Хат түсті. Жай түскен жоқ. «Оқы» деп түсті. Хат болғанда жеті атасын түгендейтін қазақ үшін таптырмайтын бір құралдай әсер еткен, жақын тарата айтсам, жеті атаңның есімін түгендегендей кітап екен. Өз әкеңді Абай, Шәкәрім, Мұхтар үштігіне сыйдырдым. Одан әрі «ата» үштігі тұр. Олар – Әл-Фараби, Иассауи, Баласағұн. Терең теңіз – Иолығтегін мен Қорқыт бабаң. Бұл екеу боп еншіленсе игі. Тұнбасы түбінде сақталған тұңғиық теңіз – скиф Анахарсис. Арғы бабаң жалғыз. Еңбектің «наме» аталуының бір себебі – осы. Демек, «ата-бабаңнан келіп жеткен шығарма» дегенді білдіреді.
Жоғарыдағы есімсойдың қай-қайсысы да арысы табиғат тылсымдарын (тәңір деп түсініңіз), түп ортасы, сөздікке сүйенсем «Құран-Кәрім аяттарын, шариғат пен хадис талаптарын, мұсылманшылықтың этикалық-құқықтық қағидаларын жетік меңгергендігі» ақиқат. Берісі бүгінгілік үшін. Сол жетеуді «ғұлама» деп есімдеудің себебі осы. Демек, «наменің» екінші бір мағынасы – есім, атау/аталу.
Еңбек «қазақ» сөзін түгендейді. «Қазақ» сөзі болғандықтан, әр қазаққа арналған. «Әр қазақ – жалғызым» дейтін қазақ оқитын шығарма. Ғылыми тақуалыққа негізделгенімен, ғылыми стиль жоқ. Көркем шығармалар арқылы тарқатылғанымен, бірыңғай көркем әдебиет стилі емес. Публицистикалық стильге сыйдырып жіберетіндей шағын шығарма да емес. Тарихи артефакті мен математикалық дәлдікті алдыңа тартқанда, ресми іс-қағаздар бағыты ма дерсің?! Жоқ, мұнда басқа бір тартымды дүние бар. Мұнда әдеби мұраға айналған түсінік қалыптасқан. Сондықтан ғылыми мұраға селсоқ қарамайтын арлы адамды өзіне тартып, жетекке ертіп әкететін хат жазу дәстүрі тұр. «Алтыннан ардақты, күмістен салмақты» деп басталатын хат жазу есіңізде ме? Ары қарай тереңдей түссек, академик Р. Сыздық айтқанындай, мұнда «кез келген адамның күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, қара басына қатысты жайларды сөз еткен хаттар емес, белгілі бір қоғам қайраткерлерінің, қалам иелерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік не өзге де мәні бар мазмұндағы» шығармалар қарастырылған. Бұл – сөнуге шақ қалған эпистолярлық стиль. «Наменің» бір бағасы – осы.
Автор – туа біткен қазақ, жүре біткен ғалым, тірнектен туған филолог және философ. Қазақтығы сол, Ғарағаң – қонақжай адам. Бір уақытта Алматыдай алып шаһарда бастары түйіскен іні-қарындастарын Ғалымдар үйінің «қызыл, жасыл» деп аталатын шағын залына шақырып, әңгіме-дүкеннің кілтін ағытатын/ағыттыратын. Сол сәтте бір жасап қалатын аспирант бізбіз. Ғалымдығы да сол уақыт шамасында бітті-ау деймін. Қазақтың екі үлкен жоғары оқу орны – қарт КазПи мен қара шаңыраққа айналған КазГУ-дің – аты дардай деканы болған жылдары мүйізі қарағайдай академиктермен таласа-тармаса жүріп, өзінікін дәлелдеді. Әлгі «Жеті ғұлама және Анахарсис» деген мақаланың шығып, айналасының аузына салым салатын мезгілден басталады бәрі.
Қазақтық пен қонақжайлық – егіз ұғым. Әр қазақтың жүрегі «Абай» деп соқса несі айып?! Ғарағаңның жүрегі ғана емес, әр тамырлық капиляры Абай деп бүлкілдейді. 2012 жыл еді. Тамыздың да 11-12-сі болатын. Аққулы ауылы бір жасаған той болды. Абай тойы болды. Ұйымдастырушы да өзі, үйлестіруші де өзі. Бір шетінде жүрдім. Содан бері сол той жыл сайынғы дәстүрге айналды. Аққулы Семей мен Кереку шаһарын байланыстыру орталығына айналды. О бастағы мақсаты сол болатын. Кейіннен Семейден Абай ауданына апаратын қара жолға «Абай жолы» аты берілді. Басы-қасында жүрген тағы өзі. Ғарифолла Есім.
