Pavlodar, KZ
Mostly Cloudy

Құрметті оқырман қауым! Назарларыңызға Торайғыров университетінің жанынан құрылған «Ертіс толқындары» атты әдеби бірлестіктің ақын аруларынан жыр-тарту ұсынамыз.

Ұстазымның ұлылығы – мәңгілік

Ел ертеңі үшін еңбек ететін,

Ұстаздарға жан жоқ, сірә, жететін.

Балаларға берген ақыл-білімі,

Болашаққа бізбен бірге кететін.

Мейірім бар мейіріміндей анамның,

Пейілі бар кеңдігіндей даламның.

Көңіліңе сызат, үрей салмайтын,

Ұстаз деген – жарық шамы адамның.

Бұл өмірден білім дейтін сый берген,

Сол білімді көкейіме түйгем мен,

Әрбір бала талант иесі екенін,

Бір өзіңнің тәрбиеңнен үйренгем.

Алдыңыздан ата берсін таң күліп,

Есіміңді шырқар ұрпақ ән қылып.

Ғасырлардан ғасырларға жететін,

Ұстазымның ұлылығы – мәңгілік!

Сандуғаш АДАМБЕКОВА.

Арманда

Армандашы, армандашы, арманда…

Бұл өмірде арман қумас жан бар ма?!

Арман, қиял бір керемет сезім ғой,

Армандап қал бойда қуат, әл барда.

Арман саған көктен айды әперер,

Арман деген анаңдай боп мәпелер,

Арман, қиял – ажырамас жан досың,

Өміріңе өз бақытын әкелер.

Арман, қиял биіктерге самғайды,

Арманыңды ешкім тартып алмайды,

Армандаған ғажайып қой, ғажайып…

Бүгініңді ертеңіңе жалғайды.

Армандаумен мен жырымды бастадым,

Армандаумен биікке көз тастадым.

Арман, қиял таусылмайды ешқашан,

Армандаңдар, армандаңдар, достарым!

Мәдина АСЫЛБЕКҚЫЗЫ.

Жайлаудағы ауыл

Ауыл отыр жайлау сай сағасында,

Тасыған тау өзені жағасында.

Самал соқса тербеліп үн қосады,

Қарағай, қалың шырша ағашы да.

Желі тартып қалың бие байлағаны,

Мыңғыртып алдында мал айдағаны.

Сиыр сауып, сабаға іркіт пісіп,

Құрт қайнатып шаруасын жайғағаны.

Жасыл кілем жайқалған атырабы,

Ыстық маған туған елдің топырағы.

 Ежелгі ұмытылмас дәстүр жолы,

Мал сойылып күнде бір үй шақырады.

Балалар тайға мініп жарысады,

Күш сынасып, күресіп алысады.

Бірін-бірі қалайда жығу үшін,

Әдіс жасап аяқпен шалысады.

Жәннат мекен жанымның сайран бағы,

Қайта маған ол күндер айланбады.

Қамалып қала дейтін тар мекенге,

Сағындым сол күндерді жайлаудағы.

Фарида АЙБЕКҚЫЗЫ.

Ауылды аңсау

Қара бұлттар басымнан аунап көшеді,

Туған жерімді аңсадым өскен кешегі.

Тар қапас, тас бауыр мынау қаладан,

Ызғырық болып, бір салқын жел еседі.

Қыз едім кеше ауылда өскен қаршадай,

Ойнасам да қаншама ойын шаршамай.

Қайран ауыл, қалды артымда сағынтып,

Алақанына салған мені ханшадай.

Ауылда өтті қаншама қызық балалық,

Ата-анамыз ұқтырған бізге даналық.

Қалада әркім өз басын ғана күйіттер,

Әй, адамар-ай, мінезің қайда далалық?

Мөлдіреп бұлақ, сарқырап суы ағатын,

Бір жұтсаң болды шөлің бірден қанатын.

Ауасы қандай тамаша, шіркін, ауылдың,

Көліне еркін аққуы келіп қонатын.

Күндерім мынау бір мұңға бөлеп жанымды,

Ауылды аңсап қара қыз бүгін сағынды.

Қара бұлт торлар қатігез мынау қаладан,

Мейірім таппай тынысы әбден тарылды.

Тас қала, әттең, жүрегім менің тұр налып,

Ауылға барсам, маңайым қалар нұрланып.

Сағынышымның зарығын басып қайтсам ба,

Алыста қалған ауылыма, шіркін, бір барып?!

Дәмелі ЖОЛАУШЫБАЙҚЫЗЫ.

Пікір үстеу