Кенесары орны. Майтөбе. Кекілік сеңгірі
Ұлт тарихын ауызға алғанда, ұланғайыр даламыздың әр қиырында атауы ұмытылмай бүгінгі ұрпаққа жеткен, қасиеті мен қасіреті бірдей жырланатын киелі орындар бар. Бұлардың барлығы сонау бір аласапыранды замандарда Алаш баласының бостандығы үшін алапат шайқастар өтіп, баһадүр бабаларымыздың қаны төгілген орындар. Бүгінде, Бұланты, Орбұлақ, Аңырақай, Қалмаққырған, Шүршітқырған секілді тарихи мекендер үш ғасыр өтсе де, әлі де ұрпақ жадында сақтаулы. Осындай қасіретті тарихымен ұлт жаднамасында бедерленген жерлердің бірі – Қордай өңіріндегі қазақтың соңғы ханы Кенесарының соңғы шайқасы өткен Кекілік сеңгірі, Майтөбе, Әулиешоқы аймағы. Майтөбені жергілікті ел «Кене ханның ту тіккен жері» деп атайды екен.
Бұл араның Майтөбе аталу себебі, шайқаста қаза болған адамның көптігі соншалық, шала көмілген мәйіттердің майы еріп, топырақтың бетіне шығып кеткен екен дейді….
… Кілең сеңгір қарасаң айнала кіл,
Майтөбеде өтіпті майдан ақыр…
Шаһит болған ерлердің мүрделері,
Анау тұста шашылып сайда жатыр!
Өткен күнге өкпесін кім артады,
Құпиясын қопарсаң шығар тағы…
Ішке бүгіп бар сырын – тілсіз куә,
Кекіліктің сеңгірі мұнартады…
Өтіп кеткен ғасырлар, арадан – күн,
Ақиқатын көненің таба алар кім?
Осы жерден рухы аспанға ұшқан,
Азаттықты аңсаған бабалардың!
Ей, сеңгірлер, құр босқа тізілмеңдер,
Айтарың жоқ жүректе сызымды емдер.
Кекілік емес атауы бұл араның,
Кене ханның арманы үзілген жер!
Майтөбе мен Кекілік сеңгірін сөз етіп отырған себебіміз, жуырда сол киелі мекенге тәу етіп барып, батыр бабалардың рухына дұға бағыштап, бір түнеп қайттық. Сапардың мақсаты, сол бір қантөгісте өзінің балаларымен, інілерімен бірге шаһит кешкен Кенесары ханның бас батырларының бірі Иман Дулатұлының рухына арнап батырдың өзінің тікелей ұрпақтары және Қыпшақ атасынан тараған азаматтар ескерткіш-тас қойды. Иман батыр – Амангелді Имановтың атасы екенін көпшілік білуге тиісті.
Бұл ізгі шаруаға бастамашы болып жүрген Торғай өңірінен шыққан Қыпшақ ұрпақтары. Атап айтар болсақ, белгілі кәсіпкер, ұлтжанды азамат Еркін Сейітжанов, Арқалық қаласының бұрынғы әкімі, кәсіпкер Жомарт Түбекбаев, белгілі мүсінші Мәлік Әбділдин бауырымыз, тағы да басқа азаматтар.
Тамыздың бірінші жұлдызында Астанадан аттанбақшы болған белсенді топ таңертең ертелетіп Есілдің жағасындағы Кенесары ескерткішінің түбіне жиналып, үлкендердің батасын алып, оңтүстікке бет бұрған.
Күнұзын жүріп, көз байлана Шу қаласына жеткен, бізді сол жердегі Құлан Қыпшақ ұрпақтары құшақ жайып қарсы алып, қаламен іргелес Алға деп аталатын ауылдарына алып барды. Ауыл бұрын Амангелді Имановтың атында болған екен, кейін өзгеріпті. Бұл елді мекенде 400-ге тарты шаңырақ Құлан Қыпшақ ұрпақтары тұрып жатқанын білдік. Түннің біруағы болғанына қарамастан, жергілікті бауырлар бізді Амангелді батыр атындағы мешітке және Амангелді атындағы орта мектепке алып барып, аралатып көрсетті…
Осыдан соң Нұржан атты кәсіпкер бауырымыздың үлкен демалыс кешеніне барып, моншаға түсіп, бассейнге шомылып салқындап, ауқаттанып алып, Жұмабек деген тағы бір Қыпшақ азаматының қонақүйіне түнеп, таңертең әрі аттанып кеттік.
