«Адамзат баласы электр жарығынсыз өмір сүре ала ма?», – деген сауалға «Жоқ, өмір сүру мүмкін емес!», – деген жауап алатынымыз кім-кімге болса да түсінікті. Десек те, аз-кем ойланып көрейікші. Адам баласы электр жарығынсыз өмір сүрді емес пе? Өсті, өрбіді, өркендеді, дамыды, ғылыми жаңалықтар ашты. Тіпті электр жарығын да май шаммен отырып ойлап тапты! Сөйтіп бүгінгідей ғылыми техникалық эволюцияға қол жеткізді. Осы сауал төңірегіндегі ой мені «сібет» сөніп қалса қалай болар екен деген болжамға жетеледі. Иә, тек елімізде ғана емес, күллі Жер шарындағы электр тогымен жұмыс жасайтын құрылғылар іске жарамай қалса… Баяғыдай май шаммен, керасинмен жұмыс істейтін мотормен күнелтетін кезең қайта келсе… Шын айтамын, сөге көрмеңіздер, осы сауалға жауап іздеп отырып мен соны тіледім іштей.
Бұл ой маған қайдан келді? Әуелі соны айтайын. Әлеуметтік желімен етене араласып кеткен жұрттанбыз. Бірде бір қауым елдің басын қосқан WhatsApp-та алыс-жақындағы дос-жарандармен сөйлесіп отырғанмын. Бір шәкірт қыз жаза қалмасы бар ма?! «Ағай!» деп басталған әңгімеміз әдебиетке қатысты біршама сұрақтар төңірегінде өрбіді. Жас шәкірттің шынайы қызығушылығына, ынтасына разы болған мен әр сөйлемімнің соңына леп белгісін қоямын. Тіпті кейбір сөздерімді кіл бас әріптермен жазамын. Ортақ тақырыпта пікірлесетін оқушылардың барына шын қуанған едім. Бір мезетте әлгі қыз: «Ағай, ұрсып жатырсыз ба маған?», – деп жазып жіберіпті. «Ойбай-ай, неге ұрсамын саған?!», – деп шыр-пыр болдым. Сөйтсем, желідегі леп белгісі, бас әріптермен жазылған сөздер қатты дауыс көтергенде ғана қолданылады екен. Ал, біздің оқушы кезімізде бұл тыныс белгінің миссиясы сан түрлі болатын. Желден жүйрік желіге ілесеміз деп, тіпті тыныс белгілерінің өзін біржақты ғана қолданатын боп кетіппіз. Өзіміздің сыңаржақ пікірлі болып бара жатқанымыз былай тұрсын.
Осы оқиғадан кейін, «Әлеуметтік желіні мүлдем қолданбауға бола ма екен?» деп ойладым. Олай етуге болатын бір ғана жол бар екен. Ол – жарықсыз отыру. Болды!
Электр жарығының еш зиянын көріп жатқан жоқпыз, әрине. Адамзат баласының қаншама жетістікке жетуіне сеп болған бұл жарық жарықтықты қалайша кінәлаймын?! Тек, адамдардың бір-біріне жатбауыр болып, суып бара жатқанына қынжыласың…
«Сібет» сөніп қалды делік. Не істейміз?
Кейде ауылда 2-3 сағат жарықсыз отырсақ, қиналып кететініміздей аздап мазамыз қашатын шығар. Бірақ, бәрібір оған да бой үйретеріміз анық. Меніңше, «сібетсіз» біз уақытты қадірлеуді, тиімді пайдалануды үйренер едік.
Қарбалас жұмысымыздың барлығын күн жарықта жасап алып, кешкісін кеш қарайғанда дастархан басында бас қосып, отбасы болып, көрші-қолаң болып шүйіркелесіп отырар едік. Ал, дастархан басы – береке-бірліктің бастауы. Дастархан басында небір тағылымды-тәлімді әңгімелер айтылар еді. Аталарымыз немерелеріне батырлардың ерлік дастандарын жырлап берсе, әжелеріміз ертегіге елітер еді. Бұлай жалғаса берсе, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдық сезімі күшейіп, жанашырлығы оянар еді. «Адамның күні адаммен» деген қағиданы берік ұстанған ауылдастар бір-біріне қол ұшын созысар еді.
