Бүгін – Халықаралық театр күні. Бұл күн – театр өнерінің қоғамдағы мәдени өмірде маңызын айқындайтын атаулы күн. Қазақстан үшін де бай мәдени мұраны дәріптеп, елдегі театр өнері мен мәдени өмірдің ерекшелігін атап өтетін мереке. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми ақпаратына сүйерсек, бүгінде Қазақстанда 70 театр жұмыс істейді, олардың 57-сі – мемлекеттік театр. Атап айтсақ, 11 республикалық, 46 өңірлік театр бар. Соңғы төрт жылда елімізде бес жаңа мемлекеттік театр ашылды, бұл театр өнерінің дамып, сұранысқа ие екендігін көрсетеді. Қазақстандық театрлар жаңа қойылымдармен тек отандық көрерменді қуантып қана қоймай, елді халықаралық аренада да таныстырып келеді. 2024 жылы 396 гастрольдік сапар ұйымдастырылды, оның 350-і ел ішінде, 46-сы шетелде өтті. Отандық театрларда 9 мыңға жуық маман жұмыс істейді, оның 4 200-і шығармашылық ұжым өкілдері. Бір жыл ішінде Қазақстанның мемлекеттік театрлары 200-ден астам жаңа қойылым қойды, олардың 107-сі отандық авторлардың шығармалары негізінде сахналанған.
Шәкен Айманов «Театр – адамның өзін-өзі сахнадан көріп, өзін-өзі түсінетін орын» деген екен. Көрерменге өзін түсінуге сеп болып жүрген дарынды жандардың бірі – театр, дубляж және кино актері Қобыланды Болат.
Қобыланды Берекеұлы Болат 1994 жылы 27 қаңтар күні Павлодар облысы Баянауыл ауданы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. 2009-2013 жылдар аралығында Павлодар қаласындағы музыкалық колледжде білім алды. 2013-2017 жылдар аралығында Астана қаласында Қазақ Ұлттық Өнер Университетінде «Драма театры және кино әртісі» мамандығы бойынша Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар мен Жанқалдыбек Төленбаевтың шеберханасында оқыды. Оқуын аяқтаған соң, еңбек жолын Павлодар облыстық Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында бастады. Қазіргі уақытта – Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық театрының актері.
Қобыландының ұстазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанқалдыбек Төленбаев шәкірті әрі әріптесі туралы «Харизма, табандылық, өз ісіне деген махаббат. Осы қасиеттер Қобыланды Болатты танымалдылыққа әкелді. Оның шынайы, боямасыз болмысы кімді болсын баурап алары хақ. Талантымен көрерменнің жүрегіне жол таба білген актер әнші ретінде кеңінен танымал» деп пікір білдірген. Бұл туралы ол «Ел арна» жастар телеарнасының «Тағдыр жолы» деректі фильмінде айтқан болатын.
Қобыланды театр актері ретінде көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленген. Ол сомдаған рөлдер шынайылығымен және тартымдылығымен ерекшеленеді. Актер Имре Кальманның «Кабаре жұлдызы» музыкалық комедиясында – Эдвин рөлін, Александр Вампиловтың «Ақ жауын» мұңлы комедиясында – Жеңіс Бейсекеновтың бейнесін, Таласбек Әсемқұловтың «Құнанбай» драмасында – Жас Абайды, Мұхтар Әуезовтың «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясынды – Арыстанды, Халифа Алтай мен Хасен Оралтайдың «Алтайдан ауған елінде» – Омарды шебер сомдады.
Қобыландының әрі актерлік, әрі әншілік қырын жан-жақты ашқан рөлі – Серік Тұрғынбекұлының «Шәмші» элегиясындағы – Шәмші бейнесі. «Вальс королі» атанған ұлы композитор қиялы нені аңсады, жаны неден күйзелді, неге құстай талпынды?! Автор текті туған дара дарынның ешкімге ұқсамайтын тылсым табиғатына үңілуге, жан сарайының психологиялық иірімдеріне мән беруге ұмтылған болса, актер сол үде мен талаптан шыға білді. Шынайы талант иесінің қашанда қорғансыз, тіршілікке икемсіз екенін дәл бере білген актер көрермен көңілін толқыта алды.
Шәмші деген төгілген ән-әуен емес пе?! Спектакль сарыны Шәмші әндері арқылы ашылады. Спектакльде Қобыланды Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ маңдайлым», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең…», «Бақыт құшағында», «Сыған серенадасы», «Ана туралы жыр» әндерін орындады.
Қобыландының көрерменді таң тамаша қылған сәттері аз емес. Сондай ерекше қойылымдардың бірі – Сұлтанәлі Балғабаевтің «Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасы.
