Жолжазба

«…Қарашы Қарағанды күмбезіне,

Бойлаған мұнарасы күн көзіне.

Құрбыжан, қасиетті ол бір қазына,

Қуантып, тартпас, сірә, кімді өзіне?!», – деп Қасым ақын жырлаған қала – мен үшін өмір мектебі, өлең мектебі, өнеге мектебі.  Мен Қарағандыға алғаш келген күзде дауылпаз Қасым Аманжоловтың жүз жылдық мерейтойы дүркіреп өтіп жатқан болатын. Өзімді жыр жәрмеңкесіне келгендей сезіндім, өзіме тиесілі тартудан құр қалмауға ұмтылдым. Сол кездегі әсер мен таңданыс-талпынысты еш ұмытпаймын.

Аян Мейраш, Өзгеріс Қуанар, Мұсабек Сейсенбекұлы, Бекзат Алтынбек, Ерзат Ермағамбет, Мұқағали Сейітқазы, Абай Ораз, Әділет Әмереев, Айзада Сәдуақасова, Кәмшат Хасен, Ақмаржан Жорабаева, Салтанат Қайырбек сынды қатарластырыммен «Жыр-жауһар» поэзия клубына, «Бота» орталығына алғаш қадам басып, қатарға қосылғаным әлі есте. Алғашқы отырысқа менен 2 курс жоғары оқитын ақын, суретші Қадырсұлтан Нүсіпхан ертіп апарғаны да күні кешегідей жадымда. Алдымыздағы толқын өкілдері – Жәлел Қуандықұлы, Жәнібек Әлиман, Ерболат Қуатбек, Еркебұлан Елеусізұлы, Өміртай Еділханұлы, Алтынбек Құмырзақ, Дулат Аманжол, Әділ Жакулаев аға буынмен арада алтын көпір бола білді. Мирас Асан, Қуаныш Медеубаев, Алмаз Мырзахмет, Рауан Қабидолдин, Жанат Жаңқашұлы, ағаларымызға жыр-серік, өмір-серік болып жүрген «жеңгелеріміз» Жадыра Байбұланова мен Айзада Рахымжанова біз үшін үлгі болатын. Олар көрсеткен өнегемен Серік Сағынтай, Руслан Нұрбай, Бағдат Мүбәрак, Рахат Әбдірахманов, Ілияс Мұқай, марқұм Қайрат Асқар ағалардың алдында шәкірттей болдық. Ал, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен, Қойлыбай Асан ағалармен кездесе қалсақ, әңгімелесе қалсақ, сол әсер бірнеше күнге азық болатын еді.

Қарағандыда өткен бір жылдық студенттік дәурен үлкен өмір жолымның, ұлы өлең сапарымның бастауы болды. Сол үшін де Қарағандыға алғыс пен құрметім шексіз. Қарағандыға барған сайын өзімнің балалық болмысыммен, еркебұлан шағыммен қауышқандай боламын.

Тамыздың соңғы он күнін Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бірлесе жүзеге асырып келе жатқан «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында Қарағанды облысында шығармашылық іс-сапармен өткіздім.

Оқырман назарына шығармашылық сапардан жолжазба ұсынуды жөн көрдім.

***

Межелі мезгілде, уәделі уақытта жолға шықтым. Санамда баяғы сәулелі сәттер шұғыла шашып, Қарағанды қаласына жеттім.

2011 жылы, бірінші курс оқып жүрген уақытымда, мені «Мелодия» бастаған жігіттер, Ерболат Қуатбекті солай атайтынбыз, жезқазғандық ақын Жанат Әбдіғожинге ұқсататын. Мен студент болып келгенде, Жанат ағам Жезқазғанға қайтып кеткен екен. «Сен тура Жанат секілдісің», – деген сөзді талай естідім. Бір жыл бойы жігіттерге Жанатты еске салып, жылы естеліктердің жаңғыруына себеп болып жүрдім. Ал, мен Алматыға кеткенде баянауылдық ақын бауырым, атымыз да, затымыз да ұйқас Жоламан Әйткен Қарағандыға келді. Кейін қыз-жігіттер: «Жоламанды көрсек, сені көргендей боламыз», – деп сан мәрте айтқан еді. Бұны да мен рухани сабақтастық, байланыс деп ұғамын. Осы он күндік сапар аясында маған Жоламан Әйткен көп көмек көрсетті. Оған ақындық һәм азаматтық қолдауы үшін бөлек алғыс! Жасай бер, жаза бер, Жолекем!

