(естелік)
Бұл әңгімені әуелі бастаған – мен.
– Қазір совхоз орнаған Торайғыр көлінің айналасындағы көріністер осыдан отыз-қырық жылдар бұрын қандай еді, білесің бе? – деп сұрадым мен Қабиденнен. Шымыр денелі, ақсары жүзді, ойлы жігіт жауапқа ыңғайланып еді, мен сөзімді жедел жалғастырып кеттім. – Сен ол кезде тіпті тумаған да шығарсың, әлде Ақбеттің ар жағында жүгіріп жүрген сәби боларсың. Мен бастайын…
Торайғыр көлін мен 1939 жылы тұңғыш рет көрген едім. Сол жылы, жаңылмасам, июль айында, ақын Қасым Аманжолов, әдебиетші Төлеутай Ақшолақов және мен Павлодардан Баянауыл аясына сапар шектік.
Сұлу Баянға мен бала шағымнан таныспын, кейінгі жырларымда Баянның Ақбеттей асқар биігін, Жасыбайдың жасыл көлін еліге жырладым да. Ал, албырт Қасымның қиялында Баянның аршалы-қайыңның нулы тауларына, арудың көзіндей жаутаңдаған мөлдір көлдеріне қарап таңырқай күбірлегені есімде.
Баянауыл қалашығынан бізге жолбасшы болып атақты Жаяу Мұсаның баласы Салық ағай қосылды. Біз пар ат жегілген қос күреңді желдетіп Баян атырабын аралап шықтық. Бұл сапарда Сабынды мен Жасыбай көліне сүңгіп өтіп, сонау Далбадағы Жаяу Мұса қабырына, Жаңажолдағы Мәшһүр Жүсіп бейітіне зиярат еттік.
Торайғыр көліне үшеуіміздің алғаш келуіміз де сол жолы. Әрине, мұнда біз Торайғыр көлін тамашалағалы келгеніміз жоқ, біздің ақындық жас қиялымызға жарқырап «Қараңғы қазақ түнінен көкке өрмелеген» поэзиямыздың жарық жұлдызы Сұлтанмахмұттың аруағына тауап еткелі келдік.
Сұлтанмахмұт шығармаларын мен бала кезімнен сүйсіне оқыған едім. Асқан ақынның терең-терең тебіреністі жырлары менің ақындық әуенімді қозғауға зор әсер етті. Ал Сұлтанмахмұт арғы атасы Торайғыр бидің де келелі толғауларымен таныс едім. «Сүйіндік Торайғыр бидің толғауы» деген шумақтарды өсе келе «Таң» журналынан оқығаным бар.
Арғымақ жабы көрінер
Аса шауып буланса.
Айдын көл – батпақ атанар,
Айдыны құрып суалса… – деп толғапты сонда. Ақынның бұл бабасы заманында атақты шешен, әділ би, ділмәр жырау болыпты. Осынау мекен жоңғарлардан босатылып алғаннан кейін Торайғыр бидің еншісіне тисе керек, содан Торайғыр көлі атанып кеткен. Сүйіндік тайпасындағы ірі рудың бірі – Айдабол, Айдаболдың ішіндегі үлкен ата Шоң, Торайғыр ұрпақтары. Торайғыр сынды Шоң да бала жасынан ділмәр шешен «қара қылды қақ жарған» би болса керек. Бұл екі атадан кейін көптеген зиялылар, өнерпаздар шықты. Торайғырдан тараған ұрпақтың әйгілісі – жалғыз ғана Сұлтанмахмұт. Ал Шоң тұқымынан белгілі Аймановтар тарады.
