Біздің бұрынғы ата-бабаларымыздың құсбегілік өнерді өте жоғары бағалаған. Құсбегі, саяткерлерге өте жақсы құрмет жасаған. Бүркітті ұстап үйретіп, түлкі алғызу таңқаларлық қызық емес пе. Бұл – екінің бірінің емес, жүз бен мыңның бірінің қолынан келетін өнер. Абай атамыз айтқандай:
Көкіректе жамандық еш ниет жоқ
Аң болады көңілін құс салғанда.
Ешкімге зиян жоқ өзім көрген
Бір қызық ісім екен сұм жалғанда, – дейді. Міне, ұлтымыздың осындай қызығына тоймас өнері қазір жоқтың қасы болды. Бұрын құс ұстап, оның жаратылыс бітімін, қырандығын айыратын, етіне келтіріп баулитын құсбегілер қазір жоқ. Құсбегілердің ақыры Мәуия Әбікей баласы еді, ол кісі қайтқалы біршама уақыт болды. Ал қазір бірен-саран құсбегілікке әуесқой іні-балаларымыз бар. Талаптарына нұр жаусын, бірақ, құсты жетік айыруға шамалары келмейді. Мұны кемшілікке бағаламаймын, себебі, алдында үлгі етіп ақылдасар құсбегі жоқ.
Дегенмен, «Талапты ерге нұр жауар» деген емес пе, жетіліп кетеді ғой. Даладан ұстаудан гөрі ұядан алуды меңгерген менің Құжан, Масақ, Игібай, Әбікей деген аталарым, әкем Өкпе, ағаларым Қасен, Мәуия өз дәуірінің құсбегі саятшылары болған. Біздің әулетіміз құсбегілікке өте жетік, құмар болып, малдан құсты артық бағалаған. Игібай атамыз Қоянды жәрмеңкесінен бір бүркітті қырық тұсақ қойға сатып алған. Сол бүркіт өте қыран болып Игібайдың «Қырық тұсағы» атанған. Өз әкем Өкпе өлеріне дейін (1954) яғни, өзі өлгенде салып жүрген бүркіті ағам Мұхамеджан екеумізде қалды. «Әкеден бала туса игі, әке жолын қуса игі» дегендей мен де ата, әке, ағаларым жолын қудым. Әкем марқұм маған тоғыз жасымнан мылтық атқызып, аңға шыққанда қасына ертіп жүріп үйреткен. Ағаларым Қасен мен Мәуия бертін қайтыс болды. Осы жетік әке мен ағалардан біршама тәжірибелендім. «Ұяда нені көрсең, ұшқанда соны аларсың» деген ғой.
Енді өз жасым ұлғайып, келешектен үміт азайған шақта әке мен ағаларымнан алған, үйренген тәжірибемді, шамам келгенше, кейінгі талапкер інім мен балаларыма жеткізейін деген оймен осыны жазып отырмын.
Алды-артыма қарасам, ендігі құсбегілердің ақыры сияқтымын. Сондықтан ішімде кетпесін. Менен кемшілік болса, құс ұстап, салған ағалар мен замандастар жетілдірер.
Бүркітті ұстау. Балық ұстайтын ау сияқты көзі – 20 см мөлшерінде түйілген, биіктігі 1,25-200 см мөлшерінде, ұзындығы – 6-7 метр мөлшерінде тоқылып, екі жақ басы түйістіріп бекітіледі. Төрт бұрыштылап, төрт шыбықты шаншып, байлап, дәл ортаға қоян, кұр сияқты құстардың терісінен кеп жасап, ортадағы шыбыққа байлап қояды. Кеп дегеніміз терінің ішіне шөп-шалам тығып қалпына келтіру. Мұны «тор» деп айтады. Бүркіт әмәнда таудың жел жақ бетіне көп қарайды. Сондықтан, ең биік не жеке тұрған таудың жел жақ бетіндегі кішкене ағашқа, ағаштың көлемі үй аумағындай болса болды, соған құрады. Торды қатты керіп құруға болмайды, бос болу керек, етегі жерге тиіп, жайылып жату керек. Бүркіт тор ішіндегі кепке не терісіне келгенде, торға маталып қалады.
Тордан жазып алуда қанат-құйрығын сындырмай, дұрыстап жазып алу керек. Тормен ұстау – осы. Тордың жібін қазанның күйесіне қоңырқай сырмен бояу керек.
