Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық қыза түсуде. Асық ату бойынша облысымыздың екі спортшысы ұлттық құрамаға кіргенін бұған дейін де айтқан болатынбыз. «Алтын сақа» облыстық асық федерациясының президенті Қалибек Қуанұлының айтуынша бұдан бөлек байрақты бәсекелерге дайындық назардан тыс қалған емес.
- Көшпенділер ойыны мен әлем чемпионатынан кейін федерация спортшыларын Түркияның Анталия қаласында тағы бір ірі жарыс күтіп тұр. Онда спортшылар әлем кубогын сарапқа салады. Сонымен қатар, елімізде Қазақстанның ересектер чемпионаты мен жастар чемпионаты өтеді. Міне осы жарыстарға да дайындық жүргізіп жатырмыз,- дейді федерация басшысы.
Айта кетейік, облыстық федерация құрамында 20-дан астам қызметкер бар. Облыста 10 жаттықтырушы жүйелі түрде бапкерлікпен айналысады. Ал мекемелер мен мектеп ішінде жұмыс істеп жатқан жаттықтырушылар саны 100-ден асады. Қазіргі таңда жалпы 1300-ден астам бала осы асық спортымен айналысып жүр. Олардың 200-ге жуығы облыс құрама командасы сапында. Сонымен қатар, Қазақстан ұлттық құрамасының құрамында 13 спортшы өнер көрсетіп, облыс пен ел намысын қорғап жүр.
Жерлестеріміз аз уақыт ішінде көп жарысқа қатысып, үлкен белестерді бағындырып үлгерген. Атап айтар болсақ, өткен жылдан бері Түркияда өткен Еуразия Кубогынан 3-орын иеленген. Онда Қизат Саятұлы, Алмас Жармағамбетов, Сүлеймен Мерей сынды жігіттер өнер көрсетті. Румынияда өткен Әлем Кубогының жекелей және командалық сайыстарында мен Қизат Саятұлы, Қайраш Аханов, Қуаныш Қабылда сынды ойыншылар ел намысын қорғады. Нәтижесінде Қалибек Қуанұлына бірінші орын бұйырса, басқа жігіттер екінші орынмен оралды. Одан бөлек, ойыншыларымыз ел ішінде өткен ірі жарыстардың барлығына қатысып, жүлделі оралып жүр.
- Біз мұнымен тоқтамаймыз. Әлі де үлкен белестерді бағындырып, ұлттық асық спортының әлемдік деңгейде дамуына өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын,- деді Қалибек Қуанұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Елордамызда өтетін дүбірлі додаға 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде. Ал, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйекте өтеді. Оған 2000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.