Біз Торайғыр көліне беттеген сол сапарда жолшыбай ақын Дихан Әбілевтің балалық шағы өткен Мойылдыдағы ескі жұртын басып өтіп, Айман бұлағына келіп сусындадық. Дарыны дархан Шәкен де ағасы Сұлтанмахмұт сияқты осы бір белесте Баянның биіктеріне өрлеп өссе керек…
Енді Торайғыр көліне оралайын. Би атаның заманында қандай сипатта болғаны еш кітапта жазылмаған, алайда Торайғыр көлі менің қиялыма баяғы толықсыған қалпында болып көрінді. Ақын өссе өскендей мекен екен. Шығыс жақ аспанында шығар күнмен шағылысып Баян таудың ең биігі Ақбет тұр. Алып заңғардай мөлдір көлдерді құшағына айқара сұлаған Баянның өркеш-өркешті арқаларын қаптай басқан қарағай, қайыңдар, арша менен шыршалар алыстан бұраң бел сұлулардай бұлғаңдайды. Торайғыр көлі – тау бауырындағы тас тегенедей, мөлдіреген жауһардай жайнап тұр екен. Сол көргеніміз де атақты ақынның ата көлі – тұнық поэзиядай тереңінен мол сыр шертер қалпында еді. Екі ақын осынау көрініске тебіренгендіктен тау жаңғыртып айғай салғымыз да келді.
Торайғырдың табиғи сұлулығы бізді осылай тербетсе де, көл маңының тіршілік пішіні бізді мейлінше жүдетті де. Торайғыр көлінің маңына, расында, тірлік дүниесінен ешбір нышан жоқ, аяулы ақынмен бірге бар тіршілік келмеске кеткен секілді болып көрінді бізге. Япырмай-ау, бұл мекен жұрттан жұрдай болғанына қанша жылдар өтті екен? Ақынның әкесі Шоқпыт, арғы атасындай атақты емес, жарлы, жұпыны кісі болғаны мәлім. Кедейлік ауыр тұрмыстан күйзеліп Шоқпыттың Көкшетау жақтағы бір жұрағатына көшкені де белгілі. Бұл маңда бүкіл Шоң-Торайғыр әулетінен ешбір шаңырақ қалмағанға ұқсайды.
Тек аяулы ақынның өзі қалыпты, көлден аулағырақта жалғыз ғана мола тұр. Бұл – Сұлтанмахмұттың қу қабыры, басына бір белгі қоршау да бұйырмапты. Бабасының тауында, осыдан аз жылдар бұрын Совет үкіметі үшін кедейлеріне кеңес айтқан жалынды азаткер, айбынды таумен, мөлдір көлмен сырласып жалғыз ғана ақын жатыр екен. Аяп кеттім, көзіме жас келіп, сол тебіреністен туған өлең былай басталды:
Жалғыз мола, жол үсті,
Жолаушы өтер көз салып.
Өте бере ой түсті,
Тұра қалдым томсарып,
Қурай басқан қу қабыр,
Жел ескендей дүбірлеп,
Күңіренгендей сонда бір,
Өлген адам күбірлеп.
Жүрегімді өртеді.
Қайғы-ызасы аралас,
Қабырына домалап,
Ағып кетті көзден жас…
Иә, біз онда ескерусіз жалғыз қалған ақын моласын мүсіркеп қайттық. Бірақ, ақынның тұқым-әулеті алысқа ауып кеткен жоқ екен. Қақаған боранда пана болатын кең ауладай алқалы тау бауырында тұрақтамай, бұл көлдің төл тұрғындары жайылымы мол Қызылшілік, Сарқияқ, Қарасу қырларына қоныстанса керек. Кейініректе бұл атыраптың шаруашылықтарының негізінде Александровка деген совхоз құрылыпты.
