Айнала-төңірегімде тұлғасы талғамыма татырлық, болмысы бауырлық басымды идіртіп, құлдық ұрғызар, айрықша құрметіме әбден лайық, танымы зор, тағылымы мол, мінезі жайсаң, пейілі кең, кемеңгер дерлік менің ағаларым аз да емес, көп те емес. Мүмкін болғанынша олардың әрқайсысымен етене араласқанды жаным қалайды да тұрады. Бірақ күнделікті қауышып, керім әңгімелесуге, сырлы да сүбелі сөздеріне құлақ құрышын қандыруға, көкіректі азбас азықпен толтыруға жағдай деген онша-мұнша келе де бермейді. Десе де, жиі көрісіп-қауышудың, пікірлесудің тамаша да таптырмас, санаулы да сарабдал сәт-сағаттары туындай қалса, өзім үшін соны айрықша, тіптен, бас айналдырар бақытқа балаймын, құндылығы шексіз қазына деп санаймын. Мұзағаң айтпақшы, менің «балмұздақтың бір түріндей» бақытымды еселеп, әрдайым ағалық ақыл-өнегесін ақтарып, болашағыма ақ жол тілеп, ақжарма көңілімен елжірей қарайтын санаулы жанның, ақтілеу Ағаның бірі – Мұхамет-Қайыр Шәріпұлы ақсақал.
Жасандылығы жоқ, қарапайым да қайырымды жүректің иесі екендігі келісті келбетінен-ақ, салиқалы сөзінен-ақ бірден аңғарылып, ерекше көзге ұратын осынау ағаммен біздің арамызды біріктіретін бірінші фактор – туып-өскен өлкеміз.
Шұрайы шырайын ашқан, табиғаты талайға таңдай қақтырып, жұтындырған Баянауыл атырабы кімнің де болсын қиялына қанат бітірмей тұрмайтыны аян ғой. Мұхамет-Қайыр ағам да осы атырапта өсіп-өніп, топырағына аунап, көгалында асыр салып, ауласында асық ойнап өскен кешегі арман қуған зерек те зейінді баланың бірі болған. Ол да осы көрікті мекеннің қайталанбас қасиетінен сусындады, арғы-бергі бабалардың ғибратына үңілді, өлкенің тарихы мен қатпар-қатпар шежіресіне көз жүгіртті. Әр тасының өзі сөйлеп тұратын Баянтаудың бірегей сипатына, тарихи тұлғалары мен аңыздарына мән-маңыз беріп қарады. Өткеннен сабақ алмағанның болашағы бұлдыр екенін санаға берік орнатып, қазіргі және кейінгі ұрпаққа осынау ерекше өңірдің тарихы туралы шынайы әрі татымды деректер, мінсіз мәліметтер сақталып қалуына, келешек үшін бұлдыры да, қоспасы да жоқ мұра жетуіне үлес қосуға ден қойды. Ағаның өз алдына қойған аталмыш мақсат-міндеті оны қаламгерлік бағытқа қарай алып келгені анық.
Міне, Ағам мен мені біріктіретін екінші фактор – қаламгерлік бағыт, шығармашылық әлем. Сөйтіп, ағамызбен біздің қотаңда қойымыз ғана емес, бастағы ойымыз да біте-қайнасып, шығармашылық әлемі кейінгі берік байланысқа, аға-іні ретіндегі араластыққа дейін жеткізді.
Қарағандының атақты политехникалық институтын тәмамдаған, мамандығы инженер-құрылысшы Мұхамет-Қайыр Шәріпұлы біраз жылдар өндірістерде өнімді еңбек етті, прораб қызметін жоғары деңгейде атқарды. Ал шығармашылықтың шым-шытырық һәм аса қызықты өлкесіне, яғни қаламгерлік қызметіне сонау кеңестер одағы тұсында-ақ бел шеше, білек сыбана келген екен. Нәтижесі не дейсіз ғой?..
