«Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің ұйымдастыруымен С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романының талқылау жиыны болып, кітаптың таныстырылымы өтті. Талқылауға қатысушылар шығарманы жан-жақты зерделеп, пікірлерін ортаға салды.

Порталымыздың  шеф-редакторы Айбек Оралхан «Ажалын жоғалтқан адам» романының мазмұны негізінде қазіргі роман қалай жазылу керек тақырыбындағы талқылауды бастап берді.

Айбек Оралхан:

Құрметті зиялы қауым, бүгін біз Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романының талқылауына жиналып отырмыз. Сайлау ағаның шығармасы қазақ әдебиетіне жаңа бір тыныс, тың леп әкелген туынды деп санаймын. Романның мазмұны мен қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруі – үлкен маңызды оқиға. Туындының қысқаша фабуласы төмендегідей:

«Ажалын жоғалтқан адам» шығармасында басты кейіпкер Арғынның тағдыры кеңінен суреттеледі. Ол Айбат тауының етегіндегі ауылда, әжесі Сталин-кемпірдің тәрбиесінде балалық шағын өткізеді. Әкесі мен әжесі, кейін анасы өмірден озғаннан соң, Арғын жалғыздықтың тауқыметін сезінеді. Сүйген қызы Құралаймен бір сыныпта оқиды, әрі Құралай – қазақы тәрбие мен ұлттық құндылықтарды сақтаған, өзіне сенімді, парасатты қыз. Екеуінің арасындағы пәк махаббатқа Құралайдың анасы қарсы шығады. Арғынның жүрегінде ауылдан кетпеу, сүйіктісін соңынан ертіп қалаға бармау туралы бірбеткей шешім қалыптасады. Ал Құралай болса, оны оқуға үгіттеп, өзімен бірге қалаға кетуге шақырады. Бірақ, Арғын қалаға кетуге көнбейді, соңында анасы мен қызының арақатынасындағы қайшылықтан кейін әскерге аттанады.

Әскерде Арғын әуе шабуылдаушы десант қатарында қызмет етеді, мойор Субботиннің бастауымен үздік сарбаз атанып, әскери шеберлігін шыңдайды. Алайда, әскерден кейін Құралайдан тағы да үміт үзетін хат алады, бұл оған үлкен соққы болып, қыздан мүлдем бас тартады. Әскерден кейінгі өмірі қиындыққа толы болады, Сібірге жұмысқа кетіп, мұнай бұрғылау кешеніне орналасады. Бұл жерде ол өз басынан көптеген қиындықтарды өткізеді, жолда бұзақылардан Надяны арашалап алып, онымен достасады. Жұмыс барысында Лена есімді қызбен танысып, ақырында оған үйленеді. Бірақ Ленаның опасыздығы мен қарым-қатынасындағы дағдарыс Арғынды қылмысқа итермелейді. Жасалған қателіктер мен кек алу сезімі оны түрмеге түсіреді, онда бірнеше жылын өткізеді.

Түрмеден қашып шығып, құжатсыз қалған Арғын қаңғыбасқа айналады. Бір күні, тағдыр оны қайтадан Құралаймен жолықтырады, бірақ оның өмірі әлі де қиындықтарға толы. Полиция қызметкерлері мен қылмыстық топтардың ықпалына түскен Арғын, адам саудасы мен құлдыққа түсіп, ауыр сынақтарды бастан өткізеді. Ақырында, өлім құшты деген хабар тарап, ол сүйіктілері – Құралай мен Ардақтан көз жазып қалады. Алайда, ұзақ та ауыр жолдан кейін Арғын от пен судан аман шығып, өмірінің соңында ет жақын адамдарымен қайта табысады.

Шығарманың терең мағынасы мен кейіпкердің тағдыры арқылы автор адамның рухани жаңғыруы, тағдырдың қатал сыны мен ізгілікке деген ұмтылысты көрсетеді.

