Әнші, Қазақстанның халық әртісі Қали Байжанов 1877 жылы қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қайыңкөл деген жерде дүниеге келген. Қалидің әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында «әнші бала» атанған.

Ата-анасынан ерте айырылып, жоқшылық тақсіретін жастай тартады. Он бесінде кірешілерге ілесіп, Қоянды жәрмеңкесіне барған жас әнші талай әншілер мен күйшілердің өнерін тамашалайды. Біржан салдың ән салғанын көріп, Жаяу Мұсаның өз ауызынан «Хау-лау», «Гауһар қыз», «Сапар» және «Ақ сиса» әндерін үйренеді.

Қ.Байжанов ұлы Абайдың алдында да ән салған. Кемеңгер ақын жас әншінің өнеріне риза болған.

Байжановтың әншілік жолына бағыт-бағдар беріп баулыған, өзіндік ән айту мәнерін қалыптастырған Арқа еліне атағы жайылған Жарылғапберді Жұмабайұлы болады.

Қ.Байжанов Қозыкенің «Топайкөк», Шама Нұрұлының «Шама», Ақан серінің «Сырымбет», «Құлагер», Біржан салдың «Жанбота», Бүркітбайдың «Ақбет», «Ардақ» әндерімен қоса, басқа да халық әндерін асқан шеберлікпен орындаған.

Ол 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады.

Әнші 1932 жылдан өмірінің соңына дейін Қарағанды радиокомитетінде хор әртісі және әнші болып қызмет атқарды.

З.Жұбатова, Ж.Қартабаева, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Қ.Лекеров, М.Толыбаев, Р.Ыбыраев және т.б. әншілер Байжановтың ән айту өнерінен көп тағылым алған.

Қазақ ән өнерінің шоқтығы биік тұлғасы Қали Байжанның барқыт матадан тігілген өзі киіп жүрген тақиясы музей қорында сақталып тұр. Бұл жәдігерді музейге баласы Жеңіс Байжанов 1994 жылы тапсырған.

 

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі.

Добавить комментарий