Ғарифолла Есімнің филологтығын өзіме жақын грамматикадан бастайын. Парсының сөзіндей боп енген «құдай» сөзін қазаққа қайтарған шығарма бұл. «Қазақта «Құт» деген ұғым бар, «Ай» деген ұғым бар. Бірігіп кетсе Құт-Ай болмай ма? «Т» – қатаң, оны «д» келесі «а» әрпі жұмсартып тұр. «Сингармонизм заңы» дейді шығарма иесі. Бұл – бергі Баласағұннан тараған әділеттілік.
Грамматика демекші, әл-Фараби тірнектеген ғылымның басында тіл білімі тұр. Екінші – грамматика. «Грамматика семантикалық жағынан алғанда – пәлсапалық». Әл-Фараби «Метафизикадан кейін ғылым жоқ» десе, «ғылымдардың ғылымы пәлсапамен ғылым бітеді» деген Ғарифолла Есім оның жоғарғы сатысын «ғұламалықтан» іздейді.
Ал ғұламалыққа өтіп көріңіз?! Ол үшін сіз тән тақуалығын емес, Иасауиге біткен ой тақуалығын серік етуіңіз қажет. Сізге Жан жұмбағын іздеген, бірақ оны шешуші тек Хақ Тағала екенін түсінген Қорқытқа біткен ой формуласы керек. Бұл бұл ма, ата-бабасының аруағы аунарлықтай еңбек еткен Иолығтегіннің азаттық пәлсапасын меңгеріңізші! Сонда, тек сонда жеті ғұламаның сауығында төртінші боп сөз алған Анахарсистің «Онда оның барлығынан ақылды болғаны» дегеніне сәйкеседі екенсіз.
Бірақ мұның бәрі кез келген пендеге бұйырмайды. Аталған алты бабамыздың қасиетті қасиеті жетінші атамыз Абай, Шәкәрім, Мұхтардың бойына бітіпті. Дұрысы, олардың бойына шақтап, шекпенін жамылдырған Ғарифолла Есімнің осы шығармасы – «Ғұлама-наме» болса керек-ті.
Неге осы үш есім? Себебі сол, БҰҰ бас кеңсесінің ғимараты Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген сөзін жазуға сұранып тұр екен. Әр оқу орнының көрнекті жері Шәкәрімнің «Ақылды жанның мүлкі – әлем» дегенді жазса дейді. Ал өткен ғасырдың тең жартысын иеленген «Әуезов дәуірінің» (Р. Бердібаев) жалғасына ұласқан осы заманның оқырманы «Абай жолы» романының төрт кітабын толық оқи алса, мол білімге ие болмақ. Ол білімнің атауы – «қазақ болу».
Сонымен, алғашқы шығарма – «Хакім Абай». Қазақта Абай дара, Абай дана ғой. Бәлкім, ең көп зерделенген шығарма да Абай болуы жұмбақ емес. Ұлт ұстазы А. Байтұрсынов, күллі түркі тамсанған М. Жұмабаев, қазақтың «екеуі» боп қалам тербеген М. Әуезов пен Ж. Аймауытов, қазақтың «қоңыры» М. Әуезов қою нүктесін қойған десек те, Абай әлі де болса тоқтап қалған жоқ. Филологтар үшін ар жастығының астына тығып таразылайтыны және мен білетіні Қ. Мұхамедхановтың, Р. Сыздықтың, З. Ахметовтың, Р. Нұрғалиевтің, Т. Жұртбаевтың еңбектері еді. Енді – «Хакім Абай» қосылды. Басқалардан сұлбасы бөлек, тұлғасы биік пе деп те шамалаймын. Оның басты себебі сол, бұл пәлсапалық ой-толғам, тағы бір себебі бұл – ой-толғам менің елімнің тәуелсіздігі бастауында ойға от салып, кейіннен ширатылған шығарма. Сондықтан ой-толғамда ой еркіндігі бар. Бұл кітап Тәуелсіз елдің тәуелсіз оғланының қолынан шыққан. Әрі «талап, еңбек, терең ойдың» әбден пісіп-жетілген тұсында, «қанағат пен рақымды» бір құдай бұйыртқан несібе деп мойындаған уақытта дүние есігін ашқан дүние. Осы бес асыл істің өзі бұл шығарманың құндылығы мен ғұмырының ұзақтығына бұлақ болады.