Қаламгерлікке деген қызығушылықтың жылдар ағымымен арта түсуі ақырында ағамызды ғасырлық тарихы бар «Баянтау» газетіне алыпкелсе керек. Баянауыл аудандық газетінде аға әдеби қызметкер болып еңбек еткен жылдары ол кісінің жазу өнімділігі де еселей артқанын байқадық. Аса жауаптылық, ұқыптылық пен шапшаңдық, ізденіс пен іскерлік Мұхамет-Қайыр Шәріпұлының өндірте жазуына, қоғамдық қызығушылықты арттырып, назарды аудартар талай тақырыпты екілене қаузауына барынша жол ашқанын аңғардық. Уақытпен санаспай, қажыры мен қайратын сала отырып қалам сілтеуінен туған сан алуан материалдары – мақалалары, очерктері мен журналистік зерттеулері, суреттемелері, сұхбаттары «Баянатудың» беттерінен асып, «Сарыарқа самалы», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Сарбаз», «Ақбеттау» сияқты белді де беделді басылымдарға таптырмас азық болды.
Ағаның әдеби шығармалары – өлеңдері мен шағын әңгімелері бір төбе. Осы арада айта кетейін, Ағамыз екеуіміздің арамыздағы байланыстың берік бола түсуіне түрткі болған келесі фактор – «Найзатас» әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналы.
Әдеби журналда жауапты хатшы, кейін бас редактор болған тұстарда Мұхамет-Қайыр ағам редакцияға жиі бас сұғатын-ды. Жай келген емес. Әрдайым құлаш-құлаш жазбаларын ала кіреді. Өзінің әдеби шығармаларын, сиясы кеппеген жырлары мен әңгімелерін, өлкетануға қатысты жазбаларын көтере келіп, көкірегіндегі ой-тұжырымдарын қотара ақтарып, жөн-жосықты жайып салады, ағалық ықылас-ілтипатын білдіріп, ақыл-кеңесін де іркіп қалған емес. Ол кісінің өзгелер құсап екі күннің бірінде редакцияға жұлқына келіп немесе қоңырау шалып, материалдарын түгендеп, мазаны алған кезін көрмедік. Үнемі бір тоға. Тұлғатану, өлкетану тақырыптарындағы жазбалары «Найзатас» журналының беттерінен де орын алып, оқырманға жол тартып жатты.
Тарих, әсіресе, өлке тарихы деген бағыт – тым нәзік. Жоба мен болжам, дүдәмалы көп долбар дегенді, астарлауды, бұрмалауды еш көтермейді. Мұндайларға жол берудің нәтижесінен туған дау-дамайлардың, ұрыс-керістердің бірталайына «Сарыарқа самалы» газетінде бас редактор болып жүрген кезімнен-ақ куә болғанмын. Авторлардың оны-мұны тарихи дерек-мәліметке қатысты өзара дауласып, сөз таластырып, салғыласып, кергілесіп, тіпті, бет жыртысуына дейін жеткізген жағдайлар орын алған. Сондықтан да тарихи жазбалардың шынайылығы, мәлімет-деректердің анық-қанығы, дәлдігі үлкен жауапкершілік міндетін жүктейді әрдайым. Ал жауапкершіліктің деңгейінен шығу үшін аса зор ізденіс қажет, қажырлы еңбек арқылы тиянақты тұжырымға жету, сонсоң барып түйін жасау керек.
Міне, жоғарыдағыдай талап пен жауапкершілікті тереңнен түсініп, әр сөзіне, әр дерегіне аса сақтықпен, жауапкершілікпен қарайтын өлкетанушылар болса, соның бірі осы Мұхамет-Қайыр ағам дер едім. Күмәнді яки дүдәмал мәлімет-дерекке, ел арасында тарап кеткен қайсыбір аңыз-әңгімелерге бірден құлап түспейді, әуелі оң-солын, жөн-жосығын індете тесеріп, екшейді, талғамға салады, тарихи құжаттарға ден қоюға тырысады. Осыншалық ұқыптылығы мен жауапкершілігіне, әр дүниеге сыни тұрғыда қарайтындығына әрдайым тәнті болып жүремін және «Шіркін, мен редактор болып жүрген ортада дәл осы ағамдай екі-үіш қызметерім болса ғой. Мұртымызды балта кеспес еді, ә…» деп те арман еткен кездерім аз емес.