Қақпанмен ұстау. Бүркітке қазақи бір серіппелі шанағы үлкен қақпанға құстың аяғына батпас үшін жұқа кигіз не шүберекпен дұрыстап байлап дайындайды. Бұл қақпанды да таудың жел жақ бетіне құрады. Бар болса терісі алынбаған қоян, болмаса құстың қызарған етін көрсете тастайды. Жемтікке қонса да, желге қарсы түсіп қонады. Сол үшін жаңағы тастаған қоянның жемтігінің сырты мен екі жағына қурайдан арасын 8-10 см мөлшеріндей етіп, жерге шаншып, желге қарсы қонар жерінен есікше қалдырып қақпан құрады. Бүркіт қақпанга түскенде көп далпылдамайды. Сол уақытта аяғы сынып кетуі мүмкін. Қақпан құрған адам ұзап кетпей, әр сағатта қарап тұру керек. Егер күн суық болса, аяғы үсіп кетеді. Қақпаннан бүркітті айырып алысымен, саусағын ұстап, жеңінің ішіне тығып аяғын жылытқан дұрыс.
Негізінде, қақпанмен ұстау үшін қанжығаңда қоян жемтігі жүргені дұрыс. Бүркітті көрісімен қоянның жемтігін екі-үш рет лақтырсаң болды, жақындап келіп қалады. Содан соң, жемтікті таста да, жүре бер. Келеді де жейді. Қақпанды жоғарыдағы тәртіппен құр да, 1 км жерге бар да, қара да отыр. Қолма-қол келіп, қақпанға түседі. Ең дұрысы қақпанмен ұстау. Бүркітті қақпаннан аларда алдынан келмеу керек. Жатқан бетінде артынан келіп, екі қанатын қысып, құшақтап ұстап, қақпаннан босатқан жөн.
Тұзақпен ұстау. Бүркіт далада аң алып жеп отырғанда кездессең, аттың құрық қылының он шақтысын есіп тұзақ істейді. Құсты ұшырып, жемтіктің желге қарсы қонатын ығынан құстың бой мөлшерімен үш буып, тұзақты желінің екі басын мықтап тартып, бекітіп тұзақты құр. Жемтіктің сырты мен екі жағын қурай шілікпен шаншып, құс кірмейтіндей істеу керек. Бүркітті ұстау мерзімі қазан айының аяғынан бастап, осы тәсілдермен ұстау керек.
Ұядан ұстау. Бүркіт тасқа, ағашқа, биік жарға да ұялай береді. Ұялаған жердің жағдайына қарай әр түрлі тәсілдермен балапанды алады. Нағыз жетілген құсбегілер ұядан көп алмай, түзден ұстағанды жақсы көреді. Себебі, өзінің ата-анасының қасында жүріп баулынғган балапан құстың әлін саңғырудан айырады. Егер құс әлді болса, саңғыруы 1-1,5 метрге дейін түседі. Әлсіз болса, өзінің тұғырынан аспайды.
Бүркітті түнде қонақтап отырған жерінде қарсы алдынан жарық түсіріп ұзын құрыққа тұзақ істеп, мұнымен де ұстауға болады. Осы айтылған тәсілдермен қаршыға, лашын, тұйғынды да ұстауға болады. Бірақ, бұлардың торы бүркіттікінен кішілеу болғаны дұрыс.
Бүркіттің ерекшеліктері. Бүркіт қара, қарагер, сары шұбар да болады. Шұбар мыңнан біреу деуге болады. Сол сияқты көздің өзі қарашегір, ақшегір деп айырылады. Сары болатын құстың балапан кезінде омырауында сирек шыққан сары жүн болады. Екі-үш түлегеннен соң сарыалқа құс болып кетеді. Сары құстың қанат-құйрығындағы жүні тез кетеді. Қара, қарагер құстардікі кештеу кетеді. Қыран құстың омырау сырт жүндері ірі, тұмсығы ұзын, жұқа, жазық маңдай, танауының тесігі кең, көк тұмсық, отырғанда аяғының арасы талтақ кең. Саусақтары салалы, уысты келіп, әлді болады. Қанат-құйрықтары кіршіксіз ақ болып, төс сүйегі қалың, балтыры уысқа сыймайтын болып келеді. Шалғысы ұзын болып, топшысы иықтан шығыңқы болса, бұл құс ұшқыр болады. Осы сынға сай келген құс ұшқанды босатпай алатын, адамға тез үйреніп, бір айдың алды-артында саңқылдап кететін, иесін қызыққа бөлейтін құс. Егер тұмсығы шолақ, қалың дөңмаңдай, қаратұмсық, шыққан жүндері ұсақ болса, бұл екі жапырақ ет артық берсең, аңға бармайтын, кертартпа жалқаудың өзі. Кеудеден екі топшыны қосып, шелбеумен орап өлшегенде (қыспай) 8-9 тұтам (бармақсыз төрт саусақпен өлшеу) болса жеткілікті. Бүркіттің бәрі түлкі алмайды, көбі қояншы болады. Қасқыр алатыны мыңнан біреуі ғана. Бүркіт ірілігімен қыран болмайды.
