Жазушы, әдебиет зерттеуші, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Ақселеу Сейдімбектің (1942-2009) күнделігін оқып отырып, оның талғамы мен танымына, ой өрісінің кеңдігіне таң-тамаша қаласыз. Пайымы мен парасаты ерек қалам иесінің өмір мен өнер, әдебиет пен мәдениет, тарих пен қоғам туралы толғаныстары ой тереңіне жетелейді.

1972 жылды Ақселеу Сланұлы: «Ұдайы ойды серік ету, ұдайы ой құшағында болу қиын ғой. Қазақ оны «ойжадылық» дейді. Алайда, өмір болған соң, ой шеңгелінен тысқары болу да оңай емес», – деп қарсы алыпты. «Ой да бір іштің шері ғой. Айтсаң шерің тарқап қалады. Сондықтан да күнделікті ой иірімдерін «Ойтолғақ» деп атадым да, орайлы сәтте қағазға түсіріп отыруды ниет еттім. Өзге үшін емес, өзім үшін. Әрине, өзге көз түсіп, өзге ой ортақтасар күн туса, оның да өкініші бола қоймас. «Бір-бір сомды алмасқаннан екі жаққа да келер пайда жоқ, бір-бір ойды алмасса екі жақ та еселеп толысады» деп келетін сөз бар еді ғой», – деп жазыпты күнделігіне.

Оқырман назарына «Ойтолғақтан» үзінді жариялауды жөн көрдік. Ақселеу Сейдімбектің әдебиет, көркем шығарма туралы ойларын бірге оқиық:

21.09.76

Әрбір әдеби шығарманы нақтылы әрекет пен сезім жиынтығы десе де болады. Әдеби шығарманын өн бойында әдеби тәсіл-талғамдарға қоса әдебиеттен тыс жағдайлар дыраудың өріміндей жымдасып жатады. Автордың қарақан басының болмысы мен көркем әдебиеттің қалыптасқан заңдылықтары, суреткердің субъективті нысанасы мен объективті қабілет-мүмкіндігі, сондай-ақ сөз өнерінің окырманға эстетикалық-эмоциялық әсері мен ғылымдық мәні шынайы көркем шығарманың болмысын құрайды.

Мынадай дау да бар: «Ешбір әдебиет сыны, ешбір әдебиеттану ілімі белгілі бір шығарманы талдағанда сол шығарманың өн бойындағы қасиеттен асырып ештеңе айта алмақ емес. Айтқан күнде қайталау болмақ. Демек, оның қажеті қанша?!» дегенге саяды. «Абайдың «Қысын» сезіну үшін оны оқу керек, жатқа айту керек, ешбір ғылыми тәсіл ол сезімді айырбастай алмайды. Демек, әдеби сын мен әдебиет танудың қажеті қай тұрғыда?» – дейді дау тудырушылар.

Көркем шығарманы жатқа білгенмен, оның мәнін түсіне бермейтін жайлар кездеседі. Мұндайда ғылым жолымен логикалық анықтамалар беруге мәжбүр боламыз.

Көркем образдың формасы мен мазмұн бірлігін байланыстыра, ескере отырып ғылыми сарап (анализ) жасау өте қиын шаруа. Мазмұнға құныға бас қойып, абстракциялы социологизмге ұрыну оп-оңай. Немесе формасын тамашалап отырып, формализмге ден қойып кетуге де болады. Ал қателіктен қашуға қатты тырысып жалтақ болсаңыз, нәуетек эклектик болып шыға келесіз. Көркем шығарманы жіліктеп зерттеудің, анализдің қажеттігі осы жерде туындайды. Әдебиет зерттеушінің міндеті көркем шығарманы субъективті-объективті әрекеттің бірлігі ретінде тану; шығарманың әлеуметтік генезисі мен мәнін ашу. Бұл, әрине, өнерге социологиялық немесе формалистік, тіпті болмаса эклектикалық жолмен келу емес.

Сөз жоқ, талдау тәсілін білу бар да, оны жүзеге асыру бар. Демек, көркем шығарманы талдау формуласын тапқанға малданудан гөрі, әдебиеттану ілімінің басы ашық тәсілдеріне жүгіне отырып, аналитикалық шеберлікті шыңдаған жөн.