Жарық өшсе, әр бала, әр жас кітап оқуға құмартар еді. Басқа айналысар ештеңе болмағандықтан солай жасар еді. Қазіргідей «Кітап оқуың керек, артық білім – кітапта» дегеніңе «Интернетте бәрі бар емес пе?!» демейді өйткені. Адам қатарынан қалмау үшін оқыр еді кітапты. Сол кезде адамзат кітаппен қайта қауышар еді. Кешкісін майшаммен оқыған кітаптарының қызығын күндіз бір-біріне айтысып, әбігер болар еді.
Егер менің «тілегім» орындалса, салауатты өмір салтын ұстанатын жандардың қатары көбейер еді. Неше түрлі зиянды заттарды шығаратын зауыттардың жұмысы тоқтағаннан кейін, ондай заттар тапшылыққа айналады. Оларға деген қызығушылық пен құмарлық та азаяды. Қазіргідей футбол мен боксты плестейшн немесе планшеттен ойнамайды, шынайы өмірдегідей алаңда асыр салатын болады. Және өнерлі өрендердің де саны һәм сапасы артар еді. Жаппай музыкалық аспаптарды игеруге талпынғандар молая түсер еді.
Солай болса, адамдардың бір-біріне деген сенімі артып, сезімі күшейетін болады. Қазіргідей вертуалды сезім, онлайн махаббат жойылады. Сүйгеніңізге «Жаным, мен келе жатырмын. Шық!» деп телефон шала алмайсыз. Қас қарая терезесінің түбіне барып ысқырық шаласыз ба, тас лақтырасыз ба, әйтеуір сүйгеніңізді сыртқа шығаруға тырысасыз. Кейде, ағасы, кейде әкесі шығып шықпыртып тұрып қуа жөнеледі. Ал, кейде «ауылдың күллі иттерін дүрліктіріп» кетесіз. Әйтеуір азаптанып жүріп ғашығыңызбен кездесесіз. Осындай қиыншылықпен қол жеткізген қызыңыздан енді оңайлықпен бас тартасыз ба? Содан кейін ғана серттей сенімге, өрттей сезімге ие болмақсыз. Солайша «сібетсіз» де «сібетлый» сезімге бөленесіз.
Айлы аспан астында біраз қыдырыстағаннан кейін қоштасарда ертең тура осы уақытта, тура осы жерде жолығысатын болып уағдаласасыз. Үйіңізге қарай кетіп бара жатып тезірек ертең болса екен деп дегбіріңіз қашады. Ұйқыңыз қашады. Мазасыздық басады. Қазіргідей телефон шала қойып дауысын еститін, смс-хат жолдай қойып «сауатын тексеретін» мүмкіндік жоқ болады ол кезде. Көзіңіз ілінбей жатып таң атқанын, таң атқан соң кеш батқанын, кеш батқан соң уағдалы уақыттың болғанын тілейсіз. Әйтеуір «Ғасырдан да ұзақ күн» де өтіп межелі уақытта, межелі жерге келесіз. Көзжақсыңызды күтесіз. Әрине, ол бірден келе қойсын ба? Үйінде бітпей қалған шаруасы шығады. Әкесі қаталдық танытады. Әлде, інісі қиғылық салып жатыр ма екен?! Әйтеуір, көңіл серігіңіздің кешігуіне себеп табылады. Ал, сіз сол уақытта неше түрлі сезім кешесіз. Ойыңызға нелер кіріп, нелер шығады. Қызғаныштың да қадірін түсінесіз. Қымбатыңыздың да қадірін ұғасыз. «Шіркін-ай! Баяғыдай телефоным болғанда ғой!» дейсіз тістеніп… Еріксіз Шәмшінің әні санаңызда жаңғырады: «Кешікпей келем деп ең, мен тұрмын елеңдеумен…». (Әуені қандай? Ынтызар сезім, ынтық көңілдің пернесін дөп басқан ән. Ал, мәтініне назар салыңызшы. «Қайтемін кінәліп бұған сені, сағатың алдаған шығар сені…» Жігіттің төресінің қыздың ханшасына деген құрметі көрініп тұр ғой!). Сүйгеніңізді кіналағыңыз келмейді. Миыңызды шимайлаған мың ойдан ғашығыңызды ақтап аласыз да, Мұхтар ақынға алғыс білдіресіз. Ақыры тағатыңызды тауысып, алаң көңілмен алысып тұрғанда, ғашығыңызбен қауышып, шаттығыңызбен табысып – нәркес сезімнің, бал бақыттың бағасын білесіз, қадіріне жетесіз.