Бірінші күн:

– Сапарымды «Қасым үйінен» бастадым. Бұл орталық Қасым ақынның 110 жылдығына орай 2021 жылы ашылған. Онда ақынның мұражайы жұмыс істейді. Мұражайға Қасым Аманжоловтың сирек кездесетін қолжазбалары, кітаптары мен жеке заттары және фотосуреттері қойылған. Сонымен қатар, ғимаратта Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының облыстық филиалдарының кеңсесі, Серік Ақсұңқарұлы атындағы бөлме, «Қасым» журналының редакциясы, өңірлік коммуникациялар қызметі орналасқан.

«…Ризамын туғаныма адам болып,

Өкінбен қаламын деп бір күн солып.

Адамзат сапарының мейманымыз,

Бір мезет жер бетіне кетер соғып…», – дейді Қасым «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда…» деп жырлап… Ал, мен өз ішіме үңілемін… Сапарымды Қасым атындағы ордадан бастағанымды жақсы ырымға баладым.

– Қарағанды облыстық кітапханасына бардым. Қарағанды сахнасында, айтулы ағалар алдында алғаш өлең оқыған кезімді ойладым. Осы кітапхананың төрінде Қасымның 100 жылдығына арналған жиын өтіп жатты. «Қасым» журналының тұсауы кесілді. Бір уақытта: «Жастар өлең оқысын!», – деген дауыс шықты. Алдымыздағы екі буынмен қатар Аян досым бастап біздің қыз-жігіттерге кезек келді. Мен ортаға шығайын деп мүлдем ойламап едім. «Сен де шық, өлең оқы!», – деп бір жігіт қолымнан жетектеп ала жөнелді. Ортаға қосты да жіберді. Сол бейтаныс жігіт – қазір сыйлас-сырлас болып кеткен Жанат Жаңқашұлы ағам болатын. «Не үшін мені шығарды? Неге маған көзі түсті?» деген сауал әлі ойландырады. Бұл да бір үйлесім, үндестік болар?! Сол жерде мен алғаш рет «Петефише» деген өлеңімді оқыдым. Оны Серік Ақсұңқарұлының Шандор Петефиден аударған:

«Өлмейді Рухым!

Кетпейді, мүлде, көкке ұшып,

Жүреді Жерде жүрегі тулап –

От құшып!

Касси боп туып,

Римнің өзін шайқаған!

Вилгельм Телл боп –

Альпіге шығып, айтам ән!

Парижде –

Камилл Демулен болып өлем де,

Венгрден туам –

Петефи болып –

Қайтадан!», – деген жырының әсерімен 9-сынып оқып жүргенде жазып едім.

Одан кейін «Жыр-жауһар» поэзия клубының қатарына қосылған сәтімді ойға алдым. Ақын ағам Рауан Қабидолдин мүшелік төсбелгіні кеудеме тағып, қолымды алып еді. Ол салтанат та ерекше өткен. Поэзия клубының негізін қалаған толқынның алдында кезек-кезек өлең оқыдық. Ағалар лебізін, пікірін, ескертпесін айтады. Содан кейін ғана мүшелікке қабылдайды.

Кітапханада Өлкетану әдебиеті бөлімінің басшысы Сандуғаш Орынбайқызымен баяғы бұла шақтарды ойға оралттық. Кітапхана қорындағы «Алтын тұңғиық» жыр жинағына ксеро-көшірме жасап алдым. Бұл – осы жоба аясында былтыр жазылып, жарық көрген кітап. Ақын ағам Жәнібек Әлиманның Қарағанды облысына жасаған шығармашылық сапарының жемісі. Жоба шеңберінде, менің алдымдағы із – осы. Оқып, көңілге тоқып, бағыт-бағдар алдым.