Қазіргі кемшілігіміз көркем шығарманы формасы, мазмұны, тақырыбы, сюжеті, композициясы, т.б. қасиеттері тұрғысынан жіліктей білуде емес, кемшілігіміздің негізі – алдын ала пішілген идеологияшыл эстетикадан шыға алмауымызда болып отыр. Мына заманның талғам-талабы дүниеге әкелген туындыларға тәнік (аналог) болатын ойдың шоқтығынан ұстауға жүрек дауаламай отыр. Әдебиеттану ілімінің өресін уақытқа жалтақтамай саралап беретін табандылық керек-ақ…

Әдебиет сынындағы әдіснаманың (методологияның) ең бір маңызды да күрделі міндеті, сайып келгенде, форма мен мазмұн бірлігіне қатысты ұстанымдарды (принциптерді) басшылыққа ала отырып, көркем шығарманы тарата талдауда, синтездеуде болса керек. Сол арқылы белгілі бір тұтастық құрайтын көркем дүниенің ішкі заңдылықтарын ашу керек. Қысқасы, белгілі бір тұтастықтағы көркем дүниені жіліктеп қарамайынша, логикалық таным жүйесімен зерттемейінше, анализ бен синтез жасамайынша әдебиет туралы танымның, ғылымның жолы болмақ емес…

 

03.12.77

Әдетте жақсы әдебиеттің жақсылығын мойындай отырып, сол әдебиеттің несімен жақсы екенін түсіндіріп беру оңай шаруа емес.

Мен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын оқығанда бір жайды аңғарамын. Ол Әбіштің қаламынан туған көркем прозалардың шегіне жете жазылуы (законченность). Бұл, әсіресе, тарихи повестеріне тән. Сол повестерін оқып шыққанда айта алмай қалған ештеңе жоқ екенін мойындайсың. Ол жасаған кейіпкерлерді енді ұмытпайсың. Оның шығармаларындағы оқиға желісі де сенің өміріңнің бір үзігі секілді, енді ұмыт болуы мүмкін емес.

Әбіш шығармаларында оқырманның әрі қарай оқиға өрбітуіне, әрі қарай жоруына ештеңе қалдырмайды. Ол Олимп басындағы Зевс сияқты, кейіпкерлерінің тағдырын өзі шешіп, өзі бір жайлы етіп отырады. Уақиға желісін шегіне жеткізе тартады, айтар ойын қотара айтады, адамға тән сезім-түйсіктерден қалтарыс қалдырмайды. Әйтеуір, орта жолдан қайтатын немесе жартыкеш ештеңесі жоқ. Мұны шығарманың көркемдік шыңдалуы, шегіне жетуі деп айтуға негіз мол.

Нағыз әдебиет қай заманда да игілікті, кісілікті ту еткен. Баяғыдан бері көркем әдебиеттің айтып келе жатқаны – өмірдің мәні, тіршіліктің мағынасы. Рас, бұрынғы әдебиеттерде қалай өмір сүруді үлгі еткен үрдіс басым еді. Бүгінгі әлемдік әдебиет қалай емес, не үшін өмір сүру керек деген ойды темірқазық етіп отыр. Бұл жалпыадамзаттық толысумен сабақтас үрдіс.

Әдебиет қашанда өткен өмір туралы жазады. Болашақты болжау – ғылымның ісі. Демек, әдебиет уақиға жиынтығы емес, уақиғадан кейінгі толғам, факт емес, постфактум. Мұның өзі сананың танымға айналуы болып шығады. Әбіш өлім мен өмір туралы айта отырып, тіршіліктің драмасы мен трагедиясын сөз ете отырып оқырманның сезімін шыңдайды, танымын байытады.

Өмір тек жасампаздықтан ғана, жүзеге асырудан ғана, жаңалық тудырудан ғана тұрмайды. Тіршіліктің шығыны да шаш етектен. Бұл ақыл-еспен танып қоя салатын құбылыс емес, сезімді де тәрбиелейтін жағдай ғой. Қашанда ескі жаңаның кұрбаны болған. Солай бола да береді. Бұл – уақыт алмасуының диалектикалық заңдылығы. Осы орайда адам жанына айна болар әдебиеттің аса мәнді міндеті сарапқа түседі. Өйткені әдебиет – белгілі бір уақытта өмір сүрген адамдардың болмысын сақтап қала алатын бірден-бір құдірет өнер. Бұл жерде адам болмысы дегеніміз жалаң айтылып тұрған жоқ, белгілі бір кезеңдегі тарихи-әлеуметтік, моральдық-этикалық жағдаймен қамтыла қа-былдануы керек.

