“Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандылығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында назарларыңызға Мемлекеттік рәміздер туралы қызықты деректерді ұсынамыз.
- Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады.
- Мемлекеттік елтаңба таңдалған сәттен бастап еш өзгеріске түспеген.
- Елтаңбаға жұлдыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен енгізілген.
- 1992 жылы қабылданған Әнұран 750 жоба ішінен таңдалып алынған.
- Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы керек.
- Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
- Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек.
- Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Жаңа Әнұран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
- Қазақстандағы ең үлкен ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.
- 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды.
- Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.
- 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.
- Жаңа бекітілген Әнұран 59 сөзден тұрады. Оның ішінде 25 сөз жаңадан енгізілген. Ал әуені толықтай сақталған. Музыкасының авторы – Шәмші Қалдаяқов.
Дайындаған – Әйгерім СОЛТАН