Ғалым Сұлтанхан Аққұлының «Қазақ жерінің жоқшысы» кітабындағы Әлихан образы
Тәуелсіз ел болудың бағдарламасын жасап, «Алаш» партиясын құрып, екіжүзді саясаттың құрбаны болған алаш ардақтылары Әлихан Бөкейханның, Ахмет Байтұрсынұлының, Мыржақып Дулатұлының, Әбікей Сәтбаевтың және күні бүгін ақталған басқа да «Алаш» партиясы мүшелерінің бейнелері бүгінгі күн талабымен сарабдал оймен сараланып жаңа бір жақсылық, адамгершілік, азаматтық, шындық тұрғыда бейнеленуде әрі зерттелу үстінде. Шындығын айтсақ, ХХ ғасырдың бас кезінде Ресейден бөлініп, жеке ел болуды аңсаған ұлт көсемдері – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай және басқа алашшылдар Кеңес үкіметін қабылдап, қызмет жасағаны анық. Кейін 1920-37 жылдары халық жаулары ретінде қуғындалды, жазықсыз атылды. Кеңес үкіметі кезіндегі әдебиеттің түрлі жанрларында: өлеңде, әңгіме, романда, деректі құжаттарда жоғарыда аталған Алаш ардақтыларын үстем тап, буржуазия өкілдері ретінде көрсетеді. Деректі құжаттар арқылы азамат соғысы кезінде қазақ жасағын құрып, бірде қызылдар, бірде ақгвардияшылдар жағында болғанын да байқаймыз. Бұл жағын тарихшыларға қалдырып, ұлт қайраткерлерінің, соның ішінде Әлихан Бөкейханның қазақ әдебиетінің түрлі жанрларында бейнеленуін сөз етіп көрейік.
Жалпы жазушылар мен зерттеушілерді Әлихан Бөкейхановтың Ресей бодандығына кірген қазақ халқының шұрайлы жерінен заңсыз айрылуы, ұлттық теңсіздік мәселесімен түбегейлі айналысуы қатты қызықтырды. Осы күрделі мәселені Ә. Бөкейханов 1906 жылы өзі сайланған Ресей Мемлекеттік Дума мінбесінен қоя білді. Ең бастысы, жерден айрыла бастаған қазақтың жоғын жоқтады. Алаш партиясының басшысы болған 1917-20 жылдары алашшыл жолдастарымен бірге қазақ жерінің бүгінгі дерлік шекарасын айқындады. Осы жылдар ішінде қазақ ауыз әдебиетінің батырлық жырларын, жырау ақындарын зерттеді. Абай өлеңдерін жинады. Ә. Бөкейхановты зерттеуші ғалым Сұлтанхан Аққұлы «Қазақ жерінің жоқшысы» кітабында: «Тап Әлихандай қазақтың ұлттық элитасында отаршыл өктем жүйе билеп тұрғанында күшпен тартып алынған жерлерді бейбіт жолмен қайтарып алу, ұлттық мемлекеттілікті қалпына келтіру мүмкін еместігіне терең бойлаған тұлға болғаны жоқ, – деп жазады (29-бет). Осы бір деректің өзі Әлихан бабамыздың замандастарынан оқ бойы озып тұрған, ойшыл, білімді, биік, дарынды парасат иесін көз алдымызға елестеді. Туған інісі Смахан төренің айтуынша, Әлихан дене бітімі мығым, сотқарлау, қыңыр, тілазар және бірбеткей бала болып өскен… Кедей-кепшік пен әлсіздерге қамқорлық таныту, әділеттілік пен адалдықты жоқтау сынды асыл қасиеттер балалық шағында пайда болған (106-108-бет). Әлекең 13 жасында, жасөспірім шағында, Қарқаралы қолөнер училищесінде оқып жүрген кезінде жасындай жарқылдап, өжет мінез көрсеткен. Келімсек балалардың бассыздығына, озбырлығына шыдамай, қаракөздерден басым жәбірлеушілерге қарсы арғы бабасы