Аманат – деген немене?

Әкем жарықтық бес уақыт намазын оқып, жыл сайын ораза тұтқаны болмаса, қайсыбір ел ішінде аты шыққан молдалардай «жаназа шығарып, құран-хатым аударып, балаларды сүндетке отырғызып…» дегендей молдалық құрған адам емес еді. Ол кезде аудан орталықтарын айтпағанда, ауылдардың өзінде бүгінгідей қалаған уақытыңда барып, мінәжат ететін мешіттер мүлдемге жоқ болатын. Өзара араласып жүретін алты-жеті ақсақал «Айт намазын» күн шықпай тұрып қаланың сыртындағы мұсылман бейітіне барып оқып келетін…

Сол әкеміз ауызекі әңгімелерінде үнемі болмаса да, анда-санда Аманат жайында айтып отыратын. Ол кезде ойын қуған баламыз, айтылуы жеңіл болғанымен Аманат сөзінің мағынасы мен мәніне зейін қойып, үңіліп көрмеппіз. Сөйтсек, Аманат сөзінің тарам-тарам тамырлары мен тереңде жатқан тағылымдары бар екен. Оның барлығын дәл осы жазбамызда «тәптіштеп, талдап жатудың қажеті жоқ шығар?!» деп ойлаймын.

Дегенмен қайсыбір оқырмандарымыз үшін екіауыз сөзбен айтар болсақ, «Аманат – әлдебір адамның досына немесе туыс-туғандарына, ел-жұртына көзі тірісінде айтып кететін өтініші, арыз-арманы» деуге де келеді. Айталық, өзім білетін Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Ақселеу Сейдімбеков, Қабдеш Жұмаділов сынды бірқатар жазушы-қаламгер ағаларымыз, соңында қалғандарға:

– Мен дүниеден өткенде, сүйегімді туған жеріме немесе осындай жердегі бір төбеге апарып жерлеңдер!» деп Аманат айтып кеткен көрінеді. Қазіргі күні сол ағаларымыздың жандары өздерінің айтып кеткен Аманаттары бойынша бірі туған жерінде, енді бірі тоғыз жолдың торабында жай тауып жатыр. Бұл айтып отырғанымыз пәниден бақиға аттанар адамның Аманаты.

Тарихқа үңілетін болсақ, майданға аттанып бара жатып ел-жұртын бауырларына, бауыр еті баласын ағайындарының біріне Аманаттап кеткен, соңында қалып бара жатқан дүние-мүлік, жиған-терген дәулетін Аманаттап кеткен тағы сол секілді мысалдарды көптеп келтіруге болады. Төменде сондай бір мысалға зер салып көрсек.

 

Аманның аман жеткен аманаты

Ертеде Аман деген жетім бала болыпты. Қаршадайынан байдың малын бағып, суыққа тоңып, ыстыққа күйіп, бірде ұйқысы қанбай, енді бірде қарыны тоймай жүрген жетім бала көкке қолын жайып Жаратқанға жалбарынып, тілеу тілейді екен. Бірде, сол елдегі ауқатты саудагер алыс елге сауда-саттық жасауға жүрейін деп жатқанында, Аман астына төсеп жүрген қойдың терісін апарып: – Ағатай! Мына теріні бір затқа айырбастап әкеліп беріңізші. Сізге тапсырар өтініш-Аманатым болсын, – депті.

Саудагер Аманат деген сөзді естіп, риза болады да, ешбір сөзге келместен теріні алып, алыс сапарға аттанып кетеді. Аман бала күнде саудагердің жолын тілеп, түрлі-түрлі тәтті ойларға шомып жүріп жатады…

Күндердің күні саудагер жаңағы қой терісін бір алтын теңгеге сатып, – Балаға апарып берем, керегін өзі алар, – деп қуанады. Жол-жөнекей келе жатып, бір адамға тап болады. Әлгі адам жанындағы ерекше бір жануарды сатып отыр екен.

Саудагер: – Мына сатып отырғаның не? – деп сұрайды.

– Бұл мысық деген жануар. Өзі адамға жақын, ұстасаң жұмсақ, қасыңа алып жатсаң бойыңа жылуын шашады, – дейді анау.

– Апырай, ә! – деп таңғалған саудагер:

– Бағасы қанша? – деп сұрапты.

– Бір алтын теңгеге беремін! – депті мысықтың иесі.

