Мүмкіндік

Бір кедей өзінің өміріне ешбір көңілі толмайды екен. Бірде бақытына орай оған Алланың аяны келіп түседі. Алла тағаланың аянында: «Сен ұзамай аса үлкен бай адам боласың, сосын өзің секілді кедейлерге көмек жасап ауыл-аймағыңдағы ең қадірлі адам боласың. Барлық адам саған разы болып, жақсылықтар тілеп, сен әлемдегі ең сұлу қызға үйленіп, балалы-шағалы болып, көп жасап, бақытты өмір сүресің», – депті.

Жігіттің қуанышы қойнына сыймай үйіне келеді де, Алла тағаланың беретін несібесін тосып отыра-отыра бай да болмады, сұлу қызға да үйлене алмады, ашығып-шаршап, жазылмайтын ауруға душар болып, әбден тозып бақилық болыпты.

Сосын Алланың алдына барғанда: «Уа раббым, сіз маған өтірік айттыңыз, берген уәдеңіздің бірі де орындалмады ғой», – деп өкпесін айтыпты.

Сонда Алла тағала: «Мен саған айтқан уәдемнің бәрін берген болатынмын. Бірақ сен біреуін де алмадың. Сенің есіңе түсірейін.

«Менен аян жеткен соң саған «Бір жақсы бизнес жасап көрейін» деген ой түсті ме?» дегенде, әлгі кісі «Иә» депті. Сол кезде сен: «Мендей нашар адам ондай үлкен бизнесті қайдан істей алады?» деп өзіңді төмен санап әрекет жасамай қойдың. Егер сен ойлаған ойыңа сай әрекет еткен болсаң, менің айтқанымдай бай бизнесмен болып жақсы өмір сүрер едің.

Ал ауылдағы тойда сенің жаныңнан әдемі киінген сұлу бойжеткен өткенде сен ол қызға шексіз ғашық болып, ол үшін жаныңды да қиюға даяр едің. «Солай емес пе?» дегенде әлгі адам тағы да «Иә, есімде» депті. Егер сен ол қызға барып тілегіңді айтқан болсаң, ол сенің өмірлік жарың болған болар еді. Бірақ сен «Мынадай сұлу қыз мен сияқты кедейге қайдан қарайды?!» деп ойлап жүрексініп бара алмадың.

«Көрдің бе, мен айтқанымның бәрін бердім, бірақ сен біреуін де алмай қойдың. Сондықтан маған емес, өзіңе өкпеле!», – деген екен.

Әже махаббаты

Мен сіздерге шынымен болған бір оқиғаны айтып берейін. Бұл әңгіменің кейіпкері қазір ортамызда жүргендіктен оның атын өзгертіп өзіміздің білетін «Менің атым – Қожадағы» Қожа есімімен атай салайық.

Біздің бұл Қожа өмірде кездесетін әртүрлі жағдайларға байланысты бала кезінде Әжесі екеуі ғана бір үйде тұрған екен. Қожа әжесін өте жақсы көрген, әжесі де Қожа үшін жанын беруге әзір. Бірақ Қожаның қолының сұғанақтығы бар еді. Ол мүмкіндік шықса болды, бірге ойнайтын балалардың, немесе көршілердің затына суық қолын сұғып, үйге қай-қайдағы бірдемелерді тасып жүріпті. Әжесі Қожаның бұл қылығын қойдыру үшін талай мәрте ұрысса да, ақылын айтса да Қожа ұрлық жасауын қоймапты.

Әжесі бір күні: «Қожа, сен ұрлық жасаған сайын ұрыстым, ұрдым, ақылымды айттым. Бірақ айтқанымның бәрі бір құлағыңнан кіріп, келесі құлағыңнан шығып кетеді. Егер осыдан былай үйге рұқсатсыз басқа адамдардың бірдемелерін әкелер болсаң, мен мына тоқыма бізін отқа қыздырып қолыңды қаритын боламын», – деп ескертіпті.