«Хакім Абай» – әл-Фарабидің метафизикалық ұстанымына шақталған. Тіпті, тарау аттары да мұны мен мұндалайды: «Абайдың метафизикалық лексикасы» және «Сөз пәлсапасы» деп аталады. Алғашқысы Абай өлеңдерін парықтайды, екіншісі – қара сөздердің, яғни Абай ғақлияларының түбін тексереді. Бес асыл іс пен бес дұшпанның барын мойындап болдық па?! Бірақ сол онның қажетті-қажетсізін сақтап қалған қайсымыз бар? Жауап – «Хакім Абайдың» жазылуы мен жеткізілуінде жатыр.
Абай, ең алдымен, Алланы шын сүйді. Біз «білмеппіз-ау, білдірмепті-ау» деп өткенге сілтемелесек те, бар айыбымыздан құтылу оңай бола қоймас, сірә. Байыппен бағдарласаң, сол уақытта Абайдың «Алла» сөзі бар өлеңдерінің өңі айналдырылып беріліпті де, біз түп қазығымызды жоғалтып, сенделіп қалғандай бір қоғамда өмір сүріппіз.
Тегі, алпысқа толып, Абайды оқығандар, жетпіске жетіп Абайды түгендегендер «Абайды әр жаста оқы» деп тегін пәлсапаламаса керек. Шығарма алдыңғы орынға Абайдың Алланы шексіз сүюін, дұрысы шексіз сүюдің формуласын ұсынады. Қараңыз: Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті. Осы бір Хақ Тағаламызды танудағы тақуалыққа келгенде, шегендеп тұра алмайтынымыз өкінішті, әрине. Алдыңғы бір уақыттарда ғалым Р. Сыздық «Алла» сөзін тек қана бас әріппен, тіпті ондағы барлық әріпті бас әріппен жазу керек дегенді қазақ сөздігін түзушілерге арнап еді. Шегенделу қайда, құптап кетер біреу табылсайшы! Міне, осы «Алла» сөзінің шегенделуі «Хакім Абайда» тұр.
Қызықты талдау мынау: заттың рас болуы да, болмауы да бар. «Алғашында рас болып айқындалған зат келе-келе мәнсіздене «рас емеске» айналуы мүмкін», – дейді автор. Бірақ Абайдың «расы» «рас емеске» айналуы мүлдем мүмкін емес: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас». Ал оны «рас емес» деп сыңарезулену, Ғ. Есімнің сөзімен берсек, «Ол адамдардың «рас» пен «рас еместі» ажырата алмағандықтарынан туған, жалған нәрсені «рас» деп қателесулері».
Тағы да сол Абай: «Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер, Қағида, шариғаты өзгерсе де» – дейді. Өзгеретіннің қатарына заманды, шаруаны, мінезді т.т.б. қоса беріңіз. Ғұмыр қағидасы мен дін шариғатын теріске теліп жүрген аға-бауырларымыз, туыс-жекжаттарымызға қарата айтылған өсиет сөз былай болса игі: «Алла өзгермегенмен, оның күнде өзгеріп жатқан адамзатқа айтар сөзі өзгеруі керек. Олай болмағанда Алла мен адамзат байланысы үзіледі» (Тағы да сол автор).
«Махаббатпен жаратқан адамзатты», «Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ», «Осы үш сүю болады имани гүл». Жалғастырсам, тереңдей берермін. «Әлім келмейтін шоқпарды беліме ілмейін». Абайды пәлсапалық тұрғыдан терең талдау менің парқыма бағынбас. Бұл Ғарифолла Есімнің пешенесіне жазылыпты. «Хакім Абайды» автордың қалайша тәптіштеу құралына айналдырғанына өзіңіз жүгініңіз. Оқыңыз.
