2005 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде жазушы Қалмұқан Исабай мен ақын Ғалым Жайлыбайдың «Сексенге сегіз сауал немесе тас боран астында қалған жазушы» тақырыбымен сұхбаты жарық көрді. Қажырлы қаламгердің еңбегі мен қайраткерлігін жан-жақты ашқан сол сұхбатты Қ.Исабайдың 100 жылдық мерейтойы аясында оқырманға қайта ұсынуды жөн көрдік.
Майдангер-жазушы Қалмұқан Исабай ағамыз – туындыларының дәнін өмірдің өзегінен алатын қаламгер. Бірде архивтен тың дерек тауып, бірде алыс қиырларға сапар шегіп, мазасыз бір күйге түседі де жүреді. Ауызекі әңгіме тиегін ағытса, білмейтіні – жоқтың өзі. Белгілі сыншы, академик Мұхаметжан Қаратаев Қазақстан Жазушылар одағының бір пленумында жасаған баяндамасында: «Жақсы шығарма жазу үшін өмірге жақсы араласу керек. Бұл бағытта жазушы Қалмұқан Исабаевтың ізденісі үлгі», – деген екен. Бұл пікірден өзіміз де хабардармыз. Ол – Қалекеңнің комбайнерлер өмірінен пьеса жазу үшін арнайы курстан өтіп, комбайнер мамандығымен екі маусым егін орағына қатысып жазған «Десант» атты пьесасының Республика Мәдениет министрлігінің сыйлығын алғаны және сахнаға қойылғаны.
Ал академиктің айта алмаған үлгілерін таратып, түсіндіріп беру үшін бүгіндері сексенге келіп отырған Қалекеңе 8 сұрақ қойдық.
– Қалеке, сіздің «Қарабала», «Бақытты сәттер» және басқа шығармаларыңыз арқылы Ұлы Отан соғысына дейінгі өміріңізбен біршама таныспыз. Тағы да бір шығармаңызда «1943 жылдың қаңтар айында комиссариат әскерге шақырып, есейгенімді есіме салды» деп жазыпсыз. Алайда әскери училищеде оқығаныңызды айтпайсыз. Сонда офицерлік сатының алғашқы баспалдағына қай уақытта көтеріліп жүрсіз?
– Оу баста 9 сыныптық білімім болған соң, Семейде қоныс тепкен Тамбов жаяу әскер училищесіне бағытталғанмын. Алайда бойы 147 сантиметр, салмағы 42 килограмм қортықтан болашақта қандай айбынды офицердің шығуы мүмкін? Жарамадым. Содан кейін Самарқанд қаласындағы атқыштар полкіне жіберген. Содан келесі 1944 жылдың шілде айының бір күні түнде «дабылмен» тұрғызып, ұзын составқа тиеп, Молдавия жеріне алып келсін. Мұнда Кишинев деген Кеңес қаласы мен Яссы деген Румын қаласы аралығында фашистік Германияның 30 дивизиясы қоршауға алынғанын естігенбіз. Енді Кеңес командованиесі осы қоршауды жоймақ екен. Соған тың күш ретінде біз де келіппіз ғой.
Иә, Яссы – Кишинев операциясы екі айда біздің жеңісімізбен аяқталды. Румыния соғыстан шығып қана қойған жоқ, Герман фашизмінің өзіне соғыс жариялап, біздің қатарымызда соғысатын болды. Мәселе осылай шешілгеннен кейін бұл елдің жерімен жаяу жүріп, Венгрия шекарасына да жеттік.
Венгрия – фашистік Германияның ең соңғы сыбайласы. Оның басшыларының не ойлағанын кім білсін, бізге қарсы бар жанын сала соғысты. Дегенмен, шабуылдап барамыз… Бірде оң жақ, сол жақтағы көршілеріміз кезекті шабуылға көтеріліп жатқанда, біздің командиріміздің үні шықпай қалды. «Бұған не болды?» деп сырт жағыма қарағаным сол еді, взводымыздың командирі, жиырма жасар кіші лейтенант орыс жігіті көтеріле беріп, шалқасынан түсті. Осы кезде есіме Жарғының «Командирдің өліп не жараланғанын бірінші көрген солдат команданы қолға алу керек» деген қағидасы түсіп, мен «Взвод, слушай мою команду! Встать! Вперед!» деп айқай салайын. Сол бетіммен взводты басқарып кеттім.
