Біз және Болмыс.
«Қорадағы қызыл сиыр – дипломың…»
«Ауыл мектебi мен қала мектебiнiң бiлiм берудегi сапасында әжептәуiр айырмашылық бар, қалалыққа қарағанда ауылдағы қара домалақтардың бiлiм деңгейi бiрталай төмендеу. Материалдық-техникалық база, кадрлық және ақпараттық мүмкiндiктерi жағынан ауыл мектептерi артта қалып жатыр» деген пiкiрлердiң тиегi осы уақытқа дейiн дүркiн-дүркiн ағытылып келгенiн жақсы бiлемiз. Дәл осы мәселе елiмiз тәуелсiздiк алғаннан берi күн тәртiбiнен түспей, басы тоқайласа қалған екi адамның уақыт өткiзер әңгiме-ермегiне, әрнеге сылтау iздегiш талайлардың таптырмас тақырыбына айналғаны да жасырын емес. Тiптi, бұл тақырыптың ауыл үйдiң арасынан бастап, мәртебелi мiнбелерге дейiн айтыла-айтыла әбден жауыр болған жағдайы бар. Қазiр ше?
Шүкiршiлiк, қазiр ауыл мектебi мен қала мектебiнiң талапқа сай бiлiм берудегi мүмкiншiлiктерi біраз теңесiп қалды. Қала мектептерiндегi секiлдi ақпараттық жаңа технологиялар, оқытудың әдiс-тәсiлдерi, материалдық-техникалық база ауылдық жерлердегi оқу орындарында да анау айтқандай әйдік болмаса да, қажетiнше, шама-шарқынша қалыптастырылған. Бұрынғыдай емес, ауыл мектептерi жоғары бiлiм алған мұғалiм-мамандармен жыл сайын толығып келедi. «Пәленбай пәннен пәленше маман жетiспейдi» деген жанайқайды да естуден қалып барамыз. Бұл мәселеге елiмiздiң Оқу-ағарту министрлiгiнен бастап, жергілікті әкімдіктер, облыстық бiлiм басқармалары және қалалық, аудандық білім бөлімдері жiтi назар аударып отыр әрi мейлiнше шұғыл реттеп келедi. Сондықтан, ауыл мен қала мектептерiнiң оқытудағы мүмкiншiлiктерiнен айырмашылық iздеу, баяғыша байбалам салу дәл қазiр ешкiмге де опа бермейдi.
Әрине, проблеманың бәрi оң шешiмiн тапты, сапалы бiлiм алуға кедергi боларлықтай мәселелер жоқ деп кесiп айту ертерек. Ретке келтiрер тұстар әлi де жеткiлiктi. Дегенмен, бiрталай мәселелер өз арнасына түсiп, жөнiн тапқанын айтуға тиiспiз. Бiрақ, ауыл баласы мен қала баласының бiлiм деңгейiндегi айырмашылық жойылған жоқ. Неге?
…Ауыл баласының дұрыс бiлiм меңгермеуiне ата-аналардың өздерi «қомақты үлес» қосып отырғаны екi бастан белгiлi дейді кей сарапшылар. Ата-ананың көпшiлiгi баласының тиянақты бiлiм алғанынан гөрi ертеңгi күнi нәпақа болар төрт түлiкке бас-көз болуын қатты қалайды.
«Таңнан қара кешке дейін мектепке бара берiп неғыласың, одан да үйдегi малды күтiп-бапта. Қорадағы қызыл сиыр сенiң ертеңгi дипломың болады» деген екен ауылдың бiр қазағы күн ұзын мектептен шықпайтын баласына.
Ауыл мектебiнiң балалары таңның атысы-күннiң батысы малдың соңында жүрсе, еш бiлiм игерiп жарытпайтыны айдай анық. Бұған қоса, ауыл балалары күнделiктi үй шаруасының «отымен кiрiп, күлiмен шығады». Арасында мектептегi сабақтарына жүгiрiп барып келiп, әйтеуiр «жүрдiм-бардым» күйде бiр «мiндетiнен құтылып» тастайды. Сөйтiп, сiлiкпесi шығып, әбден шаршаған олар кешкiлiк төсегiне келiп құлайды. Кiтап бетiн ашуға, үй тапсырмасын орындауға уақыт та, мұрша да жоқ. Тiптi, қызығушылық hәм ынта-ықылас та болмайды. Есесіне, үйде отырса да, далада жүрсе де, қораға кірсе де, ебін тауып интернеттің иірімін ақтарып, әлеуметтік желінің қоясын қопарыстырады.
Ең сорақысы, баласын бар шаруаның соңына салып қойған ата-ана «баламның бiлiмi ақсап жатыр-ау, осы неме ертең кiм болып шығады, болашақта өз жолын таба ала ма?» деп ойламайтындардың қатары қалың. Материалдық-техникалық базада айырмашылық болмағанымен, кадрмен қамтылуда қиындық көрмегенімен, ауыл мектептері оқушыларының бiлiм деңгейiне кері әсер етiп келе жатқан фактордың бiрi жоғарыдағыдай.
Ертелi-кеш үйдегi малдың, отын-судың қамымен ғана шаршап-шалдығып жүрген бала мектеп партасында есiнеп отырмағанда қайтедi? Оған мұғалiмнiң берген дәрiсi кiрiп те шықпайды. Бiр қызығы, балаларын күнi-түнi жұмысқа салып қойып, нәтижесінде олардың дұрыс бiлiм игермегенiне мұғалiмдердi кiнәлайтын ата-аналар да көп кездеседі.