Ол кезде Александровка деп аталатын совхоздың орталық қонысы – Торайғыр көліне мен алғашқы сапардан кейін 27 жыл өткен соң, 1967 жылы оралдым. Бұл жолы творчестволық сапармен бір топ ақын Баянауыл атырабының сұлу көркімен, еңбектегі өжет жандармен танысқалы келіп едік. Расын айтсам, совхоз орталығына бармастан бұрын біздер алдымен атақты ақынның зиратына барып тәжім еттік. Жолшыбай Айман бұлағының жиегіне өсіп жайқалған қырмызы гүлдерді тере келіп, Сұлтанмахмұт қабырының үстіне жаптық. Бір қуанғаным – баяғыдай жадағай қабыр емес, ақынның басына тас мүсіннен ескерткіш қойылып, айналасына қоршау орнапты. Көлдің бас жағында, Ақбет таудың дәл бауырында, совхоз орталығының аз да болса әсем үйлері жайнап тұр. Ақындарымыз толқындаса тауға шапшитын Торайғырдың тұңғиық көлін көріп тербелуде.
Қадыр Мырзалиев көл жағасындағы биік текше тасқа шығып алып, тап осы тау тастың үстінде Сұлтекең толғанған шығар, – деп Ақбеттің шынына қаршығадай қадалып қарап қалыпты…
Біз онда Торайғыр көлінің басына жаңа ғана орнаған совхоз орталығын көрген едік. Ол кездегі директор Қабиден Әубәкіров болатын.
– Ал, директор жолдас, содан бергі совхоз өзгерістерін өзің баянда. Есіңде болсын, бұл совхоздың игі істеріне, шаруашылық жетістіктеріне әдебиет жұртшылығы айрықша назар аударады. Өйткені совхоз орнаған жер, атақты ақынның атамекені ғой, – дедік. Қабиден Әубәкіров – осы маңның тумасы, 1961 жылы Алматының ауылшаруашылық институтын бітірген. 1965 жылдан бері осы совхозың директоры, бабаларынша баппен сөйлеп кетті.
– Бұрын Александровка болып аталатын біздің бұл совхоз Торайғыр көліне 1963 жылы орнай бастады. О баста кішігірім мешеу колхоздардың негізінен құрылған бұл шаруашылықты төрт аяғынан тік тұрғызу оңайға соққан жоқ. Тіпті совхозымыз әйгілі ақынның атамекен жерін жайласа да, айнадай көл мен асқар таудың өзі де «Торайғыр» деп бұрыннан-ақ сайрап тұрса да, совхоздың Сұлтанмахмұт Торайғыров атына көшіру де ұзақ кідіріс тапты. Айтқандайын совхозымыздың атына айдар тағып жабысқан Александров деген кім екенін кейін білдік, Баянауыл маңын алыпсатарлықпен сүліктей сорған бір байшікеш болып шықты. Сол кәззәп мекендеген Александров селосының атын совхозымызға жапсыра салыпты ғой. Совхозымыз мекендеген жер – Баянауыл айналасының аса бір әсем, шұрайлы тұсы. Сұлулығын жаңа өзіңіз аздап сипаттап кеттіңіз. Совхоз жайлаған ұлан-байтақ атырапта – Торайғыр көлі, Айман бұлақ, Сарытау – Мойылды, Әулие бұлақ, Найзатас, Сарыадыр сынды атам заманнан бері ардақталған таулы-сулы, шүйгінді өңірлер. Жүз алпыс мың гектардай көлемі бар жеріміздің бір шетін батысымыздағы сонау Бөгембай адыры мен Сарқияққа қарай тартады. Осы таулы, адырлы қиыр-қиыр белестердің ден бойы мал жайылым, шөбі шүйгінді шабындық. Баға білсек, мал мың-мыңдап өрбитін өңір. Әсіресе, қой өсіруге құнарлы. Торайғыр түлектері қазіргі 22 мың саулығы бар Еділбай тұқымды қой малын осы бесжылдықтың ақырында 41 мың бастан асырамыз деп серт беріп отыр. Бізде қазір екі мыңға тарта жылқы, соған жуық сиыр малы бар, бұл жануардар да бесжылдық ішінде айтарлықтай өрбімекші. Әр төбесі маңырап тұрған маңғыт өлкеде әрине, мұншалық қана мал басы болуы мақтанарлық жайт емес екенін сеземіз. Әйтсе де биыл өсіп-өнген малымыздың мемлекет тарапына он мың қой, үш жүз сиыр, төрт жүз жылқы жөнелттік.