Қай елде болсын, солдатты дайындаудан гөрі офицерді дайындау әрі қымбатқа түсіп, әрі ұзақ уақыт алады ғой. Жә, соғыста қатардан шығатындардың көбі – взвод, рота командирлері. Міне, осы қатардағы офицерлер бізге жетіспейді екен. Сондықтан да соғыста ерлік көрсеткен солдаттарға да кіші лейтенант атағын бергенін хабарлап, пагон ұсынды, құттықтады.
Старшина мосқал орыс жігіті, уақытша орналасқан үйіне апарып, маған ине-жіп беріп, пагонымды шинельге тігіп отырғанымда жанымда ақылын айтып отыр. «Сен жастайыңнан офицер болдың. Осы соғыстан аман шықсаң, түбі генерал боласың. Ал сенің қалай аман шығуыңның жолын мен айтайын. Взводыңдағы ана Гусаров қайда, шабуыл кезінде соның артында жүр!» деп еңгезердей солдатты атады. Міне, менің офицер атағын алған алғашқы училищем осы. Содан бері атақ қосыла берді, мен есейе бердім, ақыры полковник…
– Германияның бір қаласында комендант болдыңыз ғой?
– Оған дейін әлі төрт жылдан астам уақыт бар. Бұл уақытта Түркістан әскери округіне қарайтын Керки қаласындағы бір полкте взвод командирі болдым. 1945 жылы Германияға жеңіспен барған офицерлер сонда тұрып қалған, үш жылдан кейін соларды Одақтағы офицерлермен ауыстыру шаруасы жүрді. Осы әуенмен 1948 жылдың күзінде Шығыс зонадағы Вурцен қаласынан қоныс тепкен 20-механикаландырылған полкке бір офицердің орнына бара қалайын. Содан келесі жылы Германияда екі мемлекет жасалды – ФРГ және ГДР.
Енді мені екі мемлекет арасындағы шекараның Варта деген бақылау пунктіне кезекші офицер етіп тағайындасын. Міндетім – шекараның осы тұсында болып жататын осы оқиғаларды жақын горнизондарға хабарлап тұру. Менің бұл қызметімді қарапайым халық тілінде комендант деп атады. Содан 1952 жылы босап, Ильменау қаласына қалай комендант болып тағайындалғанымның егжей-тегжейін «Берлин «Абайштрассе» («Қағанат», 2002 жыл) кітабымда жазғанмын.
Жол-жөнекей айта кетейін, Ильменау гербінде латынның «г» әрпі бар. Бұл – Гёте деген сөз. Яғни, Ильменау – Гёте қаласы деп аталады. Ұлы Абай бізге «Қараңғы түнде тау қалғып» деп аударып берген өлеңін Гёте осы қалада жазған екен. 1979 жылы Ильменауға 25 жылдан кейін қайта барғанымда Гётенің немісше өлеңі жазылған жерге Абай аудармасын мәрмәр тақтаға жазғызып, апарып қою мүмкіндігі туды. Неміс достарымыз Қазақстаннан барған бұл сыйды үлкен ризашылықпен қабылдады. Тақтамен бірге Абай өлеңінің магнитті таспасы да тапсырылған музейге. Неміс достарымыз содан былай музейге келген шетел делегаттарын Абай әнімен қарсы алып, шығарып салуды дәстүрге айналдырыпты. Ал Берлиннің бір көшесіне Абай атының қалай қойылғанын да жоғарыда көрсетілген кітаптан оқисыз.
– Өзіңіздің жазбаларыңызға қарағанда, Сіз 1954 жылдың күзінде әскерден босаған бетіңізде Алматыға келіп, «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясына қызметке тұрғансыз ғой. Бұрын газет-журналдар бетіне ештеңеңіз де жарияланып, көзге түспегенсіз, журналистік дипломыңыз және жоқ. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ең жоғары органының назарына қалай ілігіп жүрсіз?
– Өзің атаған жылы ГДР жерінде аудандық комендатурасы да жабылып, елге қайту сәті түсті. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Германия тарихи оқиғалардың тоғысқан аймағы болды. Содан көп сюжеттер ала келіп, қазіргі «Жұлдыз» журналына әңгіме, новеллалар жариялай бастайын. Бір күні «СҚ- дан» әңгіме жазып беруім жөнінде сұрау түсті. Орындадым, «Елбаның ашуы» деген әңгімем аға газет бетіне шыға келсін… Міне, осы әңгіме маған аға газеттің тек бетін ғана емес, есігін де ашты…
– Сіз Ертіс-Қарағанды каналы құрылысына қатыстыңыз. Гидротехникалық мамандығыңыз жоқ. Құрылысқа қандай оймен бардыңыз?
