«Дала уалаятының газеті» жинағынан
Тайжүзген деген өзеннің жағасындағы ел әлі шырт ұйқыда жатыр. Күзетші де, иттеріне шейін ұйықтаған. Бұл ауыл – жатақ қалған егіншілер. Бұлар – күні бойы бұрын соқа көрмеген тың даланы жыртып, шашқан тұқымды ағаш маламенен малалап жұмыс қылғандар. Қиын жұмыстан шаршап, бір-бір шолақтарын үйге байлап, ерте ұйықтап қалысты. Жұмыс қылмаған ұсақ қыздарға қора күзеттірді. Бұлар қораға шыққан соң, ойнап, өлең айтып, бірін-бірі қорқытып жүріп, артынан түн ортасы мезгілде бір үйдің жанына жиылып тығылып отырып, әрбірі қорқыныш ертегі айтқан еді. Бәрі де қорқысып отырды. Жұлдыз ақса да айдаһар екен деп қорқады, жапалақтың дауысы шықса да жалмауыздың дауысы екен деп қорқысады. Қасқырдың ұлығанын олар құбылып не түрге түсетін ертегінің жалмауыз кемпірі ғой десті бір-біріне тығылып. Міне бұларды да ұйкы жеңген. Жалғыз ертегі айтып отырған қыз қалғып кетіп, ертегінің ішіндегі кісілердің атын бірін-біріне қосып айтып отыр. Біраздан соң ауыл да ұйықтады.
Таң сарғая бастаған. Далада таң салқыны, һәм дымқыл жаңа көктеп келетін қараған менен тобылғының басы таңғы жұмсақ желден аз қозғалады. Бұтаның арасынан міне, бір екі кісі шықты. Біреуі ұзын бойлы, екіншісінің бойы аласа. Ұзын бойлысы жуан сойылын көлденеңінен ұстаған. Қасындағы жолдасын корықпа, – деп қайрап келеді қорқақтығына ұрысып. Бұлар ұры екен, ешкімнің көзіне түспей ауылға келіп кіріп ақырын аттарды қарап жүр. Жолдағы аттардың бәрі арық екен, оларды алмай шеткі үйге барды. Бұл үйде екі семіз ат астаудан жайымен бидай жеп байлауда тұрған. Аттардың аяғы тұсаулы, қасында жанына сойыл қойып бір кісі қорылдап ұйықтап жатқан. Келген ұрылар аттарды көріп ұнатқан білемін, ұзын бойлысы қынынан пышақты суырып алып, анаған беріп қи деп ымменен айтып, өзі сойылын алып ұйықтап жатқан кісінің басында тұрды. Оянып кетсе ұрмаққа. Бір минутта аттарды қиып алып бұтаның ішіне әкетті. Қалған біреуі оның өз ауылында жүргендей артынан жөнелді жайымен.
Танабай (әкеткен аттың иесі) оянғанда таң аппақ атқан еді. Тұруға ерініп, бір жағынан бір жағына бурылып, тағы кішкентай ұйықтай түсейін, әлі ерте ғой деп жатты. Әлі егін жұмысы бітпегені ойына түсіп, басын көтеріп, аттары тұрған жаққа жылы ұшырап көзін салса, ойбай! Аттары әлдеқашан-ақ жоқ! Бейшараның көзі қарауытып кетті, ұшып тұрып үйдің арғы жағына барды. Қиылып қалған шылбырды көрген соң-ақ ұры әкеткенін біліп Танабай: «Аттан, аттан! Менің атымды жаңа жау әкетті», – деп айғайлады көзінен жасын төгіп. Мұның дауысына ауылдың бәрі жиылып келіп қайда, қалай алғанын сұрасқан еді, «жап-жаңа бұлай кетті» деп оңтүстіктегі көрініп тұрған тауға қарай қолын сілтеді. «Уақыт өткізбей атқа мініңдер жылдам, асық! Алла жәрдем болып айырарсыңдар жаудан», – деп Бабыр деген ақсақал бұйырды. «Сен, Танабай, жылама, Алланың әмірі, ештеңе қыла алмайсың оған. Ұқ, бәрі құдайдың кұдіреті», – деді Бабыр. Қарттың айтқанын қылып, аты барлар ерттей бастады. Қуғыншылар он екідей болды. Қолдарына айыр, тырнауыш, не бақан алып Бабырдың бар деген жолына қарай, үш-үштен төрт бөлініп жөнелді Маңырақ деген тауға бет алып. Ол уақытқа шейін күн көтеріліп, Бөктер деген далаға өзінің жарығын кұйды. Өзен жақтан тұман көтерілген.