Өткен жылы шаруашылығымыздың еңсесі едәуір көтеріліп қалды. Он жарым мың гектар егін алқабынан (соның төрт мыңдайы дәнді дақыл) көп жылдардан бері болып көрмеген айтарлықтай артық мөлшерде өнім жинадық. Өткен жыл бір несібелі жыл болды. Бүкіл Баянауыл адырларының қара тасы жібігендей жер ана еміреніп, ауданымыз өмірі болып көрмеген мол дән ырысына қарқ болды. Әрине, несібені өндіруге өрендеріміздің ер еңбектері себепкер екенін айтып, айрықша сүйсінеміз. Бұрын гектарына төрт жарым центнерден өнім алудан аспай келген біздің совхоз диханшылары өткен жылы гектарына 12 центнерден астық жинады, оның үстіне біз былтыр белгіленген межеден тыс жеті жүз гектар жерге дән сепкен едік, берекелі шығымның нәтижесінде мемлекетке жоспардан 25 есе артық астық тапсырдық… Қазір тұқым қоры, мал азығы қоймаларымызда үйме-жүйме болып толып тұр. Егіншілік кәсібіне лайықты түрлі агротехникалық шараларды қамтамасыз етіп қойдық. Ал, ұйықтай қалсақ, қазір түсімізде беймаза ететін мәселе – қысқы мал күтімі. Өзіңіз білесіз, Сібірмен етектес Баянауыл өңірінің қысы қандай қаһарлы! Өткен қыстар үш ұйықтасақ, есімізден кетпейді. Әсіресе, бұрынғыларша айтқанда өткен доңыз (ежелден жұтқа ұшырататын) жыл өзінің айдаһардай ысқырған сұрапыл боранымен Торайғыр тастарын да шайқап кеткендей болды. Қаншама күн қақаған түтек аязында арыстандай қасқиған малшыларды да көз ашқызбай теңселтті. Бұрқасынға шыдамай қыруар мал бықпырт тигендей бүрсеңдеп ықты. Басқа сергелдеңді айтпағанда ата қойшымыз Жеріс ақсақал 650 бас қойымен бірге зым-зия жоғалды. Қас қарая қатал бораннан қалың қойы ыққанда, қайыруға ырқы жетпей малжанды қартың соңынан ере кетсе керек. Біз, совхоздың ығай-сығай ер жігіттерінен жасақ құрап, он төрт жүк машинамен екі топ болып ығар жаққа қарай жөнеп бердік. Бір топты ферма бастығы Сұлтан дейтін бастады. Боран қақап тұр. Мінген аттың құлағы көрінбейтіндей қабақат түтек. Бірақ біз машинадамыз ғой. Бұл шіркін де әр жыраға бір сүңгіп жүріп, ақыры жолсызбен шымқай бұрқасынды қырда адасып талай өзекті шыр айналды. Не керек, ақыры таптық-ау. Сонау Шашқан бекетінің ар жағындағы бір төбенің ығында қой тастардай домаланып қойлар жатыр, мұз құрсанған емендей қатып қартымыз тұр екен. Алдымен моторға әкеліп жылытып, беті-қолы домбыққан, аяғы ісінген шопан атаны сау сақтап қалдық, азғана шығынмен бір отар қойды машиналарға тиеп ауылымызға аман әкелдік. Өткен жылы қаңтардың қақаған сұрапылында екі мыңдай жылқымыз ығып кетті.
