Опасыз отызыншы жылдар қаншама оғланның өмірін отқа көмді. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясының құрамында боздақтар туралы зерттеу жүргізу барысында басын бұғауға байлаған тағдырлар туралы ақпараттар толыққанды жиналмай, талайдың танымына жетпей жүргеніне көз жеткіздік. Амалсыз қолыңа қалам алдырады. Ал қаламнан түскен сия ақ қағазға қан болып жазылатындай әсер қадырады.
Әр ауылда сталиндік репрессияға ұшыраған тұтастай әулеттер болмаса да, тырнағына ілінген кем дегенде бір адам бар шығар. Бірақ аудандардың тарихына қатысты есептік бейнефильмдерде олар туралы айтыла да бермейді. Себебі шындық әлі шымылдығын толықтай түрген жоқ, қолдағы бар мәліметтер мардымсыз, әркім тек өз атасын насихаттап әлек. Бір ғана Ақтоғай ауданының аумағында қаншама аласапыран күндер өткен, қаншама тағдырлар қиылған, қаншама адам шекара асып баз кешкен. Сондай шырмауық тағдыр иелерінің бірі – 1906 жылы Ертіс ауданы Кубань ауылдық кеңесі Қожамжар ауылында туған Ақан Смайлов. Түсінікті болу үшін айта кетейік, бұрын Қожамжар ауылы Ертіс ауданына қарады, оның алдында болыстық бірінші ауыл, яғни Күрлеуіт ауылы деп аталған. Кейін отызыншы жылдары ол ортада «Сталин» колхозы құрылған.
Павлодар мемлекеттік облыстық архивінен, Ішкі істер басқармасының арнайы архивіндегі ақталған тұлғалар тізімі қорынан, жекелеген газеттер мен кітаптардан жинақтаған ақпараттар негізінде «Сталин» колхозының төрағасы қызметін атқарған, қожамжарлық Ақан Смайлов туралы біраз дерек табу мүмкін болды. Әкесінен жетім қалған Ақан туысқан ағасы Тілеубердинов Бекештің қолында тәрбиеленген. 1928 жылдары кәмпескеленген Бекештің сол уақыттағы есеп бойынша иелігінде 5 түйесі, 30 сиыры мен 20 жылқысы, 40 шақты қойы болған екен. Ресми малы тәркіленсе де, өзі кәмпеске ылаңынан қашып, ішті (Ресейді) паналаған. Кейінгі тағдыры белгісіз.
Ақанның әйелі Бәтима 1917 жылы, інісі Қанапия 1926 жылы, қарындасы 1932 жылы, апасы Құсни Маханбетова 1887 жылы туған. 1925 жылға дейін әкесімен бірге жергілікті ауқатты адамдардың қолында жұмыс істеген. 1925-29 жылдары Павлодарда жүкші болған. 1929 жылы елге оралып, кедей орта шаруалар тобынан «За Сталина» колхозы құрылып (Қожамжар кеңшары. Автор.), соның төрағалығына сайланған. 1930 жылы колхоз төрағаларының бір айлық курсында оқыған. Сол жылы М.Горький ауданының (қазіргі Тереңкөл ауданы. Автор.) «Жасқайрат» колхозына төраға етіп жіберілген. Бір жыл ішінде іскер азамат колхозды алдыңғы қатарлы колхоздар сапына қосқан, өзі партия қатарына өткен. Колхоз құрылысындағы бірінші топтағы жұмысшылар тобынан көрінген. Бұдан кейін аудандық ұйымдар екінші рет Павлодар қаласына колхоз төрағаларының үш айлық курсына оқуға жібереді. Оны аяқтай салысымен Ертіс ауданының «Мирзоян» колхозына төраға етіп бекіткен. Аталмыш колхозды алдыңғы қатарлылар қатарына жеткізген. Бұл үшін Ақанға құны 500 рубль тұратын кастьюмді сыйға тартқан екен. Ол кездегі өлшем бойына, бұл – үлкен сый. Өзін оң қырынан танытқан оны бұдан кейін аудандық ұйымдар тарапынан жартылай бұзылып қалған «Қызылжар» колхозына жіберген. Колхоздың ахуалын асырғаны үшін аудандық ұйымдар бір сиыр мен 200 рубль сыйақы берген. Ал 1937 жылы Ертіс аудандық ұйымдардың жолдамасымен 1929 жылы өзі құрған «Сталин» колхозына қайта төраға боп, «көсемнің» атындағы колхозды Ертіс ауданындағы алдыңғы қатарлы колхоздардың тобына қосқан. Алайда кеңестің саясатына жан-тәнімен беріліп, кешенді ұжымдастыру жұмыстарында алдыңғы орыннан көрінген жерлесімізге де сталиндік сүмелектер аяушылық көрсеткен жоқ. 1937 жылы контр-революциялық ұлттық фашистік ұйым мүшесі деген айыппен партиядан шығарылған. Алашорда мүшесі деп айыпталған. Сол жылы қараша айында Ертіс аудандық НКВД тарапынан қамауға алынған және Қазақстан облысы УНКВД Үштігімен 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жаза кесілген.
