Бүгінде ел іші Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы жайлы құлағдар болғанымен, Ереймен жерінің тумасы, заманында халықтың пірі атанған Тоқан (Тоқмұхаммет) хазірет Домаұлы жайлы көп біле бермейді.

Айта кететін бір жайт, Ерейментауды жайлаған Қанжығалы елі мен Баянауылды мекендеген Сүйіндік (Төртуыл) руларының арасында сонау Шоң мен Шорман, Бапан билердің заманынан келе жатқан қырғиқабақтық бар. Бұның барлығы сол уақытта Ереймен өңіріндегі жер – суды бөлісе алмау мәселесінен бастау алғаны тарихтан мәлім. Осының аяғы ақыры 1831 жылғы «Ереймен жанжалына» себепкер болып, кісі қаны төгілгесін, Сүйіндік елі Ерейменді біржола тастап шығып кетеді.

Бірақ екі елдің арасындағы осындай салқындыққа қарамастан, қос ғұлама – Мәшһүр Жүсіп пен Тоқан хазіреттің бір-біріне деген құрметі ерекше болған. Ол жайлы ел ішіндегі ертеден қалған әңгімелерде де айтылады, сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандарының Қазиы болған дін қайраткері, ақын, фольклоршы Садуақас (Сәкен халфе) Ғылманидың да еңбектерінде кездеседі.

Тоқан хазірет Қанжығалының Бозым бөлімі, Есіргеп деген атасынан тарайды. Есіргеп руы Ереймен тауларының шығыс жағын жайлап, сүйіндік-құлболдылардың Күлік, Ақбура, Тұлпар аталарымен қоныстас болған. Мәшһүр Жүсіп те сол замандарда екі-үш жыл өз ағайындарының арасында, Шикібас қажының ауылында Өлеңті бойын қыстап-жайлаған. Осылай ел арасы жақын болғасын Мәшекең Қанжығалы жұртынан шыққан Тоқан хазіретпен араласып, сыйлас, пікірлес болады. Сол уақыттарда Мәшһүр Жүсіп пен Тоқан хазірет Өлеңті өзенінің бойын қыстап отырған Мәшһүрдің өз ағайыны Шикібас қажының ауылында кездесіп, мәжілістес болып, бір қонып тарқасады екен. Кейін Шикібас Мәшһүрден: «Қанжығалының хазіретімен бір түн мәжілістес болдыңыз, ол туралы не айтасыз?» – деп сұрапты. Сонда Мәшһүр: «Тоқанның ғылымы айналасы жартас, суаты жоқ терең қарасу сияқты!» – деген екен. «Бүл сөзді Мәшһүрдің немере інісі Әбілғазы Мағұрыпұлы айтып отыратын», – деп жазады Сәкен халфе..

Әбілғазы Сәкен халфеден жасы үлкен адам. Сәкен жас уағында ашаршылықтың алдындағы қыста Өлеңтінің бойында отырған Есіргеп Айтжанның Төкімінің үйінде қыстайды. Әбілғазы өз ағайыны Шикібас ауылында болып, арасында Сәкенге келіп, сабақ алып тұрыпты. Себебі, екі ауылдың арасы жақын, Өлеңтінің екі бетінде. «Дегенмен қыстың ақырында халық тозып, басына ауырлық түсіп, бір-бірінің азығын талап жерлік халге жетті. Әбілғазының аяқжорға қызылкөк аты бар еді, азғана мүлігін соған артып, қатынын жаяу ертіп, Баяндағы Мәшһүрдің қасына барам деп қоштасып кетіп қалған. Сол жазда халықтың азық – түлігін алып тонап жүрген бір жауыздар жолда Әбілғазыға кездесіп, өзін өлтіріп, атын алып кетіпті», – деп жазады Сәкен Ғылмани.