Одан әрі Қордай ауданындағы Қаракемер ауылында бізді Еркін бауырымыздың әскерде бірге болған достары қарсы алды. Жомарт атты азамат көлдей етіп дастархан жайып қоған екен. Осы жердегі Жомарт, Ерлан секілді азаматтар Еркіннің тапсырмасымен Иман батырға арнап Қордайдың қызыл гранитінен тас жасатып, оны автокөлікке артып қойыпты. Алла разы болсын дедік!
Сол күні Майтөбедегі батырлар басына барып түнеп, ертеңінде Кенесары – Наурызбай мен шаһит болған бабаларға арналған кешенге барып, тасты орнатып, құран аударттық.
Бұл жерге қазақтың әр ру тайпаларын айтпағанда, орыс, дұңған, татар, ұйғыр секілді басқа халықтар да ескерткіш тас орнатып қойыпты. Осыған ырза болдық.
Сол күні Торғай мен Астанадан, Алматы мен Жезқазғаннан, Ұлытау мен Қарағандыдан ат терлетіп арнайы келген Қыпшақ ұрпақтары батыр бабалардың қаны мен тері төгілген топыраққа тебіреніспен тәу етіп, рухани әсер алып қайтқаны айтпаса да белгілі.
Майтөбеде мәселе бар екен
Менің ойымша, бұл ара Алаш баласы үшін аса бір қасиетті де қастерлі орын. Кешегі күні ел бостандығы үшін бастарын бәйгеге тігіп, ажал құшқан аруақты бабалардың сүйегі жатыр осы жерде. Бірақ Майтөбе басы жүдеп тұр екен.
Сол жерде шырақшы болып отырған Бейбіт атты бауырымызға шағын баспана тұрғызылыпты. (Бейбіттің сүйегі Алматы жағының Қаракесегі екен, одан арғысын білмеймін дейді). Ал, ауыз суы, электр жарығы деген бұл жерде атымен жоқ. Тіпті дұрыс әжетхана да жаслмаған. Барған адамдарға қиындық туатынын байқадық.
Енді осы жерге есі бар кәсіпкерлер қолұшын беріп, су мен жарық мәселесін шешіп, келген ел түнейтін бір дұрыс баспана тұрғызып, шамалы жайландырып берсе дейсің. Ол тіпті Қордай ауданы үшін бір туристік орталық болар еді.
Майтөбенің басына шығып қарасаң, шекараның аржағында қол созым жерде қырғыздың Тоқмақ ұаласы тұр.
Сапарластар
Жол жүргенде қашанда сапарлас адамның мінезі жайлы болып, көңіліңнен шыға білгенін қалайсың. Осы жолы иісі торғайлық азаматтарға еріксіз таң қалып келдім. Жолбасшымыз Еркін мен Жомарт және белгілі мүсінші Мәлік сынды азаматтармен қоса, «Егемен Қазақстан» газетінің қызметкері, республикамызға танымал журналист Азамат Есенжол және белгілі ақын Абылай Мауданов інілеріміз бірге болған.
Сапар үстінде байқағаным, бұл жігіттердің қай-қайсы да өлке тарихына аса жетік екен. Жарыса сөйлегенде, бірін-бірі іліп алып, толықтырып, тарихи деректерді келтіріп отырып айтқанда, айызыңды қандырады.
Әсіресе, Азамат пен Абылай сөйлеп кетсе, жастығына қарамай, көне көз қарияларша шежіре тартып баяндағанда, тек тыңдай білетін құлақ болсын дедік. «Торғай өңірі», «Торғай елінің адамдары» деп тегін айтылмайтынын осы жолы түсіндім. Бұл секілді азаматтары бар елдің тарихы ешқашан өшпесі белгілі.
