Мен осы «Ермек» пен «Еңбекті» шатастырып алған жоқпын ба?!

Абай атамның өзі: «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» демеп пе еді? Ал, мен ше? Мен ана дөкейдің мерейтойына, мына дөкейдің бәйбішесімен отасқанына жарты ғасыр толуына, кейде жас жұбайлардың шаңырақ көтеруіне арнап тілек-жыр «төге беремін». Оныммен қоймай, «Арнау ақыны» санатына жатқым келмейді. Намыстанамын!

Еңбектенсем ғана нәтижеге жететінімді білемін. Шығармашылық адамы бір сәт те тоқтап тұрмауы керек. Тоқтау тоқырауға әкеп тірейді!

Еңбектену – іздену. Жәркен Бөдеш ақын: «Ізденбеген іздеусіз қалады» депті. Қалай дөп айтқан, ә?! Ал, менің ізденуім – google-дан ақпарат іздеуден ары аспай тұр.

Еңбектену – кітап оқу. «Ең ұлы ұстазым – кітап», – деп өткенде бір жиында бөсіп едім. Соныма аздап ұялғаным бар. Сол ұяттың ғұмыры жарты күндік қана болды. Одан кейін талай шаршы топта кітап оқу туралы толғанғанмын. Кітап оқысам, ұйқым келетіні миыма кіріп-шықпайды.

Еңбектену – жазу. Өткенде… Өткенде тағы да бір өлеңімде: «Жазу ғана – жалғыз жолы өлмеудің» деп көсіліппін. Не жаздым екен осы уақытқа дейін? Не оқыдыңыз менен, мәртебелім?

Еңбекқор қаламгер десек, ойымызға бірден оралатыны – Қадыр Мырза-Әлі атамыздың есімі. 45 жастан асқан соң, тек қана шығармашылықпен айналысыпты. Сосын Мұхтар Әуезов атамыздың есімін құрметпен атаймыз. Толық жарық көруі 14 жылды қамтыған «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу машақаты мен азабы туралы аңыздар қаншама?! Бұл қатарға Дихан Әбілевтің «Ақын арманы» романын қосайық. Бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады, әрине! Ал, аяқталмай қалған шығармалар ше? Мазасыз күндер мен ұйқысыз түндердің, азапты ойлардың өтеуі қайда?

Рахымжан Отарбаев рухани шәкірті Оралхан Дәуітке алғаш телефон шалып: «Жасың нешеде?», – деп сұрапты. «37-демін», – депті інісі. «Айналайын! Сен жазуың керек! Мен шығармашылықта жүріп 15 жылымды бекерге өткізген адаммын. Осы күндері өкінемін. Менің саған хабарласып отырған себебім, «Сен де уақытыңды текке өткізіп алма!», – дегенді айтқым келді», – депті. Міне, уақыттың қадірін түсіну. Өкініштің өзекті өртеуі деген осы болар?! Сол Рахымжан аға жастық желікпен қате айтқан бір пікірін түзетуге тырысып, ұяты мазалағандықтан, Жәңгір хан туралы драма жазу үшін бір жылға жуық уақыт шаң басқан архивте отырыпты.

Үлгі тұтуға тиіс мысалдар деп ойлаймын.

Еңбекқорлық туралы қызық деректерді оқығаным бар. Иә, тағы да әлеуметтік желіден.

«Француз тілді бельгиялық жазушы Жорж Сименон – 400-ден астам романның авторы екен. Ол шығармаларын детектив жанрында жазған. Оның басты кейіпкері – тергеуші Мэгре. Кезекті кітабын жазарының алдында Сименон есігінің алдына «Бөгет жасамауларыңызды сұраймын!» деген жазуы бар тақтайшаны іліп қоятын болған. Тіпті, рингке шығатын боксшылардай әр кітабын жазуға кіріскенде және аяқтағанда қаншалықты арықтағанын білу үшін салмағын өлшеп тұрған». Еңбекқорлық деуге келсе, бір саусағыңызды бүгіп қойыңыз. Ал, мен ше, жазуға отырсам, ойым сан саққа жүгіреді. Ұялы телефонға бір, терезеге бір телміріп, мазам кетеді.

Ерекше назар аударуға болатын тағы бір қаламгер – американдық фантаст-жазушы Айзек Азимов. Оның 500-ден астам кітабы жарық көріпті. Азимов өз туындыларын жазу машинкасында минутына 90 сөз басатын жылдамдықпен жазатын болыпты. Ол күніне 12 сағат жұмыс істеп, өте аз уақыт тыныққан. Бір сұхбатында ол газет тілшісінің: «Егер сіз жарты жыл ғана өмір сүретін уақытыңыз қалғанын білсеңіз не істер едіңіз?», – деген сұрағына, «Мен өз шығармаларымды бұрынғыдан тез жылдамдықпен басуға кірісер едім», – деп жауап беріпті.

Бұны да еңбекқорлыққа, оның ішінде жанкештілікке жатқызуға болса, санатқа қосып қойыңыз.

Павлодарлық сатирик Алпысбай Әбділұлының тұңғыш жинағынан «Атың шықпаса…» деген өлеңін оқыдым. Өлеңде автор: «…Бұл ғалам толып бара жатқандай, оқырманы жоқ қаламгерлерге», – дейді. Иә, қазір кімнің ақшасы бар, сол кітап шығарғыш болып кетті. Жүз беттің жартысынан көбі той-томалақта, демалыс-отырыста түскен отбасылық суреттермен безендірілген, қалғаны әдеби тілден жұрдай, қателері көп «жазбаларға» толы кітаптарды көтере алмай сөрелер майысады.

Бұндай отбасылық кітаптардың авторларының бір тобы: «Өзіміз үшін, ұрпақтарымызға үлгі болуы үшін шығардық!», – десе, енді біреулері өздерін кәдімгідей жазушы сезінетінін қайтерсіз?!

Кітапханадан ұшыратқан бір-екі кітап туралы айтайын. Біріншісінің қалыңдығы – 500 бет. Авторы – Пәленше Түгеншеев. Ішінде не жоқ десеңізші? Абай атамыздың 45 қара сөзі түгелімен жүр. Атақты би-шешендеріміздің, ақын-жазушыларымыздың нақыл сөздері, өлеңдері, тіпті әңгімелері еніп кеткен. Көрдім де, ойладым: «Автор» өзі оқыған кітаптарынан ұнатқан шығармаларын іріктеп жинап, бір кітапқа топтастырған-ау. Бірақ, олай етсе, кітап авторы емес, құрастырушы болса керек еді. Амал не, олай емес.

Ал, екінші бір кітапта баяғы өткен алыптардың ел аузындағы ақ баталары мен халықтың тұрмыс-салт баталары топтастырылыпты. Бұл кітаптың да авторы – Түгенбай Пәленбаев. Дұрысы, құрастырушы болуы керек еді! Тағы да, амал қанша?

Оқу былай тұрсын, қолыма ұстап тұрып, өзім ұялдым.

Бұрын «Атың шықпаса, жер өрте» болатын. Қазір «Атың шықпаса, кітап шығар!».

«Ермек» пен «Еңбектің» ара жігін ажыратар сауатқа қашан ие болар екенмін?! Қашан ие болар екенбіз?!

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Добавить комментарий