Қазақта қара сөздің жілігін шағып, майын ішкен қаламгер суреткерлер жетерлік. Соның ішініде Рахметолла Райымқұловтың есімі дара аталады. Өткен ғасырдың әдебиет көшіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған талантты қаламгер сонау бір мыңда тоғыз жүз он үшінші жылы шұрайлы Оңтүстіктің Бостандық ауданында, Қараманас топырағында  дүниеге келіпті. Иә, иә дәл сол солақай соқыр саясаттың құрбаны болған – Бостандық. Кеңес үкіметінің кезінде белгілі һәм белгісіз себептермен, өзағамдардың «мақта егеміз», «әлеуетімізді арттырамыз» деген сықылды сылтауларымен Мәскеуге хат жазып жүріп «қолға түсірген» өлкесі. Сөйтіп, жер жылжымаса да, шекара жылжып шеттегі елді мекендер көрші елдің атына өтіп кетіпті. Содан «жерлес» болып кеткен қаламгеріне өзбек жұрты ерекше ықылас танытқан: өзектен теппей шама-шарқынша құрмет тұтып келе жатыр. Бүгінде аудан орталығындағы үлкен көше, туған ауылындағы бір көше мен білім шаңырағы Рахметолла Райымқұлов атымен аталады. Ауданның құрметті азаматы атағы және бар. Хош, айтарымыз бұл емес еді. Мәлім де беймәлім Рахметолла есімі бүгінгі жас ұраққа таныс па? Таныс емес пе? Жазушыны насихаттауда біз қандай жұмыс жасаудамыз? Сол жайында әңгіме өрбітейік.