Бүркіттің аяғын, өзін үш топқа бөледі.
- Лашын аяқ, бұл саусағы ұзын кең уысты келеді.
- Даудақ аяқ дейді, бүл саусағы жіңішке, қысқа, уысы тар келеді.
- Үкі аяқ дейді, бұл саусақтары қысқа, мықыр жуан, уысы шағын болады.
Көбіне лашын аяқты мақтайды. Үкі аяқ та жаман емес, жарғыш қой деп мақтан етеді. Қырандық сынға дөл келген бүркіт күй талғамайды, талаптанған азаматқа кездессе, қиындыққа кездестірмей үйренеді.
Бүркіттің жаратылыс түсі, өзінің ұялап ұшқан жеріне, тегіне байланысты. Сары құстар біздің баянауылдық емес, күзде қайтқан құстармен келеді. Баянауылдың өз құсы ұзынсыйрақ, қара, жіңішке, ұзын келеді. Қырандық сарымен, шұбардан көп шығады. Қара, қарагерден шығады, бірақ аз мөлшерде шығады. Қызылтау, Далба құстары бір-біріне ұқсас келеді. Бойы аласа, мықырлау қарагер болады.
Бүркітті қайыру (баптау). Даладан ұсталған құсты тез үйрету үшін әуелі әткеншек (яғни 1,5-2 метр ағаштың екі басына жіп байлап, үйдің ауыз сенектің төбесіне) байлап қояды. Құстың қанат-құйрығы тиіп, сынып қалатын нәрсе болмасын. Ағаштың жуандығы құс аяғымен уыстап отыратын болсын. Шамасы, 8 см мөлшерде, осы ағашқа отырғызып, құсты жиі-жиі қозғап қою керек. Ағаш теңселіп тербелген соң, құс ұйықтай алмайды. Құстың басында томаға болу керек. Құс ұйқыдан тез қажиды. Екі түн осылай байланса, құс жуасып қалады. Содан соң, құсқа аздап ет беріп, қолға көп ұстап сыйпалап «папым» деп дыбыстаған ләзім. Құс өзіне үйренген сайын етті көрсетіп, құсты тұғырға (орындығы) қондырып, «папым» кел-кел деп шақырып (әуелі бір метрдей жерден) етті бір жұлдырып, қайта қондырып, қайта-қайта шақырып, беру керек. Құсты тойғызуға болмайды. Тамағын аздап берген соң, құс арықтай бастайды. Әр күн сайын шақыратын жерді алыстатып отырып, жем беру керек. Жиырма шақты күннің алды-артында құсыңыз шақырғанда қол көтертпейді, келетін болады. Содан соң далаға шығарып, шыжым (жіңішке кір жайғыш жіп) 20-30 метр мөлшерінде құстың балақ бауына байлап, екі-үш күн жем беру керек. Шамасы 40-50 метрге дейін. Одан кейін ат үстінен шақырып, үйрету керек. Құс әбден үйренгенде, шақыруға бөгелмей келетін болады. Даладан ұсталған құс әбден үйренгенше, бойындағы майдан айырылуы керек. Ол үшін құстың саңғыру (құйрық астында) жүнінің түбін және екі шаптағы жүндердің түбін қолмен ұстау керек, майы кетсе, ұстаған жүндердің түбі бытырлап қолына анық білінеді. Егер, сол жылғы балапан бүркіт болса, майдан толық айырмау керек, жасамыс құс болып май қалмау керек. Құстың еті осы межеге келіп, шақырғанда бөгетсіз келген кезде даладан ұсталған бүркіттің қанаттың ұзын шалғысын (ең ұзыны) төртеуін тарамыс керек немесе құйрықты түгелімен буып тастау керек. Себебі, құс аңды алса не алмаса, қашып кете алмайды, қанат құйрық буылған соң, ол құс бір-ақ рет ұшады, екінші көтеріліп кете алмайды. Ұшқан аңын бірінші алғанда, аңның санын іреп жіберіп, сан етке қант бүркіп, аз жегізіп алу керек. Осылай екі-үш рет аң алған соң, қанат құйрықтары буылған жіп алынады.