Сәкенге Мәшһүрдің сөзі мен әдетін, мінез-құлқын әңгіме қылып жүретін осы Әбілғазы екен. Сондай әңгімелерінің бірін Сәкен халфе былай деп есіне алады: «Тоқан хазірет Шикібас қажынікіне түсіп, түстеніп жүреді екен. Осылай бір келгенінде, Шикібас қажы Тоқан хазіретке мынадай тілек айтыпты:

-Тақсыр хазірет, Мәшһүр – біздің етжақын туысқанымыз. Құлболдының ішінде Күлік деген атадан Тілеуімбет болып бөлінеміз. Біздің ортамыздағы оқыған зор ғалым сол кісі. Қайын жүрты – Айдабол елі. Осы Мәшһүр қазір Күлік арасынан кетіп қалып, Айдабол, Қаржас ішіне барып отыр. Сол жерде отырғанын біз намыс қыламыз. Қайт десек, айтқанымызға көнбейді. Мәшһүр сізді сыйлайды, сондықтан сол кісіге елге қайт деп шариғат жолымен бір хат жазып берсеңіз!

Тоқан хазірет Шикібастың тілегін құп алып, араб тілінде мынадай бір хат жазып беріпті: «Йа аййуха-н-нас, инна халақнакум мин закаруа унса уа джа*алнакум шу*убануа қаба*ил ли-т-арафу» (ал-айа), «Силлу архамакум» (ал-хадис)» «Молла Тоқмұхаммет» – деп жазыпты.

Оған Мәшһүр Жүсіп төмендегідей жауап қайырған екен: «Фафирру ила-л-лах (аят). « Әл-Фирар мимма ла йутақ мин сунан ал-мурсалин». Әбілғазы осыны маған көрсетіп: «Бұл екі хаттың мазмұны қалай?» – деп түсінік сұрады.

Мен: «Әй, Әбеке, баяғыдан бері оқығанда, осыған шамаңыз жетпеді ме?» – деп күліп, түсіндірдім.

Тоқан хазірет бір аят, бір хадис жазыпты. Аяттың мазмұны: «Біз адамдарды әйел, еркек қылып жаратып, оларды ұлт, қауым, қабила, ру қылып жараттық. Бірін-бірі тану үшін». Бұнда: «Сен Күлік емессің бе, Жақыныңмен танысып, бірге болуың керек» – деген ишарасын аңдатқан. Ал хадистың мазмұны: «Жақыныңа сый-рақым қылу керек, араңды үзбе, байланыс жасап отыр, туған-туысқандарыңнан бөлініп басқаға кетуің жол емес» – деген ишараны көрсеткен.

Ал Мәшһүр Жүсіптің хатының мазмұны: «Алла Құранында: «Аллаға қашыңдар»» – деген. Хадисте: «Күштен асқан істен қашу – пайғамбарлар жолы» – дегенді білдіреді. Бұдан Мәшһүрдің: «Күлік деген құдайшылық жолда жүрмейтін ел болды, айтқан сөзіме көндіре алмадым, сондықтан ғылымды сыйлайтын Айдабол, Қаржас ішіне кеттім» – деген ишаратына саяды, – дедім.

Әбілғазы марқұм таң қалып: «Апырай, апырай, қалай терең жазылған хаттар!» – деп тамсанып қалды», – деп әңгімеленеді Сәкен халфе сөзінде.

Енді Тоқан хазірет пен Мәшһүр Жүсіп жайлы ел ішінде айтылып жүрген мына бір әңгімелерді де назарларыңызға ұсына кетпекпіз. Екі ғұламаның ара жақындығын ұната қоймаған Қанжығалы елінің белгілі адамдары Тоқан хазіреттен: «Сіз Сүйіндіктің Мәшһүрін сонша құрметтейсіз, не қасиеті бар оның?!» – деп сұрайды екен. Сонда Тоқан жарықтық: «Мәшһүрді Алла оқытқан, мені адам оқытқан!» – деп жауап беретін көрінеді.

Ал Мәшһүрден Сүйіндік елінің жақсылары Тоқан хазірет жайлы сұрағанда, ол: «Тоқанның алты мың алты жүз алпыс алты жылқысы бар!» – дейді екен. Мұның мәнісін түсінбеген кейбіреулер: «Ойпырмай, не деген қисапсыз бай!» – деп таң қалатын көрінеді. Сөйтсе, Мәшһүр Жүсіп Құранның аяттарын меңзеп айтады екен. Яғни, Тоқан хазірет Құран сөзін бастан-аяқ жатқа біледі деген сөз.