«Қар тебінгіге қажымас қайран жылқы» қойдай ілбіп ықпайды, басын тұқыртып алып, бөкендей жөнеледі ғой. Біздің Баян даласының, жонның бораны сұмдық қатты болады, сұрапылы ересен сондай алапат қыстарда осы маңды қоныстанған совхоздардан талай жылқы үйір-үйірімен зым-зия жоғалып кетті. Ықтап адасқан көп жылқыны поезд басып, көбін ық жақта тұратын ағайындар да ізін білдірмей жоғалтқанға ұқсайды. Біз жылқымызды қайтсек те аман сақтап қалу үшін жанталаса аттандық, машина алдына көсемше салт аттыны шолғыншы етіп жүргізіп ақ боранмен жарысып аға бердік. Алты күндей айдаладағы ойды-қырды шарлап ақыры жануарларды аман таптық-ау…
Мұндай арпалыстарда қажырлы қайрат шеккен Малтабай, Қабден, Жеріс, Аман, Насреддин, Садық, Мұқсын, Әйтім сынды байырғы шопандар мен зоотехник Жұмабек, Әндәр секілді жастарды, Мәжит сынды жылқышыны, сұрапылда ыққан малды аман табуға көмектескен Тілеубаев Қайырды, Садықов Әйтікенді сүйсіне айтар едік. Бұлардың қырғын боранда мал басын аман сақтап қалу күресінде көрсеткен ерлік істері – ақын-жазушыларға нелер әңгіме, жыр боларлық жайттар…
Өткен алап қыстардағы қиын жағдайларды еске алып, совхозымыз қазір екі жылға жетерлік азығын әзірледі.
Ақын атындағы совхоздың мәдени-тұрмыс күйлері де жылдан-жылға көркейіп келеді. Жаңадан салынған жеке-жеке үйлерден құрылған жаңа орталығымыз екі жүз үйлік қыстаққа айналды. Қыстақта зәулім онжылдық мектеп-интернат пен жуықта салынған төрт жүз адамдық кең залы бар Мәдениет сарайы сән беріп тұр. Бұларда кітапхана, спорт залы, Сұлтанмахмұтқа арналған музей бар. Музейді құруға, оны жабдықтауға айтарлықтай жігер жұмсаған әдебиетші ғалым Омаров Аманды ерекше атаймыз.
Барлық совхоздағыдай біздің жасаң шаруашылығымызда емхана, балалар бақшасы, монша, дүкен, шеберхана, гараждар баршылық. Техника құралдарымыз әзірше жеткілікті, механизатор кадрларын негізінен өзіміз оқытып әзірлейміз, бұлардың көпшілігі Торайғыр ұрпақтары, біздің совхоз оқыған мамандарға кенде емес. Ақын атындағы совхоздың тумалары қазір Алматыда, Павлодарда және жан-жақта шаруашылықтарда түрлі салада көрнекті қызмет атқарып жүр.
Торайғыр топырағынан таралғандардың ішінен белгілі ғалымдар Шапық Шөкинді, Серікбай Бейсембаевты, Сәлкен Сұбханбердинді, Аймановтар әулетінен – өнер қайраткері аяулы Шәкен Аймановты, белгілі артист Кәукен Кенжетаевты, ағарту қайраткерлері Айдархан, Әйтікен Аймановтарды, көрнекті ақын Дихан Әбілевті мақтаныш етеді.
Торайғыр көлі, Сұлтанмахмұт мекені ертеден жұртшылық назарын ерекше аударған бір тамаша ая ғой. Революция жылдарында Колчак сойқандарынан қуғын-сүргін көрген атақты Сәкен Сейфуллин де нағашысы Мұқайды іздеп осы маңда болыпты деседі. Айтқандайын, Сәкеннің Баянауыл бауырында жүргенде киген күпісі біздің совхоздың тұрғынында сақталыпты. Сәкеннің нағашысы Мұқайдың келіні Ескен жеңгейден Сәкен киген сол күпіні қолқалап сұрап әкетті. Сол күпі қазір Қарағанды музейінде сақтаулы. Ал Сәкеннің нағашысы Мұқайдың немересі Төлеген Мұқаев КазГУ-дің филология факультетін бітірді, өлең жазып жүрген жас ақын, қазір Баянауылдың аудандық газетінде қызмет атқарады.