Севураллагте жазасын өтеген Ақан Смайлов 1940 жылы ҚазССР-нің ішкі істер халық комиссарының атына шағым хат жазып, ісін қайта қарауды өтінеді. Осы хатты оқи отырып аяулы жерлесіміздің қандай мүшкіл халге түскенін, сталиндік жендеттердің сорақы әрекеттері жаныңды түйремей қоймайды екен. Сол сезімнен туған толғауды назарларыңызға ұсынамын.
Ақан Смайлов жазасын өтеп, туған еліне оралған. 1958 жылы дүние салып, Қараой (Кубань) ауылында жерленген.
1989 жылы сәуір айында ақталған.
Ақанның ащы зары (толғау)
– Иә, Аллам, тағдырыма аялдайын,
Ақиқат ауылына аяңдайын.
Амандық хат, ішкі істер министрі,
Өткерген теперішті баяндайын.
Жүдетіп ішке түскен жарам жанды,
Атыру арман боп тұр маған таңды.
Қапастың қан жылаған қасқалдағы,
Амалсыздан қолына қалам алды.
Ұсталып таудан қыран, белден бегім.
Сең соққандай сенделді сенген елім.
Кісен салған жазықсыз жақсыларға,
Севураллаг айдалып келген жерім,
Не үшін келдім,
не үшін тұтқындалдым?
Жауап таппай қиналды ұтқыр жаным.
Барлығын баяндайын бастан-аяқ,
Жөн болады-ау сатылап ұқтырғаным.
Иә, Тәңірім, сөз салсын таңдайыма,
Бейбақтың үңілгейсің хал-жайына.
Ажал деген – Алланың сайкез оғы,
Сол оғы дарымай тұр маңдайыма.
Қожамжар – кескен елім кіндігімді,
Ақ Ертіс жуған айдын кірлігімді.
Қаңқу сөз қыдыртпаған жампоз жұртым,
Байрақтай биік ұстар бірлігімді.
Баласы едім ортаңқол Смайлдың,
Әлжуаз жігіттерді сынай күлдім.
Тайпаңдатып тыпыршың жорға міндім,
Айылбасын босатпай құр айылдың.
Ертістің күрке құрып шетіне мен,
Жағасында алыстым «бекіремен».
Қар түскенде әкемнен қалмаушы едім,
Сәңкеге сәндеп жегіп екі дөнен.
Елдің іші соғым, сауық…
…жалғасты өлең,
Ала таңын атырған малдаспенен.
Әкеміз беделді еді бұқараға,
Сайланып барған үйден жамбас жеген.
Жұрт қамына қомданған қоңыр адам,
Іштің де тілін тапқан тамыр адам.
Науқастанып, көп жатпай ажал құшты,
Бір әулет боп біз қалдық аңыраған.
Бала едім қатпаған бұғанасы,
Қойдың сүті – жетімнің қылар асы.
Ағайынға жақпаймын шалалықпен,
Сеземін ішінде бар бір аласы.
Әкемнің бір інісін сағаладым,
Жақын тартты байламай бала бағын.
Бір үйірдей жылқысы болушы еді,
Мініс атын жаратып тағаладым.
Ауылымның тараған аты мыңға,
Ер жеттім, пісті толып ақылым да.
Шолтаңдаған шоқша сақал, көздері көк,
Көк серке көкпар болды тақымымда.
Белдескенде жығылмас көк етті едім,
Үзеңгілес достарды бөлектедім.
Ай астында шалғыннан сүйек іздеп,
Қызды ауылдың шулаттық төбеттерін.
Арылмайтын күн туды қызырдан дау,
Ауылдарға лаң салды бұзылған жау.
Орағына балғасын айқастырып,
Қалың елде орнады «Қызыл жалау».
Иттің күнін кешірген байлаудағы,
Астық ортақ, мал да ортақ айдаудағы.
Мың тоғыз жүз жиырманың сегізі еді,
Қазақтың колхоз болған жайлаулары.
Байлар кетті айдалып Ақтөбеге,
Байларсыз бұқараға бақ келе ме?!
Аштыққа айла таппай сандалған жұрт,
Мінгесті ажал деген ақ кемеге.
Мал шығардық, бір жерге ұжымдастық,
Колхоз болдық…
Бітпеді қыжыр, қастық.
Қолдаушыдан ізіңді аңдыған көп,
Қай жерде сүрінер деп «қызыл бастық».
Сүрлеуіне түскен соң саясаттың,
Совет деп құшағымды жая шаптым.
Қорекке қыр-даладан тамыр терген,
Қалың елге келді де май асатқым.
Жоспар құрдым қолыма қалам алып,
Белсенді боп ел, жерді араладық.
«За Сталина», «Жасқайрат», «Мирзоян»,
Колхоздарда атқардым төрағалық.
Өң бермей өмір өтті бұғауменен,
Отыз жеті қалтыратты қырауменен.