Жалпы, Тоқан хазірет пен Мәшһүр Жүсіпке байланысты біраз әңгімелер Ереймен жерінде бүгінге дейін сақталып қалған. Соның бірі былай деп келеді: «Бірде Тоқан хазірет Мәшһүр Жүсіпті қонаққа шақырмаққа Өлеңті бойына қарай бара жатып, жолшыбай Сүйіндік елінің бір адамының қайтыс болғанын естиді де, сол үйге соғып, дұға оқиды. Бірақ әлі мәйіт шықпаған екен. Мұны көрген сол елдің адамдары Тоқанды сүріндірмек ниетпен Мәшһүрге кісі шаптырыпты. Ол адам Мәшһүрдің үйіне Тоқаннан бұрын жетіп, хазіреттің шариғатты бұзып, мәйіт шықпаған үйге дұға оқығанын айтады. Сонда Мәшекең жарықтық:

– Тоқанның айтқаны да, істегені де дұрыс. Оны Құдай оқытқан, мені адам оқытқан, оған шек келтіруші болмаңдар! – деген дейді. Міне, сол кезде екі рулы елден шыққан екі ғұлама бірін-бірі осылай қадірлеген екен.

ТОҚАН ХАЗІРЕТТІҢ КЕРЕМЕТТЕРІ

Хазірет бірде Көкшетау жағындағы құдасын қонаққа шақырады. Бірақ құдасы сырқаттанып келе алмай, құдағиы үш ат жеккен пәуескемен келіпті. Тұмсықта отырған хазіреттің ауылында бірнеше күн сый-құрмет көрген құдағиы енді еліне аттанбақшы болғанда, хазірет жылқышысын шақырып алып: «Шұбар қысырақтың үйірін айдап алып кел, ішінде бір «жігіті» болсын», – дейді. Жылқышы айдап келеді. Тоқан хазірет:

-Ал, құдағи, аттанам десеңіз жолыңыз болсын! Мына қысырақтың үйірі жолыңызға байлағаным, ала кетіңіз, – депті.

-Құда-ау, бұл малды қалай жеткізем, жанымда ат айдаушым мен екі жас бала ғана. Ниетіңізге рахмет! Қысырақтың үйірін айдап әкете алмасам да, құдаңызға алдым деп айта барам, – дейді құдағиы.

Сонда хазірет:

-Құдағи, абыржымаңыз, бұл сізге бұйырған мал. Аллаға сыйынып, жылжып жүре беріңіз, – депті. Шынында да, пәуеске орнынан қозғалып жүре бергенде, қысырақтың үйірі соңынан тізіліп ере жөнелген екен.

ТАҒЫ БІР КЕРЕМЕТІ

Жаз шілденің күнінде хазіретті бір сыйлас адамы қонаққа шақырса керек. Айтқан уақытында барса, әлгі үйде отағасынан басқа ересек ешкім көрінбейді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін үй иесі далаға шығып кетеді. Әрі-беріден соң даладан шуласқан дауыс шығадыі. Мұны естіген хазірет те далаға шығып: «Не болды, тыныштық па?» – деп сұрапты.

-Сіз жалғыз отырмасын деп, мына ауылдағы пәленбай деген ақсақалды шақырта қояйын деп едім, үйдегі жалғыз жуас атты бала мініп кетіпті, енді не істерімді білмей тұрмын, – дейді үй иесі.

-Мына көп жылқының бірін мініп барып келмейсіңдер ме? – деп сұрайды хазірет.

-Олардың барлығы асау, бас білмейді.

-Әй, анау шетте тұрған жирен биеге таман баршы, жүгеніңді ала бар, – дейді хазірет.

Үй иесі жүгенін ұстап жирен биеге жақындап барса, өмірі жүген-құрық тимеген асау бие бұрыннан қолға үйренген мал секілді қозғалмайды. Биені жүгендеп, ырғып мініп, «шу» дегенде, бес жасар асау ту бие жайлап жүре беріпті. Сөйтіп, көрші ауылдағы ақсақалды қонаққа шақырып келген екен.

Сайлау БАЙБОСЫН

Фото: mazhab.kz

Добавить комментарий