– Қарағандының Абай көшесіндегі 58-үйде (бұрынғы Ленин көшесі) Әлімхан Ермеков, 56-үйде Ебіней Бөкетов тұрған екен. Ол үйлерді де барып көрдім. Әлімхан атамыз тұрған үй мен пәтердің цифрлеріне қатысты дерек те жан түршіктіреді. Бұл туралы Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков ағамыздың жазғанын оқыған едім:

«Алашорда көсемдерінің бірі – Әлімхан Ермековтің жазасын өтеген соң Қарағанды политехникалық институтына жұмысқа тұрған. Сол кезде оған Ленин көшесінен үй беріледі. Үй беретін шаруашылық басшылары қысастық қылып, пәтерді 58-үйден береді. Пәтер бірінші қабатта орналасқандықтан 4-нөмірлі болуы керек екен. Бірақ оны өшіріп тастап, «8-пәтер» деп жазғызады. Оның себебі – Әлімхан Ермеков Ленин көшесінде тұрсын, 58-баптың 8-тармағымен сотталғанын мәңгі есінде сақтасын дегені…».

Екінші күн:

– Михайловкадағы қорымда жерленген Әлімхан Ермеков пен жары Рақия Шагабетдинованың зиратына барып, құран бағыштадым.

– Жайық Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында болдым. Ол жерде «Бота» орталығы әлі де жұмыс істеп тұр екен. Осыдан он төрт жыл бұрын алғаш табалдырығын аттап, талай сырлы-жырлы кештерді өткізген орда мені еш жатырқаған жоқ. Әлі есімде «Ботадағы» отырыс әр бейсенбі күні, сағат 16:00-де өтетін. Әр аптада белгілі қаламгерлермен кездесетінбіз. Әр аптада жаңа өлең жазып келеміз. Оны оқып, талқылап, талдайтынбыз.

Жайық Бектұровтың мұражай-кеңсесін, кітапханасын көріп, бөлек әсерге бөлендім. Қаламгердің қолы тиген әр кітап, әр бұйым қаншама сырдың, бізге белгісіз қаншама жайттың куәсі. Әттең тілі жоқ…

Үшінші-төртінші күн:

– Әнет Баба мешітіне кіріп, бабалар рухына құран бағыштадым. Менің тілек-дұғамды Аса қамқор, ерекше мейірімді, рахымды, кешірімді, бәрін білуші, естуші, көруші, жебеуші, жетелеуші, жеткізуші Жаратқан Ием, өзінің сүйікті құлы – Мұхаммед Мұстафа (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын!) Пайғамбарымыздың құрметіне қабыл еткей!

– Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейге бардым. Директор Жаңагүл Нұрмұханқызы жылы қарсы алды. Ұстаздың: «Біз әр оқу жылын Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде бастап, Әлімхан Ермековтың туған күнінде аяқтаймыз. Бұл екі датаның арасы – Абай жолы, тағылымы. Осыны әр оқушының санасына сіңіруге тырысамыз. Олар біздің тәліміміз бен тәрбиемізді бойға жинаса, мектепті Әлімхан ата атымен атағанымыз бекер болмағаны», – деген сөзі ұнады маған.

Тарих пәнінің мұғалімі Өмірсерік Бауыржанұлы мектептегі Әлімхан Ермеков мұражайымен таныстырды. Мұражайда ұлы тұлғаның өміріне, қайраткерлік еңбегіне қатысты мол мағлұмат жинақталған екен.

– Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында болдым. Ақын ағаларым Жәлел Қуандықұлы, Ерғанат Кеңесбекұлымен жүздесіп, әңгімелестім. Ағаларым қарқаралы, Ақтоғай өңіріне қатысты мол мағлұмат берді. Жәлел ағам Мағауия Сембайдың «Қоңыр наз» кітабын сыйлады. Кітапта әсерлі жазбалар, ойлы толғамдар, ғибратты естеліктер көп екен. маған мына бір дүние ерекше әсер етті: « …1971 жыл. …Бірде Мәлік (Ғабдуллин) ағамыз жас ғалым Мұхтар Мағауиннің «Қобыз сарыны» монографиясын тауып оқуға кеңес берді. Жапа-тармағай кітапханадан алып оқып, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Ақтамберді жырларына армансыз қанған едік. Кітабынан тымақ киген Мұхтар Мағауин ағамыздың суретін көріп, таңқалдық. Осыдан кейін Алматыда жастар тымақ кию «модасын» бастап жіберіп, көшпенділер көшінің әлі де үзілмегенін дәлелдеп, ормандай орыстарды үркіткеніміз бар. Алғаш тымақпен көшеге шыққан тағы Ғабиден (Құлахмет) досым болатын…». осы әңгіменің әсерімен «Тымақ» деген өлең жаздым.