Майтөбе шайқасы жайлы бір дерек
Қайтар жолда торғайлық азаматтар Қаркемер ауылында дәмханада ас беріп, аруақтарға арнап дұға оқытты. Сол жерде Майтөбенің басын жайландыру жайлы да біраз мәселелер көтеріліп, жоспарлар жасалып, бұл бағытта біраз әңгіме өрбіді.
Осы жерде көп жылдар жергілікті газетте редактор болған Құрманбек Әлімжан атты ақсақал біздерге Майтөбе шайқасы жайлы ертеректе қағаз бетіне түскен мына бір жазбаны ұсынып еді.
Бұл құжатты өткен ғасырдың бірінші жартысында Әбілқасым Ділібаев деген адам Майтөбе шайқасын арнайы зерттеп, көнекөздердің айтқан деректерін жазып алыпты. Сол әңгімелер 1944 жылы желтоқсан айында қағазға басылған екен. Онда былай дейді:
«… Бұлармен бірге Кенесарының қолбасшысы болған Бұғыбай батыр, Шымырдың Жаңабай руынан шыққан Байзақ батыр, Ботбайдың Жанқойлық руынан шыққан Толымбек батыр, Шапырашты – Таятай, Әуез, Атамқұл батырлар.
Халық әңгімесіндегі көрнекті батырдың бірі – Сыпатай. Ол алғашқы кезде Кенесары қозғалысыа белсене қатысса да, кейін қысылтаяңға келгенде тастап кеткен.
Бұл аталған батырлардың ерліктері және Кенесары туралы әңгімелер көп. Олар әртүрлі. Соның ішінен алғаным – оқиғаның ортасында болғандардың өз аузынан естігендердің әңгімелері.
Қордай ауданындағы «Талапты» колхозының солтүстік жағында «Кенесары ханның ақ қырқасы» деген қырқа бар. Ол жердің неге солай аталғаны жайлы Нұрпа Төлбайұлы деген қария былай баяндайды: «Ел жайлаудан түсіп, Шудың бойында отырған кезі екен. Бір күні ақ қырқаға толған ақ үй қоныпты. Сөйтсе ол Кене ханның ауылы екен. Қордайдан түнде асып келіп, сол жерге келіп қоныпты. Біраздан соң ауылға жасауылдар келіпті. Менің әкем қасына кісі ертіп, ерулікке деп сойыс алып, ханға барады. Оларды қонақүйге түсіріп, біраздан соң «хан шақырады» деп екі жігіт келіпті. Сәлемдесіп, жөн сұрап болған соң, Кене хан: «Жантай, Ормандармен ұрысайын деген жоқ едім. Ел болайық дегенге көнбеді. Жауға қосылды, елшімді байлады. Ұрлығын былай істеп жатыр. Кінә өздерінде. Ертең елін шабамын. Дулат баласы, іргелі ел едіңдер, бәрін көздеріңмен көріп, олжаларыңды алыңдар», – депті.
Айтқандай, ертеңгі күні ханның қолы Шудың аржағына өтіп, Піспектің қасындағы қара ағаштың бергі түбінде қырғыз қолымен кездесіп, соғыс болып, қырғыздың …. (қағаз бүктеліп, жазу өшіп қалған) деген батыры өліп, қырғыз қолы бет-бетімен тауға қарай қашыпты. Түскен олжаны хан елге таратып беріпті де, терістікке қайтадан көшіпті.
Қыстың күні Кене хан Жантайға тағы да адам жіберіпті. Басшысы Өтеген батырдың немересі Орман деген шешен адам екен. Бұғыбай, Саурық бастатқан батырлар барыпты, ішінде менің әкем де бар. Қырғыздар қошеметтеп сыйлапты. Бірақ екі ай жатқызып, жауап бермей қайтарыпты.
Бұл жөнінде саңлақ ақын Сүйінбай Қатағанмен айтысқанда:
«Қазақ, қырғыз егесіп,
Шабысып, ұрысып, шегесіп,
Елші түзеп қаңтарда,
Екі Орман сөйлесіп.
«Қосылайық Кенеге,
Ел-жұрт болып бірлесіп».
Дегенде сенің Орманың,
Қыс бойына болмаған.
Саурығым мен Байсейіт,
Сонда найза қолға алған.
Қолды бастап Бұғыбай,
Лашындай самғаған.
Түкті білмей мақтанып,
Түсінбейтін Қатаған.
