Жасанды интеллект  – замана талабы

Елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылатын болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің халыққа арнаған жаңа Жолдауында атап көрсетті. Бұл – биылғы жаңа Жолдауда Мемлекет басшысы көтерген аса қажетті бастаманың бірі.

Жаңа құрылым нақты не үшін қажет және елімізге нендей тиімділік әкеледі?

Жалпы, Қазақстанда цифрландыру жұмыстары бұған дейін де оңтайлы жолға қойылғаны белгілі. Электронды Үкімет халыққа қызмет ету бойынша ішінара өзінің өміршеңдігін әлдеқашан-ақ жақсы танытты. Нәтижесінде, жұртшылық уақыттан ұтылатын сабылыстан, кабинет жағалаудан мейлінше арылып, қызметті жылдам әрі сапалы алудың мүмкіндіктерін пайдалануға көшті. Мұны күнделікті өмірде бәріміз де көріп, сезіп, пайдаланып отырмыз.

Ал жасанды интеллект жүйесін үйлестіріп, қоса дамыту арқылы жоғарыда сөз етілген Электронды Үкімет қазіргіден де жоғары деңгейге шығып, мемлекеттік қызметтің тұтас, яғни толық жүйесі цифрландырылады деп күтіледі. Бұл  халықтың түрлі қызметтерді одан әрі кең тұрғыда, оңтайлы алуына және қызмет көрсетуде кездесуі мүмкін түрлі бюрократиялық кедергілерді мүлде жоюға түркі болатын тамаша қадам деп санаймын.

Әлбетті, цифрлық жүйе арқылы қызмет көрсету кеңістігінде деректер қорының базасы зор роль атқаратыны мәлім. Жасанды интеллект жүйесі елімізде деректер қорының үлкен қорын пайдалана отырып, тез арада оңтайлы шешім қабылдаудың сапасын барынша арттыратын болады.

Екіншіден, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылымының оңтайлы қызметі арқылы өндіріс саласына тың серпін беріліп, өндірістік шығындарды азайтуға, есесіне еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік жасалады. Әл-ауқаттың күретамыры іспеттес – қаржы нарығы, көлік инфрақұрылымы, энергетика, ауыл шаруашылығы секілді ауқымды салаларда жаңа да ақылды технологияларды кеңінен қолдану елдің экспорттық әлеуетіне қан жүгіртеді.

Тағы бір маңызды тетігі сол – жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар шағын және орта, қала берді, ірі бизнеске үлкен қолдау жасайды. Мұның өзі жаңа жұмыс орындарының ашылуымен, өнім алуда инновациялық шешімдердің қолданылуымен, сондай-ақ қызмет көрсету аясының кеңеюімен ерекшеленеді.

Жаһанда технологиялық үрдіс қарқынды даму үстінде. Мұның сырт жағында қауіпсіздік және ұлттық деректерді қорғау мәселесі де алдыңғы орынға шығып тұр. Осыған орай киберқауіпсіздікті барынша күшейту, стратегиялық нысандарды қорғау секілді маңызды бағыттар да жаңа құрылатын министрлік арқылы оңтайлы жолға қойылады деген сенім бар.

Елімізде қазірдің өзінде қолданбалы технологиялық ұтқыр құрал-жабдықтардың көмегімен түрлі қылмыстардың алдын алу жұмысы жүріп жатыр. Қылмыстың алдын алу мен қоғамдық қауіпсіздікті барынша жетілдіре түсуде жасанды интеллектінің жәрдемі ұшын-теңіз екенін әлемдік тәжірибе нақты көрсетіп отыр. Ендеше, мұны неге өз елімізде дамытпасқа? Міне, осы сауалдың нақты шешімін Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаев жаңа Жолдауда баса айтты әрі Үкіметке нақты тапсырмалар да берді.

Жасанды интеллект, әсіресе, білім беру мен кадр дайындау саласына үлкен міндет жүктейтіні әу бастан-ақ белгілі. ЖИ-ге негізделген білім беру платформаларының ұтқыр қосымшалары оқушылардың, студенттердің қабілетін дамытуға, ұстаздардың жұмысын нақты нәтижеге қарай жүйелеуге, түптеп келгенде, айқын мақсаттарға жетуге жол ашады.

Жасанды интеллект платформалары арқылы тұрғындар мемлекеттік қызмет алуда уақыт үнемдейді, қарапайым тілмен айтқанда, барлық үдеріс әркімнің қолындағы смартфоны арқылы қолжетімді бола береді.

Сайып келгенде, Мемлекет басшысы Қ-Ж.Тоқаевтың жаңа Жолдауында маңыз беріліп атап көрсетілген, жасанды интеллект және цифрлық даму бағыты – Қазақстанды жаңа экономикалық форматқа көшіруге, мемлекеттік басқару жүйесін жеңілдетуге, азаматтардың тұрмысы мен өмір сапасын арттыруға, елді технологиялық көшбасшылар қатарына шығаруға жасалған зор қадам.

Асыл ӘБІШЕВ

Добавить комментарий