– Жалпы, 1961 жыл мен үшін өте жемісті жыл болды. Сол жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіргенмін. Екі балаға әке, екі кітапқа автор болдым. Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өттім. Әскерге жастай алынып, оның сапында 12 жыл тұрғаннан кейін азаматтық өмірдің қыр-сырын терең біле қоймайтынмын. Ал жазушылық жолға түскеннен кейін не жазарымды білмей жүргенімде, Ғылым академиясының президенті, академик Қ.Сәтбаевқа жолығу сәті түсіп… Яғни, канал құрылысына қатысу ойын маған сол кісі салсын. Ал бұл кездесудің неден басталып, қалай өткенін 1989 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Бақытты сәттер» кітабымда жазғанмын.
– Біздің буын сізді жол үстіндегі жазушы ретінде таниды. Өткен ғасырдың 90-жылдарының бас кезінде Сіз Сібірге сапар шегіп, содан біздің газетімізге есеп жариялағансыз. Сол сапарыңызға не себеп болған еді?
– Павлодар облыстық партия комитеті 1965 жылы Ермак қаласының орталығына, партия қаржысына, қала аттас қанішер атаманның ескерткішін қойған болатын. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан рухы көтерілген жастар енді сол ескерткішті алу мәселесін көтерсін. «Алаш», «Азат» партиялары мен «Аттан» қозғалысының мүшелері көшеге шығып, «Ермак ескерткіші алынсын!» ұранын көтереді. Осы уақытта оянған Сібірлік казачество мен жергілікті орыс шовинистері шығып, «Ермак ескерткіші алынбасын!» деп даурығады. Текетірес алты жылға созылды. Қай жағының болсын саны жылдап емес, айлап өсе түссін. Елді үрей жайлады, сәл ұшқыннан ұлтаралық қақтығыстың бұрқ етер қаупі туды. Сол уақыттағы үкімет басында отырғандар осы тұстан «қопарылуы» мүмкін ұлтаралық жанжал бетін қайтару амалдарын іздестірумен болды.
Ел жаққа қарап үнемі елеңдеп тұратын өзімнен де маза кетті. Қайткенде де мен бір шараға баруға тиісті болдым. Алайда ол қандай шара екенін білмеймін. Бір күні сол шара табылғандай болды. Сібірдің төрт қаласының дүниеге келуіне 1992 жылы 400 жыл болады екен. Осы тұста маған «Неге сол қалалар әкімшілігіне Ермак ескерткішін заңсыз тұрған жерінен алып кетуді айтпасқа, не болмаса, біздің республика үкіметіне «Сіздің жақта заңсыз тұрған Ермак ескерткішін заңды жеріне қою үшін бізге сыйлаңыздар» деген өтініш айтқызбасқа?» деген ой келді. Үкіметтің осы мәселе төңірегінде пышақ жүзінде отырғандай жағдайы сонша, менің ұсынысым келесі күні-ақ жауап алды.
Нұрекең – Президентіміз үкіметке «Сібірге осы тапсырмамен Исабаевтың өзін жіберіңдер» депті. Бардым. Ана төрт қала әкімдерінің бірде-бірі ескерткішті алу ықыласын білдірмеді. Десе де, 1992 жылдың 15 наурыз түнінде ескерткіш тұғырдан тайдырылды. Мұның қалай болғанын мен көп жазғанмын уақытында.
Ендігі кезекте қала атын өзгерту тұрды. «Ермак» атауын бірден қазақша атаумен ауыстыра салу соңы күтпеген оқиғаға апарып соқтыруы мүмкін. Сондықтан да мен қалаға Потанин атын қоюды ұсынайын. Сол күндері – 1992 жылдың мамыр айының аяқ кезінде мені депутаттарға Потанинді жақынырақ таныстыра түсу үшін Ермак қалалық кеңесі сессиясына шақырды. Бардым. Сессия болатын екі қабат еңселі үйдің есігінің алдында оң жақта «Алаш», «Азат», «Аттан» партиялары атынан «Қала атауынан «Ермак» алынсын!» деген ұран көтеріп, қазақ жігіттері тұр, сол қол жағында «Қала атауынан Ермак аты алынбасын!» деген ұран көтерген Сібір казачествосы өкілдері мен жергілікті шовинистер тұр.