Бүркітті алған аңнан айырып алу үшін қонышыңызда түлкінің, не қоянның, не басқадай сүйекті еті болып, осыны бүркіттің аузына тосыңыз да, қолыңызды жеммен ептеп көтере бер, сол уақытта бүркіт аяғын аңнан босатып, қолындағы жемге көтеріледі. Аңды сон-соң, өзіңе тартып ал. Даладан ұсталған бүркітті түлкіге, қоянға қолдан баулудың керегі жоқ, өйткені, ол өзі үядан ұшқанда бұған баулынған, бірге алып жеп үйренген, неге әлінің жететінін өзі біледі. Ол ұшуға да, ұстауға да епті, етіне келсе болды.
Ал ұядан алған балапан бүркітті («қол бала» деп атайды) қолдан түлкі, қоян алғызып, жегізу керек. Және де «қол баланың» етін жоғары ұстау керек. Оның еті төмендеп, қарны ашса, ол келер-келмесінде жұмысы жоқ, мал, ит, бала демей жармаса береді. Себебі, оның бар мақсаты – тамағы. «Қол балаға» құсбегі өте мұқият болу керек.
Бүркіт таулы жерде салынады, қағушыдан (аң қашырушы) қашқан аңға жеткізу үшін бүркітті таудың басында және жел бетке аң шыққанда жібереді. Биіктен үшқан құс іркілмей жетіп, ұстауға мүмкіндік алады. Кейбір адамдар бүркіт түлкіні басынан бір аяғымен ұстап, екінші аяғымен артынан ұстап бүктеп тастайды дейді. Бұл бекер, жалған сөз. Бүркіт, шамасы келгенше, бастан ұстауға ұмтылады. Жауласқан екі батыр сияқты емес пе, аңдысын аңдап барын ұстайды. Оның бәрін тәтпіштеу мақалаға сыймайды.
Талапкер іні, балаларыма айтарым, шамаң келсе, әке-шешесіне баулынған балапан бүркіт ұста. Мұның қыраны өзіңді жетектеп әкетеді. Ит сияқты мұнда қашу да, шошу да болмайды. Он бес күнде толық үйреніп кетеді. Бүркітті салып жүргенде, қанды ет жегізбейді. Етті жұқа етіп турап, сапты аяққа (құсқа жем беретін ыдыс) салып, суық сумен еттің қанын жуып, қолмен сығады. Үш-төрт рет суға салған соң, қаны кетіп, ет бозарып тұрады. Мұны «ақжем» дейді. Ақжемді құсқа тойғыза берген дұрыс. Ақжеммен құс майланбайды, қара еті толық болады. Құсты таңертең аңға алып шығарда, сіңірлі еттің сіңірін, мысалы, жіліктің бастарын – жұлғызып таттыру керек. Құстың мұрынынан су аққанша. Мұның себебі, құстың денсаулығына, ұшқанда ұшқырлыққа пайдалы. Егер аңға шыққанда күн жылы болмаса, етінің аздаған жоғарысын талғап, аңға қарамаса, таза ақ қарды уыстан алып құрт сияқты етіп сығып, болмаса мұз болса соның екі-үш бөлегін аузына салып жұтқызып жіберген жөн. Іші тоңған соң, аңға ұмтылады.
Жаз шыға, яғни, сәуірден бастап құсты түлетуге байлайды. Ол уақытта кең маңайында аша сияқты тіреулер жоқ жерге қояды. Жемді тойғыза беріп отырады. Құс семірген соң, бой, қанат-құйрық жүндері түсіп, өзінің жасына байланысты жүндер шығады. Қанат, құйрық жүндері кеш түседі. Ерте түсіру үшін құйрық пен қанат жүннің түбінен төрт елі жоғары етіп кесіп қауырсынның ішіне қойдың құйрық майын тығады. Сонда тез түседі. Егер құс арық болса, түскен жүндер толық шықпай қалып, аңға шығарда суыққа шыдамайды. Мұндайда бүркітшінің құсты орап алатын бөлеуіші болады. Алыс жерге барарда құсты бөлеуішке бөлеп, ердің қанжығасына байлайды. Құсты аңға алып шығам деп дайындалғанда, құстың тұяғын пышақпен ептеп ұштау керек. Жаздай тұяқ өсіп, ұшы мұқыл болып кетеді. Шама келгенше, түлеген құстың жүнін толық жетілдірген абзал. Бірер жыл салған соң, бала құстарды тауға шыққан соң, қоя берсең өзіңді қарақтап, ұзап кетпей тау қағып жүреді. Бүркіттің тұмсығын да жонып, дұрыстап отыру керек. Сұлы, жем жеген тұмсық тез өсіп отырады.
