11 қараша күні портал тілшісі Еламан Қабділәшімнің «Қазақ әзіл-қалжыңының кескіні» мақаласы жарияланған болатын. Аталған мақаланың ізінен «Хат-қоржынымызға» белгілі қаламгер, ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосынның Айдарбек қу Құлбарақұлы туралы мақаласы келіп түсті. «Баянауланың біртуарлары» сериясымен жазылған сол мақаланы оқырман назарына ұсынамыз.
Айдарбек қу Құлбарақұлы
Баянаула жерін ауызға алғанда, ең әуелі осы өңірде жасап өткен абыз бен әулиені, әнші мен күйшіні, шешен мен көсемді, батыр мен бағланды айтып мақтан етеміз. Шындығында, осы адамдардың барлығы Баянаула, Қызылтау, Желтау, Далба елінің елінің кешегі болмыс-бітімінен хабар беріп, құпиясы мол арғы күндерге жетелейді. Қарап отырсақ, аталмыш аймақты елге әйгілеп, ажарын ашып тұрған осы құнарлы топырақтан өсіп-өнген адамдары екен. Бұлардың ішінде кімдер жоқ дейсіз…
Дегенмен, біздер бұрыннан аттары аталып жүрген, тарихтан белгілі тұлғаларға көбірек көңіл бөлеміз де, кезінде ел ішінде айшықты сөздерімен, оқыс әрекеттерімен мәлім болған қайсыбір адамдардың аттары ұмыт қалып жатады.
Бұл өңірден тек ақын-жыраулар мен ғалымдар ғана шықпаған, сондай-ақ, халықтың көңілін ашып, жұртты күлкіге қарық қылып, қулығымен ойға келмейтін небір оқыс істер жасаған адамдар да өткен. Бір ғажабы, халық бұларды ел басқарған бай мен болыстан, басқадай өнер иелерінен ешбір кем көрмеген. Бұлар да халықтың құрметінде болған кісілер. Осындай аты ұмытылып бара жатқан адамдардың бірі – Айдарбек қу Құлбарақұлы. Бұл кісінің шықан тегі – Құлболды-Айдаболдың Тайкелтір атасынан.
Айдарбек қу жайлы айтар болсақ, бұл өзі тура аңыздағы Алдар көсе тәрізді. Ел ішінде бай-манаптардың тарапынан қысымшылық, әділетсіздік көргендер болса немесе теріс қылықты адамдар болса, соларды күлкілі жағдайға қалдырып, жөнге салып жүрген. Кезінде Жұмат Шанинның «Айдарбек қу» деген пьесасы да болған екен. Шәкен Айманов та «Алдар көсе» фильмін дайындау барысында Айдарбек қудың кейбір әрекеттерін пайдаланған деседі…
Баян еліндегі үлкендердің айтуынша, Айдарбек қудың Смақ деген баласы кеңес уақытында Мұрынтал ауылында тұрып, алпысыншы жылдары қайтыс болыпты, өзі балуан, күреске түсетін, серілеу адам еді дейді.
Енді Айдарбек қу жайлы бүгінге жеткен біраз хикаяларды назарларыңызға ұсыналық.
Бірде ағайынды Ақбура мен Тұлпар аталарының арасында мынадай бір оқиға болады. Нақтырақ айтсақ, Тұлпар Ақтай болыстың ауылының бір жігіті Ақбура Қарқынбай ауылының бір қызын алмақ болады. Бірақ қыздың келісіп, атастырып қойған жері болуы керек. Дегенмен әлуеті мықты Ақаң ауылы қызды қайтсек те аламыз деп күшке салады. Бұл әңгіме Айдарбек қудың да құлағына жетеді. Қыз ауылын осы жағдайдан құтқармақ болған ол түнделетіп қыздың үйіне барады. Барса, үйде кемпір шешесі мен қыз екеуі ғана. Сол түні оны еріксіз алып қашуға тұлпарлар жағынан адамдар келмек екенін естиді. Айдарбек дереу қызды етхананың ішіне кіргізіп, тығып тастап, оның орнына қыздың киімін кигізіп кемпірді жатқызып, өзі кемпірдің киімін киіп, оның орнына босағаға жата қалады. Түнде Ақаң ауылының жігіттері келіп, шымылдықтың ішінде жатқан қызды көтеріп алып шығып, атқа өңгеріп алып қашпай ма. Ауылдарына апарып, аттан түсіргесін, шашу шашайын деп келген ауылдың әйелдері «қалыңдықтың отырысы қызғы ұқсамайды екен» деп таң қаласыпты. Сөйтіп «келіннің» бетін ашса, алып келгендері қыз емес, кемпір. Содан әлгілер күлкіге ұшырағандарын түсініп, оны істеген Айдарбек қу екенін сезеді. Ол кезде «ұзын құлақ» хабар ауыл-ауылға лезде тарайды. Ерігіп отырған елге күлкі керек. «Қыз алып қашқандар» ұялғандарынан амалсыз ат-шапан айыбын төлеп, кемпірді қайтадан ауылына апарып тастапты. Айдарбек қу сөйтіп, қыздың сүйгеніне қосылуына себеп болған екен.