Сайлау Байбосын – автор:

– Мен осындай шығарма жазып, әдебиетші қауымның алдында мақтанайын, айбынымды асырайын деген нәрсені мақсат еткен жоқпын. Жазу барысында шығармам арқылы қоғамның ауыр да, күрделі мәселелерін ашуға тырыстым. Ажал мен өмірдің, тағдыр мен еркіндіктің қақтығысы – басты тақырып. Әрбір адам өмір бойы өзінің ішкі дүниесімен арпалысады, қоғамдағы орнын, өмірінің мазмұнын іздейді. Бұл ізденіс адамның рухани әрі философиялық дағдарыстары арқылы көрініс табады. Арғын деген кейіпкер осы күрделі жолды бастан өткереді. Сонымен қатар, қоғамның қазіргі күйін, адамдар арасындағы моральдық қақтығыстарды көрсетуді мақсат еттім.

Бекен Сағындықұлы – әдебиеттанушы, Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің профессоры:

– Кітаптың атауынан бастайын. Егер «Ажалын жоғалтқан Арғын» десек, бір ғана адамға байланып қалатын еді, ал енді «Ажалын жоғалтқан адам» деген соң кез келген пенде өзін осы шығармадан іздейді. Бас кейіпкердің басынан өткен сын-қатерлі оқиғалар біздің де бастан өтпейтініне ешкім сенім білдіре алмайды. Мені шығарма атауы әуелден сонысымен тартты.   Ең бірінші ойыма келген анология – Қорқыт болды. Мені бұл дүние «Сен өзіңді өзің ізде, кімсің, қайдасың?» деп сұрау қойып іздесеңші деген пайымға жетеледі.

Бұл көркем шығарма – ұлттық мәдени бестселерге айнала алады. Талай жиынның ортасында көркем шығарма оқитын оқырмандар жоқ, жастар кітап оқымайды деуші едік, оның кінәратын ақын-жазушылардан іздеуші едік, солар жаза алмай жүр деуші едік. Осы пайымды тың туындысымен жоққа шығарған Сайлау ағамыз болды.

Сая Молдайып – ардагер журналист, ҚР Ақпарат саласының үздігі:

– Кітаптың атауына қатысты өз-өзіме сұрақ қойдым. «Не себепті «Ажалын жоғалтқан адам» деп атады екен?» деп. Арғын ажал іздеп жүрген адам ба өзі? Мен кітапты шолып-шолып, екі жарым күндей оқыдым. Өзім әдебиетші немесе әдеби сыншы емеспін. Оқырман ретіндегі ойымды айтайын. Бұл шығарманың әуелгі нұсқасын, алғашқы бөлімдерін «Жұлдыз» журналынан оқыған едім. Қатты қызыға оқыдым. Отыз беттейін тамамдаған соң, тамағыма өксік тығылып, жылағым келді. Өзімді аяп кеттім бе екен, құрысыншы деп романның ең соңын білгім келді. Байғұс бақытқа жете ме, жоқ па деп беттерін аттап өтіп оқыдым. Бір мұратына жететінін көрген соң, қайталап оқуға кірістім.

Кітаптан Сайлаудың мінезін көрдім. Апыл-ғұпыл, шалт қимыл, шұғыл түйін, жедел шешімдер жетерлік.

Сайлау Байбосын:

Кезінде асығыстық үшін Л.Толстойды қысқа қайырғаны үшін сынағандар да болыпты. «Бір кеме дүниежүзін айналып шықты да, туған жеріне оралды» деген сөйлемі үшін. Басқалар жазса оны ұзағырақ сипаттап жазар еді.

Бейбіт Бөжен – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Бұл шығарма бірден баурап алады. Мәтінде қалың бояу, қанатты сөздер жоқ, бірақ оқырманды жетелеп ала жөнелетін жанды сөйлемдерге толы. «Маңдайын күн жалап» деген айшықты тіркестер кездеседі. Бұл орайда автордың ақындық қарымы көрініс беріп қалады. Роман көңілімнен шықты. Құлбек Ергөбек жақсы пікір білдіріпті. Мен ол кісіден артық ештеңе айта алмаймын. Менің пікірім – осы шығарманы орыс тіліне аудару керек. Шығарманың тақырыбы рас, сәтті қойылған. Нұртөре Жүсіптің «Қазақстан қан түкіріп тұр» деген мақаласы бар, туберкуллез туралы. Есте қалатын тақырыптың бірі сондай болса керек.