Өз басым Рахметолла Райымқұловты  сықақшы деп таниды екенмін. Олай дейтінім, бұдан оншақты жыл бұрын газет бетінен жазушының сықақ әңгімелерін оқып шыққаным бар еді. Қаламгердің шығармаларымен алғаш танысуым сол екен.  Ол кезде Рахметолла кім, Райымқұлов кім, тағы қандай шығармалары бар екен? – деген сауалдар, әрине, жалқау оқырманыңыздың өң-түсіне кіріп те шықпапты. Құдай Тағаланың ықпалымен өткенде кездейсоқ жағдайда жазушының үш томдық кітабы қолыма түсті. Аты-жөні таныс. – «Ой, баяғы «пәленбай» деген сықақшы екен ғой» деп қоямын, есіме бірдеңелер түсіп. «Тоңмойын директор», «тапқыр қойшы», «шашы аппақ қыз» секілді фельетон кейіпкерлері көз алдымнан сәлем беріп өте шықты. Іле-шала кітапты төңкере сала, жанталасып. мазмұнын қарап жатырмын. 1-том повесть… 2-том роман… 3-том роман… Сықақ әңгімелер ше? Кітап мұқабасын сипалап,  сүтке тоймаған қозыдай бұртидым да қалдым. Сәлден кейін 1-томды қолыма алдым. «Бала жігіт» деген повесі тұр. Астында «Болаттың сынығы» романы да тұр. Оқысам ба, оқымасам ба? Бала кезімде кітап көп оқушы едім. Келе-келе сиреттім. Жай кезде ұялы телефонмен таң атырып, күн батыратын мен кітапқа келгенде уақытымды аяп қалыппын. Ішімде алай-дүлей күрес. Миым лениншілеп «Оқы, оқы және оқы» десе, еріншектік көк желкемнен тартады. Ақыры оқитын болып шештім. «Бәрекелді!» деп өзімнің мақтауымды асырып, «Бісміллә» деп кітап бетін аштым. Кітап беті ашылды да, тура мағынасында ішінен «інжу-маржан шашылды». Қалай шашылды дейсіз ғой (Екі қолымды құлаштап көрсетіп тұр деп елестетіңіз). Әр бетті парақтаған сайын белгісіз жазушы, белгіліге айналып, беделі көз алдымда өсіп бара жатты. «Ғалымның хаты өлмейді» дегендей, өмірде көрмеген адамым болса да, тура Рақаң өзі маған әңгімелеп отырғандай «Бала жігітті» судыратып оқып шықтым. Ғаламтордың 5 секунд жарнамасына шыдамым жетпейтін мен тапжылмастан бір повесть оқып тастағаныма таңғалудамын. Пәлен жерде алмам бар еді демей жеп тынған жақсы дейді ғой. Ертеңінде «Болаттың сынығын» оқып шықтым. Келесі күні тағы бір роман сөйтіп, сөйтіп Райымқұлов шығармаларына деген махаббатым қалай ашылып кеткенін өзім де байқамай қалдым. Оның шығармалары менің кітапқа деген құлшынысымды да қайта әкелгендей еді.  Содан не керек, іздеп жүріп басқа да кітаптарын, шығармаларын оқи бастадым. Қаламының ұшындағы не құпия екендігін қайдам, бірден елітіп әкеткеніне құдіреті бары шындық. Оқырманды самарқау қалдырмайды. Шығармалары ә дегеннен өзінің қою оқиғаларымен оқырманды  баурап алады. Оқырманды арман жетегіне әкете отырып, ойландырады, толғандырады, қиялына қанат бітіреді. Әсіресе сәтті шыққан кейіпкерлері арқылы айтар ойын, берер идеясын оқырманның жүрегіне дәл қадайды, ұялата біледі. Кейіпкердің мінезін түр-тұлғасын шебер берген жазушы шығармаларында бір сөйлеммен, көп нәрсе аңғартады. Шағын ғана шымыр сөйлемдерде жарасымын тапқан жақсы салыс­тырулар, сипаттаулар бар. Жазушы кейіпкерлер әрекеті негізінде қандай жағдай болмасын әділдік пен ізгілік күштерінің біздің өмірімізде аса маңызға ие екендігін нақты мысалдармен дәлелдеп береді. Мәселен «Қара жорға» романында бас кейіпкер Сейіттің образы арқылы соғыс жылдарындағы ауыл қазақтарының өмірі керемет суреттелген. Колхоз төрағасы Сейіттің адамдықты бірінші қоятыны іс-әрекеттері, сөйлеген сөздері арқылы шығарманың бас кезінен-ақ белгілі болады.  Басшымен де, хатшымен де, қарапайым еңбеккерлермен де хал сұрасып, жөн сұрасуы оның адам алаламайтынын аңғартады. Соғыстың қысылтаяң кезеңдерінде таң сәріден түн ортасына дейін «Бір түйір дән болса да майданға! – деп ұрандатқан, тылда еңбек етіп жатқан жетім-жесірлерге әміршілдігін көрсетпей, керісінше қолдау білдіргені көңілге ерекше сезім  орнатады. Соған көп мысалдың бірі мынау: «Қайтсін, азаматтар! Дертке шипа іздейді-дағы! Ал, Сейіттің қолынан не келеді? Бар болғаны жылы шырай беріп, жылы лебіз білдірді. Байқап тұрса соның өзі қандай ғанибет. Қайғылылардың соған да көңілдері көншіп, мәртебелері көтеріліп қалады. Оны көрген Сейіттің өзі де бір жасағандай қуанады». Міне, осы жерден біз оқырман ретінде Сейіттің бұл әрекетіне риза болып қаламыз. Қаламгердің «сиқыры» да осыда. Кейіпкер арқылы күйіндіріп-сүйіндіру. Аталған повесті оқи отыра, сөз жоқ қаламы төселген жазушы екендігіне күмәнің қалмайды. «Отқа оранған кеме», «Ұялы сайдағы текетірес», Сейіттің Құрбанмен кездесуі секілді шиеленіскен оқиғалар оқырманды бір ойландырып, бір толғандырады. Кез келген шығарманы оқу барысында оқырман шығармадан авторды іздеп отырады. Р.Райымқұловтың бұл шығармасында автор кейіпкерлер диалогы, қимыл іс-әрекеті арқылы біте қайнасып кеткен. Сол арқылы жазушы кейіпкерлерді сипаттауға көп мүмкіндік алған. Кейбір жазушылар секілді өз ұстанымын, көзқарасын шығарманың басында, ортасында немесе аяғында жылтыңдап шыға беріп, оқырманға күштеп тықпаламайды. Қаламгер аталған повесте баяндағысы келген жайттарды басқа сипатта беріп, оқырман өз көзімен көріп отырғандай күйге түсіреді. Шығармаға өзек болар өмір құбылыстары сұрыпталып, оған бейнелілік, идеялық бағыт, көркемдік берілген.

