Жазушы Мейрам Асылғазиннің «Иірім» кітабын оқып шықтым (Алматы, 2002 жыл). Кітапқа «Иірім» және «Жаңа қала тұрғындары» повестері енген. Екі повесь те қызықты. Шығармалардың мазмұнын баяндаудан тысқары қалайын. Оқырман оқып, танысар.

Маған ұнағаны – жазушының әңгімешілдігі, жазу шеберлігі, тартымды тілі. Оқиғаны баяндауда, кейіпкер бейнесін сомдауда, ойын жеткізуде сөзді дәл әрі нақты қолдана білуі. Сол арқылы ол адамның қатпар-қатпар жанының қалтарыстарына үңіледі.

«Иірімде» факультет деканы Айдарғалы Ормантайұлының соңғы бірнеше күндегі сезімі, жан толқынысы, көңіл тебіренісі, ой кешулері баяндалады. Автор қалалық қарбаласқа жан-тәнімен сіңіп кеткен үлкен қызметкердің образын ашады.

Бас кейіпкер Айдарғалы бейнесінен айналып өтіп, жазушы шеберлігін танытатын өзге детальдарға тоқталғым келеді. Мысалы, Айдарғалының ойынша «үйіне баса-көктеп кіріп келген, бірдеңеден дәмелі» атайдың, қаланың тар пәтерінде жатып, ауылын ойға алған сәті шебер беріледі:

«…Әне, Серікжан қойларын бір қайырып тастап келіп, бие байлап жүр.  Қазір сары самауыр ішке кіріп, шайға отырысады… Мынау неге айдалаға мойынын созып қарай береді? Қара жолдан шаң көтерген машина көріне ме? Әй, дәу де болса, «Әлгі біздің шал қайтып келіп қала ма, қайтеді?!», – деп тұрсың-ау! Қаққан қазықтай қақшиып, осынша қадалғаның… Шалың жатыр, міне, шалжиып. Келем деген жеріне келді, табам деген адамын тапты – не қыл дейсің… Айдаржан дардай азамат болыпты… Иә… Айдаржан өзі аумаған Орекең, тура аузынан түскендей. Тек мінезі, нағашы жұртына тартты ма екен, келіңкіремейді. Ептеп нелеу былай… Қайтер дейсің, оқығанға бәрі жарасады… Оу, Орекең марқұм қандай еді!… Қой, барғасын да айтар әңгіме керек.  Өзің тіпті аузың ырсиып қозғалар емессің ғой. Тұрма, үйге бар, баланың шайын бер зарықтырмай, самауырың да суалып қалды әне. Шалыңа алаңдама, қайтесің, көп жата бермес…» Атайдың ойы кемпірімен тура жанында тұрып тілдескендей әсер береді. Ауыл қариясының кескін-келбеті көз алдыңызға келе қалады. Автор қарттың көкжиектен ары жайылған кең ойы арқылы ауылдың тыныс-тіршілігін, ауыл адамының бейнесін сипаттайды.

Қалалық қарбалас, қызметтік тайталас, күн көріс қамы, цивилизация – бәрі-бәрі қабаттасып келіп адамдардың бір-бірімен араласпай қалуы, араласа қалса, бас пайдасы үшін ғана шыр-пыр болатыны, аяқтан шалып қалу, етектен тартып қалу секілді қиястық туындады емес пе? Қазір ше, ауылда бар ма бұндай қариялар? Самауыр селк-селк қайнап тұра ма? Бұл ескілікті аңсау, көнені көксеу емес, тамырымыз үзіліп, кіндігіміз ажырап жатқан ауылға алаңдау. Әйтпесе, сарылдап ағып, сарқылдап қайнап тұрған ыстық-суық суыңыздың қандай қадірлі екенін, көп қабатты пәтерде тұратындар жақсы білеміз…

Жазушы шеберлігін танытатын тағы бір қыры – оның юморға жақындығы. Повестің әр-әр тұсынан езу тарттырарлар ұшырасып қалады.

Мысалы:

Айдарғалының ұлы Мағауияның ерте тұрып, атайға еркелеп, ойнайтын кезі бар. Сол сәтте Балым атайдың тынышын кетіріп, ойнақтап жүрген баласын садикке апарып тастаймын деп қорқытады:

«…Бала атайға жаутаңдай қарады. Араша күткендегісі. Оны атай да білді.

– Балам оңды екен. Атасының өзі ойнайық деген, ұрыспа, – деді.

– Жоқ, бұл бәрібір айтқан тілді алмайды, барсын садикке…

– Не хочу… – деді Мағауия бұртияп.

– Апырмай, ә! Садық деген құлақ кесер қызыл көз пәле біздің елде ғана ма десем, мында да бар екен-ау, ә! Қой, мамасы, бір жолға Садыққа апармай-ақ қой. Пышағын жалаңдатып ол аты өшкірді қайтейін деп едің…»

Атайдың аңғалдығын аңғартатын тағы бір көрініс:

«…Мейман мұның бәрін аңғармады. Сол аңқылдаған қалпында:

– Мына қабырғаның сыртына қағып қойған жәшіктерің берік пе?» – деп балконға жақындады.