Өткенді ойлау, өткенді ой елегінен еткізу, танып-білу дегенді консерватизммен шатастыруға болмайды. Керісінше өткенін білгісі келмеу консерватизм болып шығуға тиісті. Рас, тек артыңақарап, бірыңғай өткен өмірмен тыныстау мүмкін емес. Ол нағыз патриархалдық тірлік болып шығады. Біздің айтайын дегеніміз, өткені жоқ бүгін болмайды, бүгіні жоқ болашақ болмайды. Өткені ұмыт болған бүгін – сол ұмыт болған өткеннің көлеңкесі, суррогаты ғана. Өткенді мойындамасаң, танып-білмесең – уақыты келгенде сенің өзің (бүгінің) өткен боласың. Демек, өткеніңді білмеу, бүгінгі болмысыңды танып-білмеумен пара-пар. Бұдан шығар қорытынды – шынайы әдебиеттің айтары қашанда бүгініңмен, бүгінгі қам-қарекетіңмен шендесіп жатады. Шынайы әдебиет бүгінгі оқырманын уақытпен өрелес ойға бастауымен бірге, тарихшыл (историчный) болуын да талап етеді.

Әбіштің шығармалары осындай ойларды түрткілейді, осындай ойларға бастайды.

 

22.12.77

Бір ғажабы, әлем әдебиетінің айтулы кейіпкерлері шетінен өрімдей жастар. Одиссей, Жюльен Сорель, Люсьен де Рюбампре, Родион Раскольников, Оленин, князь Болконский, Арсеньев, Григорий Мелехов, Алпамыс, Төлеген, Ер Тарғын, Еламан… тағы басқалары. Әрине, бұл тегін емес. Жастық пен жігіттік шақ – адам өмірінің ең бір бақытты кезеңі. Бұл тұста жалын атқан жігер, шарқ ұрған арман, тынымсыз ізденіс, тәуекелшілдік, ғашықтық, алғашқы сәтсіздіктер мен қиындықтар – бәрі-бәрі қат-қабат келеді. Осының бәрі де жас адам бойындағы қаймағы бұзылмаған адалдықпен, бұлтаңы жоқ шындықпен беттеседі.

Мұның өзі – өмірдің, қоғамның болмысын мейілінше шынайы көрсетуге себепші басты ситуация.

 

09.05.80

Біздің бәріміз осыдан 35 жыл бұрын фашистік Германиянын күлі көкке ұшты, Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталды дейміз. Белгілі дәрежеде, уақыттың бағдарлық бір белесіне айналғандай. Дегенмен, ұлы қасіреттің жаңғырығы басылар емес, ізі суыр емес Жұмыр жер тынысының әрбір сәтінде, әрбір жүрек соғуында ұлы жоқтаудың күңіренген қайғылы үні әлі естіліп тұр.

Менің бір досымның жуырда 90-нан асқан әкесі қайтыс болды. Сонда маған мынандай ой келді. Әкесінің өлімін баласының көруі халқымыз айтатын ақ өлім болса керек. Сол ақ өлімді көрген жанның арманы жоқ. Әкеңнің жөнімен өлгенін көрудің өзі арман болады екен-ау! Міне, ұлы қасіреттің жаңғырығы осылайша талай-талай ұрпақтың көкірегінде өксік болып, осылайша жалғасып келеді…

 

15.05.80

Жазушының шыншыл болуы, шығармаларынан тек қана шыншылдықтың лебі есіп тұруы қажет екені аян. Ал шындыкты жазу үшін терең ақыл-ой, ұлтжандылық, туа біткен дарын, еңбекқорлық сияқты біраз қасиеттердің бәрі бар болып, бірақ рухани азаттық болмаса, нағыз өнердің дүниеге келуі екіталай. Жазушының өз жазғанынан өзінің үрейленіп, сақтанып отыруы – сол жазушы үшін қасірет, ал өнер үшін өліммен тең.