Сол заманда Қаржас-Ақшадан шыққан бір бай деген адам болыпты. (бүгінгі ұрпақтары теріс түсініп жүрер деген оймен біздер есімін көрсетпедік). Жаңа өкімет келіп орнап жатқанда, осы бай кіші әйелін қарамағындағы жылқышысына қосып, «Құдай алдында әмеңгерлік жолмен саған бердім» деп, өзі бәйбішесін ертіп, Омбы жағына кетіп, сол жақта қайтыс болыпты.
Айдарбек бұл байдың сараңдау екенін, зекет-садақа бермейтінін естіп жүреді екен. Бірде Баянауылдың орталығына осы байдың келгенін Айдарбек қу естиді. Сөйтіп бұның бір зәресін алайын деп шешкен ол қазіргі Көшет асуының тұсына барып (Көшет – Баяннан Қарағандағы шығатын жолдың жиегіндегі тоғай), тырдай жалаңаш шешініп, сол жердегі қара батпақпен өне бойын сылап алып, түрін адам шошырлық кейіпке ендіріп, ағашқа өрмелеп шығып, аяғымен ілініп, басын төмен салбыратып тұрады. Жаңағы бай жанынан өте бергенде: «Ей, Құдайдың пендесі, сен неге зекет, садақа бермейсің, неге қолыңдағы дәулетіңмен бөліспейсің, неткен сараңсың?! Мен сенің жаныңды алатын әзірейілмін! Енді сен үш күн тілсіз жатасың, жеті күннен кейін жаныңды алам, өлесің!» деп ақырады. Шынымен зәресі ұшқан бай сол арада аттан құлап, тілі байланып қалыпты. Әупірімдеп үйіне жетіп құлап, енді өлетін шығармын деп жатқанда, үш күн өткесін, түк білмеген адамша Айдарбек қу келеді. Сәлем беріп кіріп: «Ой, байеке, ауырып қалдыңыз ба, не болды?!» деп, байды олай-былай қарап: «Жағдайың мәз емес екен, қара қойдың өкпесімен ұшықтау керек», – деп, қой сойғызып, байды емдейді. Сөйтіп оның тілі шығып, Айдарбекке өзінің бір жақсы атын мінгізген екен.
Бірде Айдарбек сырттағы қаракесек елінде өзі секілді сондай бір қу бар деп естиді. Ол өзі бай адам, бара қалған төртуылдың кісілерін ылғи келеке қылады екен. Осыны естігесін, оны көріп сынамақ болып, Айдарбек солай қарай шығады. Байдың ауылының тұсына жеткесін, әуелі мал жайып жүрген қойшысынан жай-жапсарын сұрап біліп алады. Бай қай уақытта төсегінен тұрады, намазын қалай оқиды, бәйбіше-тоқалдары не істейді, бәрін біліп алады. Қойшының айтуынша, бай кіші бесіннің алдында ұйықтап тұрған соң, үлкен шарамен ыстық құрт ездіріп ішеді екен. Содан аңдып жүрген Айдарбек байдың құрт ішер кезінде сәлем беріп үйге кіреді.
– Қайдан жүрген адамсың? – деп сұрайды бай.
– Жолаушы едім, – дейді Айдарбек.
Үлкен шара аяқпен ыстық құрт келеді. Бай Айдарбекке:
– Е, жолаушым, жол жүріп келдің, не көрдің, не білдің, қозғай отыр, – депті. Сонда Айдарбек:
– Иә, байеке, қозғасақ, қозғап отырайық, – деп, байдың аузына апара берген шарасын әрі-бері шайқап, қозғай бастайды. Шара шайқалғасын, ыстық құрт төгіліп, байдың ерні күйіп қалады. Сонда бай: «Астағфиралла, сен Айдарбек болмасаң нетті?!» – деп танып қойған екен. Сөйтіп қаракесектің қуы Айдарбекке ат мінгізіп аттандырыпты деседі.