Мұғалiм ғана кiнәлi емес…
Егер мектеп қабырғасындағы баланың бiлiмi ақсап жатса, бiз бұған ең алдымен мұғалiмдi кiнәлi деп тауып, дұрыс-бұрыстығын таразылап жатпай, көп ретте соларды жөн-жосықсыз күстәналай жөнелемiз. Қайсыбiр баланың оқу үлгерiмi қанағаттанарлықсыз деңгейдi көрсетсе, ата-аналар да, мектеп басшылары да бiрден мұғалiм-мамандарға шүйлiгiп, сынның астына алады.
Мектептегi педкеңестерде басшылар жағы ашуға мiнiп, қаhарлана: «Пәленбай пәннен пәленше оқушы нашар болып шықты, бұған кiм кiнәлi? Әрине, бұл мұғалiмнiң өз жұмысына салғырт қарағаны», – деп, үстелдi тоқпақтап, мұғалiм жазғанның сiлiкпесiн шығарады.
Тәжiрибесi әлi аздау жас маман былай тұрсын, тiптi атағы дардай, «мықты маман» деп мақталып жүрген мұғалiмнiң өзi осындай сындарға жиi ұшырайды.
Сонда ғой, мектеп баласының тоқсан сайын екiлiктен көз ашпауына шынымен-ақ тек мұғалiмдер ғана кiнәлi болғаны ма? Жоқ…
Психология ғылымының әлемдiк тәжiрибесiне зер салсаңыз, мектептегi баланың нашар болуына тек мұғалiм ғана кiнәлi деген бiржақты түсiнiк мүлде жоққа шығады. Психологтардың пайымдауынша, оқушының он бiр жыл бойы «әлiптi таяқ» деп танымауына яки тани алмауына тiкелей кiнәлi – ата-ананың өзi! Айталық, бiр сыныпта жиырма оқушы болсын. Тоқсан немесе жыл соңында солардың жетеуi – оқу үздiгi, тағы бесеуi – озат атанады да, ендi алтауы – орташа бiлiм нәтижесiне иек артып, қалғаны екiлiктiң ауылында қалады. Осы жиырма баланың үш-төртеуi екiлiктiң деңгейiнен шыға алмады екен деп, бiрден мұғалiмнiң жұмысын тұтасымен жоққа шығаруға бола ма?
Мұғалiм өз жұмысына салғырт қараса, шын мәнiсiндегi оқу үздiктерi қайдан шықты? Мүмкiн ұстаз «ала қойды бөле қырыққандай», әрбiр сабағында өзi үздiк ретiнде көргiсi келген оқушыларды жекелей топтап алып, соларға ғана дәрiс берген, соларды ғана оқытқан шығар… Үлгерiмi нашарларға назарын да салмаған болар… Әрине, бұлай болуы әсте мүмкiн емес. Әрбiр сабақ сыныптағы барлық балаға бiрдей жүргiзiлiп, дәрiс ортақ тұрғыда берiледi.
Айтты-айтпады, ұстаздар қауымы әр сабақ сайын оқытудың небiр озық әдiс-тәсiлдерiн қолданып жатса да, санасына титтей де болсын тәлiм сiңбейтiн шәкiрттер аз кездеспейді. Оған себеп, үздiк оқитын парталас құрбыларына қарағанда, олардың ақыл-ес дамуы айтарлықтай кенжелеу қалған. Ойлау қабiлеттерi төмен, қабылдау түйсiктерi нашар. Кiм кiнәлi? Жауап жалғыз – ата-ана! Неге?
Бiлiмдiлiк қабiлетiмен әлемдi аузына қаратқан кейбiр ұлтта әр ата-ана баланы мiндеттi түрде құрсақта жатқан кезеңiнен бастап тәрбиелейді. Әрине, бұл мен ашқан жаңалық емес. Айтылып та, жазылып та жүр ғой. Сол ұлттардың өкілдері тiптi, дүниеге әкелер балаларының тәрбиесiне құрсаққа дейiн де айрықша маңыз береді. Өмiрге келер баланың саулығына, ақыл-есiнiң ақаусыз болуына, зерек, алғыр, қабiлеттi, бейiмдi боп тууына барлық амалдарды жасайды. Бұл жағынан алғанда, қазақ ұлтының да ата-бабадан қалыптасқан өзiндiк тамаша әрі аса қажетті ұстанымдары бар екенi белгiлi. Бiрақ, сол ұстанымдарды осы күнi қаперге алып жүргендер некен-саяқ сияқты көрінеді.
«Қызы шешесiмен, шешесi кесесiмен iшедi» деп ана бiр уытты әзiл-әңгiмеде айтылғандай, қазiр көңiл жарастырып, ұрпақ өрбiтемiз деп шаңырақ көтерген ер мен әйел өздерi қосыла арақ iшiп, көк түтiнге көмiлiп шылым шегедi. Соның салдарынан, ағзадағы қаны да, сана-сезiмi мен ақыл-есi де спиртке, никотинге, есiрткiге әбден уланған ата-анадан тек ақыл-есi кем бала туатыны айдан анық. Ал мұндай баланың сана-сезiмiн дамыту еш оңайға түспейдi. Мектеп қабырғасында да олардың ой-санасы кеш жетiледi немесе дамымаған күйiнде қалып қояды. Мұғалiмнiң дәрiсiн жадыға түйе алмайды, айтқанды ұмытып қалады, соңында екiлiк алып, үнемi нашар оқушы қатарына қосылады. Ақыр-соңында олардың нашар оқығанына, көштің соңында қалғанына тек мұғалiм кiнәлi болып шығады…
Асыл ӘБІШЕВ