«Абай жолының» бірінші кітабында қазақтың сол тұстағы хәлін сипаттайтын бір көрініс бар. Сол көрініс бірінші кітаптың астарлы идеясын қамтып тұр.

Ол – Абайдың Қарқаралыда бір күн ішінде көргені мен түйгені. Таңда өз тәтесі Құнанбай мен Майыр шарпысы, араға бітімгер болған алып Алшындайдың тоқетер сөзі. Көше аралап келе жатып Шөже ақынды жолықтырғаны. Көңілге түйген толғамын көмекейінде ұстаған ақын сөзін зердесіне қондыруы. Ақынды қошеметтеген елге көз тастауы. Кейін өз тәтесі жауласқан Бөжейге айрықша бір тағзыммен төсін басып сәлем беруі. Абай сәлемін өзгеше бір бейілмен алған Бөжей әрекеті. «Көзіңнен жақсы жанар көрдім, ендігінің жүгі сенде қалар, балам! Жолың болсын!», – деп бата беруі.

Осы уақиғаларға бір күн ішінде куә болған, куә боп қоймай бел ортасында жүрген Абай ойынына Әуезов мынадай бір жол бастайды: «Өзге күндерден дәл бүгінгі күннің уақиғалары әлдеқайда бөлек. Күндізгі әкелер, әлгі Шөже, жаңағы Бөжейлер… Бір Қарқаралы қаласының алақандай аясының ішінде болғанмен, осы адамдар арасы соншалық кереғар. Тіпті, дүниенің төрт бұрышындай алшақ жатыр. Бір жерде күш, бір жерде өнер, бір жерде мінез… Аралары және бітімсіз боп әр салада жатқан несі!.. Бәрі бір-біріне жиылып, ынтымақпен бір арадан табылса не етер еді?..»

Ал осыны тарқатсақ, манағы «күш, өнер мен мінезі» – «ақыл, қайрат, жүрек қой»… Бәрі бір адамда бар болса – Тәңір сыйы. Бірақ әрбірі бір-бір адамға бақ боп біткенде, әрқайсы әрқалай тартқанда «Бас басына би боп», ел сиқын бұзса керек.

Анығында Құдай бойыңа артық дарын бітірсе, өзіңді жарылқасын деп бітірген жоқ, қалың елге – қайрат, жалпық жұртқа – жігер, қарасы көпке – көз болсын деді. Бойыңдағы артық өнердің де сұрауы болатынын, сұрауы әуелі халықтан, кейін Хақтан болатынын ойласақшы бір…

 

Ерболат ӘМІРЕНОВ,

ақын.

Добавить комментарий