Ақын, аудармашы, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мәшһүртанушы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Сүлеймен Баязитовтың туғанына 80 жыл толуына орай, Павлодар қаласында және Баянауыл ауданында әдеби кездесулер өтті.

С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Жауқазын жырдың жүрегі» атты әдеби-танымдық конференция өтті. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан сөз сөйлеп, жазушының отбасына сый-сыяпат жасады.

Сүлеймен Баязитовтің тырнақалды шығармалары сонау 1963 жылдары Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде жарияланған. Сол уақытта совхозда шопанның көмекшісі болып жүрген бозбала Сүлеймен кейін әскерге алынып, қайтып келген соң біржола шығармашылық жолға түседі. Аудандық газеттен еңбек жолын бастап, кейін талай жылдар Павлодардың облыстық газетінде қызмет істеген, жай ғана қатардағы журналистердің бірі болып қалып қоймай, үнемі ізденіс үстіңде жүретін қаламгердің тұңғыш өлеңдер жинағы «Бастау» деген атпен 1979 жылы жарық көрген.

Жиынға жазушының қызы Сәуле Сүлейменқызы қатысты. Ол өз естелігінде әкесінің балаларын инабатты, әдепті болуға тәрбиелегенін айтты.

– Әкеміздің есімін ұлықтауда істеліп жатқан жұмыстар бізді қуантады. Облыстық кітапхананың балалар оқу орталығына әкеміздің есімі берілді. Ол – жазушының өнерін, еңбегін бағалау деп білеміз, – деді ол.

Сонымен бірге, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық өкілдігінің жетекшісі Серік Елікбай қаламгердің балалар әдебиетіндегі орны туралы айтса, ақын-аудармашы Айбек Оралхан С.Баязитовтың проза жанрында жазған туындылары туралы баяндады.

Іс-шара соңында С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхана мен Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен, Баязитовтер отбасының қолдауымен өткен облыстық «Сүлеймен Баязитов оқуларының» жеңімпаздары марапатталады. Байқау нәтижесі бойынша Ақсу қаласының үміткері Нұрбол Берікболұлы жеңімпаз атанса, Ертіс ауданынан келген Хайрат Айзере мен Ақуллы ауданының үміткері Азамат Болатбекұлы жүлделі 2-3 орындарды өзара бөлісті. Байқаудың ақтық сынына өткен өзге өнерпаздар әр түрлі аталымдағы номинацияларға ие болды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен статуэткалар, дипломдар табысталды.

Академик Қ.И.Сәтбаевтың Баянауыл мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен «Жырларым – елге мұра, ұрпаққа аманат» атты еске алу кеші өтті. Кеште өскелең ұрпаққа қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ақын Сүлеймен Баязитовтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат берілді, ақын шығармашылығы таныстырылды.

Қ.Исабаев атындағы аудандық кітапхана қаламгер шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрмеге қойылған кітап, газеттерден ақынның шығармашылық мұрасы мол екенін аңғардық. Сүлеймен Баязитов саналы ғұмырын журналистикаға арнап, ұстаздықпен жалғап, қазақ балалар әдебиетінің өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Табанды еңбек пен ізденістің арқасында қаламгер көзі тірісінде 19 кітапты жарыққа шығарды. Өмірден өткеннен кейін 2 кітабы шықты. Солардың қатарында «Жасыбай батыр», «Құдіреті күшті бір Алла», «Елсіздегі елес», «Жаралы жердің жанары» атты туындылары оқырман жүрегінен лайықты орын алған.

Жиынды мемориалдық музейдің басшысы Қайыргелді Абылғазин бастады. Одан кейін Жаяу Мұса атындағы Баянауыл балалар өнер мектебінің ұстазы Жеңісбек Пәзіл ақын рухына арнау жырымен тағзым жасады.

«…Қаламгер сара жолын салып берді,

Ұрпақтар ер еңбегін анық көрді.

Механизатор болам деп жүрген ұлды.

Таланты әдебиетке алып келді.

Алғаш жазған жыры мен әңгімесін,

«Тың өлкесі» газетінен халық көрді.

«Жалын» баспасынан жалын атып,

Жыр жинақ «Бастау» деген жарық көрді.

«Жеңіс» пен «Баянтауда» 30 жылдық

ақпараттың соқпағын салып берді.

«Сараыарқа самалында» сапты түзеп,

Баспасөзге төкті ғой анық терді,

Толғанып Абай, Мәшһүр, Махмұтқа,

Мәні терең мақала жазып берді…» – деді ақын.

Еске алу кешінің құрметті қонақтары – ақынның замандастары Қорабай Шәкірұлы, Ғалия Әубәкірқызы, Серік Мусин, Рамазан Нұрғалиев; «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау») газетінде бірге істеген әріптесі Күлжамал Құттыбаева; марқұмның туыстары Балташ Бақтыбаев пен жары Айтжан апа; Сүлеймен ағаның әкелік қамқорлығын  көріп, баласындай болған жиені, Ш.Айманов атындағы мектептің ұстазы Тұрсынай Жакина, рухани ізбасарлары Асыл Әбіш пен Еламан Қабділәшім, Таңат Ахатов, Айбат Ыдырысов әсерлі естеліктерімен бөлісті.

Сүлеймен ақын 2009 жылы оқу құралы ретінде «Мәшһүртану өрісі», 2019 жылы «Бала Мәшһүр» атты жинақтарын шығарды. Осы елеулі еңбектер туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі Әсет Пазылов толымды пікір білдірді.

Іс-шара барысында Сүлейман Баязитовтың өнегелі ғұмырынан сыр шертетін бейнефильм көрсетілді. Сондай-ақ, қаламгер 1999 жылдан 2008 жылға дейін «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен мұғалім болып қызмет еткен Кемеңгер мектебінің ұстаздары да бейнежазба жолдап, естеліктерін ортаға салды.

Өмір туралы, халық көңілін сусындатқан, тіршілікке тірек боларлық өмір шырағын, өмір жұпарын жыр еттін ақын өлеңдерін Ш.Айманов атындағы мектеп оқушылары оқыды.

Жиында дәстүрлі әнші Самал  Жақұпова, «Беу, жігіттер!» халық ансамблі өнер көрсетті.

Добавить комментарий