Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында дәстүрлі Жолдауын жариялап, елдің бүгіні мен болашағын айқындайтын негізгі міндеттерді саралап берді. Әрине, стратегиялық басымдықтармен бірге нақты шешімді қажет ететін түйткілдер де көтерілді. Солардың бірі – туризм саласы.
Бүгінде туризм – әлемдегі ең табысты саланың бірі. Дүниежүзілік көрсеткіш бойынша ол жаһандық экономиканың шамамен 10 пайызын құрайды. Бұл – миллиардтаған қаржы айналымы мен миллиондаған жұмыс орны. Қазақстан да осы бағытты дамытуға талпынып келеді. Алайда жылдар бойы құйылған қаржының қайтарымы мардымсыз, нәтиже әлі күнге дейін көңіл көншітпейді.
Әлем тәжірибесі айқын дәлел. Мәселен, Макао, Мальдив, Гренада елдері табысының 80 пайыздан астамын туризмнен табады. WTTC, UNWTO сынды халықаралық ұйымдарының есебі бойынша 2023 жылы Орта Азияда Қырғызстан экономикасының 22 пайызы, Тәжікстанның – 14 пайызы, Өзбекстанның – 10 пайызы туризм есебінен қалыптасты. Қазақстанда бұл көрсеткіш бар болғаны 5 пайыз.
Өзбекстан соңғы жылдары инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып, сервисті жақсартып келеді. Ташкент пен Самарқанды жалғаған жоғары жылдамдықты пойыз – соның айқын мысалы. Бізде, өкінішке қарай, жол сапасы, әуе қатынасы, қонақүй қызметі сияқты мәселелер әлі күнге шешімін таппай отыр.
Қазақстанда туристерді тартуға әлеуеті зор Алакөл, Бурабай, Балқаш, Алтай, Алатау сияқты бірқатар бағыт бар. Табиғаты көркем, тарихы бай мекендеріміздің мүмкіндігі мол. Бірақ басты түйткіл – жету қиындығы, билет тапшылығы және қымбат баға.
Мәселен, Алакөлде екі адам бір апта демалуы үшін 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін шығындалады. Бұл Түркия, Мысыр немесе Таиландтағы курорттарға жұмсалатын қаржымен шамалас. Бірақ қызмет сапасы салыстыруға келмейді: Анталиядағы қонақүй мен Алакөлдегі демалыс орталығының деңгейі жер мен көктей.
Осыдан барып бір сұрақ туындайды: егер баға бірдей болғанда сапа неге тең емес? Бұл – ішкі туризмнің басты қайшылығы.

Биылғы жазда Алакөл аймағындағы бірқатар түйінді мәселелер тікелей Президент назарын аударды. Мемлекет басшысы Үкіметке мәселені шұғыл шешуді тапсырды. Бұған дейін де Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөніндегі кеңесте инфрақұрылымды түбегейлі жақсартпай, сапалы сервис енгізбей, туризм саласының дамуы мүмкін еместігін ашық айтқан болатын. Бүгін тағы Президент өзінің Жолдауында туризм саласына арнайы тоқталып, саланы кешіктіре бермей дамыту керектігін ескертті.
Туризм – тек экономикалық табыс көзі ғана емес, ол – елдің имиджі, мәдениеті мен тарихын танытатын маңызды сала. Сондықтан Қазақстандағы туризмнің тірілуі ең алдымен инфрақұрылым мен қызмет сапасын түбегейлі жақсартуға байланысты. Жол, әуе қатынасы, қонақүй мәдениеті, қолжетімді баға, сапалы сервис – осы төрттағанды шешпейінше, Қазақстан туризмнің жаңа тынысын аша алмайды.
Жарқынбек АМАНТАЙ,
Парламент Мәжілісінің депутаты