Бұл қойылымда Қобыланды басты рөлді сомдайды. Актердің өнеріне куә болған филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Бауыржан Омарұлы әлеуметтік желіге «Көрермен көзімен» «Ғажайып Ғайыпберген» деген шағын жазба жариялаған еді:
«…Қаллеки театрына бардық. Белгілі тілші-ғалым әріптесіміз туған күнінің құрметіне жүзден астам зиялыны қойылымға шақырды.
«Қыз жиырмаға толғанда». Бұл спектакльді осыдан қырық жыл бұрын алғаш көргенімізде өзіміз де сол жиырманың о жақ, бұ жағындағы бозбала едік. Міне, қазіргі дәуірге бейімделіп, жаңа кейіпке енген нұсқасын көруге келдік. Заманның серісі Ғайыпберген ролі Қобыланды Болат деген актердің үлесіне тиіпті. Енді оның образға кіруі керемет! Сахнада бақсыдай ойнады. Екі сағат бойы бүкіл бейнелер жүйесінің тізгінін бір өзі ұстап тұрды. Көрерменді бүлкілдетіп, қыр соңына ертті де отырды. Жұртты жіпсіз байлады. Харизмасы ғаламат! Шымылдық жабылған соң Кеңес Нұрланов досым арқылы іздеп тауып алып, сөйлестім. Жанып тұр! Арғымақтай жер тарпиды. Бурадай буырқанады. Сөзі мірдің оғындай. Көзінен от ұшқындайды. Әй, алысқа шабады-ау…
Қойылым аяқталған соң «жиырмаға толған қызын» қырық жыл бойы үкілеп келе жатқан Сұлтанәлі Балғабайға хабарласып, ұзағынан толғадық. Ілгергі-кейінгі Ғайыпбергендерді түгелдедік. Әрқайсының өзіндік орны бар. Бәрібір мына Ғайыпберген ғажап! Тұлпар-талант сахнада жүрегімен жылжып, жанарымен жорғалып, өз кейіпкеріне құлай беріліп, әбден есі кете өбектеп отырып, ойнап шықты. Бұл жөнінде кейінірек кеңірек толғармыз… Тайбурылыңның табаны тасқа тимесін, Қобыланды…»
Қобыланды Болаттың кинодағы рөлдері де көпшілікке кеңінен танымал. Оның кино өнеріндегі алғашқы қадамы – 2016 жылы басталды. Режиссер Ануар Райбаевтың «Қармен жуылған қан» кинотуындысында – Алихан Сейдахметовты сомдады. Одан соң 2017 жыл «Қазақстан» ҰА түсірген режиссер Данияр Әбдірахмановтың «Екі жүз» телехикаясында – актёр Дәулет Жанасұлы болып ойнады. Ал, 2018 жыл режиссер Төлеген Бейсеттің «Топыраққа тамған тер» телехикаясында – Естай Сұлтанұлы ретінде танылды.
Қобыландыны жалпақ жұртқа танытқан кино-рөлі – Думан. 2021 жылы көрерменге жол тартқан «5:32» веб сериалы актердің тың тынысын ашты. Режиссер Әлішер Утевтің сериалында Қобыланды өзінің бар шеберлігін көрсете білді. Сонысымен де ол елдің сүйіспеншілігіне бөленді. Тіпті, бас кейіпкер Думан қаза болғанда «Сериалдың мәні қалмады», «Қызық болмай кетті» деп жазған көрермендер де болды.
Одан кейін Қобыланды «Няня», «Завод» веб-сериалдарында, «Келінжан-5», «Миссия выполнима» фильмдерінде түрлі рөлдерді сомдады.
Қобыланды әлемдік кинотуындылардың кейіпкерлерін қазақ тіліне дыбыстау арқылы дубляж саласының дамуына өз үлесін қосып келеді. Атап айтқанда ол, әлемге танымал «Аватар – 2» фильмі мен «Моана – 2» мультфильмінің бас кейіпкерлерін қазақ тілінде жатық сөйлете алды.
Қобыланды театр сахнасы мен түсірілім алаңынан бөлек, актер, әнші, спортшы ретінде түрлі телевизиялық жобаларға белсенді қатысады. Мысалы ол «Маска», «Егіз лебіз», «Кавер шоу» бағдарламаларында әншілік өнерін түрлі бағытта сынға салды. «Өнер барысы», «Театр барысы» турнирлерінде қазақ күресінің шын шебері екенін танытты. Ал, «Мәртебелі өнер» бағдарламасында көрермен Қобыландының кәсіби маман екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді.
Әншілігі бір төбе өнерпаз, тыңдарманың авторлық әндерімен де қуантып келеді. Оның «Не болды саған?», «Марс», «Соңғы кезде» секілді әндері жиі тыңдалады.