Сайлау Байбосын:

Бұл шығарманың атауы 2015 жылдан бері бәлен рет өзгерді. «Найзатас» журналына берген кезде сол кездегі редакция атауын «Өмірде бәрі болады» деп өзгертіп жіберген. Көкшетаудағы Төлеген Қажыбай марқұмның «Кербез сұлу Көкшетауы» журналына атауын «Жұмақ пен тамұқ» деп бергем-ді. Оны сол жердегі жас әдеби қызметкер қыз «Жұмақ пен тымақ» деп жариялап жіберіпті. Сосын барып «Қасым» журналы мен «Жұлдызға» соңғы атауы «Ажалын жоғалтқан адам» деп шықты. Серік Сағынтай хабарласты: «Мынаның жалғасын жазып беріңіз» деп сұрады. Мен 2016 жылы «Алтын қалам» сыйлығын алған соң, «Жұлдызға» материал бер дегенде осы романды ұсындым. Жедел жарияланды.

Әділбек Әміренов – әдебиеттанушы, Ә.Марғұлан атындағы педагогикалық университеттің доценті:

Шығарманы бір түнде оқып шықтым. Екінші рет зерделедім. Үшінші рет талдап оқыдым. Ағылшынның жазушысы Джозеф Конрад айтады: «Жазушы кітаптың жартысын жазады, қалған бөліктерін оқырман аяқтайды», – дейді. Сын түзелмей мін түзелмейді, бірақ қазір қазақ әдебиетінде сын деген жеке жанр ретінде жоқтың қасы. Әмірхан Балқыбек жазатын. Амангелді Кеңшілікұлы жазып жүр. Сын – жазушыларға бағыт сілтеп отыратын құрал.

С.Байбосын кітабының тақырыбын сәтті таңдаған. Егер де автор «Ажалын жеңген адам» деп қойып қалатын болса, ол логикаға сыйымсыз нәрсе болатын еді. Екіншіден молдалар мен имамдар бұл кісінің жаназасын шығармай қоятын еді. Өйткені, иманның шарттарының бірі, бұл – тағдырға сену, барлық жақсылық пен сынақ Алладан болатынына сену.

Шығарманың ішінде тағдыр туралы да, ажалға байланысты да дүниелер бар. Бұл мәселе әрине өте маңызды. Өлім мен тағдыр – адам өмірінің ажырамас бөлігі. «Өлім философиясы» деген термин бар, кезінде Еуропаның ғалымдары, әсіресе француздар: Камью, Сартр, Киркегорлар осы өлім философиясы туралы көптеген көркем шығармалар жазды. Талдап отырған кітапта өлім философиясына қатысты категориялардың бәрі жүр: тағдыр, ажал, арпалысқан өмір мәселесі түгел қамтылған.

Шығармадағы түрмеде өлім мен өмірдің арасындағы шекара өте жұқа. Арғынның іс-әрекеттері мен қателіктері арқылы оның тағдыры мен өлімге деген көзқарасы көрсетіледі. Түрмедегі заңдар мен қоғамның өзгерісі – бір-бірімен тығыз байланысты. Өмір мен өлімнің шекарасында тұрып, адам өз ішкі күресін бастан кешеді.

Шығармада бас кейіпкерді сынақ ситуациясына түсіретін ең бір әсерлі кезең – Арғынның түрмеден қашып, тайгада жалғыз келе жатқан кезі. Даланың, қырдың баласы, өмірі ит тұмсығы өтпес ну орманды көрмеген адамның ішкі жан дүниесіндегі күресті, шиеленісті жазушы шебер жазады.

Серік Елікбай – жазушы, ҚЖО Павлодар облысы бойынша өкілдігінің төрағасы:

– Мына мәселені контрастқа алу керек пе еді деп ойлаймын. Арғын – қанша дегенмен далада өскен адам, даланың психологиясын бойына сіңірген номад. Автор тайганың төрінде қалған оқиғаны кішкене қоюлата түссе дер едім. Дала қазағының көрмеген тұсы, мың шақырымдық жол – тайга іші. Менің ұғымымша, «ұясынан безген құс» деген бар.