Осы сөзден кейін Қожа біршама уақыт ұрлық жасамай жүріпті. Өйткені Әжесінің айтқан сөзі ұмытыла қоймаған еді. Бірақ ол әңгімені ұмытқан Қожа бір күні тағы да ұрлық жасайды. Оның қалталарын толтырып әкелген ұрлық заттарын Әжесі алғашында көрмеген сыңай танытса да, біраздан кейін шыдамай «Қожа, бері кел, қалтаңдағы заттарды шығар!» деді. Оның қалтасынан пышақ, қарындаш, өшіргіш, кішкентай доп, тиын-тебендер т.б. өзіне ешбір қажеті жоқ ұсақ-түйек заттар шығыпты.

Әжесі: «Бұл заттарды қайдан алдың?» деп сұрағанда ол үндемеді. Әжесі: «Сен тағы да ұрлық істеген екенсің ғой. Маған берген сөзіңді ұмыттың ба?», – деп тоқыма бізін алып келіп отқа қыздыра бастапты. Біз отқа әбден қызарған кезде Әжесі Қожаны жанына шақырып «Қәне, қолыңды шығар» депті. Қожа да өзінікі қате екендігін білгендіктен қайтерін білмей сасқалақтапты. Бірақ Әжесі кенеттен: «Мен сенің ұры болуыңды тілемеймін. Сені жазалауға тиіспін. Бірақ мен сені өте жақсы көретіндіктен сені жазаламай өзімді жазалағанды жөн көрдім» деп Қожаның қолын емес өз қолын ыстық темірмен күйгізе бастапты. Шошып кеткен Қожа бақырып жылап жіберсе керек. Ал Әжесінің қолы ыстық темірге қарытып, терісі қолдырап түсіп, білегінің еті күйіп қалған екен. Әжесі: «Қожа балам, көрдің бе, осыны ұмытпа. Сенің ұрлық жасағаның маған қаншалықты ауыр тиетінін біл. Егер ұрлық істей берсең, мен сен үшін елден ұялғандықтан осылай өзімді отқа қарып, өртеніп өлемін. Бұл сенің ұрлық жасағаның үшін менің төлейтін төлемім болады», – депті.

Осыдан кейін Қожа ұрлық істеуді мүлде қойыпты және Әжесі есіне түскен сайын осы күнге дейін өкініштен өзегі өртенеді екен.

 

Әке үйреткен сабақ

Ертеде бір шал болыпты. Ол шалдың бір ұлы болыпты. Ұлы  арамтамақ, еңбекке құлықсыз, ерке, жатыпішер болып өсіпті. Шал өзі біршама ауқатты адам болса да осы ұлға еңбек етуді қалай үйретсем екен деп ойлап-ойлап ақыры ертіп алып, ел аралатып, әртүрлі кәсіп иелерімен таныстырып, өзіңе ұнаған кәсіпті атасаң, мен сол кәсіпті меңгертетін оқуды оқытамын депті.

Ел аралап жүргенде ұлы әртүрлі сылтау айтып еш кәсіпті жақтырмапты. Жүре-жүре ақыры үсті-басы кірлеп, қарны аша бастапты.

Ол: «Әке, үйге қайтайықшы» деп жалыныпты. Шал да ұлының айтқанына келісіп екеуі алыста қалған үйіне қарай беттеп келе жатса, алдарынан ылғый семіз-семіз бір табын өгіз кездесіпті.

Қарны қатты ашып келе жатқан  ұлы: «Әке, осы семіз өгіздердің біреуін ұрлап апарып сойып жегім келіп кетті. Рұқсат болса, мен біреуін ұрлайын, сіз  маған ұрыспаңыз!» депті. Шал рұқсатын беріпті.

