Жұмабек СМАНОВ
Еліміздің егемендігі туралы декларацияға қол қойылған Республика күні ұлттық мерекесіне орай жолымыз түсіп «екі дүние есігі, Ер түріктің бесігі» аталынып кеткен Түркістан қаласына жолымыз түсті.
Сапар барысында көне шаһардағы №12 Қ.Сәтбаев атындағы қазақ мектебінде болдық. Мұнда қазақ ғылымының атасы атанған тау тұлға – Қаныш Сәтбаевқа арналған мемориалдық музейдің ашылуына қатыстық.
Аталмыш шараның мәртебелі меймандары мемлекет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов атындағы музей мен Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті (Алматы.қ) қызметкерлері, ғалымның жерлестері «Jebe» қоғамдық бірлестігі мүшелері болды.
Оқушылар назарына мектеп ұжымы жинастырған жәдігерлерден бөлек алматылық ғалымдардың көшпелі көрмесі ұсынылды.
Жәдігерлерді жинастыру, музейді безендіруге ерекше ықылас танытқан сурет пәнінің мұғалімі – Күлайхан Пернебайқызы. Талантты қылқалам шеберінің қолынан шыққан Баянауылдың әсем табиғаты бейнеленген картиналар музей төрінен орын алған.
Басқосуға арнайы шақырылған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нухұлы белгілі себептермен қатыса алмауына байланысты ол кісі басқаратын халықаралық қордың “Қаныш Сәтбаев” медалін табыстау бақыты осы жолдардың авторына бұйырды.
Сондай-ақ, Қ.Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өзінің жүрекжарды тілектерін жеделхатпен жолдады. Алматылық делегациясын бастап келген ғалым Аспандияр Өмірбеков университет пен ғалым атындағы мектеп директоры екі ұжым арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Білім ордасы оқытушылары мен шәкірттеріне шығармашылықтың шыңында болуды тілеп қайттық. Айта кетуіміз керек, білім ордасының шәкірттері де өз өнерлерін ортаға салды. Әсіресе, 10 сынып оқушысы Дастан Дүйсен ғалым атамыз жайлы қойылымда қазақтың Қанышының рөлін тамаша сомдады.