Бүркіттің қарақұстан айырмасы: бүркіт егер жас болса, қанатының асты, құйрығы да ақ болады. Құйрықтағы ақ құйрық ұшына жетпейді. Құйрықтың ұшы қара болады 2-3 елідей, бүркіттің қанат-құйрығы ұзын келеді. Бас пен аяғы ірі, салалы, нығыз келеді. Ұшып жүргенде бүркіт қандай ірі болса да, жұқа көрініп, құйрығы сабаудай жіңішке көрініп, қанат шалғысынан ұзын көрінеді. Қарақұс та қанат-құйрық та ақ болмайды. «Ақкеттеген» деген қарақұс болады. Мұның құйрығы ұшына дейін ақ болады. Құйрығы қысқа, денесі ірі, баурында ақ болмайды. Қарақүс ұшып жүргенде өте қалың, ірі болып көрінеді. Қанат, құйрық бірдей дөп-дөңгелек болып көрінеді. Оның құйрығы бүркіттей жіңішке ұзын болып көрінбей, қысқа дөңгелек көрінеді.
Бүркітті салып жүргенде, үкі мен мысыққа жібермеген дұрыс, себебі, бұлардың тұяғы құстың бауырына тисе, құс желденіп түскен аңын көп ұстай алмайды. Егер ондай болса, бүркітті шалқасынан ұстап, жүнін ашып отырып қарау керек. Егер теріде тесік болса, қуыс қурай не толық сабанды терінің тесігіне ептеп тығып, ауызбен сору керек. Осымен ол түзеледі.
Бүркіттің денсаулығын саңғыруын (боғынан) қарап біледі. Егер, құс сау болса, саңғыру ақ, таза болып, астынан алыс түседі. Егер құс ауырса, саңғырудың түсі өзгеріп, алысқа түспей аяғының астында болады.
Мұхамеджан ағам ед, әкем Өкпе,
Атағы жақсылықпен шыққан көпке.
Әке, ағам бата алған соң жақсылардан,
Құр алақан туғам жоқ, мен де текке.
«Әкеден бала туса игі, өке жолын қуса игі» деген. Сол себепті, бұл кәсіп менде қалған.
Құстың әбзел саймандары:
- Құс отыратын Тұғыр (орындығы) болуы керек. Құс отырғанда қанат құйрығы жерге тимейтін болуы керек.
- Балақ бау. Құстың сирағына жалпақтығы үш елідей кигізді сыртын былғарымен тігіп, екі ұшын түйістіріп, екі аяққа екі бөлек ұзындығы 30-35 см мөлшерінде жұқа жеңіл қайысты тігіп, баудың екі ұшына жұқа жіңішке 20-тиын күмістей көлемінде шығыршық тігіп, осы екі шығыршыққа жіңішке ұзындығы 1-1,5 метр қайысты өткізіп қою керек. Шығыршық жақ басы түйіншек болу керек. Құсты аңға ұшырғанда ұзын бауды түйіншек жағынан ұстап сыңарын алып қаласың.
- Toмaғa (бас киім) – үйде тұғырда отырғанда, далада қолда жүргенде басында болу керек. Құс бетімен дабылдамас үшін.
- Балдақ. Ердің астыңғы оң жақ қасына түбінен байлайды, ұзындығы 40 сантиметр шамасында, басы білекті салып отыратын бақа ауыз болады. Құсты қолға қондырып отырғанда – білекке тіреуіш.
- Құстың басындағы томағасын алғанда, іле қол ұшын ағаштан істеген тиек белбеуге байлау керек.
- Шырға. Бұл мүмкін құс ұстатпай қашам дегендей болса, лақтырып көрсетіп шақыратын, бар болса қоян терісі мен еті, болмаса жәй ірілеу ет.
- Сапты аяқ – құсқа жем беретін ыдыс, мұны ағаштың ішін ойып, әдемілеп жонып, жанынан қолмен ұстайтын сап шығарады.
Құсбегілік әр елде әртүрлі болуы да мүмкін, мен өз ата-бабам, әке, ағаларымның және Баянауыл төңірегіндегі құсбегілердің тәжірибесі мен өзімнің істегенімді жазып отырмын. Менің бар мақсат тілегім інім мен балаларымның кәдесіне асса екен.
Кәрімтай ӨКПЕҰЛЫ,
«Сарыарқа самалы» газеті, 11 маусым, 1994 жыл.