Сонымен ұлы бір өгізді ұрлап алыпты да иесі келіп қалмасын деп жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап жетектеп, айдап, қуалап жүріп үйіне әкеледі. Әкеледі де ұсталып қаламын ба деп қорқып, үрейленіп жүріп  жанталасып сояды. Сосын етін асып, пысырып, жеп отырған кездерінде де қорқып, алақтап, иесі келіп қалып, біліп қояр ма екен деп тез-тез жейді екен. Ал шал болса ұлының әрекетіне қарап үндемей, өгіздің еті мен сорпасын тойып жеп-ішіп, қарнын сипап жата беріпті. Сонымен сиырдың етін екеуі бір ай мерзімде жеп бітірген кезде Шал дүмдей болып семіріпті де, ұлы қу жаны қалып арықтапты.

Шал ұлын шақырып алып:  «Өгіздің етін екеуіміз бірдей жедік, сен неге арықсың, ал мен неге семірдім?» деп сұрапты. Ұлы үндемепті.

Сонда шал: «Өгізді ұрлаған сәттен бастап сен біреулер көріп қоя ма, ұсталып қалам ба деп жаның мұрныңның ұшына келіп қорқып жүрдің. Етін қазанға асқанда, түсіріп жеген кезде де осы қорқыныштан болып жан-жағыңа алақтап отырып тамақты дұрыс ішіп-жей алмадың. Ұрлықпен ішіп-жегенің бойыңа сіңбеді. Ал менде ешбір қорқыныш жоқ болғандықтан ішіп-жегенім бойыма сіңді. Өйткені мен бұл сиырдың құнын иесіне алдын-ала төлеп қойған болатынмын», – депті.

 

Пәтерде қалған жүрек жылуы

Қасым біраз жыл отырған ескі пәтерін сатып қаланың келесі шетінен үш бөлмелі, кең пәтер сатып алыпты. Олар жаңа пәтеріне қоныстану үшін үйдегі барлық заттарын машинаға асығыс тиеген екен. Қасымның әйелі де анау-мынуаға көмектесіп, сасқалақтап жүріп кетерде ескі қонысын тазалап шығуды ұмытып кетсе керек.

Олар жаңа пәтеріне көшіп келеді. Жаңадан ауысып жатқан пәтерінің есігін ашып кіріп келсе, бұрын-соңды бұл пәтерге адам аяғы баспаған секілді таза тұр екен дейді. Әйелі қуанып кетіп ас даярлайтын бөлмесіне кірсе, үстелде конвертке салынған бір хат тұр екен. Конверт сыртында «Жаңадан көшіп кірген үй иесіне!» деп жазылыпты. Оқыса: «Пәтерлерді жақсылап жуып-тазаладым. Бірақ заттарыңызды орналастырар алдында өздеріңіз жеңіл-желпі тазалық жасап алатын боларсыздар. Сіздерге осы пәтер құтты қоныс болсын, бақытты болыңыздар!» деп жазылыпты.

Оны оқыған Қасымның әйелі дереу такси шақыртып, бұрынғы пәтеріне қайта барып, жақсылап тазалапты да, келесі келетін үй иелеріне арнап өзі оқыған хаттан да жақсы сөздермен әдемілеп хат жазып қалдырыпты.

Осылайша Қасым мен әйелі имандылық, адамдар арасындағы жүрек жылу, мейірімділік деген ұғымның терең мәнін бұрынғысынан да жақсы түсінген екен.

 

Күшік

Бір адам базардағы ит сатушының жанына барады да сатқалы тұрған күшіктерді көргісі келетіні айтады. Сатушы ысқырып қалғанда үлкен қораптан 4-5 күшік жарыса шығып, иесіне жүгіріп келеді. Солардың ішінде біреуі домалаңдап жүгіре алмай әлгі күшіктердің ең соңында қалыпты.

Әлгі адам: «Мына күшікке не болған?», – деп сұрағанда, сатушы: «Бұл күшіктің жамбас сүйегіне зақым келген», дейді.  Сатып алушы: «Оны емдетуге болмай ма?», – деп сұрайды. Сатушы: «Жоқ, сынған аяғы сынық күйінде жазылып кеткендіктен осылай қиралаңдап қана жүретін болады», – дейді. Сонда әлгі адам: «Олай болса, мен осы мертіккен күшікті сатып алайын» дегенде сатушы саудасы өткеніне қуанса да: «Бұл күшік сізбен асыр салып ойнай алмайды, аңға да сала алмайсыз, үйіңізді де дұрыс күзете алмайды, не үшін сатып алмақсыз?», – деп сұрайды.

