Бүгін «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Өнер додасы» байқауының финалы өтті.
Павлодар облысының аудандары мен қалалары жеке-жеке өнер құрамасын жасақтап, бір айға жуық уақыт «Өнер додасының» көрігін қыздырып, көркін келтірді. І кезең 17-20 қазан аралығында өтті. Байқаудың тұсаукесер сайысында Ақсу қаласы Екібастұз қаласының өнерпаздарына есе жіберді. Одан кейінгі өнер жарыстарында Успен ауданы Май ауданынан, Баянауыл ауданы Ақтоғай ауданынан, Майқайың кенті Шарбақты ауданынан, Аққулы ауданы Ертіс ауданынан, Тереңкөл ауданы Павлодар құрамасынан, Павлодар ауданы Железин ауданынан басым түсті. Ал, ІІ кезең 31 қазан мен 1 қараша күндері өтті. Бұл кезеңде Успен ауданы, қазылардың қосымша бір ұпайымен жарысты жалғастырған Ертіс ауданын, Аққулы ауданы Тереңкөл ауданын, Баянауыл ауданы Павлодар ауданын, Майқайың кенті Екібастұз қаласын жеңіп, жартылай финалға шықты.
Үздік төрттік арасындағы дода тартысқа толы болды. Бұл сайыстар 6 қарашада өтті. Мұнда Майқайың кенті Аққулы ауданына, Баянауыл ауданы Успен ауданына жол берді. Ал, бүгін, 14 өнер құрамасының ішінен суырылып алға шығып, мәреге қатар жеткен Аққулы мен Успен аудандары шеберлік байқасты.
Байқауға дәстүрлі әнші, И.Байзақов атындағы облыстық филармонияның директоры Амангелді Қожанов, күйші, «Әл-Әки» ансамблінің жетекшісі Жасқайрат Орынбаев, ақын, «Найзатас» журналының бас редакторы Жұмабек Сманов, әнші, термеші, «Майра мектебінің» жетекшісі Салтанат Қисатова, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері,«Шаңырақ сазы» ансамблінің жетекшісі Асылбек Әбдікәрімов, биші, «Томирис» үлгілі би ұжымының жетекшісі Алтынай Адылханова қазылық етті.
***
Ақтық сынды асыға күткен жанкүйер қауым өнерпаздарды қызу қолдайтынын бірден аңғартты. Олар сайыс басталды деген сәтте-ақ «Аққулы!», «Успен!» деп қиқулап, сайыскерлерді шабыттандыра түсті.
Сайысты дәстүрлі әншілер бастады. Аққулы ауданының әншісі Есім Бейбітхан Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяқ» әнін шырқады. Ал, Успен ауданының әншісі Жалын Құнанбай халық әні «Баянауылды» әуелетті. Қос әнші де көременнің көңілінен шықты. Бұны көпшіліктің қошеметінен аңғардық. Байқауда қазылармен қатар, сарапшылар да ой-пікірлерін ортаға салып отырды. Дәстүрлі әнші, «Бір мысқал» ән мектебінің ұстазы Жанболат Байсолтан әншілердің өнерін жоғары бағалады. «Орындалған екі ән де техникалық шеберлікті талап етеді. Бұл талапты екі орындаушы да өз деңгейінде атқарып шықты: дауыстарын да, әртістік қабілетін де паш етті», – деді сарапшы. Бірінші сайыстың нәтижесінде аққулылық өнерпаз жеңімпаз деп танылып, өз тобына алғашқы ұпайды сыйлады.
Біз болсақ, сайысты сәтті бастаған әншілерге дем беріп, «Пай-пай!» дедік,
«Туладың рух болып, тасқындадың,
Татырдың тердің нәрін, жастың дәмін.
Өнерпаз, өркендей бер, өрістей бер,
Асқақтатып қазақтың дәстүрлі әнін», – деп оларды көтермелеуге тырыстық.
***
Көрермен куә болған екінші сайыс – күйшілер тартысы. Бұл сайыс қазақпен бірге жасап келе жатқан күйдің тілі тарихтың саңқылдаған дауысы екенін ұқтырды. Сайысты Аққулы ауданының күйшісі Бауыржан Еркен бастап, Қаршыға Ахмедиаровтың «Атырау» күйін орындады. Ал, Успен ауданының күйшісі Үміт Кенжебек Дина Нұрпейісованың «Науысқы» күйін шертті. Жас домбырашылар бәсекесіне күйші, «Қаған» этно-фьюжн тобының мүшесі Өркен Қайыргелді сарапшы болды. Ол: «Орындалған екі күй де асқан шеберлікті талап етеді. Сондықтан болар орындаушылар аздаған кемшілікке жол беріп алды», – деп сайыскерлерді ширатып алайын дегендей, сын айтты. Ал, қазылар алқасы жеңісті Аққулы ауданының күйшісіне берді. Осылайша, олар екі ұпаймен алға шықты.