Сөйтіп саудагер еш ойланбастан мысықты сатып ап:

– Бала бір қуанатын болды ғой, – деп өзі де мәз-мейрам боп көңіл-күйі көтеріліп қалады. Саудагердің жолы болып, саудасы жақсы жүріп, үлкен олжаға кенеліп, керуен басын еліне бұрған екен. Жол-жөнекей іңір қараңғылығы түскен шақта керуенін бір ауылдың маңына шөгерген саудагер таңертең тұрса, сол елдікі болса керек, бір патша қалың әскерімен керуенді қоршап апты. Үрейі ұшқан керуеншілер жапа-тармағай орындарынан түрегеп: – Тақсыр не болып қалды? Біздің нендей жазығымыз бар?! – деп сұрайды.

Патша қолындағы мысықты көрсетіп: – Мына жануар кімдікі? – дейді. Мысықтың өзінікі екенін байқаған саудагер абыржып: – Ой, алдияр тақсыр! Кешіріңіз, бұл Аманат еді. Оны мен бір жетім балаға арнап сатып алып едім, – деп болған оқиғаны баяндайды.

Сонда патша: – Менің қазынамдағы байлығымды тышқандар жеп жатыр. Ешнәрсе көмектесе алмады. Бір келсе, мына жануардың ғана шамасы келеді екен. – Бұл барлық тышқанды қырып тастай алады, – деп есітіп, сендерден осыны сатып алғалы келдім! – депті.

Солай депті де, «Балаға апарып бер!» деп елу түйеге артқан дүние-байлық беріп: – Сенің жетіміңнің Аманаты осы болсын. Аманатқа қиянат жасамай, апарып беретін бол! – депті.

Ойламаған жерден мол олжаға кенелген саудагер қуанышы қойнына сыймай жолға шығады. Жол-жөнекей керуендегі өзге саудагерлер сөз салып: – Ол жетімекке мына елу түйеге артылған дүние-мүліктің не қажеті бар? Онан да өзара бөлісіп алайық. Балаға бір көйлек пен мәмпәси кәмпит апарып берсек те, риза болмай ма? – деп алты күн арбап, жетінші күн дегенде саудагерді жолынан тайдырып, бар байлықты бөліп алады. Сол түнде тұтқиылдан пайда болған қарақшылар бүкіл керуенді тонап, саудагерлердің бар байлығын тартып ап қояды.

Сонда саудагер ойбай салып: – Мен Аманатқа қиянат жасадым. Уа, Құдай! Кешіре гөр мені! – деп зар еңіреп жылаған көрінеді.

Қарақшылардың басшысы: – Не деп тұрсың, Аманатың не?! – дейді. Сонда саудагер болған жайды бастан-аяқ айтып беріпті. Қарақшы: – Жеті күн бойы қанша торысақ та, сендерді ала алмадық. Бірінші түні қалың тікенекке тап болдық. Екінші түні жолымызды тасқын су кесті. Үшінші түнде терең апанға тап болсақ, төртінші түні жолымыздан адастық. Осылайша бесінші-алтыншы түндерде де түрлі кедергілерге тап болып, тек, жетінші түні ғана сендердің керуендеріңді тонаудың сәті түсті. Енді бәрі түсінікті. Алты түн бойы сендерді қорғаған – Аманатты сақтағаның болды. Бүгін Аманатты бұздың. Сондықтан сендерді ешнәрсе қорғамай, біздің олжамызға айналдыңдар, – дейді.

Ондай болса «Аманатқа қиянат жоқ!» деп елу түйені дүние-мүлкімен саудагерге қайтарып беріп, – Мынаны балаға апарып бер! – деп жөніне кетіп қалады.

Саудагер балаға елу түйеге артылған дүние-байлықты апарып бергенде, бала: – Мен мына дүниенің барлығын не істеймін, одан да сіз саудаңызға жаратыңыз, – деген екен. Саудагер Аманды «Аманат» деп атап, өзіне бала ғып асырап алыпты. Оны сауда-саттықтың қыр-сырына баулып, екеуі бақуатты ғұмыр кешкен екен.

Міне, бір аңыз «Аманат – түбірі аман деген сөзден шыққан» дей келе, Аманатқа өзгені қойып, қарақшының өзі қиянат жасамағандығын ескертеді.

 

Тым болмаса тілімізді сақтайық!

Қазіргі таңда біз айтып отырған Аманаттың ел ішіндегі қадірі мен қасиеті, оның қоғамдағы қолданысы қай дәрежеде және ең бастысы Аманатқа қиянаттың жасалу-жасалмауы қаншалықты назарымызда?

Қазіргі қазақ халқының болашағы деп жүрген жас ұрпақтың кез келгенінен: «Аманат деген не, білесің бе?!» деп сұрап көріңізші.