Ләззат Теміртасқызы – «Ардагер» газетінің бас редакторы:

– Романның негізгі ерекшелігі – оқырманды өзіне баурап алатын өмірлік оқиғалар мен тағдырлар тізбегі. Кейіпкердің түрме өмірі, жастық шақтағы махаббат, сатқындық пен адасу, қиындықтарды жеңіп, шыңдалу сәттері арқылы адам табиғатын, оның төзімділігі мен өмірге деген құштарлығын терең ашады. Автордың шеберлігі – оқиғалардың нанымды және динамикалық өрбуінде. Майор Субботин мен әжесінің ақыл-кеңестері – өмірлік бағыт-бағдар беріп, кейіпкерге адамгершілік қағидаларын еске салып отыратын маңызды детальдар. Арғынның орыс әйелі жасаған сатқындық пен түрме сынақтары оқиғаның шырқау шегін құрайды. Бұл эпизодтар тек Арғынның тағдырын ғана емес, адам табиғатының күрделілігін де ашып көрсетеді. «Ұясынан безген құс» ұғымын мен осы тұрғыдан ойша саралаймын.

Бекен Сағындықұлы:

– Арғын «Сталин әженің» ақылы мен тәрбиесінің арқасында ажалдан сан мәрте аман қалады. Сол кісінің ертегісі мен ән-жыры мені тыныш ұйықтататын дейді. Дәл осы әже бейнесі, бас кейіпкерді шығарманың басынан аяғына дейін жебейді, ол түсіне енеді, есіне түседі, Арғынның қазақилығын жоғалтпай жүргені осы тәрбиеден. Сол  дәуірдің балалары – «әжесінің балалары», апасының арқасында өскен, етегінде ер жеткен. Арғын неге адамдық сипаты мен кісілік қалыбын жоғалтқан жоқ, себебі әжесі болды, әжесінің өнегесін көрді. Ұрпақты осылай тәрбиелеу керек.

Әділбек Әміренов:

Рас айтасыз, кітаптың басынан аяғына дейін бір лейтмотив үзілмейді. Ол – үнемі қиналған кезде әжесінің сөздерін есіне түсіп отырады. Әжесінің ақыл сөздері қайталанып отырады. Бұл қазақтың ішінде айтылып жүрген қанатты сөздер. Қазақи тәрбие – бұл. «Мен ажал деген тажалдан талай құтылдым», «Менің бір періштем бар, сол бір күні менен теріс айналып кетер ме екен?» дейді бас кейіпкер. Қиналған сәтте майор Субботиннің сөздері түседі. Автор Арғынды кез келген күрделі ситуацияға тастай салады. Арғынның аузынан бірде бір рет боқтық сөз шықпайды. Түрмеде отырған кезін баяндайтын тұстардағы абақты жаргондарын шығармаға кіргізу арқылы автор қапастағы өмір шындығын, түрме заңдылығын айшықтайды. Кейінгі кезеңде жазылған түрме тақырыбына қатысты көркем шығармалар қатарында Роллан Сейсенбаевтың «Шайтанның тағы», Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» романы бар. Алайда, олардың ішінде түрменің шындығы нақты айтылып көрсетілмейді. Ал мына туындыда сен түрмеде бірге жүрген сияқтысың.

Серік Елікбай:

Әдеке, сіз айтқан «Шайтанның тағы» сәл-пәл басқашалау. Арғынның ну орманның ішінде бойын дендеген аштыққа қарамай, адамдықтан аттамай алға басауы, өмірге деген құлшынысы үлкен ерік-жігерді қажет етеді. Маған ұнағаны, бір жағынан жынымды келтіргені бас кейіпкердің «ұрыншақтығы», қауіп-қатерге басын саналы түрде сұғып, тағдырдың теперішіне өздігімен барып түсуі. Оқырман Арғынның әрекетіне бірде ренжіп, бірде жанашырлық танытып, бірге күйіп-тісіп, тілеулес болады. Оқиға шиеленісі сонысымен де қызық. Мен өзім Арғынды жақсы кейіпкер деп санамаймын. Ол адам өлтірген кісі. Қолында кісі қаны бар. Тіпті тағы бір мәрте адамды өлтіруге дайын жүрген адам. Өзінің болашақта істейтін күнәсіне орай азап пен ғазауат кешетін секілді көрінеді.