– Студенттік өмірге алғаш қадам бастырған Е.Бөкетов атындағы Ұлттық зерттеу университетінде ақын Ерболат Қуатбекпен сырластық. Ерболат «Qagan Production» атты жобаны жүргізіп, бірнеше танымдық, тарихи деректі фильмді жарыққа шығарыпты. «Бұл, – дейді Мелодия, – қазақтың байтақ жерінің аң-құстары, өсімдіктері жайлы деректі фильмдер алаңы. Сондай-ақ, қазақтың көрнекті тұлғалары туралы фильмдер де ұсынылды». Осылайша менің аға-досым қазақша контентті дамытуға үлес қосып келе жатыр.

Мен «Qagan Production» жобасының «Мұстақым», «Тәттімбет күйші емес, металлургия генийі!», «Ахметтің үйі атқораға айналған ба?», «Қаллеки һәм Қоянды: Қоянды жәрмеңкесі қалай талқандалды? Қазақтар Парижді қайтіп таңқалдырды?», «Қасым шілдеханасы: күміс білезік ізімен» деректі фильдерін көрдім.

– Қарағандының орталық саябағында өткен жыр кешіне қатысып, өлең оқыдым. Оқыған өлеңім үшін қаламақы алып және мәз болдым. Жалпы, Қарағанды қаласында өтетін әдеби жиындарда өлең оқыған ақындарға жыр құнын төлеу дәстүрге айналыпты. Бұл филиал төрағасы, ақын Жанат Жаңқашұлының бастамасымен жүзеге асырылып келеді.

Жыр думанынан кейін ақын-әншілер қосылып, мергендігімізді сынап, «Тир» атуға бардық. Өзара сайыста мылтық ұстау дағдымызды паш етуге мүмкіндік туды. Әйтеуір ұятқа қалмадық.

Бесінші күн:

– Бұл күнім Серік Ақсұңқарұлы ағама сәлем беруден басталды. Екі-үш сағат әңгімелесіп, естеліктерден сыр шертісіп, ағаның ақыл-кеңес, бағыт-бағдарына құлақ құрышын қандырдым.

Ағаға еріп, Ә.Ермеков атындағы кітап дүкеніне бардым. Бұл да айтулы оқиға болды мен үшін. Сол әсермен «Серік Ақсұңқарұлымен кітап дүкеніне баруым туралы баллада» жаздым.

– Түстен кейін «Қасым үйінде» өткен тағы бір әдеби жиынға қатыстым. ҚЖО Қарағанды облыстық филиалы мен Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мұрындық болған «Жас қаламгер» жобасының алғашқы отырысына куә болдым. Жиынға жазу өнеріне қызығушылығы әрі икемі бар студенттер көп келді. Олар белгілі ақын-жазушылардан дәріс тыңдап, шеберлік шыңдады.

Алтыншы-жетінші күн:

– Қарқаралы ауылында болдым. Бұнда мені журналист, аудандық «Қарқаралы» газетінің бас редакторы Құрманғазы Өтебайұлы қарсы алды. Өзі жолбасшы болып, ауылды аралатты, мәдени-тарихи орындарға апарды. Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітін, Абай тоқтаған үйді (қазіргі аудандық мәдениет бөлімінің ғимараты), Ақтүбек ауылындағы Ахмет Байтұрсынұлы сабақ берген мектепті, М.Мамыраев ауылындағы Қ.Қуанышбаев атындағы өлкетану музейін тамашаладық. Шайтанкөлге бардық.

Қарқаралы аудандық тарихи-өлкетану музейінде экскурсавод Сатбек Сламбеков айтқан деректерге құлақ түріп, қоржынымды қампайттым. Музейде Қасымның жазу үстелі, Қазыбек бидің шапаны (фотосурет, шапанның өзі Ұлттық музейде) секілді жәдігерлерді көрдім. Ерекше әсер еткені – шүберек қиындысы. Бұл жәдігер белгілі ғалым Ақжан Әл-Машанидің Әл-Фараби мұраларын зерттеп жүргенде Сирия, Ливан елдеріне жасаған сапарларымен байланысты. Ғалым осы сапарында Сирия астанасы Дамаскта жерленген Әл-Фарабидің қабірін тауып, оның басынан ырым етіп, елге топырақ ала қайтқан. Баба топырағын осы шүберекке ораған. А.Машани Әл-Фараби зиратының топырағын бөліп Қарқаралының аға сұлтаны болған (1824-1844) Жамантай (Тұрсын) Төренің қорымында жерленген қыпшақ Әдекен қарияның бейітіне, Қ.Аманжолов кеңшарындағы үлкен жолдың бойында орналасқан Сеңкібай баба ескерткішіне сепкен. Музейде осындай ерекше дерекке куә болдым.