Бөкей ханды атап: «Бөкей, Бөкей» деп жауынгерлік ұран салып төбелес ашқан. Бұл айтылған деректерден ақылды, сонымен бірге әділдікті жақтаушы намысқой баланың бейнесін көреміз. Осы кітаптың 117-бетіндегі «Генерал-губернатор Колпаковскийдің қамқорлығы» деген дерек-естеліктен жасөспірім Әлиханның ер мінезді, намысқойлығымен қатар, оның оқуда алғыр, аса зерек болғанын көзбен көргендей боламыз. Әлиханның немере інісі Райымжан Әзімханның естелігі бойынша, патша генералы, қазақ елін билеуші губернатор Колпаковский Омбыдан бірнеше ат жегілген тарантаспен қазақ өлкесіне аттанады. Жолшыбай Қарқаралыға тоқтап, қолөнер училищесіне кіріп, мәртебелі қонақ оқушыларға «Омбы мен Қарқаралының арасында 760 шақырым жүріп өткен тарантас тіркемесінің дөңгелегі неше рет айналады?» деп оқыс сұрақ қояды. Сұрақтың кенеттен және күрделі болғандығы соншалық – мұғалімдердің өзі ойланып қалды…Иә, тап сол кезде қатардан орта бойлы, мығым денелі бала өзіне деген батыл сеніммен шықты. Тарантасқа жақындап, беліндегі белдігін шешті. Жерге жүресінен отыра қалып, белдігімен дөңгелектің ауданын өлшеп, бірдеңені есептей бастайды… Өзінің есептеуін аяқтаған қара торы бала мәртебелі қонақтың жанына жақын келіп, бетіне тура қараған бойда жастыққа тән еркін дауыспен күрделі сұрақтың жауабын нақты айтып берді. Қыр баласының ерекше батылдығына ғана емес, зеректігі мен математикалық қабілетіне таң қалған Герасим Колпаковский дереу училище директорына бұйрық беріп, дарынды баланы оқуын аяқтаған соң, Омбы техникалық училищесіне жіберуді тапсырды (119-бет). Түсініп тұрған шығарсыздар. Орта бойлы мығым бала Әлихан болатын. Болар бала садақпен атқан оғынан, көзінің өткір шоғынан танылар демекші, болашақ ұлт қайраткері, ұлт көсемі, әмбебап дарын иесі жас кезінен осылайша шыңдалады, оның бозбала кезіндегі шабытты, зерек, зерделі, алғыр, алымды, шалымды шағы осылайша қаз-қалпында бейнеленеді.
ХХ басырдың бас кезіндегі өлең-жырдағы Әлихан тұлғасы
Ұлт қайраткері Әлиханның көркем әдебиетте бейнеленуі Ресей Мемлекеттік Думасына сайлануға тіркелген 1905 жылдан басталды деуге негіз бар. 1906 жылы қазақ өлкесіне танымал тұлға, ақын, шежіреші, қазақтың ауыз әдебиетін зертеуші, жинақтаушы ғұламасы Мәшһүр Жүсіп «Сарыарқаның кімдікі екендігі» (4-том, 61-бет) туралы ұзақ толғау өлеңінің алғашқы шумағында:
Сөз шықты біздің қазақ баласына,
Петербург келіңіз деп қаласына.
Кеңшілік ойлай берсең келе жатыр,
Сахараның көшіп жүрген даласына…
Жиылыс, дума деген хабар шықты,
Қайратты ерлер барар оған мықты.
Бас қамын, жан пайдасын ойлаңыздар,
Тастасып партия мен араздықты.
Думада анық болды сайлау бары,
Құны асар артылғанның сонда шары, – деп Әлекеңнің атын атамай-ақ жанама түрде жар салып, сахараға жақсылық хабар жеткізеді. Осылайша, Әлиханның қайратты кейпі, білімпаз саңлақ тұлғасы, көшелі, көсем, тұщымды тұрпаты өлеңде, жырда Мәшекеңнен бастау алады.