Әділбек Әміренов:

Бас кейіпкер кісі өлтіруге бара жатса, ол оның өз еркі емес, түрменің заңы солай. Түрменің заңдары мүлде бөлек. Ақиқат соларда секілді. Сатқындық істедің бе, басыңмен жауап бересің. Арғын сол заңға бағынуы керек, бағынбаса, өзі опат болады. Автор түрменің жазылмаған «заңдарын» жөнімен келтірген. «Должёк» деген ұғым бар. Не үшін кісі өлтіруге барғанын Арғынның жан-дүниесін суреттейтін монологтардан білеміз.

Серік Елікбай:

Орыс әдебиетінде түрме романтизмі, түрме тақырыбындағы әдебиет көбірек насихатталып, басқаларынан биік қойылады. Осыдан антитеза шығады. Мына өмірде қыруар дүниені ұрлап-жырлағандар, халықты топ-тобымен қырғандар жауап бермейді, ал түрменің ішінде әр істеген әрекетің үшін жауап береді екенсің. «Должёк» ұғым – сол. Осыдан түрмеде шындық бар ма, жоқ бостандықта шындық бар ма деген екі ойда қаласың.

Ләззат Теміртасқызы:

Түрмедегі қиындықтар – кейіпкердің тұлға ретінде қалыптасуындағы шешуші кезең. Ол осы сынақтар арқылы шыңдалып, рухани өсуге жетеді. Түрме суреттері адамның ішкі күшінің қаншалықты мықты бола алатынын дәлелдейді.

Әділбек Әміренов:

– Жоғарыда айтып өттім. Кітаптың ұнаған жері – бас геройдың ішкі монологтары. Кейіпкердің ішкі әлемі көп тұста оның монологы арқылы беріледі. Диалогқа қарағанда монолог басымырақ. Бұл психологияның бір тармағы – адамның жан дүниесін көрсету. Екіншіден, бұнда әйелдердің психологиясын да жақсы берген, оның ішінде ұлттық психология және осының бәрін іс-әрекет арқылы көрсетеді. Мәселен, «Махаббат, қызық мол жылдарда» автор әйелдің психологиясын тап басып, анық ашып бере алмайды. Туындыда орыс ұлтынан үш әйел бар: Надя, Лена, Клава. Олардың барлығы – еркін, ұят, обал ұғымдарына көзқарастары әрқилы. Ал Құралай образы мүлде басқа, оның тұла бойынан ұлттық тәрбие анық байқалады.

Серік Елікбай:

Құралайды Арғынды қандай кейіпте болсын қабылдай алуы – оның әжесіне берген уәдесінен. Ұлттық танымымызда, халық фольклорында берілген уәде – құдай сөзіне бара-бар, антқа берік болу, адалдық таныту – биік ұғым. Құралайдың образы – уәде символының сипаты.

Ал Құралайдың анасының позициясы ше? Ол өз тұрғысынан дұрыс шешім етті. Өзі жынды біреуге қызын қолынан жетектетіп жіберуге қай ананың жүрегі дауаласын.

Алпысбай Хонж – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Автор КСРО-ның ыдырауын, отбасылық бүтіндіктің бұзылуын, сол уақыттың тынысын дөп басып танытады. Арғынның ақыр аяғында Ардақ пен Құралаймен бейіт басында кездесуі де символдық мәнге ие. Ең тілеуқор адамы – Ардақ қой. Сол жерде табысуы үлкен дүние. Отбасы мүшелерінің тағдыры қоғамға, қоғамдағы жайттар жанұяға да әсер етпей қоймайды.

