Иә, қазір кез келген адаммен шаруа жайын сөз етсеңіз, еститініңіз осы сөз. «Уақыт жоқ!» Үлкеннің де, кішінің де айтары осы. Сөздің ақиқаты осы. Күнделікті шаруа қамы, баланың бабы, жұмыс, отбасы жағдайымен зымыраған уақыт көшінен қалмаймыз деп жанталасқан жұрт. Таяуда ұялы байланыс телефонындағы ватсап желісінен бір қызметкер ағайдың жазғанын оқыдым. «Таң атты, бүгін дүйсенбі. Жұмыс, жұмыс деп жүгіріп жүріп бүгін күннің жұма екенін аңдамай қалыппын. Дем алуға уақыт жоқ. Біз қайда бара жатырмыз, ой Алла…»
Таяуда Гүлсім есімді апамыз мерейлі 70 жасқа толды. Телефон арқылы құттықтап, атап өтпейсіз бе деген сауалымызға: «Әй, мен сендер сияқты ерігіп жүргем жоқ. «Фэберликтің» жұмысымен жүгіріп жүремін. Тапсырыс көп. Соны істеуім керек. Қайдағы туған күн!» деп шат-шәлекейі шығып ашуланды. Міне, зейнет жасындағы апамыздың өзі уақытым жоқ деп алашапқын болып жүр.
Мектепте мұғалімдік қызмет атқаратын сіңліме қоңырау шалып, әлденені сұрай қалсам болды, «Бағзад, мен соны қарауға, іздеуге уақытым жоқ. Ешқайда мойын бұруға мұршам жоқ. Жұмысым бастан асады. Кейін уақытым болғанда көрермін» дейтіні бар.
Міне, көріп отырсыздар, жұрттың бәрі қарбаласта. Уақыттары жоқ. Мұрындарына су жетпей жүгіріп жүреді. Уақытымыз жоқ деп жанығып біз қайда бара жатырмыз?
Жас кезімізде үлкен аталарымыздың «Жүйткіген жүйріктей, аққан жұлдыздай зулап өтіп жатқан уақыт-ай», – деп өткен күндерін еске алып отырғандарында уақыттың осыншама жылдамдықпен өтетініне аса мән бермеуші едік. Енді міне, қарап отырсақ, шынында да уақыттың жылдамдығы бұрынғысынан да үдей түскендей көрінеді.
Қазіргі ғылым мен техниканың қарыштап өркендеген заманында, интернет билеген әулеметтік желілердің сиқыры жастарды илеген қым-қуыт кезеңінде уақыттың тапшылығы қатты сезілгендей болып тұрады маған. Жылы кабинетте отырып әлеуметтік желі арқылы барлық шаруаны тындырып отыратын шенеуніктер, әр түрлі сала қызметкерлері, мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар уақыттың жылдамдығын анық сезінеді. Бүгінгі жаңалықтар ертеңгі күні мән-мағынасы ескіріп жаңа жобалар легі өмірге келіп жатқан алмағайып дүниеде уақыттың құндылығы айқын сезілуде.
Зайда есімді ата-ана мектеп жасындағы балаларының қашықтықтықтан оқыту жүйесі бойынша білім алып жүргеніне көңілі толмайтынын білдіре отырып:
– Балаларды аяймын. Таңертең тұрғаннан телефонға жармасып, компьютердің мониторына телміріп отыратын балалардың ойнауға, дем алуға уақыттары жоқ. Түсінесіз бе, мұғалімдердің үйіп-төгіп берген үй тапсырмаларын орындау керек, одан қалса сыныптан тыс факультативтік сабақтары, үйірме жұмыстары бар. Қай уақытта балалар дем алады, айтыңызшы? Уақыт дегенің тым тапшы. Сенбі-жексенбі күндері тағы сол. Ертеңгі сабаққа дайындалу керек деп күні бойы тапжылмай ноутбук, компьютердің алдында отыратын баланың денсаулығына да алаңдаймын. Далаға шығып анау-мынау шаруаға қолқабыс етуге уақытым жоқ деп уәж айтады, – деп ренішін білдірді.
«Уақытымыз жоқ» деп ағайын-туыстар бір-бірімен тек телефон арқылы, аудио, видео арқылы ғана хабарласатын дәрежеге жетіппіз.
Иә, білім мен ғылымның қарыштап дамыған мынау қым-қуыт тіршілік иірімінде бәріміздің уақытымыз тапшы. Уақытымыз жоқ деп нали бермей, бір сәт айналамызда болып жатқан дүниеге де назар салып отыруды ұмытпайық, ағайын.
Бағзад НҰРТАЙҚЫЗЫ.