Мәліксайдағы Мәди зиратына барып, құран бағыштадым. Мәди ескерткішін, Шоқан мен Потанин тоқтаған үйді (қазіргі аудандық кітапхана), Жақып Ақбайұлы тұрған үйді (қазіргі «Сарыарқа» супермаркеті), Ә.Ермеков сабақ берген педагогикалық техникумды (қазіргі сауда орталығының ғимараты) көрдім. Бұлардың барлығы – өңір үшін ғана емес қазақ тарихы үшін маңызға ие тарихи ескерткіштер.

Екі күн бойы Құрманғазы ағаның шаңырағында құрмет көрдім. Құрекеңмен аға-іні болып танысып, жезде-балдыз болып тарқастық. Аға-жезденің ықылас-пейіліне риза болып аттандым. Ел-жер тарихына қатысты көп жайтты баяндап берді. Айтпақшы, Құрекеңнің үйі кезінде Әлімхан Ермеков тұрған үй екен.

– Қарқаралының Сарыобалы ауылында болдым. Түскен үйім – Жаңқаш әкейдің ордасы. Ілтипат танытып, қарсы алды. Ақын тәрбиелеп-өсірген отбасы болғандықтан шешей екеуі мені өз баласынан кем көрмеді. Қой сойып, ет асып, алдыма қымыз қойып, күтті.

Жанат Жаңқашұлы бастап, Аманжол-Рахымжан құдығына алып барды. Ұлықбек Есдәулет аға жырлағандай, «Құдыққа, Қасым аға, үңілемін // Суынан мөлт етердей бала бейнең!», – деп біз де құдық суына көз суардық.

Одан кейін Рахымжанның шаңырағының орынын көрдік. Ақын Қасымның: «Алтын діңгек – өзім туған босағам» деген өлеңі тасқа басылып жазылған екен.

«Рахымжан атамыз керемет сән-салтанатты жақсы көрген екен. Мен бала кезімде бір детальға куә болып едім», – деп жолбасшым Жанат ағам құлап қалған үй іргесінің бір тұсын нұсқап, қабырғамен қоса қаланған арқардың мүйізі болғанын айтты.

«Ол ат байлауға арналған. Бұл енді бөлек салтанат қой. Мен 2 оқитын кезде, бұл 1996-1997 жылдары болуы керек, бізді мектептен «Аталарыңның атакүлдігін көрсетеміз» деп осында алып келді. Сол кезде арқардың мүйізінен ұстап отырып, «Иә, Қасым ата, маған қасиетіңді бере көр!» деп тілеген едім. Бүгінді ақын аталып жүрсек, атамыздың қасиеті шығар?!

Мен бұл үйді қайтадан қалпына келтіріп, көтеру керектігін айтып жүрмін. Мемлекет қорғауына алу керек. Ашық аспан астындағы музейге айналдыру керек. Қасымды іздейтін ел бар. «Ей, тәкәпар дүние!» деп күллі қазақтың болмысын әйгілеп тұрған ақын ғой. Жайық Бектұровша айтқанда, «Кеңестік замандағы кері кетуге шақ қалған қазақ Поэзиясын өзінің қуатты қолымен жұлқа тартып, орнына қойған ақынның» үйінің жайын назарға алу керек деп ойлаймын. Қасымның туған үйі, кіндігі кесілген үйі музейге айналуы керек.