Айдарбек пен сараң бай туралы жоғарыдағы әңгіменің тағы бір нұсқасы ғаламторда жүр екен. «Айдарбек пен сараң Жаныспай бай» деп аталады. Сол әңгімені де назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Айдарбек өзімен елдес Жаныспай деген байдан несиеге бір қой сұрайды. Айдарбектің төлей қояр малының жайын білетін Жаныспай:
— Өзім де қайырмаға соятын пышаққа жарар мал таба алмай отырмын, — деп маңына жолатпайды.
Жаныспайдың түлеме құйрық еркек қойлары шөпте тұрғанын Айдарбек көреді де, ішінен: «Мына қойларыңның біреуін бұйырмаса да, жермін» дейді. Үйдегі ет таусылғасын, Айдарбектің бала-шағасы ашығып, зарығады. Сөйтіп жүргенде, Құлатай деген саудагер сататын астық әкеліпті дегенді есітіп, Айдарбек қабын бөктеріп үйден аттанады.
Айдарбектің жүретін жолы Жаныспай ауылының үсті болады. Баян тауының қалың қарағайлы саласы, жалғыз жол, ақырын арық атымен ілбіп келе жатқан Айдарбектің көзіне қарағай ішінде түйе, сиыр сияқты қара малдарды айдап келе жатқан Жаныспай көрінеді. «Е, сәті келген шығар» дейді ішінен Айдарбек. Оның алдында «Жер қурап, су азайып, мал жүдегені пәленің басы болса керек. Арқаға сұмырай келіпті-мыс» деген қауесет сөз есіткені бар-ды. Сол сөзі ойына түсе кетіп, көйлегін шешіп алып, басын тұмшалап орайды. Ала тік дамбалын шешіп, шалбарының сыртынан киіп, балағын буып алады. Бір қабының түбін екі жерден тесіп, көзін жылтыратып басына киеді. Атын бір топ қалың қарағайдың түбіне апарып мықтап байлап тастайды. Өзі келіп Жаныспайдың тап жүрер жолындағы бір қарағайдың бұтағына бір қол, бір аяғынан асынып, басын салбыратып тұрады.
Жаныспай малын айдап тап қасына келгенде, әлдеқалай бір әмірлі дауыспен: «Тоқта, дозақы қайда барасың?» деп ақырады. Жаныспай шошып кетіп жан-жағына қарағанда, қарағайда асылып тұрған жалмауыз түріндегі Айдарбекті көреді.
«Алла» деуге тілі зорға келіп, тұра қашпақ болғанда, қарағайдың бұтағына тымағының бауынан ілініп атынан ұшып түседі. Есеңгіреп біраз жатып, орнынан тұра бергенде, Айдарбек бұтаққа асылып тұрған күйінде, аса бір қорқынышты сиқырлы дауыспен:
— Сен Жаныспайсың ғой, малың зекетсіз, өзің тәубесізсің. Мен сұмыраймын. Сендейлердің тәубесін есіне түсіруге келдім. Біз үшеу едік, біреуіміз Қарқаралының тауында, енді біреуіміз Ерейменде. Суды құртқан біз, шөпті қуратқан біз, — деп дауысын сан құбылтады. Жаныспай есі шығып орнынан қозғала алмай қатып қалады. Тілі байланып, басы айналады. Тағы да Айдарбек әлгіден де қорқынышты күштірек үнмен:
— Жөнел, жексұрын, үйіңе. Қырық күнге дейін бір ауыз дүние сөзін сөйлеме. Үйіңдегі қырық еркек қойдың қақ жартысын кедей-кепшікке үлестір. Жиырмасын сойып, қырық күндей жетім-жесірді жинап тамақтандыр. Осы айтқанның бір шарты бұзылса, дүниеде тірі жүрем деп ойлама. Ал, жөнел, — деп екілене, ексімдей қарады.
Жаныспайдың буыны құрып, сүйретіліп ауылына қарай жылжиды. Жаныспай тасаға түсісімен Айдарбек киімін жөндеп киіп, атына мініп Жаныспайды қуып жетеді. Сәлем берсе, Жаныспайда тіл жоқ, тек қолын ербеңдетіп ымдайды. Айдарбек ұққан кісі болып, Жаныспайды сүйемелдеп, атына мінгізіп аулына алып келеді. Үйінің іші, ауылы болып үрейі ұшып, молда шақырып Жаныспайға дем салғызады. Жаныспайдың бәйбішесі бір еркек қойды сойып, сол күні елге құдайы қылып береді.