Екі жақ та қандарын ішіне тартып алған, сұп-сұр. «Айт!» десең біріне-бірі лап қойып, кеңірдектеріне қол салуға бар қаһарлы жұрт. Қала атауы жабық дауыспен шешілу керек екен. Сол үшін бюллетеньнің қазақша жағына «Ақсу» деген атау жазылып қойыпты. Ал орысша атауы жағы ашық. Егер мен Потаниннің атын қоюды жеткілікті дәлелдей алсам, сол жазылады, ал дәлелдей алмасам, Ермак аты қалады. Онда дала тыныштықтан да айырылады. Потанин жөнінде 40 минуттай сөйледім. Сұрақтарға жауап бердім…
Менің қуанышыма қарай 50 депутаттың (5-6-сы ғана қазақ) көпшілігі бюллетеньнің орыс жағына Потанин атының жазылуына қол көтерсін. Осымен менің міндетім аяқталды. Сессияға УАЗ машинасымен келгенмін. Кетіп бара жатқанымда төбеме тас борасын. Павлодарға зытып бердік. Келесі күні білсем, депутаттар қалаға «Ақсу» атын қоюды қолдапты.
Ал кеше қазақ жағы «Ана жазушы қала атауынан бір орыстың атын алып, басқа орыспен ауыстырып барады» деп, казачество жағы «Қала атауынан Ермак атауын алдырып бара жатыр» деп мені тас боран астына алыпты…
– Екібастұз көмірін ашқан қазақты да тапқан Сіз деген сөз бар?
– Біздің жақтың орыс, қазағының аузында «Екібастұз көмірін Пішенбайдың Қосымы тапқан» деген сөз бар. Екібастұз қаласының бір көшесіне соның атын қою мәселесін көтергенімде, Павлодар обкомының насихат бойынша хатшысы Бариков (Ермакқа ескерткіш қойып жүрген де осы) «Патшаның әлдеқандай бір саясатына қарсы шыққаны үшін сотталып келген Бородин деген инженер Ақмоладан этаппен Павлодарға айдалып келе жатқан, жолшыбай Екібастұздың бір көшесіне соның атын қою жөнінде шешім дайындалып жатыр. Ал сенің Қосым жөніндегі мәліметің жалған ақпар» десін.
Мен шегінбедім. ХІХ ғасырдың соңғы жартысында Сібір қалаларында шығып тұрған ескі журналдарды парақтай бастадым. Нәтижесінде сол кезде даладан кен іздеген орыс, француз, ағылшын инженерлері Қосым жөнінде пікірлер айтқан екен. Оның үстіне Киев архивінен Екібастұздың көмірін Қосымның ашқаны жөніндегі нақты мәлімдеме де шыға келсін. 15 жылдың ішінде тапқан осы деректерімнің басын қосып Бариковтың алдына қояйын. Ол құжаттармен танысып алғаннан кейін «Ал, не айтқың келеді?» деді.
«Бородин деген инженер жоқ. Ана көшені Пішенбаев атына қою керек» дедім. «Енді ол композитор Бородин атындағы көше болады» деді. Мен «Осы айтқандарыңызды «Крокодил» журналына жариялап жіберсем ше?» дегенімде, Бариковтың зәресі ұшып кетті.
Иә, ақыры 1977 жылы Екібастұз қаласының бір көшесіне Қосым Пішенбаев аты, орталығына 1994 жылы, Қосымның туғанына 150 жыл толуы атап өтілген жылы ескерткіші қойылды.
– Сізді кейде туған өлкенің тірі шежірешісі деп ойлап қоям. Еліміздің тарихы жөніндегі пікіріңізді сан естігенбіз…
– Халқымыз басынан өткен тарихқа өзімнің де үңілген кезім болған. Дәлел – «Шоң би» трилогиясы. Осы бидің өмірін зерттеп жүргенде қызық деректерге кездескенім бар. Ресей үкіметі 1822 жылы қазақ даласын билеудің жарғысын шығарады. Сол бойынша Орта жүз округтерге бөлінеді де, әр округ басына тек төрелерден ғана (Шыңғыс хан ұрпақтарынан) сайланған аға сұлтандар ғана отыруға тиісті болады. Яғни, елді басқару ісіне қара қазақтарды жолатпайды. Кеңес Одағы тұсында ел партияның Орталық Комитеті, Министрлер Кеңесі және Жоғарғы Кеңес арқылы басқарылды ғой. Бұлардың басында негізінен орыс, армян, ұйғырлар сияқты басқа ұлт өкілдері отырды. Десек те, там-тұмдап қазақтан тағайындалғандар да болды. Алайда мұндайлар халыққа жетекшілік етуден гөрі жоғарыдан келген нұсқауларды мүлтіксіз орындап тұратын Мәскеу прорабтары міндетін атқарушылар ғана болды. Яғни, бұл жылдарда да қазаққа билік тимеді.