Айласы жоқ асаудай,
Сыңарезу оңбаған!», – дейді.
Сүйінбайдың өлеңде «екі Орман» деп отырғаны, жоғарыда аталған Орман Бимембетұлы мен қырғыздың Орман манабы.
Орман Бимембетұлы – көрнекті батырлардың бірі, соғыстың ақырына дейін болып, Бұғыбай, Саурық батырлармен бірге шегінген.
Осы Орман бастаған елшіні жіберу Кенесарының ақырғы шарасы еді. Одан бұрын бірнеше рет елші жебірген. Бекбатыр бастаған елшілерді манаптар байлап қойып, қамауға алған. Сыпатай бастаған елшімен сөйлеспеген. Осыдан кейін барып Кене хан қырғыздарға қарсы аттанған. Соғыс кейінгі кезде Кекілік тауының түбіне барған. Сол жерде Кенсары хан қолға түседі.
Кене ханның жеңілуі, қай жерде қалай қолға түсуі жөнінде «Колос» колхозының мүшесі 63 жастағы Белғожа Жаманбасов былай дейді: «Соғыстың басынан аяғына дейін Саурықтың қасында болған Таятай батырдың өз аузынан естідім. Қырғыздың Жантайы Сыпатай батыр мен Рүстем төреге сөз салыпты. «Қалағаныңды берелік, дулаттың қолын қашыр» депті.
Кене хан алғаш келгенде, Сыпатай мен Рүстем төре барса, хан бас-аяғына жастық қойып жатыр дейді. Жатып жауаптасыпты. Сонда Сыпатай батыр «бұл қай қорлағаны» деп өкпелеген екен. Сонда манаптардың айтқанына көніп, қолды қашырыпты. Кейін Жантай: «Не қалағаның бар?», – деп сұрағанда, Сыпатай: «Алатаудың теріскейінен жайлау, бауырынан күздеу бер» – деп қоныс алыпты.
… Қол азайғасын, қырғыздар кептей бастапты. Қазақтар Майтөбеден тауға қарай шегініпті. Алмалы мен Суалман сайының қосылған жеріне барғанда, Кене хан қолға түсіпті. Хан қолға түскесін, Наурызбай қырғыздарға өзі барыпты. Қалған батырлар соғыса-соғыса тауға шығып құтылыпты. Ішінде біздің ауылдан Таятай, Әуез, Атамқұл, Саурық батырлар бар. Саурықты кейін өштесіп жүріп қырғыздар өлтіріпті.
Сыпатай мен Рүстем төре Майтөбеден бөлінеді. Ол жөнінде «Кеңес» колхозының мүшесі Мәдібек Бекқожаев былай дейді:» Сыпатай мен Рүстем төре қолды Шудың арғы бетімен түнде қашырыпты. Қол келіп Мықын суына тіреліп, өте алмай жүргенде, таң атып кетіп, оларды қырғыздар көріп, сол жерде соғыс болып, арты жау, алды су болып, көп адам өліп, көп адам қолға түсіп, қазақтар көп шығынға ұшырайды».
«Қолдың қырғын тапқан жері – судың солтүстік-батысқа қарай бұрылған иін жері екен.1925-26 жылдары сол жерден көпір салынғанда, найза, мылтық, қылыш секілді көп құрал табылып, Фрунзе қаласындағы мұражайға өткізілген» – дейді Ақымбай Жылқыбеков деген мұғалім.
Кенсарының қолға түсуінің негізгі себебі: «Соғыста жаудан қашқан хан – хан бола алмайды. Сайдан шыққанымыз – майданнан шыққанымыз. Қашсам, мен хан емеспін», – деушілігінен болса керек (Қылыш Кәрібозұлы әңгімесінен).
Жалпы Кенесары соғысы жайлы жоғарыда айтылған адамдардың әңгімелерінен басқа да әңгімелер жетерлік. Бірақ көбі «оқиғаның ішінде болғандардың аузынан естідім» деп айтпайды. Көбінесе, «анадан естідім», «мынау былай деп еді» деген сөздер».
Міне, Әбілқасым Ділбаевтың жазбасы осылай дейді.
Сайлау БАЙБОСЫН,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.