Биыл «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығына – 20 жыл. Аталған мерейтой аясында қалалар мен аудандардың өнерпаздары арасында облыстық «Өнер додасы» байқауы ұйымдастырылды.
Мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, ұлттық және әлемдік мәдениет құндылықтарына баулу арқылы азаматтарға отаншылдық және эстетикалық тәрбие беру, қазақтың ұлттық дәстүрлері мен халықтың өзіндік шығармашылығын қайта өркендету және сақтау және ұлттық өнерді серік еткен өнерпаздарды қолдау, олардың шығармашылығын насихаттау мақсатын көздейтін байқау жаңа таланттарды тауып, тынысын ашуға, талабын ұштауға бағытталған.
«Өнер додасына» Ақсу, Екібастұз қалалары және Ақтоғай, Аққулы, Баянауыл, Ертіс, Железин, Май, Павлодар, Тереңкөл, Успен, Шарбақты аудандары, сонымен бірге, Павлодар қаласының ауылдық аймақтары мен Майқайың кентінің өнерпаздарынан құралған 14 өнер құрамасы қатысты. Сайыскерлер 7 ұлттық өнер түрі бойынша сынға түсті. Сайыс жекпе-жек форматында ұйымдастырылды.
Тұсаукесер тартыс
Байқау шымылдығын Ақсу және Екібастұз қалаларының өнерпаздары түрді. Өнер сайысын ұйымдастырушы, «Шаңырақ» облыстық орталығының директоры Замира Солтанова өнерпаздарға сәттілік тілеп, жалпы жобаның өңір өнерпаздарының арасындағы шығармашылық байланысты нығайта түсуде маңызы зор екенін атап өтті.
«Өнер додасы» байқауы өңір-өңірді жарыстыруды ғана емес, табыстыруды көздейді. Қазақ: «Ел іші – өнер кеніші» деген. Сол кенішті ақтарып, халық алдына ұсынсақ, талапты жандардың талантын ұштасақ деген ниеттен осы бір сайыс бастау алды. Сондықтан әр өнер құрамасы тәжірибелі өнер иелерімен бірге бұрын-соңды үлкен сахнаға шықпаған жастарды да бәйгеге қосады деген сенімдеміз», – деп атап өтті ол.
Дода қатысушыларының өнеріне ҚР Мәдениет Қайраткері, сазгер Асылбек Әбдікәрімов, айтыскер ақын, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағы Павлодар облыстық филиалының директоры Асығат Тұрғанбеков, термеші, «Шаңырақ сазы» ансамблінің әншісі Нұржан Сарқамбаев, биші, «Томирис» үлгілі би ұжымының жетекшісі Алтынай Адылханова, күйші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Ризолла Садықов және әнші, «Шаңырақ» облыстық орталығының көркемдік жетекшісі Серік Рысбек баға беріп, қазылық етті.
Байқаудың басты ерекшелігі – қазылар алқасы бірден ашық дауыс берді. Екі қатысушы өнер көрсетіп болған соң бірден бағасын білді. Солайша топтардың ұпай сандары есептелді.
Сайысты Ақсу қаласының дәстүрлі әншісі Салтанат Қисатова бастады. Ол Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұлым» әнін шырқады. Ал екібастұздық дәстүрлі әнші Жайдар Шунан Естай Беркімбайұлының «Қорлан» әнін орындады. Алғашқы сайыстың нәтижесінде Екібастұз қаласының өнерпазы жеңіске жетті. Есеп – 0:1.
Екінші сайыс – күйшілер сайысы. Бұнда ақсулық күйші Нұрман Сайлауов Құрманғазының «Терісқақпай» күйін орындады. Ал оның қарсыласы, екібастұздық Қайрат Тоқан «Мұраттың төкпесін» ойнады. Қорытындысында Екібастұз құрамасы екінші ұпайды қанжығасына байлады. Есеп – 0:2.
Үшінші сайыс – айтыс. Сөз додасында Ақсу қаласының ақыны Ернар Құсанов Екібастұз қаласының ақыны Бағдат Әлекбаевты жеңіп, құрамасына алғашқы ұпайды сыйлады. Есеп – 1:2.
Төртінші болып термешілер сайысқа түсті. Ақсулық термеші Мұхаметқали Зарықұлы Мағауия Баймұхамбетұлының «Кеңес» термесін тарту етсе, екібастұздық термеші Жомарт Қабыкенов Есенқұл Жақыпбековтың «Алдай-ау» термесін орындады. Бұ сайыста да екібастұздық өнерпаз жеңіске жетті. Есеп – 1:3.
Бесінші сайыс – ұлт аспаптар ансамбілі. Бұл кезеңде ансамбль пайдаланған сұлттық аспаптардың анына және өнерпаздардың вокалдық шеберлігіне басымдық берілді. Ақсу қаласының ұлт аспаптар ансамблі мен Екібастұз қаласының «Жайқоңыр» фольклорлы ұлттық аспаптар ансамблі арасындағы тартыста екібастұздықтар басым болды. Есеп – 1:4.
«Өнер додасы» байқауының тағы бір ерекшелігі – сирек кездесетін көне ұлттық аспаптарды жаңғырту. Алтыншы сайыста – осы мақсатты ұстанған қос топ жетіген аспабын сахнаға алып шықты. Ақсулық Зарина Смайлхан халық әні «Кербез қызды», екібастұздық «Кербез» жетігеншілер ансамблі «Ақбаянды» орындады. Бұл сайыста да Екібастұз қаласының бағы басым болды.
