Май – тарих терең, мәдени мұрасы мол өлке. Өңірдің рухани және тарихи жаңғыруы жайлы әңгіме қозғасаң таңды көзбен атыруға болады. Ұлыларын ұлықтаған елдің тарихы – қазақ халқының ұлы тарихының бір қыры.
Сондай мақтан тұтар тұлғалардың бірі – ұлағатты ұстаз, айтыскер ақын, публицист-журналист Мұқсихан Заитов.
Май ауданының Бестау ауылында 1928 жылдың 25 маусымында дүниеге келген. Биылғы жылы аудан көлемінде талантты тұлғаның 95 жылдығы кеңінен аталынып өтуде.
Мұқсихан ескінің жұрнағындай, айтыс дәстүрі қайта жаңарғанда, 1985 жылы домбырасын қолына алып, облыстық ақындар сайысына белсене араласты. Ақтоғайлық ақын Қимадиден Нығмановпен айтысқа шығып, Алматыдағы ақындар айтысына облыс атынан қатысқан. Осыны ескере келе аудан әкімінің қолдауымен дүбірлі айтыс өтті. Оған облысымыздың сөз сүлейлерімен қатар Қарағанды, Жетісу облыстарынан айтыс ақындары шақырылды. Ақтық сында баянауылдық жырау, «Алтын домбыра» иегері Аспанбек Шұғатаев пен жетісулық Айым Асылбекқызы сөз қағыстырды.
Мұқсихан Заитов бала кезінен жыр дүлдүлі, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовты, Нұрғали Байқұрмановты, Нұрмұхамбет Самақаевты, Рақымхожа Зұбайргенді, Әждар Бакинді, Темірбек Бақинді тындап өскен. Осындай танымал жерлестерінен алған рухани азық оны ән, өлең әлеміне жетелей түседі.
Өмір тауқыметін ерте көрген Мұқсихан еңбекке ерте араласты. Он бес жасында туған ауылында мұғалім болды. Бала оқытты, өзі де оқыды. Алматыдағы ҚазПИ-ді сырттай оқып бітірді. Қолына қаламды да ерте алды. Көркемөнерпаздар ұйымына қатысты. Небары 24 жасында «Қазақстанның оқу-ағарту ісінің үздігі» атанды. Ақын егделенген шағында журналистикаға келді. Облыстық «Қызыл Ту» газетінің Май және Ақсу аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарады.
1974 жылы Алматы баспаларының біріне «Аңсаған арман» дастанын басуға тапсырды. Өлеңдері туған жер, ана, бала тақырыбына арналған. Сын-сықақты да жазған. Жаңылтпаштар, өтірік өлеңдер, мысалдар, жұмбақтары да бар. Мұқсиханның біраз өлеңдері «Менің атым – Алма», «Шұғыла», «Жыр шашуы» жинақтарына енген.
Жақында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі Мұқсихан Заитовтың мерейтойына орай әдеби кеш ұйымдастырды. Ақынның ұрпақтары, зиялы қауым, жерлестері мен марқұмды көзі көрген бір топ адам әдемі естеліктерімен бөлісті. Өлеңдер оқылып, ән шырқалды. Өнер иесінің рухына дұға бағышталып, ас берілді.
Ұлықтау шаралары мұнымен тоқтап қалмасы анық. Танымдық-тағылымдық жобалар жүзеге аса беруге тиіс. Әсіресе, өскелең ұрпақ жадында мәңгі сақталуы үшін сынып сағаттары мен әдеби кештер көптеп ұйымдастырылса игі. Көпшілік қауым тарапынан ақын атына туған жерінде көшелер беріліп, білім ордаларының бірін Мұқсихан Заитов есімімен атау туралы ұсыныстар айтылды.
Жұмабек Сманов