«Күнікейдің жазығы» – өткен ғасыр басында жазылған шығармалардың ішіндегі ең бір қарама-қайшылыққа толы, әлі де пікірталас тудырып келе жатқан, психологиялық иірімдері қарапайым кісіні қанша талпынса да бойлатпас, бір емес, бірнеше ойдың сорабын салар, бір емес, бірнеше сезімнің сүрлеуін көрсетер аса күрделі шығарма.
Оны біржақты ғана әйел теңсіздігі туралы повесть дей салуға да келмейді. Мұның ию-қию тамыры тым тереңде жатыр емес пе.
Ақ өлеңмен роман жазған алғашқы қазағыңыз да осы Аймауытов еді. Оның «Ақбілегі» болсын, «Күнікейдің жазығы» болсын, өлеңмен өрілген, болмыс-бітімі бөлек, құйылысы ерек, өзіне дейін де, өзінен кейін де қайталана қоймаған ғажайып дүниелер.
Ғажайып деген жай сөз, қазақ тілінің қуаты мен құнарын барынша көрсеткен, оның орамы мен қайырымын, тұнығы мен тұмсасын, шалықтауы мен шалқуын, түйреуі мен түйдектелуін анық сездірген құбылыс. Сөздің тірісі мен ірісін іздеген жан болса, Аймауытовқа айналып соғып отыруы керек-ақ. Проза жазуға пейілі бар жас болса, Жүсіпбекке жүгінгені жөн. Әдебиетте кейінгі уақытта жиі айтылатын «интеллектуалды проза», «парасатты проза» деген ұғымдардың да қазақтағы алғашқы мысалы осы Жүсіпбек Аймауытовта тұрғандай.
Сонымен Күнікейдің жазығы неде еді? “Күнікейдің аққудай сұңқылдап, күмістей сыңғырлап, бұлақтай сылдырлап, бұлбұлдай құбылтып, бұлқындай жұтынтып, жүйкені босата, сүйекті шымырлата сорғалатқан, кестедей нақысты, ботадай сүйкімді, балдай тәтті, күндей сұлу әніне көш бойындағы қыз-бозбала, қатын-қалаш жиналып қалды», дейді автор. Бұл тұста Күнікей көш бойында ән салса, келесі әнді құрбысы, байдың қызы Шәмшиге күйеу келгенде, көп ішінде салады. Оны Аймауытов былайша айтады: «Күнікей үш ауыз өлең айтты: «Балқадиша», «Сұлушаш», «Әлди, бөпем» деген, үшеуі де теңіне қосыла алмаған әйелдің өлеңі еді». Осы бір деталь арқылы қазақ даласының арғы-бергі тарихында теңіне қосыла алмай, құсадан зарлап ән салған қыздардың өмірі мен Күнікейдің өмірін қатар қояды. Қатар қоя отырып, Күнікейді әрі сұлу, әрі әнші, әрі ақылды, еркелігі мен қылығы бір бойына жететін, мінезі мен бірбеткейлігі бір төбе жан ретінде көрсетеді. Дәл осы деталь арқылы Күнікейдің «жазығын», неден жазықты болғанын ашуға кілт тастап кететіндей. Повесть «Күнікейдің жазығы» аталғанымен, жазықты болу, күнәлі болу деген ұғымдарды тікелей Күнікейдің өзінен емес, оны жазықты еткен жайттардан іздеу керек секілді. Біз оны жөпелдемеде «Күнікейді жазықты еткен төрт жайт» деп жорта алайық.
Әуелгі жазық – Күнікейдің заманында. Заман жазықты болушы ма еді, Күнікей өмір сүріп отырған кезеңді айтамыз. Бұл кезең – қазақтың өз билігі өзінен кеткен, орамалы бес жүз жорға тұрар сұлулардың дәуірі оралмасқа бет алған, далада ой емес, қой бағалы болған, сөз емес, бөз қадірі артқан, өнер емес, өлермен күшеншектік салтанат құра бастаған тұсы екен. Соны аңғарту үшін автор Шәмши мен Күнікейді повестің өн бойында ойша салыстыратындай әсер қалдырады. Кедейдің қызы Күнікейге кім сөз салушы еді, оны «жатқа қимайтын бала едің, не керек, Кейқуат, жаман Тұяққа қор боласың» деп кейіпкердің аузымен айтқызады. Қыздың өз басы емес, оның қорасындағы малдың басы маңызды болар мезет те осы. Бұл, әрине, кедейдің көркем қызына ханның ұлының көзі түсер ертегі емес.