Бекен Сағындықұлы:

Қазір мемлекеттік идеология, даму бағдары – техникалық бағытты көздеуде, сондықтан бүгінгі буын нақты ғылымдарға қарай көбірек ойысып барады, бұған ата-аналары да қолдау білдіруде, ал енді гуманитарлық бағытта қазір мұндай идеология жоқ, сол себепті балалар кітап оқымайды. Ол жастарды тарту үшін мейлінше осындай кітаптар жазылу керек. Солай әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін оятамыз ба деген ой туындайды.

Сая Молдайып:

Кешегі кезеңнің оқырмандарының психологиясы, ой пайымы мүлде бөлек. Біз шығармадан көркемсөздерді тере отырып оқыдық. Философиясына, сөз кестесіне, суреттеулеріне сүйсіндік. Кесек-кесегімен ойымызда қалып қойды, бойымызға сіңірдік. Қазіргі заманның оқырмандары бөлек.

Әділбек Әміренов:

Қазір студенттерге «Абай жолын» қуып жүріп оқыта алмайсың, оларға қызықсыз, ал енді Сайлау Байбосынның шығармасын студенттеріме оқытып көріп едім, бір-екі күнде оқып тастадық деп келіп тұр.

Кітапта публицистикалық тәсілдер, баяндаулар, түсіндірмелер көрініс табады. Автор шығармада кей тұстарға жақшаның ішінде түсініктемелер беріп отырады, бұл енді көркем шығарманың стилі емес. Содан кейін автор өліара кезеңді, Кеңестер одағы ыдырап, елдер тәуелсіздігін алған тоқырау жылдары, түрлі қылмыстық топтардың етек алуын нысанға алып отыр. Сол кезеңдегі қоғамдық саяси жағдайлардың барлығы сипатталады. Көркемдік жағына келетін болсақ, осындай деректемелік ақпарат көп бұл шығармада. Фактілер көп те, подтекст деген дүние жоқ. Жанр тұрғысынан роман деп ныспылағанмен, бұл романның жүгін көтермейді, себебі уақыт хронологиясы шектеулі, сосын бас кейіпкер біреу ғана, бірнеше бас кейіпкер жоқ.

Бейбіт Бөжен:

Бір детальдегі дәлдік мәселесін қоса кеткім келеді. Түрмеде чефир дайындауды суреттей келе, «қалайы күрешкеге бір пашке шайды қотара салды» деп жазасыз. Бұл шындықтан алшақ жатқан секілді. Чефирге 2-3 ас қасық шай да жеткілікті. Енді Арғынның адамдық кейіптен кетіп, қаңғыбасқа айналып, мас болып құлап жатқан тұсына келейік. Мен журналистік зерттеу жүргізу мақсатымен қаңғыбастардың өмірі туралы жазбақ болып, солардың тірлігімен жақын танысу үшін бомждар ортасына арнайы бардым. Көше қаңғыбастары екі иерархиялық топқа бөлінеді екен: «беделділері» және санатқа ілінбейтіндер. Қаладағы бай мейрамханалардың жанындағы жылу құдығына әлгілермен бірге түстім. Беделі жоғары қаңғыбастар мейрамханадан шыққан азық-түліктің жақсысын, тіпті қазы-қартасын асап отырғанын байқадым. Ал санаттан сызылғандар Катаев көшесіндегі жылу құбырлары сияқты қиырларда қалтырап жатады. Арғын қылмыс әлемінде белгілі беделге ие болған кісі ғой, қаңғыбастардың ішінде де «салмақтысы» болып сипатталғаны орынды еді.

Сайлау Байбосын:

Көркем әдебиетте әсірелеу деген бар. Чефир дайындау сондай көркемдеуден туындаған дүние. Сәбит Мұқанов «Сырдария» романын жазғаннан кейін редакторға береді. Редактор: «Сәбе, мынау «Сырдарияның арғы жағынан 40 мың есек ақырды» депсіз. Шындыққа жанаспайды, соны 4 мыңға түсірсек қайтеді?», – депті. Сәбит: «Жоқ, 40 мың болсын, қалай жаздым, солай қалдыр», – дейді. Редактор сонда да болмай қысқартып, баспаға жіберіпті. Кейін кездескенде Сәбит әлгінің жағасынан алып: «Әй, 36 мың есегім қайда?» – деген көрінеді. Әзіл әңгіме ғой, онсыз болмайды.