«Данышпан Шәкәрім». Мұнда екі тұлғаның таласы бар. Алғашқы тұлға – Шәкәрім. Абайдың сөзін естіп, ақылын тыңдаған ойшыл шәкірт. Екінші тұлға – Ғарифолла Есім. Абайға жан-жақтан келіп, оны толық адам деңгейіне шығарған ғалым. Абаймен қаруланған Ғ. Есім Шәкәрімнің айтарына келісе бермейді. Тек екеуін тоқайластырған нәрсе, олардың ар іліміне есім беруінде ғана бар: Шәкәрім «Ар білімі» десе, Ғ. Есім «Ар жүйесі» дейді. Тіпті, «Данышпан Шәкәрімнің» алғы сөзі Ғ. Есімнің өз пайымы. Алғы сөзде Шәкәрім үш-ақ рет айтылады. Біріншісі оның ар білімін меңзеуі, екіншісі осы Ар білімін мәселе ретінде қоюы да, үшіншісі төлеу сөздік мәндегі Шәкәрімнің жарға ғашық болуы (Жар сөзін Жаратушы деп қабылдайық).
Екіншіден, Ғ. Есім Абайды, ең алдымен, ақын деп таниды да, оның айтқандарын ақындық шеберлігіне сайып қорғаштап отырады. Ал оны Шәкәріммен таластыруға итермелеген философиялық білім тереңдігі болса керек. Оның үстіне Ғ. Есім «Шәкәрімнің энциклопедиялық білімі бар, ол сол білімін өзгелерге білгізгісі келген ниетте болғанға ұқсайды» деп даярлап алады. Конт деген ғалымға қатысты ой өрбіткен Шәкәріммен «толық келісуге болмас. Жаңалығы бар білім, алға қадам басушылық, бірақ бұл ойшылдыққа кереғар болып тұрғанын және де айтпасқа болмас» дейді философ.
Мынаны сараптаңыз: Шәкәрімнің айтуынша, жаннан жан өседі. Мұны талқыға салып, ойлану керек. Бірден Шәкәрім осыла айтты деп көніп қалуға болмас. Жан тәнді жаратып отыр. Ол қалай болмақ? Осыдан арғысын ақтарып қарап алыңызшы! Шәкәрімде рух пен жан – екі бөлек категория. Осыған қатысты айтқан Ғ. Есімнің саралауларын қараңыз: «Мені бұл тұста таң қалдырып отырған Шәкәрімнің өзі емес, осындай сөздерді айту мүмкіндігін жасаған оның төңірегі. Олай болса бұл – ХХ ғасырдың басындағы қазақ қауымының мәдени деңгейінің өрісі» дейді философ.
Мұндай ғылыми таласты тереңірек меңгергіңіз келсе, «Данышпан Шәкәрімге» қош келдіңіз! Еңбектің алдыңғы бөлімінде ақынның қырық өлеңі түсінік алған. Бар пайым жоғарыдағыдай сипатта. Неге Данышпан? Шәкәрімнің данышпандығы дегенде, автордың айтпақ болғаны мыналар: ақынның ақылдылығы, көрегендігі, парасаттылығы және көсбасшылығы. «Даналық деп мен ізгілікке негізделген ақылды айтамын. Ақыл мен сабыр парасаттылыққа бастаса, оған ізгілік қосылғанда даналық шықпақ».
Екінші бөлім тіптен тартымды. Ш. Құдайбердіұлы 1912 жылы «Айқап» журналына қазақтың білімділеріне арнап бес сауал жолдайды. «Қай түрлі жауап берсеңіз де, дәлеліңіз не?» – депті жарықтық. Сол уақыт шамасында жауап бергендер бар ма және не деп айтты? Хабарсызбын. «Мен осы мәселеге араласуымды жөн көрдім» депті автор Ғ. Есім. Оқып көріңіз, ағайын!