– Қайсы?… Балконды айтамысыз? – Отағасы күлді. – Әрине, берік!

– Бәсе, есік алдында жүрсек, тас төбемізден біреу қыт-қыт жөтеледі. Мойын бұрып қарасам, жалаң иық, жалаң бұт бір қасқа бас қарны шертиіп темекі тартып тұр. Құлап кетпесең жарар еді дедім де қойдым, кім біледі? – Балкон есігінен басын шығарып қарады да, кері тартып алды. – Астапыралла! Төмен қараса, бас айналады екен, сенім жоқ. Абай болмаса, жазым-ау… жазым…»

Тағы бір мысқал мысал. Айдарғалы атай мен ұлын ертіп балыққа барады. Қармаққа бірнеше рет құрт іліп, суға тастағанымен балық қаппайды. Сол сәтте:

«…– Енді қармаққа нан салып көрейік, – деді Айдарғалы бері беттеп.

– Е, немене, ол шіркіндердің ішіне құрт жақпайтын болған ба?!

Айдарғалы жылы жымиып барып, целлофанға оралған шикі нанды алды. Неге екені белгісіз, атайдың ашу шақырғаны біртүрлі жанына жаға түскендей.

– Әрине, балықтар да жан иесі – әр кезде әрқалай ас талғайды, – деді соншалықты салтанатты сабырмен.

– Е-е, солай де, осы күнгі заманның балығы да бабымды тап деп бұлданады жеші, – шикі наннан бір түйір үзіп алып, қармағына салды…»

Жай ғана зілсіз юмор болғанымен, астары – қалың. Біреуінде бала тәрбиесі, бірінде далалық еркіндік, үшіншісінде заман көрінісі «қылтияды».

Шығармасының тартымдылығы мен тілінің шұрайлылығынан бөлек, автордың айтар ойы орасан. Қаланың тіршілігінен, қызметтің қауыртығымен, жұмыстың қарбаластығымен, жүрегі суып, бауыры беріштеніп, жаны қатайып, көңілі қатқылданып бара жатқан қала қазағының тағдыры; оның басшыға лайық секемшілдігі, қалалықтарға ғана тән түйсікпен кез-келген нәрседен сезіктенуі адам ой-санасын, мінезін билеп бара жатқан өмір ағымынан хабар береді.

Автор оймақтай ойымен ұлттық дүниетанымдағы, адамзаттық деңгейдегі құндылықтарды қаузайды. Ауылдағы ақсақалдың қаладағы бұларды іздеп келуі арқылы аманатқа адалдықты; Отанасы Балымның ойы арқылы ата-ананың адам өміріндегі орны жайлы; Балалардың орысша сөйлейтіні, аттарының орысша бұрмалануы арқылы тілдің жайын, олардың іс-әрекеттері арқылы ұрпақ болашағын – тағы осы секілді мәселелерді көтереді.

Автор: «Мұның көңілін кеше ғана сатұр-сұтыр қақтығысып, сең жүрді. Мына өзеннің ағысындай бір қалыпты, бір тынысты өмірінің ырғағын бұзып сең жүрді…», – дейді. Бірінші сең – оның өмірін түбегейлі өзгертіп, анасының өмірін жалмап, бұны жетімдер үйіне жеткізген болса, екінші сең – атайдың келіп, бұлардың өміріне араласуы. Одан – қатайып кеткен адамның ми қатпарлары мен жан қалтарыстарында баяғы сәбилік сезім, далалық болмыс оянды. Оның бойын жетімдік, жалғыздық сезімдері жайлап бара жатыр екен. Қанша жерден қалалық көшке ілесіп, бетон бауыр болып кетті десе де, Айдарғалыға ауыл адамынан, ауылдастан, туған топырақтан, туысқаннан артық та, биік те емес екенін ұқтырады.

Міне, Мейрам Асылғазин, туған топырақ, туған ошақ, атажұрт, ата-ана секілді қастерлі де қасиетті ұғымдардың адам үшін қаншалықты маңызды екенін жеткізу үшін бұл шығармада тартымды оқиғаны, психологиялық шиеленісті, тіл шеберлігін, юморды – бәрін-бәрін қолдана білген.