 

20.08.81

Әдебиет пен өнерге халық ден қойып, өзінің рухани игілігіне айналдыру үшін сол өнерді дүниеге әкелуші суреткердің мейлінше сергек насихатшы болуы да керек. Суреткердің ұлттық көркемөнер туралы, оның жай-күйі жайында шыр-пыр болып пікір білдіріп отыруы оқырман көпшіліктің көзін ашып қана қоймайды, сол оқырманға шын мәнінде көркемөнердің рухани азық болуына көмектеседі.

Жазушының ең ұлы мақсаты шығарманы жазып біткенде ғана орындалмайды. Сол шығарма оқырман қауымның көңіліне қонақтап, рухани игілігіне айналған соң ғана жүзеге аса бастайды. Бұл пікір тек проза мен поэзияға ғана емес, өнердің барлық түріне де қатысты. Композитордың жазған музыкалық партитурасы қашан орындалып, тыңдаушыны әсерге бөлегенше өлі дүние. Суретші полотносын көрермен көріп, жақсы әсерге бөленбей тұрып дүниеге келді деу қиын. Қысқасы, өнердің өмір-шеңдік құдіреті – бұқара халықтың белсенді қабылдауы арқылы ғана жүзеге асатын күрделі үдеріс (процесс). Бұған суреткер атаулы айрықша мән беріп отыруы керек. Суреткердің белсенді позициясы өмір шындығын көркемдік шеберлікпен сомдаумен ғана шектелмейді, көркемөнердің ұлттық аядағы өсіп-өркендеуін, ұлттық санамен бірге жетілуін жіті қадағалап отыруымен, әрекетшіл болуымен де өлшенеді.

Қазақ суреткерлері үшін осы тұрғыдағы белсенділік жетіспейді.

Қазір өнердің парқын өзге тілге қаншалықты мөлшерде аударылуымен анықтайтын індет етек алып барады. Өз топырағында тамыр тартпаған шығарма өзге өңірде гүл жармайтынын бажайласақ қой. Әрине, халықтың рухани қазынасы өзге жұртқа танылуы керек. Басқа тілге аударылған шығарма ең алдымен қазақ прозасы немесе қазақ поэзиясы деп қабылданады. Сонсоң ғана авторына мән беріледі немесе авторын есіне де сақтамайды. Демек, өзге тілге жапа-тармағай тыпырлап шығармаларын аудартудың негізінде өзге жұртқа халық атынан көріну жауапкершілігінің басым екенін есте ұстауымыз қажет.

 

06.03.83

Кәдірбек Сегізбаевтың «Ақ жаңбыр» атты повесін оқып шықтым. Әдеттегідей бүгінгі өмірімізден қиын тағдыр, шытырман оқиға сүзіп ала білген. Әдеттегідей қарапайым тіршілік ырғағын елеусіз ғана бастайды да, тосын оқиғаға араластырып ала жөнеледі. Таныс-бейтаныс сезімдер шыншылдығымен, күтпеген бұрылыстарымен баурап отырады. Мұндағы кейіпкерлермен алғаш танысқаннан-ақ жатсынбай, шүйіркелесе араласып, тіптен олардың тағдырына бейтарап қарай алмайтындай күй кешесің. Әрине, мұндай қасиет суреткерлік шеберлік пен шыншылдық тоғысқанда ғана болатыны аян.

Кәдірбек бұл повесінде де кісілікті, қылауы жоқ сезімді, парасаттылықты мейлінше ынта-ықыласпен көлденең тартып отырады. Тіптен ақ сезім, аяулы махаббат, адал достықтың құдірет-күшіне сенетіндігі соншалық, кейде кейіпкер тағдырын өз көкейіндегі қалауға иіп әкеліп бағындыратын да кездері бар. Құндыздың Қанатқа деген кіршіксіз махаббаты қаншалықты көзсіз көбелектей күй кештірсе де, оның беріктігі, ұстамдылығы, кісілікті сезімге қылдай ақау түсірмеу үшін өзінің бар сезім-жалынын ақылмен баса алатыны, сөйтіп, ең соңғы хатын жазып әрі мәңгілік армансыз болуы, әрі мәңгілік арманда кетуі, міне, осының бәрі де автордың саналы түрде иіп әкеліп, қиюластырған оқиға иірімдері. Мұның өзі – суреткер позициясының айқындығынан туатын, суреткердің парасаттылық атаулыға жалтақсыз сенімінен туатын кешірімді шарттылық.