Сонда әлгі адам:   «Иә, солай, бірақ бұл күшік өзінің жағдайын түсінетін мен құсаған адамның қамқорлығында болғаны жөн. Өйткені мен де мүгедекпін», – деп балағын көтеріп темірден жасалған екі жіліншігін көрсетіпті.

 

Қайсысына ұқсағыңыз келеді?

Әжесі мен қызы әңгімелесіп отыр. Қыздың әжесі атақты аспаз еді. Қызы өмірінің қиын екендігін, өзінің өте шаршап жүргені, басындағы мәселелердің шешімін таппай қиналып жүргені туралы әжесіне айтыпты. Оны естіген әжесі: «Мен саған бір нәрсе көрсетейін», – деп асхана бөлмесіне қызын ертіп кіреді де, отқа бірдей мөлшерде су құйылған бірдей үш ыдысты қойып, біреуіне сәбіз, келесісіне жұмыртқа, үшіншісіне кофе салып, бірдей темпратурада қайната бастайды. Барлығын 20 минут қайнатқан соң оттан алып, үстелдегі кеселерге әлгілерді салады да: «Қызым дәмдерін татып көр» дейді.

Қызы сәбізді шанышқымен түртіп көрсе, біршама жұмсарған, ал жұмыртқаның қабығын аршып көрсе, қатайған, ал кофе өте дәмді болып қайнаған екен. «Әже, не үшін сіз мұны маған көрсеттіңіз?», – деп қызы сұрағанда, Әжесі: «Мен бұларды тең мөлшердегі суға, бірдей отқа, бірдей уақытта қайнатқанымда  үшеуі үш түрлі болды. Сәбіз басында қатты болса, қайнаған соң жұмсарды, жұмыртқа басында сұйық болса, қайнаған соң қатайды, ал бір қасық кофе басында ащы болса қайнаған соң дәмді болып шықты. Қайнап жатқан кезінде де жақсы иісі аңқып тұрды. Қызым сен осылардың қайсысысың? Қиындық кездескенде сен сәбіз, жұмыртқа, кофе үшеуінің қайсысына ұқсағың келеді?», – депті…

Ал Сіз қайсысына ұқсағыңыз келеді?

 

Кымбат сыйлық

Дала әппақ қар. Көше бойында жан-жағыма көз салып бейқам тұрмын. Жол шетінде кішкентай ұл бала ары-бері жүгіріп ойнап жүр. Мектептен қайтып келе жатқан жоғары сыныптың оқушылары болуы керек бір топ қыздың біреуі әлгі баланың бетінен сүйді де, қолына бірдеме ұстатты.

Бала қызға бір сәт таң қала қарап тұрды да, күні бүгінге дейін ешкімнен алып көрмеген сол «қымбат» сыйлығын басқаларға көрсету үшін алақайлап жүгіре жөнелді. Кезек маған да келді.

Бала қуанышты жүзбен маған қарап: «Қараңызшы, анау апай маған мынаны берді!» деді. Қарасам, қардан жасалған домалақ доп екен, баланың  мұздап көгерген алақанынан тамшылап еріп тұр. Кішкентай ұл бұл қымбат сыйлығын келесі адамға көрсету үшін қуана айқайлап жүгіріп бара жатты.

Менің жаныма таяу тұрған қарт адам: «Алты айдың алдында ата-анасы екеуі де жол апатынан қайтып еді. Байғұс бала… Баламысың деген болмашы нәрсеге бола қуанғанын қарашы» деп күрсінді.

…Иә, адал көңілмен ұсынған  кішкентай доп қардан жасалған болса да адамға үлкен қуаныш сыйлайды екен ғой, шіркін…

 

Зағип қыз

Су қараңғы зағип қыз өзін де, өзгелерді де шексіз жек көретін. Ол тек өзіне ғашық болған бір жігітті ғана жақсы көріпті. Өйткені сол жігіт ғана бойжеткенге ерекше қамқорлық жасап, анасынан да артық көңіл бөледі екен. Бойжеткен болса, өмірді көзбен  көретін сәтті  күн туар болса, осы жігітке сол күні-ақ тұрмысқа шығамын деп ант етіпті.

