктивтік тәсілдермен қайта қарастырылатын метафоралық және әлеуметтік кеңістікке айналған.
Зорлық енді тек физикалық акт емес — ол билік дискурстарының көрінісі, мәдени кодтардың шектеуі, дін мен моральдың нормативтік құрылымдары, отбасы ішіндегі символикалық гегемония, тіпті ұлттық тарихтың өзі де зорлық тілі арқылы қайта қарастырылады. Бұл — Мишель Фуконың билік пен дискурс теориясы, Жак Дерриданың деконструкциясы, Донна Хэруэй мен Джудит Батлердің постгуманистік және феминистік интерпретациялары арқылы түсіндірілетін кең ауқымды интердисциплинарлық алаң.
Сондықтан, егер қазіргі қазақ қаламгері постмодернистік эстетика, терең психоанализ, қоғамдық-саяси дискурс пен философиялық рефлексияны шебер синтездей отырып, зорлық-зомбылықтың көпқабатты табиғатын көркем тілмен өрнектей алса — мұндай шығарма тек ұлттық деңгейде ғана емес, әлемдік әдебиет аренасында да өз орнын табар еді. Мұндай роман — өзінің идеялық батылдығымен де, формалық күрделілігімен де Кафка, Букер, тіпті Нобель сыйлықтарына лайық болуы әбден мүмкін.
Қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі — қазіргі шындықты шымыр тілмен, постструктуралистік таныммен бейнелеу кезеңі болуы тиіс. Ол үшін әдебиет шындыққа тура қарап, оның ең қараңғы қабаттарын ашуға батыл қадам жасай алуы керек…
Алмас АҚТАСОВ,
ақын.