Атақты ақынның атындағы совхоздың мұрат- мақсаты, мәдени, шаруашылық мүдделері әлі мол. Совхозымызды мұнан аса жетілту, көркейту жолында ұлы ақын есімімен үкімет тарапынан басшылық, көмек болатыны сөзсіз, сонымен бірге ақын менен ғалымдар, өнер қайраткерлерінің де назары көбірек түссе тіпті ғанибет болар еді.
Торайғыров атындағы совхоз аясына ақындар, артистер, ғалымдар, суретшілер жыл сайын жазда көптеп саяхат жасайды. Өткен жылдарда ақынның атамекен жеріне ақын-жазушылар Әбділда Тәжібаев, Ғали Орманов, Дихан Әбілев, Сырбай Мәуленов, Темірғали Нұртазин, Зейтін Ақышев, Мұхтар Жанғалин тағы басқалар болып кетті. Ертеректе Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқанов та арнайы келіп кеткен. Бір топ ақын-жазушылардың, Қалеке, сізбен бірге творчестволық сапармен біздің совхозбен танысып кеткені жоғарыда айтылды. Кейінгі жылдарда Торайғыров көлінде Әлкей Марғұлан, Сақтаған Бәйішев, Мұхаметжан Қаратаев, Серікбай Бейсембаев, Өмірбек Оспанов сынды ғалымдар, өнерпаздардан – Шолпан Жандарбекова, Елубай Өмірзақов, Шабал Бейсекова, Кәукен Кенжетаев, Әмина Өмірзақова, Бақыт Әшімова сияқты белгілі артистер, әншілер болды. Жерлесіміз атақты Шәкен Айманов біздің совхоздың таңғажайып тұлғалары мен көлдердің маңайында «Бір ауданда», «Алдар Көсе», «Найзатас» кинофильмдерін түсірді. Белгілі композитор Еркеғали Рахмадиев пен суретші Сахи Романов та Торайғыр көлінің әсем табиғатын тамашалап, келіп қайтты. Бұл білімдар, өнерпаз адамдарды біздің совхоз еңбеккерлерінің жомарт пейілімен сый-құрмет көрсеткені – қадырлы жолаушылардың баршасына мәлім. Тек дәметеріміз, келіп-кеткен өнер, білім иелері, ақын-жазушыларымыз Баянауыл мен Торайғыр көлінің ғажап табиғаты мен жаны сұлу жандарды, еңбеккерлер жайында тамсанарлықтай өлең-жыр жазса, ән тудырса, суретшілер атақты ақынды бауырына бөлеп өсірген Торайғыр көріністерін бейнелесе, ғалымдар мен жазушылар ардақты есіммен совхоздың жетістігі, олқылығы, тілек мүдделері жайында сөз қозғаса, қандай ғибрат іс болар еді.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 80 жыл толғалы отыр. Әйгілі ақынның бұл мерекесін жұртшылықпен бірге, бүкіл халқымызбен бірге біздің совхоз еңбеккерлері жақсылап тойламақшы, ақынның атына ие болған бұл мерекеге еңбектегі айтулы табыстармен, игілікті істермен келуге құлшына әзірленуде.
Ал, совхоз еңбеккерлерінің мәдениет-өнер қайраткерлерін, әсіресе Қазақстан Жазушылар одағынан өтінер тілектері де бар. Алдымен ақынның зираты да көз тартарлық емес, қабыр басына қойылған белгі де ақынның қайсар, ірі тұлғасына сай емес. Күйкілеу. Осы бейітті, белгіні қайта жасап жақсы қалыпқа келтірсе, совхоз орталығында ақынның көрнекті мүсіні бейнеленсе, ақынның қазіргі шағын музейі кеңейтіліп, оған жаңа экспонаттар, кітаптар, суреттер көбейтілсе, суретшілер бір кезде кемеңгер ақын қасында толғаған кертеш тастарды, жасыл көлді полотноға түсірсе – қандай абзал, өнегелі іс болар еді. Ақындар, сыншылар, Жазушылар одағының ынта-назарымен мұндай игілік істерді ақын мерекесі алдында қазірден бастаса, іс сәтті болар еді. С.Торайғыровтың 80 жылдық мерекесін өткізу алдында жоғарғы басшы орындарға мәселені келелі етіп ұсынса, нәтижелі болар еді деп сенеміз. Біздің ойымызша, Сұлтанмахмұт мерекесі Павлодар қаласында, Баянауыл ауданының орталығында және біздің совхозда ақынның атамекен жері Торайғыр көлінде орақ науқанының алдында июль айында өтсе – қызықты болар еді.
