Ар-ұятты артқа қарай ысырып қойған кей ағайындар үлкен тұр-ау немесе үлгi-өнегеге аса зәру өскелең ұрпақ тұр-ау деп жатпастан, ауыздан шыққан әр сөзiне былапыт-боқтық араластыруды әдетке айналдырып алғаны бір бүгін емес. Тiптi, өз тiлiнде айтылатын былапыт бiткеннiң бәрiн түгесiп тастағандай, мән-мағынасына қарамастан «орысша» да тiлi күрмелмей, жағы жаңылмай, көздi жұмып қойып бұрқырата жөнелетінін естіп-көріп жүрміз.
Ауыздан ытқыған екi сөздiң арасына боқауыз қоспаса көңiлi көншiмейтiндердiң, күлкiсiнiң күйi қашып, ұйқысы дұрыс қанбайтындардың, айтар әңгiмесiнiң шырайы келiспейтiндердiң қатары кейінгі уақытта тіптен қалың боп барады.
Қазiр жетiге толмаған бала жетi атаңнан бастап түп-тұқияныңа дейiн «түгендеп», орысша-қазақша небiр боқауыз сөздің астына алып жатса да еш қыңқ демейтiн hәм таңырқап-таң қалмайтын болдық-ау деймін. «Адам үш күннен кейiн көрге де үйренедi» деген сықылды, былапыт-боқтық естуге бойымыз үйренiп кеткелi қашан. Қала бердi, біздер, қазақтар тiлi ендi-ендi шығып келе жатқан баламызға ең алдымен боқауыздың «әлiппесiн» үйретеміз сол…
Жүруге жаңа-жаңа талпынған жас баланы тәрбиелеп отырған қайсыбiр шаңыраққа бара қалсаңыз, айналасындағылардың әлгi сәбиге «олай дешi», «былай дешi», «ағаны боқташы», «тәтенi сыпыртшы» деп, өздерi үйреткен бiрталай «белгiлi-белгiлi» боқауыздарды айтқызып, оны баланың былдырлап қайталап бергенiне мәз болып жатқанын көресiң. Бұған олардың ешқайсысы да «мұнымыз дұрыс емес-ау осы» деп қарамайды және бас ауыртып, ойламайды да.
«Бұл жерде бас жарылып, көз шыққандай ештеңе жоқ, жас күнiнде боқауыз сөз айтқан бала өмiр бойы солай кетiп жатқанын естiмедiк» дейтiндер де табылмай қалмас. Бiрақ, «кез келген адамның болашақ өмiрдегi болмыс-бiтiмiне, адами қасиеттерiне балалық шақта сiңiрiлген тәрбие ғана мықты негiз, қазық бола алады» дегендi айтқан мен емес. Дөрекі-былапыт сөзбен тiлi шығып, үнемi соны естiп есi кiрген сәбидiң өзi қатарлас талай жеткiншектердiң басы тоқайласатын мектеп қабырғасындағы тiлi де солай ұстартылмайтынына кiм кепiл?
Ертеңгi күнi қит етсе шаптыға жөнелетiн боқтампаз, ұр да жық, дөрекi мiнездi азаматтар бала күнiнде терiс тәлiм тергендерден шықпағанда қайтедi? Бала тәрбиелеп отырған ата-аналар осы жағын мықтап ескерулерi қажет-ақ. Әсіресе, әрнені сән деп санап, талғамай қабылдап, шайнамай жұта беретін бүгінгі қоғамда ұрпақ тәрбиесіне аса абай болу қажет-ақ.
Негізі, дөрекі һәм былапыт сөйлеу ер адамға ғана тән деп түсінетініміз бар. Өкiнiшке қарай, бұл жағынан әйелдер қауымы ерлердiң алдын орағытып кетпесе, еш кем түспейдi-ау қазір. Бесiктен белi енді шыққан жасы да, ақыл-кеңес айтып, үлгi-өнеге көрсетедi дейтiн кәрiсi де «сыпыртудың түбiн түсiредi-ақ». Осы күнi күйеуiне немесе балаларына, қала бердi, былайғы адамдарға шаптанып, жұрт көзiнше боқауыз тіркестердің «бытырасын» қарша боратып жатқан шайпау әйелдердi де көп кездестiретiн болдық. Бұл ненi аңғартады? Шамасы заманның да, заманына қарай адамның да өзгергенi осы болар…
Кезiнде аталарымыз «Еркек боқтаса – ашынғаны, Әйел боқтаса – басынғаны» дейді екен.
Асыл ӘБІШЕВ