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді ешкімнің алашты,
Қорлығына бермейміз, – деп Сұлтанмахмұттай айбынды ақын Әлихан басқарған алаш туын көтерген «Алаш» партиясын толық қуаттайды.
Әлиханның жан досы, тәуелсіздік жолындағы адал, айнымас серігі ұлт көсемі Ахмет Байтұрсыновтың «Достыма хат» өлеңі («Жалын» баспасы, 1991, 76-бет) Әлиханның басына қара бұлт үйіріліп, тұтқынға алынып, басына қиыншылық түскен кезде жазылғаны көрініп тұр.
Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай!
Қажымас қашық болған тұлпарым-ай!
Үйілген өлексені өрге сүйреп,
Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!
Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,
Түнерген төбемізден бұлт арылмай.
Көк етті, көн терілі көніп қалған,
Сықса да шыдай беру жұрт жарылмай.
Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр,
Кім шыдап, жолдастыққа төзіп жатыр?
Сасық ми, салқын жүрек санасыздар,
Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр… – деген жолдардан бірде сұңқар, бірде тұлпар болып қара халықты, жұртшылықты бірлікке, елдікке шақырған Әлиханның ерекше сомдалған бейнесі Махамбеттің «Тар қамау» деген өлеңіндегі «Толарсақтан саз кешіп, Тоқтамай тартып шығарға. Қас түлектен туған қатепті, Қара нар керек біздің бұл іске. Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе, Қабағын шытпас ер керек, Біздің бүйткен бұл іске» деген өлеңін еске түсіреді.
Әлихан Алаш жұртын құрып, тәуелсіз ел болу жолындағы күресте сұңқар болып самғай білді, тұлпар болып жүйткіді, қара нар болып адам төзбес қиыншылықтарды бастан кешті, бірақ соның бәріне жаны жәннаттқа кеткенше шыдады. Сол кездегі «Қазақ» газетіне беретін бүркеншік аты «Қыр баласы» болған Әлиханның саяси және рухани қайраткерлік тұлғасы көзі тірісінде-ақ ХХ ғасыр басындағы алаш идесын қолдаған жазба ақындармен қатар Абайдың замандастары халық ақындары Көкбай Жанатайұлының, Әріп Тәңірбергеновтың өлеңдерінде табиғи болмысымен шынайы сомдалады.
ХХ ғасырдағы бірегей тұлға Әлиханның ерекше қасиеттері: көсемдігін, шешендігін, ел бастар ерен саяси тұлғасын халыққа түсінінікті қарапайым тілмен Көкбай Жанатайұлы:
Қарағым, жалғызымсың қазақтағы,
Ұл тумақ сендей болып аз-ақ тағы.
Өгіз өліп, болмаса арба сынып,
Өмірің өткен жансың азаптағы, – деп қазақтың дара, дана тұлғасы ретінде береді.
Әріп Тәңірбергенұлы:
Міржақып, Бөкейханов – екі саңлақ,
Жұрт үшін бейнет көрген жанды жалдап.
Сапарың қайырлы болсын барған бетте,
Тілектестік білдіріп жаздым арнап.
Жаужүрек қыран көзді арыстаным,
Жан қиып халқың үшін қарысқаның.
Қатардан қазақ сорлыны қалдырмасқа,
Бәйгеде ұлы дүбір жарысқаның.
Шешен тіл саясаттың саясында,
Ететін талмай қызмет данышпаным.
Атқан оқ, сермеген қол қата кетпей,
Түскей-ақ аяғыңа бар дұшпаның – деп қазақ ұғымына тән «жаужүрек», «қыран», «арыстан», «саңлақ» деген бейнелеуіш сөздермен Әлиханнның қазақ үшін «жан қиып қарысып, ұлы дүбірге араласып, жарысып» жанталасып жүрген кейпін сомдайды, сомдап қана қоймайды қорғайды, ақтайды. Осы орайда Әлихан Бөкейхановпен, Ахмет Байтұрсыновпен бірге «Алаш»партиясының қатарында болған ұлт ұстазы Әбікей Сәтпаев туралы айта кетудің орайы келіп тұр.