Мұхамет-Қайыр ағам ауылда туып, ауылда тұрып, аудан көлемінде еңбек етсе де, қаламгерлік қызметінде ұлт деңгейіндегі бірталай мәселені қотара қозғап, келістіре көтерді, талай тақырыпты насихаттап-танытты, жұртшылыққа тұлғатану бойынша тың деректерді де ұсына білді. Осы бағыттағы жұмыстарын қал-қадірінше әлі де жалғастырып келеді. Алла қаласа, ағамыздың жоғарыда аталған қоғамдық қажеттіліктерді сөз еткен жазбалары да алдағы уақытта дербес жинаққа топтастырылып, қызығушылық танытқан оқырман үшін, әсіресе, білім сіңіру майданында тер төгіп жүрген ұстаздарға, ілкімді боларлық ілім-білім ізденген балаларға, жалпы өлке тарихына маңыз берген жұртшылыққа қарай жол тартады деп сенеміз. Ал әзірге…
Әзірге, Мұхамет-Қайыр ағамыз «Көңіл көкжиегі» деп аталатын дәл осы жыр жинағын топтастырып, ұсынып отыр.
Адастым талай торығып,
Күрделі болды тағдырым.
Қияңда жүріп жабығып,
Дүниен кездім, қаңғыдым…
Төзімім жетпей алысқа,
Қиқулап шапқан дауысқа.
Өткеріп жылды, сенделдім,
Табымнан қалып намысқа.
Ағамыз бүгінгі жасына дейін дүниенің бұйырған түпкіріне табан тіреп, ішкі-сыртқы әлемді, түрлі ел мен жерді аралап, әрқайсысының тарихына, өзіндік ерекшеліктеріне үңілуге тырысты, қайсыбір тұстарда қоғамдық ортаның дамуын салыстырады, жұртпен қарым-қатынас орнатып, адамдық болмыстың келбетін тануға күшін салды. Ерекшелігі сол – Ағамыз қай ортада жүрсе де, міндетті түрде одан көргені мен түйгенін түйіндейтіндей арнайы жазбалар қалдырып отырады. Бұл бұлжымас ғадеті екенін байқадым. Жақсы әдет, жалпы. Талғампаз танымға сәуле сіңіріп, өрекпіген ойға түрткі беріп, сезімге матаулы санадан ақтарылып, көкіректен сыртқа шыққан сол жазбаларының берілу формасы да түрліше өріледі. Бірі – өлең, бірі – дастан, бірі – очерк, бірі – мақала, бірі – әңгіме болып кете береді.
Жұмбаққа толы жылдарым,
Сиқырлы дүние жан-жағым.
Жаншылған жаным тулайды,
Жетелеп алға қиялым, – деген шумақтан ағамыздың өзін-өзі тануға деген талпынысын, төңірегіндегі тірлікті ұғынуға деген ұмтылысын, былайғытірліктегі һәм адам бойындағы жұмбақтар мен құпиялардың сырын ашқысы келетінін, өйтпесе, жаны дегбір бермей, жүрегі тулап, қиялы шулап, қарыштап кететінін аңғарасың.
Дүниенің түйінін танып-білмек болған ұмтылысты жылдары мен құлшынысты жолдарында жүректі алаңға салған, көңілді жайсыздыққа жетелеген өсек пен дақпырт, күншілдік пен көреалмаушылық секілді жиіркенішті сәттерді де өкіне отырып жырға қосады. Бір қазақтың болмысы – жалпы қоғамның келбетін көрсететініне қынжылады.