Десе де, 1822 жылғы жарғы баптарын бұздырып аға сұлтан болған бір қарапайым қазақ табылды. Ол – Шоң би еді. Қазақ елінің 8 ғасыр бойы, ұлы Абайша айтқанда, «өз қолында ырқы болмай» келді. Оның, әсіресе, соңғы 70 жылдан астам уақытында Кеңес Одағының тұсында, негізінен, КПСС және орыс тарихы насихатталды. Қабанбай жөнінде хабарымыз болмады. Міне, аспаннан түскендей тәуелсіздік келді. Енді хандар мен төрелер тарихын қаузай бастадық. Ал қазақ тарихы әлі жоқ.
– 1975 жылы канал құрылысы аяқталды. Осыған байланысты құрылыс тресі Орталық Комитет алдына наградаға ұсынылған құрылысшылар тізімін қояды. Қарап отырса, тізімде Исабаев жүр. Орталық Комитеттегілер «Бұл қандай міндет атқарды?» дейді. Канал өкілі «Ешқандай да міндет атқарған жоқ, құрылыс барысын зерттеумен ғана жүрді» дейді. Орталық Комитеттегілер «Сонда сіздер көрінген көк аттыны наградаға ұсына бересіздер ме?» деген екен. Сонда канал өкілі «Бұл кісі 101-ші құрылысты бұзғызды» дейді. Орталық Комитеттегілер «Сонда сіздер құрылысты бұзғаны үшін наградаға ұсынасыздар ма?» деп бастырмалады…
Десе де Сіз Қазақстан Жазушылар одағында құрылысшылармен бір тізімде Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған жалғыз жазушы болдыңыз. Осы фактіге, жалпы өзіңіздің канал құрылысында не істегеніңіз жөнінде түсінік бере кетсеңіз?
– Иә, ол тізімді трест атынан партком хатшысы Попов деген әкелген болатын. Орталық Комитетте болған әңгімені өзіме айтқаны бар. Каналды аралап, дерек жинап жүретінмін. Соның арқасында құрылыс барысынан 6 кітап жазыппын…
Сайын далада жүрген құрылысқа кім келе берсін, әсіресе учаске инженерлерінің көбі практиканттар болды. Яғни, тікелей құрылыс жүргізілетін жобаны оқи алмайтындар. Осындай шалалықтың бір фактісін 101-ші құрылыстан көрдім. Бұл өзі каналда авариялық жағдай туып қалғанда өзекті жауып тастайтын қақпа – өте күрделі құрылыс еді. Жобада бұл құрылыстың жоғарғы деңгейі канал түбімен бірдей, яғни «00» сантиметр болу керек деп көрсетілген. Жобаның сапасы да нашар екен. Сандары өшкен. Әрең көрінеді, мысалы, учаске инженері әлгі 00 сантиметр табалдырықты 66 сантиметр деп ұғып, канал түбінен соншама биік қылып құйып қойыпты. Учаскелік инженердің ісінің шалалығын айтып, біраз керілдесіп алуға дейін бардық. Мен оған «Мына құрылысың ертең канал жұмыс істегенде оның өзегіндегі рак ісігіндей болып тұрады. Өйткені сен су жолына көлденең бөгет жасап қойғансың» деймін. Ақыры инженер ісінің бұрыстығын түсініп, «Бас инженер осы құрылысты тез аяқтау үшін ақша сұрауға Мәскеуге кетті, енді қайтеміз?» деп учаске инженері өзіме жабысты. Мен оған «Осы табалдырықты тез бұзсақ, соғұрлым ертең құрылыс та тез аяқталады» дедім. Ол менің тілімді алды. Бұл өзі құрылыста үлкен сөз болды. Мен де тәуір-ақ сөз естідім. «Құрылыста бір жазушы зиянкестік жасапты» деген дақпырт жетіп, Мәскеуден арнайы комиссия да келді.
Толып жатқан сөздің тобықтай түйіні: комиссия «Жазушы мына құрылысты бұздырып ертерек істеген. Ал мына қатені канал толық біткеннен кейін көргенде, оны бұзып, қайта салу өте қиынға түседі екен» деген қорытынды шығарсын.
Осылай жазушы Қалмұқан Исабай бір құрылысты бұзғызу арқылы наградаға ұсынылды.
– Әңгімеңізге рахмет, тойыңыз тойға ұлассын!
Fалым Жайлыбайдың «Таңдамалы» жинағының 3-томынан (Астана: Фолиант, 2014) алынды.