Романның «Қара жорға» аталуында үлкен мән жатыр. Әкесі Тоқатайдан қалған жалғыз мұра осы күй еді. Колхоз жұмысына адал әкесі күні бойы ауыр жұмыстан соң, үйге келіп тынығатын кезде осы күйді шертеді екен. Қос ішектен шыққан осы бір үн бала Сейіттің қиялында жатталып қалған. Ол күйді тыңдаған сайын арманы шарқ ұрып алысқа жетелейді, ел аузында аңыз болған арғымақ  – Қара жорғаны көз алдына елестететін. Оны жазушы былай береді: «Сейіт жорғамен бірге теңселеді. Әуелі күйші көңілінде ол мамықтай жұмсақ бүлкілімен жер бетінде байпаңдай қалқыса, енді бірде кенет құзар көкке шапшығандай тезірек қақты. Сейіт құмарта кеп атқан күшті насыбайға елтіген насыбайшыдай жорға сазына елтіп отырды». Сөйтіп, Сейіттің бүкіл жан-дүниесі, жүйке-тамырлары шарқ ұрған күймен қосыла қатар ағып бара жатқандығын керемет суреттейді. Сан ғасырлық тарихын тасқа қашап, көл-көсір рухани байлығымен сахара мәдениетін қалыптастыра білген бабаларымыздың ұрпаққа аманаттаған мәдени құндылықтарының басым көпшілігін жылқы жануарына арнап шығарған. Оған «Маңмаңгер», «Салкүрең», «Ақтаңгер», «Қос күрең» секілді ән-күйлерді дәлел ретінде келтіруге болады. Бұлардың қай-қайсысын алсақ та, өзіндік ұлттық ерекшелігімізбен, тұрмыс-салтымызбен біте қайнасып келе жатқан шығармалар екендігіне шүбә келтірмейміз. Солардың ішінде «Қара жорға» күйі де ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан мұрамыз. Десе де кеңес дәуірінде біршама құндылықтарымыздан көз жазып қала жаздағанымыз белгілі. Ұлтымызда кез келген адам өткеннің тағылымын өскелең ұрпақтың санасына қалдыруды өзіне парыз санап отырған. Тарихи сананы қалыптастыратын ол әрине тәжірибесі мол, ой өрісі терең адамдар. Осы ретте қаламгерлер де, халқымыздың игілік істерінің өнімін сақтап, ертеңге буынға шығармалары арқылы табыстап отырды. «Қара жорға» повесінің өн бойында Сейіт әкесінен қалған осынау мұраны есіне алып рухтанып отырады. Сөйтіп жазушы ұмыт бола бастаған күйді оқырманмен қайта қауыштырады. Осы секілді мысалдар қаншама. Жазушының бүкіл шығармасы тұрмақ, бір ғана «Қара жорғасын» талдауға бір мақаланың көлемі жетпес. Бір айтарымыз аталған шығармада, өмірде қандай жағдай болмасын адамшылықтан аттамаған кесек кейіпкерлер бейнесі, ұтымды қолданылған диалогтар, шым-шытырық оқиғалар бір-бірімен астасып шебер суреттелгені.

«Қара жорғадан» соң жазушының өзге шығармаларын да оқи бастадым. Сондағы байқағаным: ешбір жазушыға ұқсамайтын өзгеше стиль. Көркемдік қасиеті мол, әдемі, тартымды, ұнамды. Көңілге қонымды оқиғалар, шебер қиыстырылған тіркестер, тапқыр да ұтқыр ой, көркем ой мен сұлу сөз оқырманға ерекше эстетикалық ләззат сыйлайды. Қай бір шығармасын алсаң да, мейлі ол «Түйелі адам», «Жасыл белес», «Балдақты адам», «Болаттың сынығы», «Бала жігіт» болсын: бас-аяғы бар, оқырман бойындағы сезімді оятып, көңілін сергітетін шебер пішілген туындылар есебіне жатқызуға болады. Қай заманда болмасын романтика мен реализмді қатар бейнелеген шынайы шығармалар адамның рухани жағын жаңғыртып, болмысына әсер етеді. Бұл дегеніңіз нағыз жан тәрбиесі, көңіл қанағаты деген осы болса керек.

Алысқа бармай-ақ қояйық, менің айналамда мотиватор, коуч, психолог іздеген жастар көп. Сол бағыттағы кітаптарды жата жастана оқып, дәрістерін тыңдайды. Не десек те, батыс мәдениеті мен біздің мәдениет арасында жермен көктей айырмашылық бар. Ол – шындық. Осыны бүгінгі жастар түсінсе ғой, шіркін! Мені  қоғамымызда өзім дегенде өзегін суырып берер тасбауыр ұрпақ тәрбиеленіп жатыр ма деген де қорқыныш толғандырады. Құлтемірдің құлы болып бара жатқанымызда шындық. Бұл жолдан шығар бір ғана жол бар. Ол – көркем шығармалар оқу. Рахметолла Райымқұлов секілді қазақтың кіл мықты жазушыларының шығармалары көңіл көкжиегімізді байытып, рухани жағынан жаңғыртып, адамзат бойына мейірімділік, ізгілік қасиеттерін сіңіреді. Міне саған – психология. Жаңалықтарды ашып қалсақ, «ұрған», «соққан», «өлтірген», «қамаған» секілді ақпараттардан аяқ алып жүру мүмкін емес. Мұндай қатігез ұрпақ қайдан шықты деп таңырқаймыз ғой тағы. Талай нәубетті бастан кешірген қаймана қазақ қауымы дәл осы ұлттық дәстүрінің арқасында  рухы құламай, туы жығылмай келе жатқан жоқ па еді. Небір идеологиялық шабуылдарға да төтеп беріп, аса бай мәдениетіміздің арқасында тұғырынан таймаған халық екенімізді ешқашан естен шығармауымыз керек. Сол себептен де сіз болып, біз болып ұл-қызымыздың бойына қазақылықтың нәрін сеуіп, ұлтжанды, саналы қылып тәрбиелегеміз келсе, көркем шығармаларды оқытуымыз қажет.