Жаныспайдың тілі шықпайды. Бірақ ымдап Айдарбекке бір еркек қой бергізеді. Айдарбек қойды алып тұрып:
«Сұмырайдың ізін көрдім,
Жаныспайдың өзін көрдім.
Балаларыма іздеген азығымды,
Уа, Тәңірім, өзің бердің.
Бай жазылсын батам жағып,
Кетпесе егер пері қағып,
Шошымаса сұмырайдан
Қойды маған берсін неғып», — деп Айдарбек қойды өңгеріп жөнеледі. Жаныспай қырық күнге дейін сөйлемей, Айдарбектің айтқанының бәрін істейді.
Айдарбек қудың қыз алып қашу жөніндегі әңгіменің тағы бір нұсқасы ғаламторда жүр екен. Оны да қоса беріп отырмыз.
Екі адам дос болыпты, бірімізден қыз туса, қалыңсыз қосалық десіпті. Күндердің бір күнінде әлгінің бірінен ұл, бірінен қыз туып, өсіпті. Қыз ел аузына ілінген мақтаулы, ақылды екен. Ал анау жігіт жарымес-жынды, шұбар болыпты. Ержетіп, ел аузына ілінген сұлу қыз жынды күйеуге бармаймын деп, наразылық білдіріпті. Қыздың әкесі ренжітіп, бере алмапты. Сонымен екі арада алакөңілдік туыпты.
Қыз әкесі кедей, нашар ата екен де, күйеу аталы жуан ауыл, бай баласы екен. Ағайын, туған, әке-шеше жігітті қайрап: «Сен ынжықсың, барып, тартып әкел, пәленнің жесірі кетті деген не сұмдық», – деп, қызды тартып әкелуге жасақ жинайды. Бұл хабарды қыздың ауылы естиді де, қорқады. Өйткені, қыздың ауылы елден бөлек жеке жайлауда екен. Және қыз әкесі үйінде жоқ, алыс сапарға кетсе керек. Қыздың әкесінің екі әйелі бар екен. Қыз соның үлкенінен туған. Әйелдер үрейленіп, қысылып отырғанда, ауылына Айдарбек қонаққа келеді. Қыз шешесі Айдарбекті танымайды, бірақ «түсі жылыдан – түңілме» деген еді деп, жайын айтады.
Айдарбек «қорықпаңдар, саспаңдар», – деп, ақыл айтады да:
– Мен не істесем, соған «мақұл» деп, қосыла беріңдер. Ал мен жұмысқа кірістім, сұрағанымды дайында, – дейді.
Сонымен таң ата қыздың ауылына көп адам келіп, қызды тартып әкетеді. Қызды алып келіп, той қылады. Тойға ел жиналады. Әлден уақытта келіннің бетін ашамыз деп жыршылар жиналып, ақсақалдардың, бәйбішелердің алдына әкеліп, бетін ашады. Бетін ашса, әкелгені қыз емес, қыздың кіші шешесі болып шығады. Әкелген жігіттер де, ақсақалдар да масқара болып қайтады. Екі арада бітім болып, құдағиды қайтарады. Артынан сұраса, оқиға былай екен.
Айдарбек қыздың бар киімін кіші шешесіне киіндіріп, сырға тағып, білезік кигізіп, жүзік салғызып, шашын майлап, тарап, шекен тақия кигізеді. Өзін бәйбішенің ірге жағына жатқызады. Қызға нашарлау киім кигізіп, тоқалдың төсегіне жатқызып, ыңқылдатып, ауыртып қояды. Қызды алуға келген бозбалалар асығып жүріп, бетіне қарамай, кемпірінің ірге жағында жатқан абысынын ала жөнеледі. Мұны жасаған Айдарбек қу еді дейді.
Сүйіндік ішінде Тынды дейтін бір бай болыпты. Кесіп алса, қан шықпайтын сараң екен. Күндердің бір күнінде Айдарбек Тындының үйіне келіп, бір аттың майын сұрайды (аттың майын сұрау – уақытша мінуге ат сұрайды). Тынды бермейді. Айдарбек ішінен ыза болып кетеді. Есебін тауып, «Тындыға бір қылайын» деп кектенеді.