* * *
Қабиден совхоздың қазіргісі мен келешегі, мұрат-мүдделері жайында және Сұлтанмахмұттың 80 жасқа толуына байланысты мерекені өткізу жайында байсалды пікір қозғап, беріле сөйледі. Ақынның атағын ардақтап, өзі басқарған совхоздың мәдени-шаруашылық салтанатын көтеруді де мақсұт етеді жас директор.
Менің есіме өзге бір ардагер адамның есіміне байланысты бір жайт түсе кетті. Осыдан аз жыл бұрын Аягөз ауданындағы Бейімбет Майлин атындағы колхозға, Семейге бара жатып жолшыбай аялдағаным бар. Колхозға бастық болып жаңа келген жас жігіт сонда маған қынжыла бір сыр шертті. Бұл шаруашылығымыз көп салада кейін қалып келеді. Оны көтеру үшін бар жігер-күшті жұмсап-ақ жатырмыз. Ал менің жаныма батып жүргені белсенділеріміздің жиылыстағы әрдайым айтатын сөздері «Майлин» шегіншектеп кетті», «Майлин» көтерем болды», – деп асқан жазушының атына лайықсыз жамауларды жапсырғандары. Сондай-ақ, директор бауырым, Қабиден, ардақты ақын атына жағымсыз атақ жаппау үшін совхоз еңбеккерлері мақтанарлықтай қайрат шегетін болсын, өнегелі іс көрсетсін, ал сенің жерлестерің атынан білдірген әлгі тілектеріңді жазушылар қауымына жеткізуге әзірмін.
Бай жағы мың жүз болса, Кедей жалғыз,
Қорықпай жалғыз жақта қалар едім, – деп қилы кезеңде жар салған жарлы жұрттың жалынды жыршысы қазақ поэзиясының классигі, аяулы ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров ардақталуға, мерекесінің салтанатпен өтуіне әбден хақысы бар. Біздер, ақынның мирасқорлары – Сұлтанмахмұт мерекесін поэзия тойына айналдырып, кемеңгер ақынның есімін жаңғырта түсуге күш жұмсаймыз.
Мен сөзімді аяқтап, Қабиденге қарасам, ол, біз демалып жатқан төбеден асқар шоқтығына көз жіберіп келеді екен. Сонау ақ сеңгірге орап қар бұрқырап тұр екен. – Біздің Ақбетте қазір боран құтырына соғып тұрған шығар, көзіме өткен жылғы сұрапылдар елестеді, сірә ертең жеріме қайтқаным жөн болар, – деп айрылысты бізбен, ақын атындағы совхоздың албырт директоры…
Сұлтанмахмұттың творчествосы жайында мен ҚазПИ-де оқып жүрген студент кезімде-ақ сөйлеп, Сұлтанмахмұтты теріс кінәлайтын керауыздармен талай айтысқа түскенмін. Атақты ақынның творчествосы туралы бірнеше мақала жаздым, юбилейінде баяндама да жасадым, бір-екі өлең арнадым.
1983 жылы октябрь айында менің жетпіс жылдығыма байланысты – менімен бірге жазушы Сайын Мұратбеков, ақын Аманжол Шамкенов үшеуміз Торайғыров атындағы совхозға барып, тұрғындармен кездесіп, ақынның аруағын жаңғыртып қайттық.
(Қ.Бекхожин. Шығармалар жинағы. 7-том, Алматы, 2014 жыл)