Танабай жылауын қоймады, жалаңбас, етіксіз, үстінде жалғыз көйлегі бар. Қасында аға, інісі, қарындастары, һәм төрт жас балалары қамалай тұр. Әкесі жылаған соң балалары да жылады, неге жылағанын балалықпенен өздері де білмей. Бәрінің де жаны ашып жатыр Танабайға, әсіресе, ауыл ақсақалы бабай Бабырдың. Бұл шамасы келгенше уатып, «киімін ки». деп кигізіп отырды. Қайтып аямасын бейшараны ауылдастары. Оны айналдырып жүр, былтыр сүзектен шешесі өлген. Бақсы Құснашқа көп шығынданды. Қыстыгүні жұттан жылқысы өлген еді, қалған екі атын ұры әкетті бүгін. Артынан өкпесін суық алып, әкесі ауырып өлген. Бұған да көп шығынданған, һәм ас беруге де керек. Онан-мұнан таныс, тамыр, кұдалары бата қыла келіп жатыр. Басы айналды Танабай. Мұндай болса да Танабай үндемей, Алланын әміріне көніп жүрген. Міне, қалған бар сеніп жүрген атын тағы алып жерге отырғызып кетті. Өзі жаңа жиырма бірге жеткен жасы. Мұндай қайғыға кез болған соң қартайып бірқатар жасқа келгендей, көнетін аяғын әрең басып жүрген. Болдыртып кешке шолақтарын, қуғыншылар келіп айтты: «Ұрының өзі түгіл, ізін көре алмадық», – деп Танабай онан жаман өкіріп жылады.
Ауылдағылардың көбі бабай Бабырдың үйіне жиылып отырып, Танабайға не болыстық қыламыз десті.
Бабыр айтты:
– Үш күндей егінді қояйық, мынау жоқты іздейік, табылмаса Танабайдың егінін бітіріп береміз. Бұған көнді.
Танабай ертеңінде:
– Мен егінімді не қылармын, атсыз, қалайша қайтермін? – деді.
– Қапаланба, – деді оған Бабыр. Үміт үзу жарамайды, құдайдың рақыметі көп, – деді.
Сөйтсе де аттың жоғалғанын болысқа мағлұм қылу керек. Ол саған аттың түсін, түгін, ер-таңба белгісін жазған қағаз береді. Сен ол қағазды өзіңде сақта. Егерде біреуден атың шыға қалса, сол қағаз бойынша атыңды өзің алуға болады, – деді.
– Бұл күшті қағазды қалай алуға болады, бабай?
– Оп-оңай, бүгін барып сұрауға болады, бірақ оған барғанда құры қол баруға жарамайды, болыс, тілмаш оны жаратпайды.
– Не апарсам екен сыйға? Бірнеше пұт бидай апарсам қайтеді? Бидайым да азайып қалған білем, – дейді Танабай.
– Тұқымдыққа тию жарамайды, бір семіз қой мен ең жақсысынан төрт пұт бидайдың ұнын апар. Болыстың ұны таусылыпты. Қалаға шығуға алыс, оның хатшысы семіз қойды жақсы көреді, бидайдан да ұн менен семіз қой лайықты болады сыйлауға», – деді Бабыр. Танабай: – Мен тәуірірек киініп, болыстың ауылына барайын, – дегенде: – Сен мейлінше жаман киін. Болыс көріп сені байғұс екен деп аяр, – дейді Бабыр.
Бабыр болысқа қалай барудың ақылын Танабайға үйретіп болған соң, үстіне жаңа шекпен, көнетоз шалбар, аяғына бұрын азырақ киілген қара пупайка, мәсі, һәм кебіс киді. Мұның барлық киінген тәуір киімі осы болды. Бұл киімдерін Бабыр өзі қандай кәрі болса, сондай тозған бір ескі сандықта сақтап, бағызы бір уақытта ғана сандығынан алып ақырын еппен үстіне киетін еді. Қашан оған басқа адамдар: – Үстіңдегі илеген теріден істеген, мейлінше тозған, майлы, борша-борша шалбарыңды, һәм жыртық-жыртық шапаныңды үстіңнен тастасаңшы, – дегенде: – Жақсы киімдерім сандықта сақтаулы жатсын да, өлгенде сүйегіме кірген алуға, – дейтін еді.
Киініп, қолына таяқ алып бабай Бабыр жөнелді. Жүріп келеді ақырын тегіс қана жерменен түбірге не бұтаға ілініп киімі жыртылып қалмасын деп. Міне, болыс Шыңылбайдың ауылы. Бір топ өршелескен иттер шабылып қалды. Бабыр халі келгенше итпен таласып бақты, қаптырмай. Бір үлкен қара ит шекпенін кішкентай-ақ жыртқан жоқ. Өйткеніне қарамай Бабырдан үлкен соққы жеді. Иттің қаңқылдағанына қасындағы бір үйден омырауына мыс қырғыш таққан шықты. Мұның поштабайшы екені көргеннен-ақ білініп тұрды. Бұл Бабырменен салған жерден ұрыса бастады болыстың итін ұрғанға.
– Кәрі ит, неге болыстың итін қатты ұрдың? Болыс сені, кәрі шайтанға көрсетер! – Енді итті қайтіп ұрмайын шекпенімді кішкентай-ақ айырмады, – деді Бабыр өзін ақтап.
– Сөйлеме, аманында айда, ауылдан кет!
– Мырза, мендей шалды не қыласың әуре қылып, қума, бір үлкен жұмысқа келдім. Марқабатты болыңыз, менің келгенімді болысқа білдіріңіз. «Кет, кет», деген ашуланған поштабайдың дауысы шықты бұл сұрағанына қарсы. Шал байғұс неше мәртебе аяғына жығылып сұрады. Болысқа айт деп, ақырында елу жыл жолдас болып жүрген Бабырдың сақиналы пышағын алып, жұмсап, жұмысын сұрап үйге кіргізді.
Бабыр уақиғасын баян қылды. Сол уақытта үш жасар өгізге ұнын жүктеп, құйрығына бір семіз ақ қойды байлап ауылға Танабай да келді. Танабайды да Бабыр отырған үйге шақырып кіргізді.
– Ай, білмеймін, сірә бүгін болыс арызқорларды хұзурына жолықтырар ма екен. Бүгін біреуге жаман ашуланып жүр, – дейді поштабай.
– Құдай, пайғамбар, һәм барша әулиелер хақында біз турадан болса айтыңыз, – деп Бабыр қайта-қайта қоймады.
– Айтайын, бірақ менің не қыл дегенімді қылуға разы болсаң. Әйтпесе болысты көре алмайсың, – дейді поштабай.
– Айтқаныңның бәріне көнемін.
– Көнемісің, қарт! Мен айтсам сенің сақалың да, мұртың да жоқ екен. Сенің бетің қатынның бетіне ұқсайды екен… Сен ұрғашыларша киінуің керек, сөйтіп болысқа бар… Әуелі болыс ашуланып сені үйден шығар дер. Бұл түк нәрсе емес. Мен әуелі сенің басыңнан жаулығыңды, көйлегіңді сыпырып алайын. Сонда болыс кемпірдің орнына сен шалды көреді. Бүйткен болысты көндірер, – дейді. Сен қарт бұған көнемісің? Уақыт өтіп барады айтсаңшы.
– Мырза, мені мазақ қылмаңыз. Мендей кәріні мазақтап обал емес пе? Сексен бес жасқа келіп селкілдеп, қол-аяғы, басы қалтақтап отырған шалмын… Міне, менің аузымды да қараңыз, – деп Бабыр аузын ашып еді, аузында сарғайған төрт азу тісі көрінді. – Неге сіз күлесіз, менің ағарған шашыма? – дейді Бабыр ыңырсыған дауысымен айдай ағарған басын көрсетіп. – Әр жерінде үрпиген-үрпиген ақ шашы бар менің кәрілігімді аясаңызшы…
– Олай қылмасаң болысқа жолықпайсың. Келгең ізіңше қайт, жөнел, – дейді поштабай ашуланып, салбырап.
Үн-түн жоқ Танабай біресе поштабайға, біресе қорлық сөз есітіп отырған Бабырға жалынған кейіппен қарай берді. Оны Бабыр аяды. Өңі қуарып, қалтырап поштабайға:
– Мырза, әйелдің киімін әкеліңіз, мен оны үстіме киейін, – деді.
Поштабайшы жаулық, һәм бір-екі көйлек әкеліп кигізіп, Бабырды Шыңылбай болыстың үйіне апарды. Онда бірнеше жуан қарын қазақтар отыр екен. Шыңылбайдың өзі де жуан қарын, аласа бойлы екен. Жастыққа оң қолымен сүйеніп жатыр. Оң жағында тілмаш Василий отыр. Тілмаштың алдында дөңгелек қазақ столы бар. Онда қағаздар тұр. Ол қағазға тілмаш бірдемені жазып жанына қойып, жан-жағына қарап өзгелерді кісі құрлы көрмей қоразданатын.
– Саған не керек, кемпір, кет мұнан, – деп тілмаш ақырды Бабырға. Бұл үндемей тұрды орнында. – Саған не керек, кемпір, шығар үйден, – деп жаман ашуланып Шыңылбай ақырды оған. Үйде отырғандар дірілдеп кетті.
Үндемей отырған жуан қарындардың ішінен бірнешесі тұрды, ақылсыз кемпірді қуып шығаруға. Жуан қарындар орнынан тұрғанша поштабайшы үйге кіріп, Бабырдың басындағы жаулығын басынан жұлып алды. Бәрі қарады бұған таң қалып, қарайық, бұл не сурет екен деп. Бәрі күліп жатқанда поштабайшы Бабырдың үстіндегі көйлегін сыпырып алып еді, ар жағынан шек пенді шал шықты. Сол түрі аса күлкі болды. Бабай Бабырдың бойы аласа бүкір еді. Денесіне қарағанда өлшеусіз үлкен басы дірілдеп тұр. Үлкен кұлағы екі жағына салбыраған. Аласа маңдайының астындағы әлсіз көздің үстінде қасы жоқ. Екі көзінің арасынан ұзын мұрыны, өткір иегі мұрнымен кішкентай-ақ тиіспей тұр. Ашар бетінде ешбір түк жоқ. Сақал, мұрт, қас қалмаған. Бұған көп күлді отырғандар.
– Сен кімсің, неге келдің? Неге ұрғашыша киіндің? – деді Шыңылбай оған қарап. Бабыр тегістеп айтты жұмысын.
– Ұрғашыша киінгенім болысты күлдірейін дегенім еді, – деді. Танабайды шақырған еді, қолтығына бөркін қысып, бір қолын жүрегіне қойып, үйге кіріп тізесінен отырып, бас ұрып жерге жатты «тұр» деп бұйрық қылғанша. Шыңылбай, һәм Бабыр екеуі де жауап сұрағандай үңіліп қараған еді поштабайшыға, Бабырға басын изеп, болысқа ортан қолын көрсетті. Мұнысы бірдемесі бар дегені еді.
Богоннай хатты Танабайға жылдам жазып берген еді, екеуі де мұны алып тысқа шығып, шулаған иттің дауысымен үйлеріне қарай жөнелді Бабыр өгізге мініп, анау жаяу. Екеуінде де жауап жоқ. Анда-санда қорлық көргенінен Бабырдың күрсінген дауысы шықты.
Законның қолына түсіп жазасын бір тартар деген жалғыз ой Бабырды жұбатты.
«Танабай һәм Бабыр – Танабай и Бабыр» – «Дала уалаяты» газетінің
1897 жылғы 40-43-сандарында басылған қазақ өмірінен алынған әңгіме.
Соңынан: «О. Әлжанов» деп қол қойған.