Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасында көрнекті жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Ахат  Жақсыбаевтың туғанына 85 жыл толуына орай «Өмір мен өнердің үйлесімі: Ахат Имантайұлы Жақсыбаевтың әдеби әлемі» атты  еске алу кеші өтті.

Еске алу жиынында жазушының әдебиетке сіңірген еңбегі мен қазақ журналистикасына қырық жылдан аса қызмет еткені жөнінде  жазушылар мен әріптестері өз естеліктерін айтып, ақын інілері өлеңдерін оқыды.

Ахат Жақсыбаев Жазушылар одағының әдеби органы «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналында отыз жылдан астам уақыт жұмыс істеп, әрбір жарық көрген газет-журналдың сапасына жауапкершілікпен қарап, материалдардың сауаттылығы мен тілдік көркемдігіне ерекше мән берді. Өзінен кейінгі жастардың кәсіби дамуына да ерекше көңіл бөліп, қазақ баспасөзінің белді өкілдерінің қалыптасуына ықпал етті.

Іс-шарада қаламгер туралы естеліктерден құралған «Көз көрген еді» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ахат Жақсыбаевтың журналистік қызметінен бөлек жазушылық және аудармашылық қыры де бір төбе. Оның көркем шығармалары қазақ әдебиетінен өз орнын алған құнды дүниелер.

Шара аясында қаламгердің Ұлттық кітапхана қорында бес жүзге жуық материалдардан іріктелініп алынған  жиырмадан  аса кітаптары мен  журнал беттерінде жарық көрген мақалалары және отбасының архивінен алынған отыздан аса суреттерінен «А.Жақсыбаевтың әдеби әлемі» атты көрме қойылды.

Жиынға мемлекеттік мекеме басшылары, БАҚ өкілдері, елімізге танымал ақын-жазушылар, өнер және мәдениет қайраткерлері, туған-туыстары, жазушылардың жарлары  қатысты.

Добавить комментарий