
Құт қонған Ақкөл-Жайылма өңірін қоныс еткен әулие-әмбиелердің ішіндегі Жеміс әулие жайлы дерек аз. Бәлкім, мұрағат ақтарған ізденуші болса, ертеде қағаз бетіне түсірілген құнды мәліметтер табылып қалуы да ықтимал. Ал әзірге ел ішінде ауызша айтылып, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аз-маз сөзге қанағат етуге тура келіп тұр.
Әйгілі әулие туралы естіген әңгімелерін құлағына құйып алған Жеңіс Шоқаманов қария сөзін былайша өрбітті:
– Әулие, көріпкел, емші Жеміс Түлкібайұлының есімі заманында ат тұяғы жетер жерге дейін кеңінен тараған, мәшһүр болған. Шау тартып, өмірден өтер шағында түс көріпті. Ертеңінде туыс-туғанын жиып, әулие: «Жаратқан ием аян берді. Көз жұмған соң, тәнімді көп уқаламаңдар. Жаназаға алып шыққанда, аспаннан бұлт көрініп, жаңбыр себелейді. Тәніме сол жаңбыр суы тисін. Содан соң Бозайғыр көліндегі түбекке арулап жерлеңдер. Қабірімнің үстінен екі аққу айналып ұшып, құбылаға бет түзесе, о дүниеде рахат табамын. Келер көктемде қабір топырағымда жеміс көктеп шығады. Өз тұқымымыздан ешкім жемесін, зиян көреді. Қаны бөлек адамдар жесе, ауру-сырқаудан ем болады», – деп аманаттапты.
Жеміс әулие бақилық болған соң, айтқанының бәрі айнымай келіпті. Бұл әңгімені Жеңіс қария Жеміс әулиенің немересі Төлеулінің аузынан естіген екен. Қолымызға Жеміс Түлкібайұлы 1792-1874 жылдары жасаған адам деген дерек те тиді. Әйтсе де, аталмыш дерек нақтылауды қажет етеді.
Енді Жеміс әулиенің балалары жайлы айта кетейік. Бес ұлдың үшеуі: Моллабай, Оразбай, Өтептен ұрпақ қалмаған, Тазыбайдан – Орынбасар, Көжебайдан – Төлеулі. Ұрпақтары ішіндегі ең әйгілісі – Төлеулі зергер. Ақ күміске қарала өрнек жүргізудің хас шебері Төлеулі соққан білезік, жүзік және басқа да зергерлік бұйымдар ел ішінде сақталған. Мәселен, Төртүй ауылы тұрғыны Марат Құспековтің үйіндегі қарала екі білезік аса бағалы жәдігер болып саналады.
Төлеулі зергердің қайталанбас қолтаңбасын айшықтап тұрған білезікке «Төлеулі ісі. 1948 жыл» деп жазу жүргізіліпті. Марат Қайыржанұлының апасы Сәкен Құспекова марқұмның өңірге танымал ісмер болғаны белгілі. Осы әулетте қасына күміс зер жүргізілген ертоқым да болған екен. Өкінішке қарай, кейін жоғалып кетіпті.
Жалпы, Төлеулі зергердің зергерлік бұйымдары көршілес Ресейдің Омбы, Челябі, Кемерово өлкелерін жайлаған қазақтар арасынан да табылып қалуы мүмкін көрінеді. 1881-1968 жылдар аралығында өмір сүрген Төлеулі Көжебайұлы, «атың барда жер шал» демекші, қуатты кезінде біраз жерді шарлаған адам. Әрі «шебердің қолы ортақ» емес пе?!
Жеміс әулиеге қатысты сөзге қайта оралсақ, ол Исабек ишанның тұстасы болған сияқты. Олай болса, Алланың нұры ерекше дарыған екі әулие аралас-құралас, өзара сыйлас ғұмыр кешті-ау деген ой туады. Өйткені екі абыз да қасиетті Ақкөл-Жайылманы, айдынды тоғыз көлді қоныс қылған. Исабек ишан қыстауының жұрты – Қылдыкөлде, Жеміс әулие ауылы Бозайғыр не Тоққұлы көлі маңында болған. Яғни, арасы – қозы көш жер.
Осы мақаланы жазу үстінде әйгілі әнші, атақты сазгер Естай Беркімбаев бала күнінде Жеміс әулиенің батасын алыпты деген сөз де құлағымызға тиді.
– Төңіректе өтетін тойға бес-алты жастағы Естай ауылдың бір топ адамына ілесе шығып, жолай адасып кетіпті. Содан қалың қамыс арасын шиырлап жүріп, Жеміс әулие ауылына тап болады. «Ата, біраз күн бұрын түс көрдім. Бетімді ыстық жел шарпып өтті», – деген балаға Жеміс әулие: «Несібелі, өнерлі болады екенсің, шырағым», – деп батасын беріпті-мыс. Мұны Естай ақынның немересі Зекен әжемен әңгімелескенде естіп едім, – дейді «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер», профессор, әнші Ербол Айтбаев.
