Pavlodar, KZ
Ясно

1946 жылы, 7 қазан күні Алматыдағы Қазақ опера және балет театрында «Біржан-Сара» операсының премьерасы өтті.

Операның авторы – Мұқан Төлебаев, либреттосын Қажым Жұмалиев жазған. Алғашқы қойылымда Біржан бейнесін Әнуарбек Үмбетбаев сомдады.

Сараны Күләш Байсейітова ойнады.

«Біржан-Сара» көп актілі лирикалық-драмалық опера. Оның негізіне ақын, әнші-композитор Біржан салдың өмірі мен оның Сара ақынмен айтысы алынған. Либреттоға ақын өмірі жайлы деректер және Біржан мен Сара айтысындағы сюжеттік оқиғалар арқау болған. Операның драматургиялық желісінде Біржан мен Сараның махаббатын көрсететін лирикалық бағыт пен Біржан мен Жанбота болыстың арасындағы күресті көрсететін әлеуметтік бағыт қатар жүріп отырады. Біржан салдың шығармаларындағы еркіндік, намыс, адамгершілік мәселелері бас кейіпкердің прототипіне де, операның бүкіл тақырыптық бағытына да негіз болған.

Біржан бейнесі әншінің «Айтбай», «Жанбота», «Біржан сал», «Адасқақ» секілді әндері және М.Төлебаевтың музыкасы арқылы ашылған. Опера ұлттық бояуы қанық, әсерлі лирикалық көріністерге, айшықты мелодияға толы. Операда ұлттық музыкалық формалар – әдет-ғұрыптық фольклор «Жар-жар», сыңсу, жоқтау, ақындар айтысы, өте әдемі әрі орынды қолданылған.

4 актілі опера қақтығысқа толы қарама-қайшы көріністерге құрылған. Бірінші актідегі бас кейіпкердің нәзік ғашықтық дуэтіне айналатын әдемі айтыс кенеттен Біржан мен Жанботаның қақтығысы көрінісіне ауысып кетеді. 3-актідегі салтанатты той қарама-қарсы екі жақтың жаңа дауымен үзіліп қалады.

Классикалық туынды 1949 жылы екінші рет сахналанған. Ал, үшінші рет өңделіп, 1957 жылы қайта қойылған.

Операға 1949 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілген.

Шығарма 1958 жылы Мәскеуде өткен Қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндігінде көрсетілген. 1959 жылы Башқұрт опера және балет театрында (Уфа қаласы) қойылған.

Жетісу облысының М.Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінде 1953 жылғы 22 шілдеде қағазға түскен «Біржан-Сара» операсының ІІІ актінің екінші редакциядағы қолжазбасы сақталған екен.

Бұл шығарманың либреттосын жазған Қажым Жұмалиев алғашында опера жазуды Евгений Брусиловскийге ұсынған екен. Бірақ Брусиловский сол кездері «Амангелді» операсын жазып жүргенін айтып, бұл шығарманы Мұқан Төлебаевқа табыс етеді.

М.Төлебаев «Біржан-Сара» операсын туған ауылында жазуды ұйғарып, аудан орталығынан арнайы пианино алдырады. Сөйтіп, Мұқан ауылда екі ай болып, операның алғашқы екі бөлімін өзінің туған ауылында жазып шығады.

Ақыры 1946 жылы «Біржан-Сара» жарыққа шықты. Опера бірден-ақ тыңдаушылардың көкірегіне қона кетті. Сахнаның  сәні болды.

Белгілі музыка зерттеуші Василий Виноградов: «Рухы жағынан қазақтың халықтық эпостарына жақын, шын мәніндегі романтикалық шығарма» деп бағалаған айшықты ұлттық бояуы қанық шығарма қазақ опера өнерінің классикалық туындысы болып табылады. Операның әлі күнге дейін сахнадан түспей келе жатқандығы бұл сөзіміздің анық айғағы.

«Біржан-Сара» 2010 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Ерсайын Тапеновтың режиссурасымен Павлодар сахнасында да қойлыған болатын.

«Қазақстан» ұлттық энциклопедиясынан әзірлеген: Е.ҚАБДІЛӘШІМ.

 

Добавить комментарий