Оқыған, тоқығанның бәрін соттап,
Көздің жасы көл болды жылауменен.
Кешінде жаңа туған ала күздің,
Ауылға кіріп келді «қара құзғын»*.
Қолымды қайырды да алып кетті,
Білдіртпесін** көрсетіп санасыздың.
Кім болды екен көрсеткен «аласа адам»?
Тығылып көлеңкеде қан асаған.
Түк түсінбей зарланып жылап қалды,
Қарашығы қанталап бала-шағам.
Ертістің қамады әкеп түрмесіне,
Талатып битіне де, бүргесіне.
Адам түгіл иттің де жаны төзбес,
Тілемес қапас екен күндесіңе.
Қырауланып сыз тартқан қабырғасы,
Аңырайды жаныңның адырнасы.
Өліктерді сүйреген айдауылдар,
Абақты емес секілді қабір басы.
Қараңғыда шомылмай таң нұрына,
Тар қапаста зарландым тағдырыма.
Қазыны көп жеп қойсам құсушы едім,
Зар болдым көтеремнің шандырына.
Тергеуші қарамайтын жас шамаға,
Бәрі бір…
кәрі шал ма, жас бала ма?!
Бес тәулік аяғымнан тік тұрғызып,
Ұйықтатпай қинады «тас қорада».
Деп сөгеді: «Алаштың құйыршығы»,
Айыбының айтылмай түйін сыры.
Қара күйе жағылып ақ арыма,
Жазмыштың түсті басқа қиын сыны.
Құдайдың ажал тілеп құзырынан,
Үміт үздім өмірдің қызығынан.
Бес күн бойы татырмай бір қасық су,
Бес күн бойы бермеді бір үзім нан.
Түскендей құл қинаған ескі күнге,
Есерсоқ боп ұмыттым есті мүлде.
Қызуынан қарыған түймең күйер,
Қинады қамап тастап пеш түбінде.
Тепкілеуден өтіп жатыр бүкір күнім,
Денемнің сезбей қалдым бүтіндігін.
Шелектеп су құяды жалаң тәнге,
Мұз боп түсер сараязда түкірігің.
Жатқан жерім тас қамал төкті үрейді,
Күзетшілер кезектесіп кеп түнейді.
Көгала қойдай қылып сағат сайын,
Керзі етіктер аяусыз тепкілейді.
Құлақ аспай күн-түні зарлауыма,
Тергеушінің көкпар боп қармауына.
Қос аяғым жан кетіп, тастай қатты,
Жүралмаймын сүйеніп балдағыма.
Тергеуші кеп жекиді:
– Контрасың!
Мен айтқан сөзбен істі толтырасың.
Маған қажет жауапқа қол қоймасаң,
Үйдегі ұл-қызыңды қор қыласың.
Қисынсыз өрілсе де жапқан жала,
Бақтан мүлде айырды ма Хақ Тағала?!
Бір ауыз сөз орысша білмесем де,
«Қол қой!», – деді орысша хаттамаға.
Туған заман шаланы шалық көсеп,
Барлығы жау,
сөз айғақ,
қамыт – өсек,
Құлағымнан қан саулап қиналғанша,
Жұмсақ болып көрінді табыт-төсек.
Шүберек боп адамның мақта-жаны,
Сүлесоқпын…
Бәрібір ақтамады.
Шимай-шатпақ есімде қол қойғаным,
Оқығаным есімде жоқ хаттаманы.
Севураллаг.
Келген жер елді қиып,
Артқа тастап көлдерді, белді биік.
Төсегімде таңылып тұра алмастан,
Есімді де жатырмын енді жиып.
Он жыл жаза алыпты сормаңдайым,
Ойды орап мүжіді ормандай мұң.
Жейтініміз қара нан, шикі балық,
Отынымыз өлшеулі солған қайың.
Электр сымдарына қырау қатқан.
Сырқыраған сүйекке дырау батқан.
Ат тізгінін үзетін тұтқындардың,
Күйін көру қандай қиын жылап жатқан.
Тақтай төсек, суықтан өкіресің,
Төсерге қамыс сұрап өтінесің.
Консерві жеген итті көргеніңде,
Ит болып тумағанға өкінесің.
Мен – бір жатқан борсыған қызыл етпін,
Қызығын көре алмаған қызыметтің.
«Халық жауы» емеспін елге тиген,
Ішкі істер министрі…
Құзыреттім!
Рақым ет,
Бейбағыңа қолғабыспен,
Іргеңді алыс салма ордалы істен.
Жаланың жалынына нақақ күйіп,
Торғайдай тыпыршыдым торға түскен.
Базардан көріп әбден азабымды,
Күте-күте шаршадым ажалымды.
Сүлесоқ күйге түстім күні-түні,
Лагерде ести-ести азалы үнді.
Күте-күте шаршадым ажалымды.
«Қара құзғын» – Халық арасында НКВД мамандарының мінетін қара көлігін осылай атаған.
Білдіртпе – домалақ арыз.
Бейбіт БӨЖЕН,
ақын, өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)