2019 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті баспасынан шыққан «Ұлағатты ұстаз – Әбікей Сәтбаев» атты кітапта (309-бет) 1927 жылы Семей педтехникумының директоры болған Әбікей Сәтбаев жазықсыз түрмеге жабылғанда ақын Шәкәрім Құдайбердиевтің ұлы Ахат Шәкәрімұлы Семей губерниялық атқару комитетінің төрағасы революционер Әбілқайыр Досовқа өлеңмен мынадай тілек хат жолдайды:
Еңбегін жарай ма бос жерге шашқан,
Әбікейдің істеген игі ісі бар.
Мұғалімдер жинап ап мектеп ашқан,
Қазақтан оқытушы дайындады.
Басқа емес елдің жағдайын уайымдады,
Білім ап, қараңғы елі жетілсін деп…
Қарап отырсақ, халық арасынан шыққан жоғарыда аты аталған ақындар өз ұлтының білімді қайраткерлерін ерекше дәл бағалай білгенін байқаймыз.
1914 жылы Әлихан Бөкейханов өзі негізін қалаған «Қазақ» газетінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – серт береді. Енді бірде «Жолдастарыма жұрт һәм Отан игілігіне еткен жұмыстарына өнім, береке берсін деп тілеймін. Қайда жүрсем де, бар күшімді Отанның бағы һәм еркі жолында сарп етпекпін» деген күрескерлік ұстанымын айқын жария етеді. Әлекең айтқан осы серт сөздердің өзі оның сыртқы сұсты, келбетті, маңғаз бейнесі мен ішкі рухани бейнесінің Мәшһүр Жүсіп, Ахмет Байтұрсынов, Көкбай Жанатайұлы, Әріп Тәңірбергенов өлеңдеріндегі көркемдік кейіптеулермен, бейнелеулермен айна қатесіз ұштасып жатқанын көреміз.
Әлихан Бөкейхановтың қазақ-совет әдебиетіндегі бейнесі
ХХ ғасырдың бас кезіндегі өлең, жырларда Әлихан Бөкейханов ұлты үшін жан беретін, айбарлы, асқақ тұлға ретінде бейнеленсе, кеңес үкіметі орнаған жылдардағы көркем әдебиетте коммунистік идеологияның ықпалымен Алаш қайраткерлерінің алдына қойған мақсаттарын, жасаған бағдарламаларын, қазақ үшін жасаған жақсылығын елеусіз қалдырып, бай-манапқа қызмет көрсетуші топ ретінде көрсетіледі. Қазақ-совет әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі революционер ақын Сәкен Сәйфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» атты туындысының «Совет үшін күресте» тарауында «Орынборда болған, Бөкейханов ұлдары бастаған сиездің қарары бойынша күллі Қазақстанда «Алаш» партиясы деген жасалды… газеттер көпірген мақалалар жазып, «Алаш», «Алаш!» деген күйге бастады… Барлық «Алаш ағасы» деп Әлихан Бөкейханұлын ұлтшыл оқығандар көкке көтерді…
Дон-Кихотша Бөкейхан Сібір сиезіне келді. Омбыға келді, Семейге келді, баяндамалар жасады. Оқыған ұлтшыл мырзалар, оқып жүрген мырза болам деуші бай ниетті ұлдары Бөкейханың жолын тосып қарсы алды» (85, 86-бет) – деп азаттық үшін күрескен, алмағайып заманның аламаны, айтулы тұлғасы, қазақтың жерін өзіне қайтарамын серт берген алаш азаматын кекесін сөздермен сынай бейнелейді. Осы суреттемедегі Әлихан тегінің «Бөкейхан ұлдары, Бөкейхан, Бөкейханұлы» болып бірнеше түрде кемсітіп берілуінің өзі Кеңес үкіметінің аяр саясатының Сәкен сияқты талантты адамды қаншалықты адастырғаны саясат салқыны, тап күресінің салдары екенін дәлелдейді.