***
Үшінші сайыс айтыссүйер қауымның делебесін қоздырды, арқасын шымырлатты, «Беу!» дегізді. Успен ауданының ақыны Бөкен Жігер мен Аққулы ауданының ақыны Айтолқын Шаймұрат жиналған қауымды сүбелі сөз сайысына куә қылды.
Бөкен:
«…Таланттың болсыншы деп аламаны,
«Шаңырақ» шын өнерді саралады.
20 жылдық мерейтой құтты болсын,
Өнердің ошағысың қаладағы.
Осында еңбек етіп, терін төккен,
Өңірдің талай саңлақ, абаданы…», – деп, мерейтойын атап өтіп жатқан өнер ордасын, обылстың мәдениет саласын дамытуға үлес қосып келе жатқан ұжымдарды өлеңге қосты.
Айтолқын:
«…Рүстембек күмбірлетіп күйін төккен жер.
Күлай апам еңбектің адал терін,
Жаулығына құндақтап түйіп кеткен жер.
Ғарифолла Есімдей ғалымдарды,
Төбесіне көтеріп биіктеткен жер,
Аққудың махаббаты мөлдір, таза,
Кеудесіне халқымның сыйып кеткен жер», – деп Аққулы ауданын асқақтата жырлады.
Ақын, «Халық радиосының» бас редакторы Асыл Әбіш «Өнер додасы» айтыс ақындарының тынысын ашқанын, ізденісін арттыра түскенін атап өтті. «Бүгінгі айтыс Айтолқындай ақын арудың үлкен сахнаға қадам жасап, тұсауы кесілуімен ерекшеленеді», – деді сарапшы. Сөз сайысында жеңіске жеткен Бөкен Жігер, Успен ауданының қоржынына алғашқы ұпайды салды. Үшінші сайыстың қорытындысы бойынша, есеп – 2:1 болды.
***
Төртінші – термешілер сайысы да аса тартымды болды. Аққулы ауданының өкілі Еркебұлан Нығмет Сыр өңірінің мақамымен Бұдабай Қабыловтың «Бабалар өсиеті» термесін, Успен ауданының өкілі Мұқтар Шергетай Уәлиолла Сәдуақасұлының «Біреулер бар» термесін орындады. Сайысқа сарапшылық жасаған термеші, Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының әртісі Нұржан Сарқамбаев та, театрдың әдебиет бөлімінің басшысы Нұркен Тұрлыбек те өнерпаздардың шеберлігін бас бармақпен бағалады. «Егер бір халықты жаулап алғың келсе, ол халықтың музыкасына үңіл, зертте. Егер музыкасында рух басым болса, ол халықты жаулап алу қиын болады», – деген сарындағы сөзді оқып едім. Бүгін орындалған екі терме де рухты, жалынды, асқақ шығармалар екен. Сондықтан бізге осындай тарту жасаған қос өнерпазға тек шығармашылық табыс тілеймін», – деді Нұркен Тұрлыбек. Нәтижесінде қазылар алқасы ұпайды Аққулы ауданының қанжығасына байлады.
***
«Өнер додасының» ең ерекше сайысы сирек кездесетін ұлттық аспапта өнер көрсету болатын. Жиналған қауым бүгін де ерекше аспаптарға куә болды. Аққулы ауданының өнерпазы Сәуле Бекқожа, сонау ІҮ ғасырда пайда болған адырна аспабын сахнаға алып шықты. Ол халық әні «Ақбаянды» орындады. Ал, Успен ауданының өнерпазы Ынтымақ Нұрберді Ескендір Зұлқарнайын заманынан бері жасап келе жатқан сыбызғы аспабымен халық күйі «Кербез қызды» орындады. Сарапшы – күйші, Павлодар музыкалық колледжінің ұстазы Мейірман Байбосынов екі өнерпаздың сирек кездесетін ұлттық аспапты насихаттап жүргені үшін алғыс білдірді. «Адырна облысымызда ғана емес, елімізде сирек кездесетін аспап. Бұндай көне ұлттық аспаптарды сахнаға шығару бір бөлек дүние де, оны шеберлікпен сөйлете білу бөлек дүние. Сондықтан да сыбызғымен орындалған күй барынша сауатты болды», – деп атап өтті ол. Қазылар алқасы да осы пікірді алға тартып, жеңісті Успен ауданына берді. Есеп тағы қысқарды – 3:2.
