Pavlodar, KZ
Дымка

Әдебиет бойынша 2024 жылғы Нобель сыйлығын Оңтүстік Корея жазушысы Хан Ган иеленді. Оған бұл мәртебелі марапат «Тарихи ауыртпалықтарға қарсы тұратын және адам өмірінің нәзіктігін әшкерелейтін қарқынды, поэтикалық прозасы үшін» берілді. Осылайша ол бұл сыйлықты иеленген алғашқы оңтүстіккореялық қаламгер атанды.

Нобель комитетінің баспасөз хабарламасында: «Хан Ган өз шығармасында тарихи ауыртпалықтар мен көзге көрінбейтін ережелер жиынтығын зерттеп, әр шығармасында адам өмірінің нәзіктігін ашады. Ол тән мен жанның, тірі мен өлі арасындағы байланысты ерекше түсінеді және оның поэтикалық және эксперименталды стилі қазіргі прозаның жаңалығына айналды» делінген.

Жазушы Хан Ган 1970 жылы 27 қарашада Кванджу қаласында дүниеге келген. Ол қаламгерлер отбасында тәрбиеленді. Әкесі Хан Сынвон мен ағасы Хан Доллим де – жазушы.

Ол он жасында отбасымен Сеулге қоныс аударды. Ол туралы «Грек тілі сабағы» («Уроки греческого») романында нәзік баяндалады. Болашақ жазушы Ёнсе университетінде корей әдебиетінен дәріс алды. Тырнақалды өлеңдері «Қоғам және әдебиет» («Общество и литература») журналында басылған сәттен бастап Хан жазушылыққа түбегейлі бет бұрды. 1995 жылы «Сотталушының махаббаты» («Любовь каторжника») атты алғашқы романы жарық көрді. Ал,  «Қызыл зәкір» («Алый якорь») романының Сеул Синмун атты әдеби байқауда жеңімпаз атануы оның әдебиеттегі ресми дебюті болды.

Уақыт өте келе оның шығармашылық шеберлігі мен әдебиеттегі табыстары арта түсті. Хан Ган 2005 жылы Ли Сан әдеби сыйлығын алды. «Ет жемейтін әйел» («Вегетерианка») романы үшін 2016 жылы халықаралық Букер сыйлығын еншіледі. Бұл роман оның ағылшын тіліне аударылған алғашқы туындыларының бірі. Хан бұл сыйлықты алған бірінші корей жазушысы болды. Романда Ёнхе есімді әрі момын, әрі күйеуіне берілген әйел түсінде піспеген шикі етпен байланысты қорқынышты түс көреді. Одан кейін ол ет жеуден бас тартады. Бұл оның күйеуі мен әкесінің ашу-ызасын тудырады. Содан соң роман кейіпкерлерінің ешқайсысы да ойламаған, тіпті болжай алмайтын ауқымды салдары бар оқиғалар тізбегі басталады. Сол уақытта Ёнхенің әпкесінің күйеуіне, жалаңаш денелеріне гүлдердің суреті салынған еркек пен әйел арасындағы махаббат көріністері елестеп, маза бермей қояды. Роман үш бөлімнен тұрады және онда үш баяндаушы бар. Олар – Ёнхенің күйеуі, әпкесі және әпкесінің күйеуі. Олардың әрқайсысы кейіпкермен не болып жатқанын өзінше бағалайды…

2018 жылы Ханг Ганның «Сүйікті ұлыма» («Любимому сыну») романы шотланд суретшісі Кэти Патерсонның «Болашақ кітапханасы» арт-жобасына таңдалады. Ол 2114 жылы бір-ақ 100 мәтін антологиясында жарияланатын болады. Оған дейін қолжазба Ослодағы «Дейчман кітапханасында» қағазға бсылмаған және ешкім оқымаған күйде сақталатын болады. Бұл жетістік оның әлемге танылуына жол ашты. 2021 жылы Хан Ган «Мен қоштаспаймын!» («Я не прощаюсь») романын жазды. Романда Чеджудо аралындағы көтеріліс үш әйелдің көзімен бейнеленіп, беріледі. Роман 2023 жылы «Ең үздік шет ел шығармасы» аталымында француздық Медичи сыйлығымен марапатталды.

2013 жылдың жазынан бастап, Хан Сеул өнер институтында жазушылық шеберлік бойынша сабақ береді.

Хан Ган әдебиеттен бөлек музыка және көркемсуретпен аса қызығушылықпен айналысады. Оның бұл қызығушылықтары көптеген шығармаларында көрініс береді. Мысалы, «Сенің суық қолдарың» («Твои холодные руки») романында мүсінші мен модель арасындағы қарыс-қатынас сөз болады. Ал, «Ыңылдап айтқан әндер» («Тихо спетые песни») деп аталатын эселер жинағының қосымшасына ол толық музыкалық диск жазып шықты.

Қаламгер әр жылдары «Ёсудың махаббаты»,  «Жеңешелеріңнің жемістері» қатарлы әңгімелер жинағын, «Менің атым – Күнбағыс», «Қызыл гүлдердің әңгімесі» хикаяттарын,  «Қара бұғы» «Сары өрнектердің мәңгілігі» «Бала келе жатыр» «Қоштасқым келмейді» романдарын және өзге де көптеген кітаптарын жарыққа шығарды. Қаламгердің кітаптары корей, ағылшын, орыс, неміс, украин, поляк тілдерінде басылып шықты.

LiveLib сайтының мәліметтерінен әзірлеген Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

Суреттер аталған сайттан алынды.

Добавить комментарий