Тек қана шығармаларын ғана емес жазушының жүріп өткен өмір жолын, жасаған игі істерін жас ұрпаққа насихаттау да тәрбиенің бір түрі. Әдебиетте өзіндік қолтаңбасымен танылған Рахметолла Райымқұловтың жазушылығы бір төбе болса, кісілігі бір төбе. Биыл Рақаң туғанына бір ғасырдан он жыл асыпты. Көз көргендер Рақаң деп сыйлапты. Ол өз заманында Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов, Қасым Қайсенов, Мұқағали Мақатаев, Қалмұқан Исабаев, Мұхтар Мағауин, Қабдеш Жұмаділов секілді ақын-жазушылармен үзеңгілес қатар жүрген. Жары Макизаның айтуынша, адам жатырқамайтын ерекше мінезді кісі болған. Қазақтың мандайына біткен қабырғалы қаламгерлері атын атамай «Рақаң» деп сыйлап өткен деседі. Софы Сматаев, Бақтияр Сманов, Дулат Исабеков секілді жастардың проза әлеміне қанат қағуына да бірден-бір себеп болған осы Рақаң екен.  Аталған қаламгерлердің ол туралы жазған естеліктері жайлы таңды таңға ұрып жырлауға болады.

Әуелі өлеңмен бастаған Рақаң кейіннен келе проза, драма, сатира жанрларында қарымды еңбек етті. Скетч, әңгіме, сын-сықақ, фельетондары майдан қыл суырғандай жатық, ал роман-повестері – құрылымы жинақы туындылар. Оның шығармалары қоғамдағы таптық, әлеуметтік мәселелерді қозғай білген тағдырлы проза қатарына жатады. Пьесалары да талай театрларда сахналанды. Сонымен қатар аудармашылықпен де айналысты. Шығыс әдебиеті классиктерінің бірі Садриддин Айнидің «Үміт» кітабын тәржімалады. Оның шығармалары да әлемнің бірнеше тілдеріне аударылды. Тырнақалды кітабы «Уәдеден» бастап, өмірінің соңына дейін өнімді жазып тұрды. Көптеген жұмыстар атқарып қызметте болса да, қат-қабат тіршілік арасында жүріп те қаламын қолынан тастамады. Десе де, қаламгердің жауынгер жазушы екендігін қалың оқырманның бірі білсе, бірі білмес. Рақаңмен етене араласқан атақты Бауыржан Момышұлы бір сұхбатында: «Басқа жазушылар сиямен жазса, біз қанымызбен жазамыз» депті. Майдан даласын өз көзімен көріп келген қаламы қарымды жауынгер жазушының шығармалары өзінің шынайылығымен оқырман қауымды баурап алады. Өмір мен өлім беттескен уағын талай көзімен көрген Рақаң шығармаларындағы майдан суреттері де өз алдына бөлек әңгіме.

Қорыта айтқанда, Рахметолла Райымқұлов – қазақ әдебиетінің ХХ ғасырындағы бір туар алыптарының бірегейі, ұлттық сөз өнерінің көрнекті зергері. Жақсы адам жақсы жазушы бола алады, ал жаман адам жазушы бола алмайды дегендей, көңілі көлдей, дархандығы қазақ даласындай алып жазушының толымды еңбектері жайында сөз қозғау, насихаттау – парызымыз. Өз шығармасына үлкен жауапкершілік пен қатал талап қоя алатын жазушы ғана күллі әдебиеттің болашағына қамқорлық жасай алады. Адам ділінің сарапшысына айналған жазушылардың қоғам алдында көтерер жүгі ауыр. Халқымызда «Жартыны жарып жеген – татулықтың белгісі» деген сөз бар. Өзім әу баста «сықақшы» деп танитын адамның ұлы қаламгер екендігіне көз жеткізген соң, сіздермен де бөліскенді жөн көрдім. Оқырман оқырман деңгейінде, мемлекет мемлекет деңгейінде жазушыны дәріптесе  құба-құп емес пе? Сөз соңында айтарым: әдебиетіміздің тарихына алтынға бергісіз туындылар қалдырған Рахметолла Райымқұлов, көркем проза оқитын, кітапсүйер қауымның шебер жазушысына айналып, мәңгі жасай берсін!

Қарлығаш ҚАШҚЫНБАЙ,

Павлодар қаласы.

Добавить комментарий