Ал енді шығарманың тіліне келетін болсақ, мен саналы түрде Бердібек Соқпақбаевтың жазу стилін басшылыққа алдым. Осы форма оқырмандарға туындының жеңіл оқылуына жәрдем ететіне көзімді жеткізіп барып кірістім.

Бейбіт Бөжен:

Менің ойымша, бұл шығарманы орыс тілінде аударған дұрыс. Себебі оның тақырыбы мен мазмұны кеңінен таралуға лайық.

Бекен Сағындықұлы:

– Бұл өте маңызды ұсыныс. Осы шығарманың желісі бойынша криминалдық экшн жанрында киносериал түсіруге болады деп ойлаймын. Алматыға барған сапарларымның бірінде Лермонтов атындағы театр актері ойнаған моноспектакльді көргенім бар. Бір актер күллі қойылымды жалғыз алып шығады. «Ажалын жоғалтқан адам» – бір кейіпкердің айналасына құрылғандықтан, осындай моноқойылымға жақын ба деймін.

Сайлау ағаның шығармасы Девид Робертстің «Шантарам» криминалдық, саяхаттық жанрда жазылған туындысымен кей тұстары үндесетін секілді. Әсіресе, түрме ішіндегі оқиғалардың нанымдылығы екі шығармада да шынайы беріледі. Ал осы шетелдік роман экранизацияланғанын ұмытпаған ләзім.

Ләззат Теміртасқызы:

Шығарма оқырманды терең ойларға жетелейді, өмірдің қарама-қайшылығын көрсетеді және шынайы сезімдер мен рухани беріктік сияқты мәңгілік құндылықтарды бағалауға шақырады. Бұл кітап адамгершілік туралы ойлануға, қиындықтарды жеңе білуге және өз болмысыңды сақтап қалуға үйрететін ғажайып туынды. Қорытындылай келсек, «Ажалын жоғалтқан адам» – әдебиетімізде детектив жанрындағы жаңа толқынның жарқын бейнесі.

Шолпан Байғалы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын:

– «Оқылатын кітап», «Оқылмайтын кітап», «Кітап оқитындар, оқымайтындар» деген сөз тіркестердің дендеп кеткені сондай, өзің жазып отырып осындай ойға қалатының рас. Жоқ, кітап оқылады екен. Әрине бәрі емес… Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» деген осы кітабын оқи бастағанда әлгі ойларымды жоғалтып алдым. Кітаптың жазылу мәнері өзіңді баурай берді. Арғынның өзгеге ұқсамайтын тағдыры өзіңді ойландырды, қапаландырды, ренжітті, қайғыртты, жылатты, өкіндірді де, жұбатты, жадыратты, толғандырды, таңдандырды, қуантты. Неге? Оның жауабын  кітапты оқып шыққаннан кейін білетін боласыздар. Таңдайына тағдырдың  кермек дәмі келген, маңдайына қара тас тиген, ажалын жеңген Арғын. Иә, Арғынның ажалын, махаббатын жоғалтпауына адамгершілігі жоғары, қайырымды,  мейірімді – Құралай себеп болған! Оқыңыздар! Оқылатын кітап.

Мұхамедқали Зарықұлы, ақын:

– Мұндай шығармалар оқырманның ішкі әлемін тереңірек зерттеуге, олардың қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге көзқарасын кеңейтуге мүмкіндік береді. Шығармада Арғынның Ленадан туған қызы Викторияның тағдыры мен өмірі айтылмайды. Виктория – Ленаның қолында кеткен бала, бірақ бұл тек бір отбасындағы, бір адамның өміріндегі оқиға емес, бүкіл қоғамды қамтитын оқиға. Жалпы алғанда, оқырман үшін әрбір кейіпкердің тағдыры – ол тек жеке адамның өмірі ғана емес, тұтас қоғамның бейнесі болып табылады. Викторияның тағдырының қалай өрбитіні, оның болашағы қандай болатыны туралы оқырман өз ойларын жинақтап, шығарманың финалын күтері анық. Сондықтан романның жалғасын жазу қажет секілді.