Жаңа қауыз жарған жауқазын сезім иелері осындай шығармалардан нәр алып жетілсе, жақсылық болатынына сенемін.

 

05.08.83

Халық мұраларының ішінде ертек (ертегі) өзінің шыншылдығы жөнінен, айтар ойын тұспалдамай ашық жеткізетіндігімен ғылымға жақын тұр.

 

06.08.83

Жерден бауырын көтерген адамзат әулеті өзін-өзі тануға талпынуын бір сәт тоқтатқан емес. Күн мен түннің, ыстық пен суықтың, ақ пен қараның, жер мен көктің кереғарлығы сияқты, таным жолында да даналық пен шалалық, махаббат пен ғадауат мәңгілік текетірес күй кешіп келеді. Сөз жоқ, көзді ашып, көкірекке сенім ұялатқан талай-талай тарихи кезендер адамзат әулетінің басынан өтті. Өмірдің мәні мен сәні, адам құдіреттің тарихи-әлеуметтік болмысы сараланып, талай шындықтың шалғайына қол тиді. Әрбір кез-кезең өзіндік сыр-сипатын көлденең тартады. Адам мен адам, адам мен қоғам, адам мен адамзат туралы әр уақыттың өзі шешер түйіндер бар. Әр кез-кезеңде уақыттың өзі тудырар махаббат пен ғадауаттың, даналық пен шалалықтың бітіспес күресі бар.

Міне, осынау күрес пен таным жолында адамзат әулетіне желеп-жебеуші болып, талмай қызмет көрсетіп келе жатқан рухани сүйеніштің бірі – асыл өнер. Мұндай ой-толғамға төл топырағымызда Дулат Исабековтің шығармалары мұрындық болғандай. Дулат шығармашылығының құлақкүйі – шындық пен парасат бұрауына келтірілген. Ол жазған дүниелерден адамзат әулеті үшін жанын жаялық ететін күй-шежіренің қоңыр үні естіліп тұрғандай.

…Қас қағым қысқа тіршілікте қай пенде бақыттан дәмелі болмайды дейсің?! Ал бақыт деген – Қыдыр сияқты мифтік кейіпкердің көзіне түсу арқылы қол жететін кездейсоқ сый емес. Бақыт деген табаныңды тасқа тілдіріп, маңдайыңды күнге күйдіріп жететін таным жолындағы мақсатқа қолыңның тиюі, жүрек қалауының орындалуы. Дулаттың адам бақыты туралы тұжырымдамасы (концепциясы) осындай.

Дулат – дарынды суреткер, табанды еңбекқор. Кезінде Флобер жазушы еңбегін теңіз түбіне сүңгіп маржан теретіндерге теңеген-ді. Теңей отырып: «Сол тереңнен бір-ақ рет олжалы оралу үшін мың рет сүңгуге құлмын», – деп отырады екен. Нағыз дарынды суреткер адам жанының небір тұңғиық тереңінде жатқан інжу-маржандарды теруге ұмтылады. Оның ең тереңіне нағыз дарындылар ғана жетеді.

 

25.02.91

Суреткерлікті ғылыми пайыммен шатастырмауымыз керек. Көркем дүниеден ғылымның қасиетін іздесең-ақ бітті, кез келген көркем дүниенің қасиеті қожырап жөнеледі. Әйгілі Л.Н.Толстойдың жүз томдық мұрасындағы ғылыми тұжырым, дәлірек айтсақ, моральдық-этикалық тұжырым «зұлымдыққа қарсыласпа» деген бір-ақ ауыз сөздің аясына сыяр еді.

Көркем шығарма әр кезеңнің тарихи болмысын, рухын бейнелеуімен құнды. Біз соңғы жылдары жазба мәдениетімізде жанрға, түрге қатысты талғамымызды солғындатып алғандаймыз. Мұның өзі ғылымға қойылар талғам-талап пен өнерге қойылар талғам-талаптың аражігін көмескілеп, одан әрі оқырман талғамын сүреңсіздеуге себепші болуда.

 

Ақселеу Сейдімбектің «Ойтолғақ» кітабынан (Астана, «Фолиант», 2013 жыл) алынды.

Добавить комментарий