Жеміс – әулиенің азан шақырылып қойылған аты ма, әлде қабіріне жеміс өсіп шыққан соң халық берген аты ма, ол жағын анықтау мүмкін болмай тұр. Әулиенің Бозайғыр көлі етегінде жерленгенін айттық. 1974 жылы Қаражар ауылы тұрғыны Нұралы Жақып баласы Жеміс әулие зиратын көтеріпті. Айтпақшы, Нұралы қарт Жеміс әулиеге бөтен емес. Жеміс әулиенің інісі Бейсеннің Аманбай әулие атанған ұлы болған. Аманбайдан Дүйсен, Елубай, Тоқтыбай, Кенелбай қажы, Жақып молла, Соңғыбай молла тарайды.
Кеңес дәуірінде Нұралы Жақып баласы «аруақ разы болсын» деп жұртты осындай игі іске жұмылдырса, қазақ елі тәуелсіздік алған тұста Екібастұз қаласының тумасы, аймаққа белгілі азамат Бахриден Кәрібжановтың мұрындық болуымен Жеміс әулие есімі Солнечный кентіндегі мешітке беріліп, имандылық үйін абаттандыруда ел азаматтарының көмегімен біршама іс тындырылған-ды.
Аға буынның өнегелі ісі бертін жалғасын тапты. 1974 жылы қоршалған қорымнан күй кеткенін көрген Жеңіс Шоқаманов қария «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ басқармасы төрағасына хат жолдап, онда Жеміс әулие зиратын жаңалауға көмек көрсетуді өтінеді. Басқарма басшысы хатты осы кәсіпорында қызмет істейтін Салтанат Қажымұратқызына беріп, мән-жайды анықтауды тапсырады. Өз кезегінде Салтанат Қажымұратқызы Ақкөл-Жайылма өңірінің арғы-бергі тарихына қанық Серік Зановпен ақылдасып, бірлесе іс-қимылға кіріседі. Кәсіпорыннан өзге де демеушілер іздестіріледі. Абырой болғанда, Баянауыл ауданы Жаяу Мұса ауылының тумасы Қылышбек Нұржанов көмек қолын созады да, жұмысшылар бригадасын жасақтайды.
Бір айта кететін жайт, Жеміс әулие зираты кейін әжептәуір қорымға айналған екен. Ынталы азаматтар сол қорымды көзбен көріп, ескі қоршау орнына мүлде жаңа қоршау орнатуды ұйғарады. Темір қадалар, сым және басқа керек-жараққа, жұмысшылар еңбекақысына Қылышбек Аллажарұлы қаражат шығарады, ал техниканы «Екібастұз ГРЭС-2» кәсіпорны бөледі.
– Жұмысқа кірісер тұста орыс жұмысшыларына Жеміс әулиенің қасиет-қадірі жайлы айтып, ниеттің түзу болу керектігін түсіндірдік. Діні мен ділі бөлек жұрт қой, десек те көп ұзамай-ақ біздің сөзіміздің ақиқаттығына көз жеткізген оқиға болды. Құрылысшылар іңір байланған соң, мезгіл жазғытұры ғой, балық ауламақшы болып Әулиекөлді бетке алады. Алайда, адасып, жол таба алмай әбден шатасады. Қалжырап, дағдарған сәтте алыстан бір жарық көрінеді де, көлікті сонда бұрады. Тақау келгенде жанған шам тәрізді жарық өшіп қалады. Міне, ғажап! Адасқандар Жеміс әулие зиратына қайта айналып келіпті. Осы оқиғаны бізге тәптіштеп айтып берген орыс жігіттері «Керемет, керемет» деп бас шайқаумен болды және де жұмысты адал атқаруға құлшына кірісті, – дейді Серік Занов әңгіме тиегін ағыта түсіп.
Әулие-әмбиелердің ескі жұрты, зиратына қатысты небір аңызға бергісіз әңгіме көп болады. Осы орайда, мына бір оқиға да түрлі ой құшағына жетелейді.
– Жеміс әулие қорымында түлкі іні көп. Әуелгіде бұған онша мән берген жоқпын. Тек, «түлкілер бір жерден осыншама ін қазушы ма еді?» деп іштей таңырқадам. Бір күні Қылышбек екеуіміз Қылдыкөлдегі әулиелерге зиярат етіп қайтпақшы болып жолға шықтық. Көлік ішінде сөйлесіп отырып бізге қапталдаса бір қызыл түлкінің ілесіп келе жатқанын аңдап қалдым. Содан әлгі қызыл түлкі біз «Атам зиратына» жеткен соң, әудем жерде шоқиып отырды да, кері қайтты. Жарықтық Жеміс әулие Түлкібай баласы ғой. Бәлкім, дүниенің тылсымы көп, бұл бекер құбылыс емес шығар, – деп, Серік бауырымыз тағы бір шетін әңгіме айтты.
Тарих – ұршықта иірілген жіп секілді, ұшынан ұстап, тарқата білсең, тарқайды. Тарихи тұлға Жеміс әулиенің өмірі, көріпкелдік, емшілік қасиеттері жайлы сөздің ұшын оқырманға ойтамызық еттік, кім біледі, толық тарқататын адамдар да табылып қалар.
Жассерік СӘДУАҚАСОВ,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
«Жиған-терген» кітабынан.