Бұл үйге небір жақсы  мен жайсаң келіп түсті ғой. Қасымды кедей дейді. Кедей осындай үйде туа ма? Рахымжан әкеміз атын жібекпен тұсайтын болған. Атын шешіп әкелген бала жібекті өзі алып қалады, ол кезде жібек қат дүние. Рахымжан «Тайжүзген» сабасын төрт жақтап пістіреді екен. Сабаны піскен адамдар бір бөлек шайын, сый-сияпатын алып кететін болған. Мысалы, Қасымның кіндігін кескен адам – Шәриә деген кісі. Төребай қажының келіні, Спатай атамыздың қызы. Сол кісіге сыйға берілген күміс білезік Дәулетқазы Мұқадиұлы деген ағамыздың үйінде әлі күнге дейін сақталған», – деді.

Сегізінші-тоғызыншы күн:

– Серік Ақсұңқарұлы үшін «Дүниежүзілік картада – Жүрекке ыстық бір нүкте» – Қызыларай ауылы арқылы Ақтоғайға жеттім. Ақын Мүсіркеп Сейдахмет қарсы алды. Біз ағамен Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбайұлының мүсіндері орнатылған «Алаш алаңында» жүздестік. Аға мені ертіп жүрді. Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейіне экскурсия жасадық. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның Желтаудан Семейге дейінгі сапарда мінген «Тарантас арбасы» есік алдына қойылған екен. Бұл пәуескенің иесі – Ә.Бөкейханның серігі Әбілдин Сәдуақас. Тарантасты музейге Балғабай Оспанов деген кісі тапсырыпты.

Музей алаңына «Айыртас» қыстағы маңынан, «Қызылтас» бөлімшесіндегі Айдай, Қосшоқы тауларының етегінен, Жіңішке өзенінің аңғарынан, «Қараменде би» айырығынан, «Жалаңаш» бөлімшесіндегі Теке тауының етегінен, Желтаудағы «Қасым қорасынан», «Қызбасы мазарынан» табылған Түркі дәуірінің мүсін тастарының макеті қойылыпты.

Музейде Ақтоғайда туып-түлеген ақындарға жеке құрмет көрсетіліп, арнайы стенд жасақталыпты: арыдағы Кенішбай Жұбандықұлы, Шашубай Қошқарбайұлы, Нарманбек Орманбетұлы, берідегі Жеңіс Қашқынов, Үкітай (Мүбәрәк) Жармағанбетұлы, Дәуітәлі Стамбеков бастаған, Бағдат Омашев, Әбіл Кәріпбаев, Жанболат Башар, Сүйіндік Жанысбай, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкен, Ғазиз Ештаеаев, Мүсіркеп Сейдахмет, Қуаныш Мақсұтов, Руслан Нұрбай, Серік Сағынтай, Бағдат Мүбәрәкұлы, Мақсат Ақанов, Салтанат Смағұлтегі, Ілияс Мұқай ақындардың суреттері төрге ілінгені бұл ел-жұрттың ақындарын ардақтай білетінінің айқын көрініс болар?!

– «Тұғыры биік тұлғалар» алаңына бардық. Ақтоғайдан шыққан тұлғалардың есімі жазылған тақтайшалар жағалай орнатылыпты. Одан кейін Шатыршаның басына шықтық.

– Сарытерек ауылының аумағындағы Талды бейітке барғанымыз ерекше әсер етті. Төрелер қорымы – Талды бейітте Әлихан Бөкейханның әкесі Нұрмұхаммед, атасы Мырзатай, анасы Бегімай, туған бауырлары Әзіхан, Тәтіхан, Смахан және жалғыз қарындасы Нұрбек жерленген екен. 1963 жылы аудандық партия комитетінің хатшылары Талды бейіттегі мазарға қойылған тастағы жазуды оқып, «Мынау буржуазиялық ұлтшыл идеяны дәріптейтін тас», – деп жазуды шауып, өшіруге тапсырма берген… Осы оқиға әсерімен «Талды бейіт» деген өлең дүниеге келді.

– Одан соң Қаратал (Беғазы) өзенінің оң жағалауында орналасқан Қола, ерте темір дәуірлдеріне жататын Беғазы қорымын көрдік. Қорым б.з.б. ХІІ-Х ғасырлар мен б.з. ХV-ХVІІ ғасырларға жатады.

Қорымды алғаш рет 1946 жылы Әлкей Марғұлан зерттеген екен. 1947-1952 жылдар аралығында зерттеу және қазба жұмыстарын Ә.Марғұлан, К.Ақышев, А.Оразбаев, Л.Кызласов (Мәскеу) жүргізген. Беғазы қорымын зерттеу 2003 жылы жаңартылған.

