Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 80 жыл
Оқырман назарына Ұлы Отан соғысы тақырыбында жазылған шығармалар туралы анықтамалық ұсынамыз:
Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романы – балауса жастық шағынан бері, Кеңес армиясының үздік мектебінде шыңдалған, Ұлы Отан соғысының отты күндерін басынан кешірген даңқты қаһарман, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы туралы баяндалатын атақты шығарма.
«Жау тылында» повесі – Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың Ұлы Отан соғысында партизан отрядының қазақ командирінің Украина, Молдава, Венгрия жерлерінде жүріп, жау тылында жасаған ерліктері арқау болған шығармасы.
Тахауи Ахтановтың «Қаһарлы күндер» романында Москва түбіндегі үлкен айқас, даңқты генерал Панфиловтың сегізінші гвардия дивизиясының ерлігі, табандылығы көркем суреттеледі.
Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» романы қазақ әдебиеті тарихындағы соғыс тақырыбына жазылған тұңғыш шығарма, әрі әскери мемуар. Онда автордың соғыс жылдарында басынан өткен оқиғалары баяндалады.
Халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың «Ер Төлеген» поэмасы – Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне арналған қаһармандық рухқа толы белгілі поэма.
Қасым Аманжоловтың «Абдолла» поэмасы – неміс-фашист басқыншыларына қарсы соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақ ақыны Абдолла Жұмағалиевтің өмірі мен өлімі суреттелген поэма.
Ілияс Есенберлиннің «Намыс», «Сұлтан», «Айша» сынды соғыс тақырыбына жазылған дастандары – сол сұрапыл жылдардың қасіреті мен ауырпалығын нанымды жеткізе алған шығармалар.
Білімпаз ұстаздың соғыстың сұрапыл күндерін бастан өткеріп, отты жылдардың қаһармандары жайында жазылған «Алтын жұлдыз» кітабының авторы – Кеңес Одағының батыры, көрнекті фольклортанушы Мәлік Ғабдуллин.
«Бәрі де майдан» – жазушы Оралхан Бөкейдің Ұлы Отан соғысына арналған повесі.
Жамбыл Жабаев – «Ленинградтық өренім! Мақтанышым сен едің! Нева өзенін сүйкімді! Бұлағымдай көремін» деп соғыс жауынгерлерін рухты өлеңімен сусындатқан қазақ поэзиясының әйгілі тұлғасы, атақты ақын.