***
Алтыншы кезеңде ұлт аспаптар ансамблдері сайысты. Бұл сынды бастаған, Аққулы ауданының «Өртең» ансамблі кезекті рет авторлық әнін шырқады. Аққулылық ақын Нұрлыбек Қайдаровтың өлеңіне жазылған, аққулылық сазгер Марат Садықовтың «Аққулы вальсі» әні көпшіліктің көңілінен шықты. Тіпті, ән орындалып жатқанда Аққулы аудандық мәдениет үйінің директоры Успен аудандық мәдениет үйінің басшысы Перизат Құрманәліні биге шақырып, қалың қауымның қошеметіне бөленді. Осы ретте айта кету керек, сайыс басталған сәтте Самат мырза өзінің азаматтығын, аққулылық өнерпаздардың мәрттігін танытып қарсылас топтың жетекшісі Перизат ханымға гүл сыйлап, домбыра тарту етті. Осы бір аяулы көріністер сыйластықтан ардақты қасиет жоғын әйгілей түсті.
Ал, бұған дейін этнографиялық-фольклорлық бағытты ұстанып келген Успен ауданының «Ұялы» халық аспаптық ансамбілі Қадыр Мырзалиев пен Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім» әнін шырқады.
Сайыскерлердің өнерін сараптаған «Шаңырақ сазы» ансамблінің әртісі Асхат Әубәкіров екі ұжымның да ізденісін, бірнеше аспапты үйлестіре алғанын, бірнеше дауысты үндестіре алғанын баса атап өтті. Ал, қазылар алқасы жеңісті «Ұялының» еншісіне жазды. Осылайша алты сайыстың қорытындысында есеп теңесті! 3:3!
***
Сайыс тағдыры жетінші кезеңде шешілді. Қазақтың ұлттық биін серік еткен жастар барын салып, өз тобын жеңіске жетелеуге тырысты. Биші Гүлнұр Камал жетекшілік ететін Аққулы ауданының «Сарыарқа» би тобы «Қазақ биін» орындады. Ал, Толқынай Абдуллаева жетекшілік ететін Успен ауданының «Толқын-ай» би ансамблі «Жетіген» биін орындады. Сарапшы – «Шаңырақ» би ұжымының жетекшісі Жібек Сарбасова бишілер өнеріне жақсы деген баға берді. Ал, қазылар алқасының шешімімен успендік бишілердің бәсі биік болды. Осылайша «Толқын-ай» бар қауымды толқытып, тебірентіп, тербетіп, өз тобына жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 3:4. Успен ауданының бабы келісті, бағы жанды.
***
Қорытынды сөзінде «Шаңырақ» облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығының директоры Замира Солтанова сайысқа қатысқан барлық өнерпазға алғыс айтып, ұлттық өнердің асқақтай беруін тіледі. «Өнерпаздар бір-бірімен жарысып қана қойған жоқ. Олар ізденді, тәжірибе алмасты, жаңа шығармашылық ұжымдарды құрды, жаңа шығармаларды үйреніп, халыққа ұсынды, тың туындыларды дүниеге әкелді. Қаншама жаңа есімдер танылды, талантты жастар тұңғыш рет үлкен сахнаға шықты. Осының барлығы сіз бен біздің өңіріміздің өнерін өркендетуге қосқан тамшыдай үлесіміз деп білемін», – деді орталық басшысы.
«Шаңырақ» облыстық орталығының 20 жылдық мерейтойына арналған «Өнер додасы» байқауының жеңімпазы Успен ауданы 1 000 000 теңге, 2-орын иегері Аққулы ауданы 500 000 теңге, 3-орын иегерлері Баянауыл ауданы мен Майқайың кенті 200 000 теңге ақшалай сыйақымен мараптталды. Ал, байқауда белсенді өнер көрсеткен Ақсу, Екібастұз қалаларының, Павлодар қаласы ауылдық аймақтарының, Ақтоғай, Ертіс, Шарбақты, Павлодар, Май, Тереңкөл және Железин ауданының өнер құрамаларын Алғыс хатпен марапатталды.
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.