– «Аманат деген – партия!» деп тақ ете қалмаса, арғы қолыңызды маған беріңіз. Олар, яғни, сіз бен біздің болашағымыз Аманатқа қиянат жасамау былай тұрсын, Аманат деген сөздің не мағына беретіндігін де білмейді. Ал, біз болсақ биік мінберлерден: – Бабадан қалған ұлан-байтақ даламыз да, қасиетті тіліміз бен салт-дәстүрлеріміз де, көне әдебиетіміз бен тарихымыз да т.б. барлығы біздер үшін Аманат! – дейміз. Дегенде, күретамырымыз білеуленіп, өңешіміз жыртылып кетуге шақ қалады. Кәдімгідей, бабадан қалған Аманатты адал арқалап жүрген жандай боп сөйлейміз…

Жандарың жәннатта болғыр батыр туған бабаларымыз айналасындағы анталаған ата жауларымен жан алысып, жан берісіп жүріп қорғап қалған ұлан-байтақ жерімізді соңында қалған ұрпағына, яғни, сіз бенен бізге Аманат етіп қалдырды ма, қалдырды?!

Бабаларымыз ұлан-байтақ жерімізді ғана емес, сүтпен сіңген тіліміз бен дәстүрлі дінімізді де, өзге ұлтта жоқ, қазаққа ғана тән салтымыз бен адам айтса нанғысыз ерліктерден тұратын ұлттық тарихымызды соңында қалған ел-жұртына, болашақ жас ұрпағына Аманат етіп қалдырды ма, қалдырды, әрине?!

Ал біздер сол Аманатты қайттік? Ата-бабаларымыздың сенім артып, тапсырып кеткен Аманатына қаншалықты адал бола білдік? Егер бабадан қалған Аманат екендігі рас болса, сол ата-бабаларымыз қан төгіп жүріп қорғап қалған қасиетті жерімізді неге саудаға салдық?

Тегінде:

«Ерінен айырылған көмгенше жылайды,

Жерінен айырылған өлгенше жылайды» деп ескертіп кеткен де сол бабаларымыз болатын.

Егер бабадан қалған Аманат болса, Төле, Қазыбек, Әйтеке бастаған би-шешендеріміз, Ақтамберді, Бұхар, Дулаттай жырауларымыз, Махамбет, Абай, Мұқағали сынды от ауызды, орақ тілді ақындарымыз пір тұтқан қасиетті де, қастерлі тілімізді неге бүгінгідей бейшара хәлге түсірдік?

Егер бабадан қалған Аманат екендігі рас болса, ес білгелі ерекше құрметтеп, тіл тигізбей әспеттеп келген асыл дініміздің бүгінгі таңда неге қадір-қасиеті жоғалып, неліктен түрлі-түрлі ағымдарға бөлшектеніп кетті?

Тарихымыз неге бұрмаланып, салт-дәстүріміз неге жұлмаланып кетті? Егер «Неге?» – деп түгендей берсек, ақталмай қалған Аманат толып жатыр… Қазіргі таңда Аманат қайда, біз қайдамыз, өзі?!

Бұдан түйетін түйін – біздер тұтас бір ғасырдың төрт буын өкілдері, (мүмкін одан әрі де болар) ата-баба Аманатына қиянат жасаған ұрпақ боп саналамыз…

Астапыралла!

Қандай суық, неткен ауыр сөз еді?!

Иә, бұл қаншалықты ауыр, қаншалықты суық сөз болса да – ақиқат солай дейді. Ал ақиқатты бұрмалап, шындықтың жүзіне тайсақтамай тіке қарай алмасақ, біздің кім болғанымыз?

Жарайды, «Жер саудасына қарапайым халықтың еш қатысы жоқ, оның бәрін істеп отырған жоғарғы жақ!» делік. Дін мәселесіне жер-жердегі имамдар мен молдалар, қари-сари, ишан, пәлен-пәштуандар, қысқасы ҚМДБ жауапты болсын.

Біз – тым болмағанда тілімізге қиянат жасамасақ етті?! Егер кез келген қазақ отбасы шыр етіп дүниеге келген сәбиіне қазақ әндері мен күйлерін тыңдатып, қазақша ертегілер оқып беріп, бірыңғай қазақ тілінде шыққан мультфильмдерді көрсетіп, сәбидің өзімен қазақша сөйлесе берсе, бала қазақша сөйлемегенде қай тілде сөйлейді?! Мұның қандай қиындығы, нендей кедергісі бар? Жоқ әлде, бұған да мемлекет кінәлі ме?

Біз ел боламыз деп ойланып-толғанып, ырғалып-жырғалғалы бақандай 33 жылға аяқ басыпты. Ендігі енжарлығымызды уақыт мырза көтермеуі де, кешірмеуі де әбден мүмкін.

Сондықтан да есіміз барда, бесігімізді түзейік ағайын!

Тым болмаса, тіл Аманатына адал болайықшы…

 

Серік ҚҰСАНБАЕВ,

Өскемен қаласы.

Добавить комментарий