Беғазы қорымында қола, ерте темір дәуірлерінің бейіттері және ортағасырлық 57, кейінгі кездердегі 100-ге жуық қазақ бейіттері бар. Қорымның аумағы 240×570 м. 20 бейіт зерттелді. Оның 14-і андрон мәдениетінен Беғазы-Дәндібай мәдениетіне өту кезеңіне жатады. Өтпелі кезең бейіттері өңделген төртбұрыш, шаршы, дөңгелек пішімді жалпақ гранит тастарды қырынан, жоғарғы жағын ортаға қарай еңкейте көміп, құрастырылған қоршаулар түрінде болады. Мәйітті оның ортасындағы тас жәшіктерге жерлеген. Кейбір қоршаудың ішінде қос жәшік қатар салынған. Олар ертеректе тоналған. Сақталған мәйіт сүйектерінің қалдығына қарап, олардың бүктетіліп, қырынан, басын батысқа беріп жерленгені, кейбірінің мүрдесін өртеп, күлін көмгені анықталды.

Бейіттер ішінен андрон мәдениетінің соңғы кезеңіне тән, өрнегі мен пішімі жақсы сақталған көзелер мен олардың сынықтары, жебенің тастан жасалған ұшы, мыстан, илемеден жасалған моншақтар, киімге тағылатын өрнекті жапсырмалар, алтынмен аптаған салпыншақтар мен екі дөңгелек сырға, т.б. заттар табылды.

Беғазы қорымындағы қоршаулардың пішімі мен құрылысы, табылған бұйымдар Орталық Қазақстанда қола дәуірінің соңғы кезеңінде өмір сүрген тайпалардың жерлеу салты, діни сенімдері, қолөнері туралы құнды мағлұмат береді.

– Ақтоғайдан Қарағандыға қайтар жолда Ақсу-Аюлы (Шет ауданы) ауылан соғып, Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінде болдым.

Оныншы күн:

– Қарағандыда мені Айдын Байыс досым күтіп алды. Арнайы Астана қаласынан келіп, менің шығармашылық жұмысыма сәттілік тіледі. Былтырғы жоба қатысушысы ретінде ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар көрсетті.

Айдынмен де таныстырып, табыстырған – Қарағанды еді. Алғаш рет Руслан Нұрбай ағамыздың «Бөрі өлең тұр болмыстың көшінде ұлып…» атты жыр кешіне, мен Алматыдан, ол Астанадан келіп, қатысып, керемет жыр жәрмеңкесіне куә болғанбыз. Бұл 2014 жылдың ақпаны еді. Біздің достасуымызға себеп болған Аян Мейраш досымыз еді. Ол қазір жұмысбасты болып, аса көп хабарласпайды бізге. Жыр кешінен шығып, оннан аса ақын қыз-жігіт Мұсабек Сейсенбекұлы досымыздың үйіне улап-шулап барып, аунап-қунап жатып едік. Таң атқанша өлең оқып, сыр шертісіп…

– Қарағандыға барар бағытта кіреберісте орналасқан Бұқар жырау ескерткішіне аялдап, ауылға кірмей өтіп едім, қайтар жолда Ботақара (Бұқар жырау ауданы) ауылындағы музейге соғып, аудан тарихымен, тұлғалар өмірімен таныстым. Бұнда мені ақын Қалиасқар Шыныбектегі қарсы алып, өңірге қатысты ақпараттармен қанықтырды. Ағаға көп-көп рахмет!

Ботақара ауылында Өткелсіз деген өзен бар екен. Арнасы суалып қалыпты. Атауы да, қазіргі күйі де елеңдетпей қоймайтын өзенге қатысты «Өткелсіз» деген өлең түсті қағаз бетіне.

***

«Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясындағы он күндік шығармашылық іс-сапар мазмұнды әрі әсерлі өтті. Бойым сергіп, ойым серпіліп қайтты.

«…Ол жердің тоңы алтын, түгі торқа,

Қанша алсаң, қазынасы түспес орта.

Өшпейтін өміріңе от береді

Жігіті Қарағанды, салсаң қолқа…», – деп жырлаған Қасым әсерін көзбен көріп, көңілмен сезіндім.

 

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий