Сүйінші, мәртебелі оқырман!
«Абай әлемі» сериясымен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айбек Тілеубекұлы Оралханның «Жүректегі жазулар» деп аталатын таңдамалы жыр жинағы жарық көрді!
Кітап бес бөлімнен тұрады: «Таңғы шық», «Сезім самалы», «Ақ жауын – ақ өлең», «Аудармалар», «Дала дастан» деп аталатын бөлімдерде ақынның әр жылдары жазылған таңдаулы лирикалық өлеңдері, түрлі тақырыптарды қаузаған жырлары, толғаулары мен арнаулары, балладалары, якут-саха, әзербайжан, орыс ақындарынан жасаған әдеби аудармалары, поэмалары енген.
Ақын 1988 жылы 5 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Белқарағай ауылында (бұрынғы Медведка ауылы) дүниеге келген.
1995-2003 жылдары Оралхан Бөкей атындағы Белқарағай орта мектебінде оқыды. 9-сыныптан бастап Өскеменде дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия интернатында оқуын жалғастырды. Айбек Оралхан КСРО мен Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Қанипа Бітібаеваның жетекшілігімен әдебиетті тереңдетіп оқытатын, авторлық сыныпта оқыды. Серік Ғабдуллин бастаған «Шабыт» жас ақындар мектебінің белсенді мүшесі болды.
Орта мектепті бітіргеннен кейін 2006-2009 жылдары С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқыған.
2006-2008 жылдары «Мәдениет жаршысы» журналында, сондай-ақ белгілі жазушылар С.Ғабдуллин, М.Құмарбеков және С.Байхановтың бастамасымен құрылған Шығыс Қазақстан облысының мәдениет пен өнерді қолдау қоры Өскеменде шығарған «Ақ Ертіс» әдеби журналында жұмыс істеді.
2009-2013 жылдары Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтында оқып, ЖОО-ны «Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тәмәмдады.
Қазіргі уақытта облыстық Шаңырақ халық шығармашылығы және мәдени-сауық орталығы басшысының орынбасары болып жұмыс істейді.
Өмірге құштарлық, айналасындағы адамдарға, туған табиғатқа, жер-анаға ғашықтық туралы ойлар – Айбектің өлеңдерінің басты сипаттарының бірі. Ақын нені жырласа да, ерекше махаббатпен, шынайы жүрекпен жырлайды. Сол себепті де оның өлеңдері сырлы, сазды, көркем.
«Туған жер» атты өлеңінде ақын былай деп жазады:
«Уа, туған жер – әсемдіктің әлемі,
Сен – бағымсың миуалы, мәуелі.
Сен – анамсың мені әкелген әуелі,
Сен – жарымсың құлай сүйген әдемі.
Уа, туған жер!
Бірілікті тегі нар
Топырағында ұлылықтың кені бар.
Даласында аналардың шері бар,
Ауасында бабалардың демі бар.
Уа, туған жер!
Ең аяулы есімім,
Куәгері көкжал баба көшінің.
Бұл жалғанның жапсам да мен есігін,
Рухымды тербетеді бесігің».
Ал, «Белқарағайым» өлеңінде былайша тебіренеді:
«…Белқарағайым,
Ақ қайыңдармен жайнап тұрған ажары,
Ақ қайнарлармен қайнатылған қазаны,
Алтайдағы ауылдың сенсің ғажабы –
Белқарағайым.
Ұңғы таудың іргесіне үңілген,
Қырыққұдық қайнарынан сімірген.
Қайда сол күндерім,
Қырғидың қырына жаяу жүгірген?!»
Сезімді селт еткізер өлеңдер мен жыр дастандардан ойлы оқырман өз керегін табатыны сөзсіз.
Кітап көпшілік оқырман қауымға арналған.

Добавить комментарий