
Әбеңнің (Әбдіжәміл Нұрпейісов) үйінде бір оқиғаға куә болғаным бар. Жаздың жаймашуақ бір күнінде классик мені қажап, мен классикті қажап қашты-қуды әңгіме айтып отырғанбыз. Әлқисса, Ажар жеңгеміз Әбеңнен жәрдем сұрап келген бір әйел туралы әңгімені әріден бастап, ғалым-ұстаз екеніне енді жете берген еді, ағамыз «білемін» деп кесіп тастады. Менің білгенім – ғалым-ұстаз әйел баласын орысша оқытқан. Х-о-ош! Беделді университеттің беделді факультетін бітірген бала беделді бір мекемеге жұмысқа кірейін десе әлгі мекеме бастығы жолатпайтын көрінеді. Сол басшыға беделің бар ғой деп Әбеңе келген әйел:
– Бір ауыз сөзіңіз, – деп қиылады.
– Жоқ, сен түсіндірші, неге алмайды? – дейді Әбең көзілдірігін сүртіп.
– Қазақша білмейсің дейтін көрінеді.
– Қалай, қалай дедің?!
Әбең дұрыс естімей қалдым ба деп қайта сұрайды, әйел қайталайды. Нұрпейісов маған қарайды (Менде несі бар-ей?). Езудегі күлкі ізім-қайым жоғалып, өңі сазара бастады. Мен білем ғой, ағамыз мұндайда әуелі сазара бастайды. Сосын нән көзілдіріктің арғы жағындағы кішкентай көздерде қарсыда тұрған кісіні қаңтардың аязындай қалтыратып қоя беретін ызғар пайда болады. Бірақ, бұл әлі аз. Содан соң көкшулан шашын жуан саусақтарымен бір тарап тастап көгеріп тұрып, көзіне тігіледі. Бірақ бұ да аз. Енді сәл шыдасаңыз, қанын ішіне тартып, сұрланып алады. Жақындап қалдық дей беріңіз. Сұрланғаны сөйлеуге дайындалғаны. Қазір «слушай!» деуі керек. Демеді. Есесіне нән көзілдірік столдың суырмасына, сусып түскен газет сырғып барып столдың астына кіріп кетті. «Я» деді ағамыз. Онысы «Ия» деген секілді естіліп еді, қателесіппін. «Я никогда не над кем не злорадствовал, но в этот раз с величайшим удовольствием буду злорадствовать по поводу того, что ваш сын не знает родного языка».
Тойтаң-тойтаң шыға жөнелген әйелдің соңынан үнсіз қарап біз қалдық.
Арада күндер өтті. Әбең сабасына түскен. Тағы да сол кең кабинетте кешқұрым классик мені қажап, мен классикті қажап қашты-қуды әңгіме айтып отырмыз.
– Сонда әлгі әйелге орысша сөйлегеніңіз қалай, Әбе, – деймін осал тұсың осы болар-ау деп.
– Қайтейін, қарағым, орысша сөйлемесең түсінбейді ғой, – дейді ол шаршап.
– Бірақ, сіз қазақша айттыңыз, Әбе!
– Қалай, қалай дейсің?!
– Жә, басқа әңгіме айтайық, шал, – деймін мен көзіне тіке қарап, – Мысалы, ду ю спик инглиш?
– Не дейді антұрған?!
– Міне, мұның да қазақша, шал!
«Жас Алаш» газеті, 1999 жыл, 19 қазан
Қазыбек Құттымұратұлының Facebook парақшасынан алынды.