Үшінші бөлім – Шәкәрімнің «Үш анығы». Мұнда Шәкәрімнің ноқтасыз ойы жатыр: «Ноқтасыз оймен тексердім» дейді Шәкәрім. Мұнда Ғ. Есімнің ноқтасыз ойы жатыр. Тағы бір жайттар мыналар:
1) Сондай әбігер күндердің бірінде Мәскеуден арнайы шақырумен келген мейман-ғалымды ел көрсін деген ниетпен Абай ауданындағы ақынның зиратына алып бардық. Қонақ назары Абай зиратының теріскей жағындағы оңаша жатқан жұпыны зиратқа ауды. Мейманның «бұл кімнің зираты?» деген сұрағына мұражай иесі сырықтай келісті қарт адам «Ол менің әкем – Шәкәрім қажының бейіті» – деді. Сөз сонымен бітті»;
2) Қонақтармен Абай басына талай бардық, құран оқыдық. Бірақ анадайда томпайып, Шәкәрім қажы зираты назардан тыс қала берді. Себебі оның мұрасы тұтқында жатты. Қазір ойласақ, тұтқында жатқан Шәкәрім творчествосы емес, біздің сана-сезіміміз, түсінігіміз екен;
3) Ахат құм басқан құдықты жалғыз өзі қазды. Еті арыған әке сүйегін алдына жайып қойып, атылған оқтың ізін тапты. Әкесінің дене бітімін хатқа түсірді. Осы кезде күтпеген бір жай болды. Ол оның кенеттен әкесімен әңгімелесіп кетуі еді».
Ал оқырман! «Үш анық» не дейді? Енді «Данышпан Шәкәрімге» бармай көріңіз, соқпай өтуге қақыңыз да жоқ?!
Көп жұрт «Абай жолына» мұғалімінің айтуымен келді. Авторға әкесінің «Балам, сірә Абай жолы деген қазақтардың жүретін жолы болса керек» деген сөзі пілтелі шамның жарығындай болса да шуақ шашқан сияқты. «Кемеңгер Мұхтар» тек сол дәуірнама арқылы паш етілетінін өзі де білген жоқ.
Бізге келген ой, Мұхтардың кемеңгерлігін таныту неге тек бір шығармаға негізделген? Әрине, ой тұтастығының сақталуы екені ақиқат. Сол ақиқат Абай, Шәкәрім, Мұқтарды бөле-жарып қарамауға жеткізді. Енді қараңыз, Зере әженің аузынан шыққан «Өркенің өссін, балам» ақыр аяғы «бала Абайдың қазақ елінің бағына, рухани дәулетіне айналуына» әкелді.
М. Әуезов көркем шығарма жазды. Абайды «қара торының әдемісі қылды», «сидиған» ғана бой берді, «мұрынын» ұзартты. Осыдан барып Абайды бозбалалықтан жігіттікке жеткізеді. Одан әрі ел ағасы қылды, ұлт қазығына айналдырды. Бәрі-бәрі біртіндеп өсу баспалдағымен жоғарыға өрмеледі. Айтылған характерлік қасиеттер Ғарифолла Есім сипаттауымен қазаққа жақындай түсті. «Қара» дегенің кір-қожалақтық емес екен, «сидиған» дегеннің мағынасы көзге қораш көрінудің жолы емес екен. «Мұрын» да әдеміленеді екен. Жалпы, адамның соматикалық атаулары да өсіп жетіледі екен. Ақыры, қоғам, қоғамдағы адам талғамы «Абай екен» дегеннен «Мынау Абай ғой», «Абай деген жақсы шығыпты» дейтін зор беделге ие тұлғаға ауысады екен. Шамасы, ауыл ақсақалдарының қолына құманнан су құйған бала Ғарифоллаға бағытталған «Өркенің өссін, балам» батасының да мақсат-мүддесіне жеткені осы болса керек. Осы жағынан келгенде, баталы сөзді үлкен шығармаға айналдырған М. Әуезовтің «Өскен өркені» де тар қапастан шығып, өресі кеңейер деп күтейік.
Сонымен, Мұхтар кемеңгерлігі бір шығарманың бойындағы әр тараумен, әр тараудың аталуымен, ондағы әр кейіпкердің сомдалуымен, әр кейіпкер тарапынан айтылған әр сөздің талғажау етілуімен танылды. Мұны да сөзбұйдаға салып соза бергеннен гөрі, өз тылсымыңызды өзіңіз таныңыз деп, «Кемеңгер Мұхтар» шығармасын таразылауға еркіндігіңізді жіберіңіз демекпін.
Сөзімізді «қазақ сөзіне жаңа тіркес кірді» деп аяқтайықшы. Ол тіркес мыналар: «Хакім Абай», «Данышпан Шәкәрім», «Кемеңгер Мұхтар». Ал жоғалтып алмаңыз, құрметті оқырман!
Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ,
ғылым докторы, профессор,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.