Жетінші сайыста қазақтың ұлттық биін серік еткен өнерпаздар бақ сынады. Ақсулық «Айгөлек» үлгілі би ансамблі «Той-думан» биін илесе, екібастұздық «Нәзік» үлгілі халықтық ансамблі «Қыз ғұмыры» биін ұсынды. Соңғы кезеңде ақсулықтар екінші ұпайларын еншіледі. Қорытындысында бес сайыста жеңімпаз атанған Екібастұз қаласының өнер құрамасы «Өнер додасының» алғашқы жеңімпазы атанып, бірінші болып екінші кезеңге жолдама алды.
Өнерлі өрге жүзеді
Бұдан кейін Май және Успен ауданының өнерпаздары сайысқа түсті. Екі аудан да тыңғылықты дайындықпен, асқан жауапкершілікпен келгенін әйгіледі. Бұл жұптың тартысында Успен ауданы жеңімпаз атанды. Қорытынды есеп – 2:5. Олар дәстүрлі ән, күй, терме, ұлт аспаптар ансамблі және қазақтың ұлттық биі бойынша сайыстарда ұпай еншіледі. Ал, Май ауданының өнерпаздары айтыста және сирек кездесетін ұлттық аспапта (саз сырнай) өнер көрсетуде басым болды.
Сайыстың екінші күнінде үшінші және төртінші жұп өнер көрсетті.
Алдымен Ақтоғай және Баянауыл аудандарының өнерпаздары сахнаға көтерілді. Тартысты әрі тартымды сайыста Баянауыл ауданының өнерпаздары басым болды. Олар дәстүрлі ән, күй, терме, ұлт аспаптар ансамблі және би сайыстарында ұпай еншіледі. Ал, айтыс пен сирек кездесетін ұлттық аспапта (жетіген) өнер көрсету бойынша Ақтоғай ауданы жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 2:5.
Түстен кейінгі сайыстың көрігін Шарбақты ауданы мен Майқайың кентінің өнерпаздары қыздырды. «Өнер додасына» Майқайың кенті Павлодар қаласының орынына қатысуға мүмкіндік алған болатын. Себебі облыс орталығының атынан шығуға тиіс болған Естай атындағы қалалық мәдениет сарайының өнерпаздары Мәскеу қаласына гострольдік сапармен аттанған еді. Солайша, бағы сай келген кенді кенттің өнерпаздары бабы да келісті екенін таныта алды. Олар, айтыс пен қазақтың ұлттық биі сайысында ұпай жоғалтып, шарбақтылық ұжымды 2:5 есебімен жеңді.
«Өнер додасының» үшінші күні де қызу әрі қызықты сайыстарға толы болды. Бесінші жұпты құраған Ертіс пен Аққулы аудандары арасындағы сайыс 3:4 есебімен аққулылықтардың пайдасына шешілді. Дәстүрлі ән, күй, терме, сирек кездесетін ұлттық аспап сайыстарында Аққулы ауданы, айтыс, ұлт аспаптар ансамблі, қазақтың ұлттық биі жарыстарында Ертіс ауданы басым болды.
Алтыншы жұпты Павлодар қаласының ауылдық аймақтары мен Тереңкөл ауданы құрады. Бұл додада Ленин кенті, Кенжекөл және Павлодарское ауылдарының өнерпаздарының басын қосқан Павлодарлық топ тереңкөлдік бәсекелестеріне жол берді. Есеп – 3:4. Тереңкөл ауданы айтыс, терме, ұлт аспаптар ансамблі, сирек кездесетін ұлттық аспапта өнер көрсету сайыстарында ұпай еншіледі.
Байқаудың төртінші күнінде алғашқы айналым қорытындыланды. Бұл күні додаға қатысушы жетінші жұп өнер жарыстырды. Бірінші кезеңді Железин және Павлодар ауданының өнерпаздары түйіндіді. Соңғы сайыста павлодарлық өнер ұжымы бір ұпай айырмашылығымен жеңіске жетті.
Барынша ашық, барынша тартысты өткен жеті сайыстың жеңімпазы – Екібастұз қаласының, Успен, Баянауыл, Аққулы, Тереңкөл, Павлодар, Майқайың кентінің өнер құрамалары «Өнер додасының» екінші кезеңіне жолдама алды. Ал, бірінші кезеңде сүрінген топтар арасында ең жоғарғы ұпайды еншілеген және қазылар алқасының төрағасы Асылбек Әбдікәрімовтың қосымша бір ұпайын еншілеген Ертіс ауданы сегізінші топ болып қатарға қосылды. Екінші айналымда өнерімен өрге жүзген 8 құрама 4 жұпты құрады.
Өнерлінің өрісі кең
30-31 қазан күндері «Өнер додасының» екінші кезеңі ұйымдастырылды.
Бағы жанған сегіздіктің алғашқысы болып Екібастұз қаласы мен Майқайың кентінің өнерпаздары сахнаға шықты. Сайыста майқайыңдықтар 5:2 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.
Екінші жұпта Успен және Ертіс ауданы сынға түсті. Бұл додада успендіктер бір ұпай айырмашылығымен жеңісті қанжығалады.
Үшінші жұпта сайысқан Баянауыл мен Павлодар аудандарының өнерпаздары арасында ең ірі есеп тіркелді. Баянауылдықтар алты бірдей ұпайды қоржынына салды. Ал, павлодарлық ұжым тек ұлт аспаптар ансамблі аталымында басымдыққа ие болды.
Екінші айналымды Аққулы және Тереңкөл аудандары түйіндеді. Бұл жұптың сайысында 5:2 есебімен аққулылық өнер иелері жеңіс тұғырына көтерілді.
Осылайша, өнерлінің өрісі кең екенін дәлелдей білген ең үздік төрт құрама – Майқайың кенті, Успен, Баянауыл, Аққулы аудандары жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалдық сайыстар 6 қараша күні, «Шаңырақ» орталығында өтеді.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.