Тындының жалғыз қызы бар екен, оны Тама еліне ұзатқан екен. Сол қыздың төркіндеп келетін мезгілі болады. Айдарбек бойжеткен қыз болып киініп, қасына бір жолдас ертіп, Тындының ауылына келеді. Кешке таман таудың басында отырған Тынды анадай оқшау келе жатқан бір әйел, бір еркекті көріп, дәу де болса, осы ұзатылған қызым ғой деп ойлайды. Келе жатқан жолаушылар да ауыл адамдарын көрген соң әдеттегідей төркіндеген қыздың салты бойынша дауысын шығарады. Тынды қалбалақтап алдынан қарсы жүреді. Сол кезде жолаушы әйел де аттан түсіп, сыңсып келіп, ауыл адамдарына шетінен көрісе бастайды. Көріскен адамы аздан соң талықсып, отыра-отыра қалады. Өйткені, көріскен қыз елді екі бүйірінен, өкпесінен қысып, әлсіретіп жібереді. Тындының өзі де көксау екен, көріскен соң талықсып, отырып қалады. Сол кезде Айдарбек атына міне сала қашады. Ауылдағы бірер арық-тұрақ атпен қуады, бірақ жете алмайды.
Мұның Айдарбек екенін біліп, басы Тындының өзі болып, бармағын тістеп қалады.
Арада бес-алты күн өтеді. Тағы да кешке таман күнбатыс жақтан бір әйел, бір еркек солаң етіп, шыға келеді. Тынды көріп:
– Е, бәлем, Айдарбек, анау күні күншығыс жақтан келіп едің, енді күнбатыс жақтан шықтың ба, тағы көрісетін шығарсың, – деп, жеңінің ішіне кішкене қолтоқпақ тығып алып, жолаушылардың алдынан қарсы шығады. Келе жатқан жолаушы әйел дауысын шығарып, кеңкілдеп жылап, аттан түседі. Тындыны көріп, құшағын жайып, сыңсып жылап, жүгіреді.
– Ә, Айдарбек, тағы да бүйірімнен қысқалы келесің ғой, сен қысқанша, мен сені жайлайын, – деп, көрісе беріп, қолтоқпақпен шекеден періп жібереді. Әйел мұрттай ұшады. Әлден уақытта бетін ашып қараса, Айдарбек емес, Қаншайым деген өзінің ұзатқан қызы.
Міне, осымен Айдарбек Тындыны екі рет масқара қылады.
Айдарбек бірде кешкі уақытта қонамын деп Қашқынбек деген байдың үйіне келеді. Қонайын десе, олар: «Күздік сойып жатырмыз, мал-соғым сойған күні қондырмайтын әдетіміз», – деп, қондырмай жібереді.
Айдарбек атына мініп, аяңдап, басқа бір ауылға барады да, қонып, түнде атына мініп кетіп қалады.
Қашқынбектің інісі Қореке деген сақау бар екен. Айдарбек түні бойы айналадағы ауылдарды аралап, Қореке сақау болып, соның дауысына салып үйдің сыртынан:
– Қашқынбек аттан бай жығылып қаза болды, таңертең жаназасы, – деп, барлық елге сауын айтады. Елдің алды күн шыға Қашқынбектің ауылына топ-топ болып, «ой, бауырымдап» ат қояды. Қашқынбектің өзі де, ауылы да шошып кетеді. Қашқынбектің Оспан дегендегі қызы да келеді. Келіп, тыста тұрған әкесін бас салып, көріседі. Әкесі шошып:
– Қарағым-ау, не болды, кім өлді? – десе, «Өзің-ау, өзің» деп, өкіріп, жылай береді. Сөйтіп біраздан соң у-шу тиылып, жылаған ел солығын басады. Сол кезде бай «сөз қайдан шықты?» десе, жиналған ел: «Қайдан шыққаны қалай, түн ортасында ініңіз Қореке келіп, сізді аттан жығылып, мойыны үзіліп өлді деп хабарлады. Содан хабар естідік», – дейді.
Қорекеден сұраса, ол «үйімнен шыққам жоқ, Құдай сақтасын», – деп, ант суын ішеді де.
Сосын ойланып: «Егер мен болып сөйлеп жүрсе, бұл Айдарбек болды. Сол ит кешке келген, бірақ бай қондырмай жіберген, сол ит екен ғой!», – дейді. Сөйтіп, амалы таусылған Қашқынбек келгендерге тай сойып, қой сойып, қонақ қылып қайтарыпты.
Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.