Екінші жазық Күнікейдің ата-анасында: «Күнікейдің әкесі Құлтума-ды. Құлтума құл боп туды, ұл тумады. Құл туғанын сонан біл: Ордабайдың өмірі қойын бағып қолтаулады. Шешесі Күнікейдің Шекер еді, өзі де Шекер десе шекер еді, Құлтуманы «Шекердің байы» деуші еді, Шекерді «қатыны» деу бекер еді. Ақ жаулық кылаң ұрған, кылаң Шекер, Етегі аяқ басса, бұлаң етер. Мықынын қысып қалсақ: – Ой қағынды! Қойшы! – деп еркеленер, бұраң етер», дейді автор. Ынжық әке мен қылаң ұрған шешенің Күнікейге берген тәрбиесін жазушы былайша күйіне суреттейді: «Баланы іспен емес, сөзбен, үлгімен емес, ақылмен үйретпекші адам сорлы ғой. Шекер өзіне «құдай жұқтырмағанды» қызына оқыды. Қызы көргенін тоқыды. «Бозбаламен өзі неге ойнайды?» деген сұрау Күнікейдің ойына ерте бекіді. Он төртке аяқ басқан соң-ақ көзі жанып тұрған Күнікей апасынан құрық әкетті».
Ағылшындардың «баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» дейтіні де осы емес пе еді?
Үшінші жазық – Күнікей заманында жігіттіктің өлуінде: жалпы, қазақтағы жігіт деген ұғым еуропа елдеріндегі «рыцарь», «джентльмен» деген ұғымдармен бара-бар, төркіндес, мазмұндас ұғым. Жігіттен жігіттік көре алмаса, оны «мігіт» дейді екен. Повестен осы «мігіт» дерлік бөріктіні жиі кездестіреміз. Қызғалдақтай құлпырған қызға көз салушы көп, сөз саларлық кісілігің бар ма? Ой саларлық озықтығың бар ма? Қозы мен Төлегенді былай қойғанда, қырдан қыздың қолы үшін қырық құдық қазған Қодардың я болмаса бәсі Төлегеннен кем түспес Бекежандардың заманы да жылыстап кеткенін ордан өтпей олжалы болғысы келетін Мұсатай, Мәжікен, Қасым секілді жаман-жәутіктердің қиямпұрыс іс-әрекеті арқылы көрсетеді.
Төртінші жазықты – Байман. Бір шеге қақса да, «Илаһи ниет қылдым Күнікейдің қалың малын өтемекке…» – деп қағып, тапқан-таянғанын тамызықтап» Күнікейдің қалың малына беріп жүрген етікші Тұяқтың бейнесі Мұсатай, Мәжікен, Қасым секілді қаңғалақ ұрғандар мен Байманның опасыздығының жанында анағұрлым имантаразылау көрінері анық. Тек сол етікшіге Күнікейдің көңілі құламай тұрғаны болмаса. Кедей кемпір-шалдың жалғыз баласы, қара күштің иесі, қылаулатып салар әні бар Байман, көптің аузында, көктің ішінде жүрген Байман Күнікеймен серттесіп, ақырында серттен тайып, перзент сүйе алмаған, өзі ауруға шалдыққан Күнікейді тастап кетеді.
Әдетте Күнікейді атастырылып, қалың малын төлеген Тұяқтан қашып кетіп, ата жолын бұзды, ант ұрды дейміз. Бірақ сол үшін Күнікейді жазғыра аламыз ба? Жалпы, біз романтизм дәуірінен шыға берер тұста жүректі жазғыра аламыз ба? Күнікейді жазықты еткен жайттардың бір парасы біз санамалап өткен жағдайларда жатқан жоқ па?
Ерлан ЖҮНІС,
ақын, «Ана тілі» газетінің бас редакторы.