(Салтанат Төлегеннің баяны негізінде жазылды)
Тағы да түн. Перзентхананың ішін меңіреулік жайлап алған. Тек анда-санда бірінің артынан бірі үздік-создық созылып, шекеңді тіліп өтетін ащы үн — іңгәлаған сәбилердің дауысы ғана ештеңеге селт етпейтін енжар тіршіліктің мазасын алып, жүректі тіледі. Бір сәт, мен де жантайып көз шырымын алмақ болып едім, тұла бойымды шымырлатып өткен бір шырыл атып тұрғызды.
Құдды біреу баланы ұрып жатқандай, жылауы қандай ащы, қандай зарлы еді!.. Жүрегім дір етіп, еркімнен тыс орнымнан көтерілдім. Жағалай орнатылған жарығы әлсіз дәлізді бойлай, дауыс шыққан жаққа беттедім. Әлде бір үлкен әйнекті бөлменің тұсына таяғанда, тұла бойымды әлсіз діріл шарпыды: қатарынан тізіліп жатқан шақалақтар… шырылдаған нәрестелер…
Арнайы бөлінген жатын бөлмеде он шақты сәби бар екен. Бәрінің тағдыры бір — туғаннан тастанды. Тамақтарын мемлекет арнайы дайындаған ұнтақтан әзірлейді. Кейбір аналар сүтін сауып өткізеді дейді, бірақ олардың сүті бұл бейбақтарға жетпейді екен. Кішкентай емізікті құмыраларға құйылған сүт қастарында тұр.
Қаншалықты естісең де, көзбен көрмейінше, жан азабын ұғына алмайды екенсің. Сол бала ана мейірімін іздеп жылағандай көрінді маған. Баланың ғана емес, тірі жанның, тірі рухтың зарлы шері секілді…
Тұрған орнымда сілейіп қалдым. Көзімнен жас домалап ағып, иегімнен тамып жатыр. «Мұндай масқараны қай заманда көрініп едің?» деп ішімнен өзімді-өзім қыстаймын.
Құлағымның түбінен шыққан әлдебір дауыс селк еткізді.
— Неғып тұрсыз? Палатаңызға барыңыз, — деді шұбар көзді медбике. Даусы қатаң да салқын.
Қолындағы сүт құмыраларын бірінен кейін бірін тастанды балалардың жанына қоя бастады. Мен аң-таңмын.
— Бұлар ұстап іше алмайды ғой, қалай ішеді? — дедім даусым бөтен біреудікіндей біртүрлі шығып.
Медбике қабағын бір көтеріп қойды да, қапелімде:
— Анасы ойламаған баланы біз неге ойлауымыз керек?! — деді кесіп: — Қарындары ашқанда өздері бір амалын табады. Жұмыс деген бастан асады…
Төбеме мұздай су құйып, жүрегіме шоқ басып шыжғырып жібергендей болды. Кәсібіне әбден қатып-пісіп алған қатыбастығы болар, бәлкім, бейшара шарасыздығы шығар: қорықпайды, ұялмайды, күйінбейді де. Әйтеуір күні үшін күйбеңдеген, ақша үшін жанталасқан бір естанды күй. Аузыма сөз түспей, үнсіз қалдым.
— Қарап тұрайыншы… ішіне кірсем бола ма? — дедім үнсіздікті үзіп. Мүмкін, дауысымдағы аяныш жанын жібіткен шығар, медбике рұқсат берді.
Бөлменің ішіне ендім. Құмырадағы сүттерді жыбырлаған кішкентай қолдар өздері іздеп тауып, сұғынған ауыздарымен еміп жатыр екен. Қарап тұрып таңғалдым. Жаратушының әр тіршілік иесіне берген өмірге деген ұмтылысына бас идім. Адам деген итжанды ғой, расында. Басыңа күн түссе, қарсылық емес, көну заңдылыққа айналады екен.
Балақайлардың астындағы жаялықтар да ауыстырылмаған. Иісі мүңкіп тұр.