Сонымен,  Құдайға қараған бір жақсы адам оған екі көзін сыйға тартып, бойжеткен бұл әлемді де, өзінің ғашық жігітін де көрген екен.

Ғашығы: «Жаным, өмірді көзіңмен көретін сәтті күнің туды, енді маған тұрмысқа шығатын шығарсың?» депті. Бойжеткен жігітке көз салса, ғашығы дәл өзіндей соқыр екен. Қыз селт етіпті де, сол сәтте одан бас тартыпты.

Жігіт те жылай-жылай алыстап кете барыпты. Біраз уақыттардан соң  жігіттен хат келіпті: «Сені мәңгіге сүйіп өтем. Менің екі көзімді өз көзіңдей көріп жүр, жаным!»

 

Түсіну

«Болашақ» бағдарламасы бойынша батыс елдерінің бірінде беделді жоғары оқу орнынан білім алып келген бір жас жігіт үлкен компанияға менеджерлік қызметке кіргісі келіп сынақ тапсырыпты. Компания директоры жас жігіттің құжаттарымен танысып отырып:

– Оқып жүрген кезіңде қандай бір әлеуметтік көмек алып тұрдың ба?

– Жоқ.

– Әкең үнемі ақша жіберіп тұрған болар?

– Жоқ. Әкем менің бір жасымда дүниеден қайтқан, анам мені тәрбиеледі.

– Анаң не жұмыс істеуші еді?

– Өмір бойы үйде адамдардың киімін жуып беріп ақша табатын.

Директор жас жігіттің кіршік тимеген ақ сазандай таза қолы мен саусақтарына қарап отырып:

– Анаңа көмектесуші ме едің?, – деп сұрайды.

– Жоқ, анам мені жақсы оқы, сабағыңа ғана қара деп жолатпайтын.

– Олай болса сен бүгін үйлеріңе барып анаңның қолын бір рет жақсылап  жуып беріп, ертең маған кел, – депті директор.

Жас жігіт те жұмысқа тұратын мүмкіндігім жоғары болды деген сеніммен қуанып, кешкілік анасына «Қолыңызды жуып берейін!» дейді. Анасы баласының бетіне таңырқап қараса да, ештеме демей қолын ұсыныпты.

Жігіт Анасының қолын жуып-сүртіп, май жағып беріп тұрып алғаш рет анасының қолының әжімінің көп екенін, жара, тыртықтарға толы екенін, қолының терісі әбден құрғап кеткенін көріп, көзі жасқа толыпты. Бұл екі қол ғана мен үшін еңбек етіп, осы екі қолдың арқасында ғана менің болашағым жасалды ғой деп ойлағанда жүрегі аянышқа толып, сол күні анасына киім жуысып, әртүрлі ой-ойлаумен түнімен ұйықтай алмай, таңертең директорға барыпты.

Жігіттің жылағаннан көзі ісіп кеткенін байқаған директор:

– Кеше кешке үйіңе барған соң не ұқтың?

– Анам болмаса, бүгін осы жерде осылай тұрмайтынымды түсіндім. Кеше анама көмектесіп тұрған кезімде адам мақсатына жету үшін қалай еңбек ету керектігін және қандай жағдайда да өзі туған отбасына  көмек жасау керек екендігін түсіндім.

– Өте жақсы, тек қана ақшаны өмірінің мақсаты етпей адамдардың істеген еңбегін бағалай білетін жігерлі, ойлы, жас қызметкер іздеп отыр едім, енді саған сенетін боламын, – деп директор жігітті қызметке қабылдапты.

Жас жігіт те еңбекқорлығы, жақсы мінезімен ұжымына абыройлы болыпты. Компания жұмысы да өрге басыпты.

Добавить комментарий