«Қиялдамашы олай!», – дейтін шығарсыз. Бірақ менің арманым – осы. Егер «сібет» сөніп қалса, жақындарыңызды іздейсіз, көргіңіз келеді, сағынасыз. Сөйтесіз де қалам алып хат жасасыз. Баяғы ватсаптағыдай қысқа қайыруға болмайды бұл жолы. Амандық-саулықтан бастап, жаңалықты тізесіз келіп, ақтарыласыз. Фотосуретіңіз болса, хатпен қосып бірге жолдайсыз. Одан кейін ол хаттың поштамен аман-есен жетуін тілейсіз. Жауап күтесіз. Ал, жауап келгендегі көңіл-күйіңізді өзіңіз елестетіп көріңізші. «Сібетсіз» сүрер өмірдің тағы бір артықшылығы – қоғамға хат алмасуды қайта алып келетіндігі.
«Сібетке» сенуден тиялсақ, ешкім жиын-тойға, шақырылған жерге кешікпейді. Қонақтар уақытылы жиналып, қызық-қуанышты бөліседі. Сегізіншіден, ойлау жүйесін, есте сақтау қабілетін дамытар еді. Халық әндері, қазақтың қара өлеңі, шежіре, жыр-дастандар бүгінгі күнге қалай жетті? Халық санасына түйіп ұрпағына, бізге, аманаттады. Сол жауһарлар бізге ғұмырлық азық болды. Ал, қазір ше, «Ертең жиналыс болады» десе болды, ұялы телефонымыздың жадынамасына жазып қоямыз. Уақыты келгенде ұялымыз жиналыс барын еске салады. Соның салдырынан миымыз маңызды мәліметті сақтауға дағдыланбайды. Есте сақтау қабілетіміз нашарлайды. Ал, «сібет» болмаса, миымыз автоматты түрде барлық қажетті ақпаратты жазып алады. Қажетін қалдырады да, артығын өшіріп отырады.
Жастардың түнгі аспан астында алау жағып оңашаланатын жиынына менің бұл жазбамды оқып отырған әр оқырман куә болғанына бәс тігемін. Сол кезде ортадағы оттың жалынымен қызарған жылы жүздерден, бір-біріне иық түйістіріп, гитара үніне елтіп отырған жастардан бойындағы сезімді аңғару еш қиын емес. Барлығының жанарынан бауырмалдық, ізгілік, келешекке деген үміт секілді қастерлі қасиеттерді оқисыз. Құдды Мұқағалидың жыр жинағын оқып отырып, сан түрлі күйді кешкендей рахаттанасыз. Бұл басқосу даңғаза думаннан әлдеқайда ерекше. Бұл жерде барлығы табиғи. Барлығы шынайы.
Шынайы өмірді армандаған көңіліміз қиялшылдығымыздың көрінісі, әрине. Бұл біздің бір сәттік қана сезінгеніміз. Әйтпесе, электр жарығынсыз бұл тірлікке бейімделу кім-кімге болмасын оңайға соқпасы анық!
Ауылымызда емшілігімен, батагөйлігімен қадірі артқан ақ жаулықты әжеміз бар. Ауыл тұрғындары ол кісіні қадірлеп төрден орын ұсынады. Менің әскерден келуіме орай қазақы салтпен құрмалдық берілді. Үлкендер бас қосып елге аман-есен оралған маған ақ баталарын беріп, тілектерін жеткізді. Қас қарая үйді-үйге тарқасқан қариялардың арасынан әлгі әжеміз: «Мені үйге жеткізіп тастаңдар!» деді. Қалауын орындадық. Әжей көліктен түсіп жатып, «Еламан, анау бағанадағы «включательді» басып, жарықты жаға салшы», – деді. Дала шамын жағуға бара жатып, «Үлкендер де қызық, міндетті түрде жұмсап қалу керек» деп іштей реніш білдірдім. Бұл қалауын да орындатқан әжеміз менің маңдайымнан иіскеп: «Жарықты саған әдейі жаққыздым, өзім де жаға аламын ғой әйтпесе. Алдың жарық болсын, құлыншақ!», – деп мейірленді. Бұл сөзді естіген менің ішім жылып сала берді. Жарықтың қадірін білетін қарияларымыздың тілегі қабыл болсын. Олардың балалағы, жастығы қай мағынада алсақ та «қараңғылықта» өтті. Енді бұл кісілер ұрпақтарының өмірі нұрлы болуын, болашағы жарқын болуын тілейді. Қашанда алдымыз жарық болсын, оқырман!
Мен де қызықпын, «Сібет» сөніп қалса екен» деген мақаламды компьютермен жазып отырмын. Шынында, «сібет» сөніп қалса қайтемін?!
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.