— Мынау астына жіберіп қойыпты ғой, — дедім тағы да.
— Таңертең ауыстырамыз. Әзір ешкімнің қолы тимейді, — деді медбике селсоқ.
— Ал әлгі шырылдағаны қайсысы? — деп сұрадым.
— Анау ер бала ғой. Сүт ішсе де, тоймай жылай береді, — деді.
Кенет, ішімдегі бір дауыс ұлып қоя берді: «Бәлкім, ол аштықтан емес, анасын іздеген зарықтан зарлап жылайтын шығар?..»
— Мен емізейінші… — дедім кенет.
Медбике таңырқай қарады да:
— Емізе ғой, — деді.
Мені орындыққа отырғызып қойды. Екі қолыма кішкентай шақалақты ұстатып, маңдайынан сипады. Өз ойымның тұңғиығына батып кеттім. Өз баламды қашан вакуумнан алып келеді? Қашан мен де емірене құшағыма басып, ұлымды шеше құшағының жұпарына бөлеймін?
Көзімнен жас төгілді. Ішкі өксігімді тыя алмаймын. Дір-дір етіп, тұншыққан күйі бөбекті құшағыма қыса түстім.
Өз баламды сағынып, мына бір жетімектің шерін сезініп жылаймын. Көкірегімді тосып отырмын. Бала болса, құйттай ернімен түртпектеп, қалақтай қолымен омырауыма жармасады. Жүрегім езіліп барады… Медбике маған емізудің ретін түсіндіріп жатыр. Мен оның сөзін әрең естимін, бар ықыласым сәбиде. Оның иісі – жұмақтың иісі екен ғой! Мұндай пәк иісті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес екен.
Бала маған қарап меймілдеп жатыр. Маған бауыр басып, уілдей бастапты. Кеудемдегі уайым, аналық махаббатпен араласып, бір ыстық шарапатқа айналды. «Қалай ғана жүрегі тас боп, біреу мұндай сәбиін тастап кетеді екен?» деген ойдан жаным шырқырады.
Медбике жымия қарап тұр.
— Қараңызшы, кейін қандай жігіт болады екен? — дедім баланың кескінін қызықтап.
— Әдемі жігіт болады, — деді ол. — Қарай гөр, мұрны, қасы — бәрі анық ажарлы, сүйкімді. Ірі бала. Өзі бойшаң болар.
— Осыны менің балам келгенше емізе берейінші? — дедім міңгірлеп.
— Емізе бер, ауысымдағы басқа медбикелерге де айтып қоямын, — деді іш тартып.
Солай, бір апта ішінде бұл бейкүнә тіршілік иесіне жаным иіп, бауыр басып қалды. Әр тамшы сүтпен бірге оған махаббатымды да тамызып бердім. Өзімнің сәбиімдей көрдім.
Перзентханаға келген жолдасыма сондай жалындым:
— Асырап алсақ қайтеді? Өз баламызбен бірге өседі ғой! — дедім.
Бірақ тегі басқаға бүйрегі бұрылып, жүрегі жібімеді. Көніп те қалар ма еді, – енем қарсы болыпты.
Ақыры не керек, өзімдікін өлідей, өзгенікін тірідей құшағыма баса алмай, қу тақтай еденде құр көлеңкемді ғана ілестіріп, қу тіземді құшақтап, жалғыз шықтым…
Содан бері он үш жыл өтті. Тірі ме екен? Кім болды екен ол қазір? Қайда жүр екен сол бала? Аман-есен жүрсе екен деп тілеймін ішімнен. Жолың болсын, балақай! Өмір саған мейірімді болғай!
Кей-кездері ойлаймын: кейде күйеуді де, енені де тыңдаудың қажеті жоқ екен. Жүректі тыңдау керек. Өйткені жүрек ешқашан алдамайды. Сол кезде жүрегімді тыңдағанда ғой… бәрі басқаша болар ма еді…
Айбек ОРАЛХАН.