***

«Жаңа қала тұрғындары» повесіндегі тегеурінді теңеулерді теріп шықтым. Барлығын емес әрине:

«…тоған бұзған топан судай қайғы-қасіретін ақтара келіп…»;

          «…бұлыңғыр күннің реңіне салынған суреттей, жансызданып қала берді…»;

          «…тұтанбаған шырпыдай жарқ етіп бықсып басыла қалатын өсек-аяң…»;

          «…Аядай ауылдың аз ғана адамы жылға үстінен арна салған жойқын толқындай болған мына көпке сіңіп, көз жазып қалмадық па!…»;

«…үрей көріп, үрке тыңдар әңгімені су сепкен шаладай етті…»;

          «…Бұлт тасасынан күн шыққандай қабағы ашылған…»;

          «…нәп-нәзік қыз жаны тайған тобықтай кілт етіп…»;

          «…Құлаққа түрпідей, тілге тікендей мына бір өрескел сөздер…»;

          «…өздерің де талапайдан қалған асықтай-ақ болыпсыңдар ғой…»;

          «…Мотоциклге… қарғып мінді де… сақпанның тасындай зулап ақты…»;

          «…домбыраның құлақ күйін түсіргендей, көңіл бабын талғайды…».

Теңеуге шебер жазушы кейіпкерлерінің бірдеңеге назар салуын де әртүрлі көңіл ауанына қарай бірнеше түрде береді. Мысалы, Жаңғырық шал қаралы хабардың ауыртпалығын бөлісер жанды іздеп «көз қыдыртады»; Жаңғырық шалдың немересі атасын іздеп тауып, кездескеніне қуанып, көзі жайнап, жан-жаққа «алақ-жұлақ етіп қарап өтеді»; тағы да Жаңғырық қайғылы хабармен қабаттасқан тығыз шаруаға да, жауынды да елемей, ала көзбен аспанды «бір шолып шығады»; перзентханада айы-күні келіп босанар сәтін күтіп, тынышсызданып отырған әйел қасындағыларға «көз тастап өтеді»

Жазушы диалог пен іс-әрекетті бір-бірімен байланыстыру арқылы кейіпкердің көңіл-күйін дәл береді. Мысалы, Қабашпен көңіл жарастырып жүрген қызының тұрмысқа шықпақ ойын аңдаған анасы оны сөзге тартады:

«…Екеуі түн жарымы ауғанша ұйықтаған жоқ. Шешесі суыртпақтап, сыр тарта отырып, бәрін де сұрап-білді. Қызы ойнап отырып, ойындағысын толық жеткізді…

…– Көкеме айтпақпысың?

– Енді ақылдаспаймыз ба? Ел алдында қарабет қылып қашып кетіп жүрсең…

– Қашқаны несі?

– Кім біледі, осы күні балаға сенім бар ма?.. Жә, ойласып көрейік… Сен де ойлан, ботам, әлі де болса, ойлан… – Үнзада сөзді осымен доғарып, дастарханын жимай, үстел үстіндегілерді бір-біріне тақастыра, ортаға асырды да, бетіне ақ орамал жаба салды…»

Осы тұста ананың дастарханды жинамай, ыдыс-аяқты жумай, сол күйі қалдырған әрекеті – ана мен қызы арасындағы әңгіменің әсері, не болар екен деген көңіл күйдің көрінісі. Жаны тыпыршып, жүрегі атқақтап аласұрып, көңілін күдік пен күмән жайлаған адам ыдыс жуы-ы-ып, жайбырақаттанып тұра ма?!

Сонымен бірге, ұлының өлімін естіген кездегі Жанайым ананың күйін; Жаңғырық шалдың бейнесін, қыңыр-қисық мінезін; Қабаш пен Әзгүлдің махаббат хикаясын; Нұртастың жайын, оны Қабаштың күтіп алып, қонақ қылу үшін сабылуын жазғанда жазушы кейіпкерлердің ішкі ойын, көңіл бұлқынысын дәл береді; тіпті Қабаш мінген құмырсқа бел қызыл мотоциклдің дауысын да асқан шеберлікпен суреттейді.

Бұл повесте, көркемдік пен шеберліктен бөлек, қазақ халқының салт-дәстүр, жөн-жоралғыларының бірнешеуі – жоқтау, көңіл айту, жаназа рәсімі секілді қазақ тұрмысындағы қаралы рәсімдер мен жеңгетайға  тарту жасау, қолға су құю тәрізді тәлімдік мәні зор рәсімдер бүге-шігесіне дейін баяндалады.

Жазушы повесте мақал-мәтелдерді жиі қолданады. Және бір қызығы, біздің құлағымызда жатталып, санамызда сайрап тұрған белгілі сөздерді, жаңаша түрлендіріп әкетеді. Ол мына бір тұстарда көрінеді: «…Жаңғырық сыртта қанша шулатып жүргенімен, өз отының басында жылқыдан торы, қойдан қоңыр болатын…» немесе, «…Екеуі жоқ жерден іліністі де, сөз жарыстырып, өршелене түсті. Әзгүлдің шарадай басы қазандай…»

Бұл повесте де адам бойындағы асыл қасиеттер, бір-бірімізге деген қамқорлық, көңіл ортақтасу, жәрдемдесу секілді құндылықтар туралы және туғандар мен бауырлар арасындағы байланыс пен қамқорлықтың қаншалықты құнды, қаншалықты маңызды екені шеберлікпен баяндалады.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Суреттер ашық ғаламтор желісінен алынды)

Добавить комментарий