Мұхамет-Қайыр ағамның негізгі мамандығы техник-инженер болса да, өлеңдерінде көркемдік қалыптың жақсы деңгейі өте мол.
Буалдыр дүние қым-қуыт,
Зулайды уақыт, тым суыт…
Жерлерде сонау жүз көрген
Қырмызы гүлдер қалды ұмыт.
Жауқазын дала – нұр, сағым,
Асуы көптің – жыр ағын.
Төбеңде тұрған толған ай
Жоғалар көзден қас-қағым… – дейді ағамыз бір жырында. Жалғанның мәңгілік еместігін, көзді ашып-жұмғандай сәтте бәрі де артта қала беретінін жүрек тебіренісі, ішкі көңіл бұлқынысы арқылы жеткізуге тырысады.
Тозығы жетті қауымға
Тозып бір біткен даламның…
Құлазыған құла дүз –
Құлазимыз бәріміз…
Сыздатқан жүрек жарамды –
Ойдағы ауыл бірлігі… – деген тармақтарда көтерілген ойдың жүгі ауыр, қоғамдық дамудағы кемшіліктердің қатпары қалың жатыр. Мұндайтармақтар Мұхамет-Қайыр ағаның осы жинаққа топтастырылған өлеңдерінде көп ұшырасады.
Баянауыл – Ертіс атырабының қадірлі ақсақалы Мұхамет-Қайыр Шәріпұлы бүгінде жетпіс жастың бел ортасын аттап, сексенге қарай қадам жасап, Алланың дәргейімен тәубесін айтып отырған жайы бар. Жоғарыда азды-көпті айтып өткеніміздей, ағамыз саналы өмірі мен қызметін қоғамның игілігіне, сондай-ақ туған өңірінің дамуына, оның тарихына қамқорлық пен жанашырлық жасауға, сол арқылы өзінен кейін жарқын істер қалдыруға арнап келеді. Еңбек жолындағы қадір-қасиеті, парасаты мен пайымы, іскерлігі мен белсенділігі кейінгі толқын – жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай биік өреде өрілген ақылшы ақсақалдың бүгінгі болмысы тамырын тереңге тартқан алып бәйтерек іспетті.
Тірліктің мәні де, нәрі де тек ел үшін, тұтастай қоғам үшін адал, пайдалы, нәтижелі еңбек деп түйіп, үнемі сол пайымнан ауытқымауға тырысып баққан ол қиын да күрделі кезеңдерді де бастан өткергенін әңгімелерін, жазбаларын жақсы білемін. Көппен бірге тауқыметті де көп тартқанның қатарынан саналады. Қиыншылық кезеңдерінде жақсыға ұмтылып жүріп, жетілді. Жұртпен қатар өмірдің ыстық-суығына көндігіп, ауыртпалықтарды қайыспай көтерісіп, бүгінде абыз-ақсақалдық жасқа дейінгі белестерден өтті. Соғыстан кейін дүние есігін ашқан ұрпақ ретінде сол сұрапыл жылдародан соңғы қайта қалыпқа келудің талай қиыншылығын, машақатын балалық көзімен көрді. Көріп қана қоймай, жігерлі жас шағынан білекті сыбанып, қызу еңбекке араласты, ешкіммен санаспай, үнемі үлкендердің өнегесіне құлақ түріп, ақыл-кеңестерін бойға сіңірді.
Араласа, байланыса, елге қатынай жүріп нақты түсінгенім сол – бірге өсіп, еңбек майданында біте қайнасқан, тірліктің дәм-тұзын бірлікте татысып, етене араласып жүрген замандастарының, ақыл-кеңесіне құлақ түріп, тәлімін алып жүрген кейінгі буынның әрқайысы Мұхамет-Қайыр Шәріпұлының адамдық келбетін жоғары бағалап, құрметтейді. Адал еңбек етіп, саналы ұрпақ өсіріп, қоғамның игілігіне жараған берекелі ісімен, жайдары-жайсаңдығымен, жұртқа жағымды мінезімен ғана көрініп келе жатқан ақсақал – шын мәнісінде елдің ықыласына ие бола білген жан-жақты адам. Бойына сіңген жағымды қылық-қасиеттердің барлығы да өткен кезеңдерде көппен бірге кешкен қиындықтар мен ауыртпалықтардың санаға сіңірген сабағы, жанды байытқан жағымды жемісі болса керек.