Әділбек Әміренов:

Романды жалғастырып жазудың қажеті жоқ, өйткені әр шығарма өз табиғи шеңберінде аяқталуы тиіс. Шығарманың аяқталу кезеңі, оның финалы, оқырманға толыққанды ой түюге мүмкіндік береді. Егер романды әрі қарай жалғастырса, бұл оқырманның шығарманы түсіну тәсілін бұзуы немесе автордың бастапқы ойын өзгертуі мүмкін. Шығарманың мән-мағынасы, идеясы мен философиясы көбіне оның соңғы нүктесіне тәуелді. Аталған романның мәні – оқырманға өз пайымдауын, ой қорытындыларын жасауға мүмкіндік беру. Ал егер автор шығармасын жалғастырып жазса, бұл мүмкіндікті тарылтып, туындының түпнұсқа мәнін бұзып жіберуі ықтимал.

Киносценарийге лайықтап қайта жазу – бұл басқа шығармашылық процесс. Кино мен әдебиет – екі түрлі өнер түрі. Кино тілі басқа, оның заңдылықтары мен шарттары бар. Әдеби шығарманы киноға айналдырған кезде кейде ішкі монологтар мен философиялық тереңдіктерді көрсету қиынға соғады. Бұл тұста кейіпкерлердің мінезі мен оқиғалары өзгертіліп, бейнелі түрде жеткізуге тырысады. Бірақ киноның басты мақсаты – көрерменге тікелей әсер ету, ал әдебиет ішкі әлемге терең үңілуге мүмкіндік береді. Сондықтан, егер романды киноға бейімдеуді ойласақ, оның концепциясын өзгерте отырып, оқиға мен кейіпкерлердің мағынасына назар аударуымыз керек.

Сайлау Байбосын:

Менің романымды талқылау жиынында мына нәрсені көңіліме түйдім. Мені қуандырып отырғаны жүзеге асқан романды талқылау іс-шарасы ғана емес,  шығарма жөнінде айтқан оң пікірлеріңіз де емес, кітаптың алда болады деген тұсаукесері де емес. Мені қуандырып отырғаны – аймақта әдеби ортаның қалыптастып келе жатқаны!

Менің білуімше, бұған дейін Керекуде жаңа шыққан кітап жайлы осындай кең көлемде пікір алысу, талқылау болған жоқ секілді. Бұл Ертіс – Баян өңіріндегі қалам ұстап жүрген әріптестер үшін үлкен жаңалық деп қабылдау керек! Бұны мен өз басым өңірімізде әдеби ортаның қалыптасуына бастама деп түсіндім.

Егер жергілікті қаламгерлердің жаңадан шығып жатқан кез келген жанрдағы кітаптар осылай талқыланып, пікір айтылып жатса, оған жоғары оқу орындарында оқып жатқан болашақ журналистер мен филологтар, олардың әдебиетші ұстаздары шақырылып жатса, бұл бір үлкен дәстүр, қалам ұстауға бейімді жастар үшін мектеп болар еді.

Алла разы болсын сіздерге!

 Айбек Оралхан:

– Құрметті қатысушылар, бүгінгі талқылау өте қызықты әрі мазмұнды болды. Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романына қатысты пікірлер мен ойлар әртүрлі болғанымен, бәріміз үшін де бұл туынды қазақ әдебиетінің жаңа бағытта дамуына үлес қосқан шығарма деп санаймыз. Шығарма тек әдебиет қана емес, өмірдің мәні мен адам болмысының күрделі сұрақтарына жауап іздеу үшін жазылған жемісті дүние.

Талқылау жиыны кітаптың таныстырылымына ұласты. Оқырмандар мен шығармашыл зиялы қауым өкілдері қатысқан іс-шарада жаңа романның тұсауы кесілді.

Суреттерді түсірген: Есенжол ИСАБЕК.

Добавить комментарий