Артта қалған бейнетті шақтарды қайыспай өткеріп, зейнетке шығып, бүгінде ардақты ақсақал атанған ағамыз әрдайым қатардан табылып келеді. Аудан, облыс, республика деңгейіндегі үлкен де маңызды жиындардың төрінен табылып, тұлғатану, өлкетану бағыттары бойынша түрлі мәселелерді ортаға салып жүр. Тұтастай айтқанда, ағамыздың өмірлік, қоғамдық белсенділігі еш тоқырап қалған емес. Ұлғататты іс тындыру бағытындағы жағымды тірлігін тежеп тастамай, тоқырап қалмай, парасатқа толы қадамын жалғастырып, кейінгі өскелең ұрпаққа таптырмас үлгі танытуда. Ұлттық тәрбиенің, негіздерінің қоғам арасында қанат жаюына маңыз беріп, көптеген ұлағатты жазбаларды жұртшылыққа ұсынды. Өңірімізден, әсіресе Баянауладан шыққан танымал тұлғалардың өмірі мен еңбегін насихаттаудағы жұмысы айрықша бағалы болып табылады. Әсіресе, жастар арасында ұлттық құндылықтардың насихатталуына маңыз береді, осы бағыттағы көзқарастары мен ұстанымдары да, ой-пікірлері де жұрт қызығарлықтай тұшымды болып өріледі. Ағамыз өмірлік азық ретінде бойына жиған рухани қазынасын елге таратуға, жұртпен бөлісуге, әсіресе, жас ұрпаққа сіңісті етуге ұмтылудан жалықпайды. Мұның өзі ағамыздың аса бай мағлұмат-деректерге қанықтығын көрсетсе керек. Сондықтан да ол кісі – үлкен жүркті Ұстаз дер едім.
Сонымен қатар, қоғамдық дамудың ортақ мәселерінен тысқары, қалыс қалмайды, үнемі үн қосып, ел басқарып, халыққа қызмет көрсетіп отырған азаматтарға аталық ақыл-кеңесін алға тартудан жалыққан емес. Оның азаматтық белсенділігі, қарапайымдылығы қай жерде жүрсе де айқын танылып отырғанын көзі қарақты, құлағы түрік жұртшылық аңғарып отырса керек. Өмірден көрген-түйген тәжірибесін ел игілігі үшін бөлісіп жүрген ақсақалдың өңір халқы алдындағы құрметі сонысымен де жоғары.
Сөзі мен ісі қабыса қатар жүріп, қоғам өмірінің тамырына қан жүгіртуге жанын салып, терін төккен тұлғалардың орны – қашанда төр. Қоғамның да, сол қоғамға мүше жүректердің де шынайы құрметін иеленіп, төрінен орын ала білген азамат та осы Мұхамет-Қайыр ағам деп айта аламын.
Туған жерді айрықша асқақ жүрекпен сүйіп, оған тегеурінді мінезбен қызмет ету керек деген қағида дәл осы ағамның көкірегіне мықтап ұя салған. Мен жақын араласа, біте қайнаса жүріп, осыған көз жеткіздім. Басылым беттеріненталай өзекті де өткір мәселелерді көтергенін көріп, оқыдық, тоқыдық. Әсіресе, ұлттық руханият, тіл мен діл, дәстүр мен салт, тәлім мен тәрбие бағытындағы жазбалары елге жанашырлықтың жарқын үлгісін танытады.
Асыл ӘБІШЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
«Ақпарат саласының үздігі» белгісінің иегері.