Кеңес үкіметі кезіндегі бертінгі шыққан Қалижан Бекхожиннің «Дала комиссары», Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Қалмұқан Исабаевтың «Өткелде» шығармаларында Әлихан Бөкейхановтың әдеби бейнесі тым әсіре жағымсыз кейіпте емес, жанама кейіпте, кейіпкерлердің пікір алмасуы, ой бөлісуі арқылы тарихи тұлғаларды тануда аса саяси тұрғыда қайшылыққа ұшыратпай, шынайы танымдық тұрғыда беретінін байқаймыз.
Қалижан Бекхожинің 1961 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Дала комиссары» поэмасы – қазақ-совет әдебиетіндегі көрікті ой, көркем тілмен шамырқанған шабытпен жазылған құнды дүние. Осы поэмада Әліби Жангелдиннің Алаш көсемі Әлиханмен кездескен кездегі Әлихан бейнесін, сипатын, портретін ақын Қалижан Бекхожин үш-төрт шумақпен қаз-қалпында аса беріліп көркем суреттейді (57,58-бет).
Тағында отырғандай аталы хан,
Шалқайып отырғанның аты – Әлихан.
Жалғыз ол төре қазақ Россияда,
Бақ қонған өзі қазір аталыдан.
Ол – төре, алаштың ол оқығаны,
Кадеттің әдетін де тоқығаны.
Сонау бір бір айбарлы хан атасынша,
Өзіне ұнайды сол отырғаны…
Уақытша үкімет комиссары…, – деп берілген жыр жолдары оқырманды Әлихан бейнесінен алшақтатпайды, керісінше жақындатады, жанын жадыратады. Осы бір сынаған болып, тұспалдай отырып айтылған «төре», «бақ қонған аталыдан», айбарлы хан» деген сөздер оқырманды ойлантып, жағымсыз емес, жағымды сипат береді.
Әліби келіп міне, тұрды қарап,
Әлихан соны көріп түйді қабақ, – деген жолдар да екі айырық жолға түскен екі арыстың екеуі де ерекше тұлға екенін пайымдап тұрғандай. Міне, «Дала комиссары» поэмасындағы шын болған тарихи оқиғалар, кейіпкерлер тартысы, оқиғаның өрбуі танымдық тұрғыда шынайы көрініс табады.
Әлихан бейнесі заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында ұтымды ретімен суреттелген. Романдағы «Қастықта» бөлімінде Әлихан образы Әзімхан Жабайхан деген бүркеншік атпен берілген. «Бүгін жұмыстан соң қолы босаған кешкі отырысында Әзімхан төре Оразбай бастаған үй толы жиынға бейіл берді. Өзіне тігілген бес үйлі орданың тап ортасында үш-төрт ақ жастыққа шынтақтай сүйеніп, әр жайдан сөз бастап отыр» (470-бет) дей отыра жазушы Әзімханды сөйлетіп, ата-тегін, қазақ тарихын тарқатқызады. Бір қараған оқырманға Әзімхан мақтаншақ төре секілді көрінеді. Қалай болғанда Тобықты руының атақты адамдары Оразбай, Есентай Жиренше алдында үлкен жиын ішінде көсіле сөйлеп отырған төре Әзімханның тегін адам еместігі белгілі болып тұрады.
Әлихан бейнесінің осындай белгілі бір эпизодта берілуі, суреттелуі Қалмұқан Исабаевтың «Өткелде» романында да көрініс тапқан. Тарихи тұлға, алаш мүшесі Көшке Кемеңгеровтің ұсынымен Омбыдағы жаңашыл жастар Әлихан Бөкейхановпен кездесу өткізген тұста (78-бет) «Бірінші сөз Әлиханның өзіне беріліп, оның мінбеге шығуын зал ду қол соғып қарсы алды.
– Әр халықтың қамын ойлап дүниеге келген саяси партия қай уақытта құрылады? – деп Әлихан сұрақ қойып алды да, оған өзі жауап берді. – Сол халықтың көзі ашық оқығандары жетіліп өскен уақытта. Міне, бүгін таңда қазақ та сондай партияға ие болып отыр. Ол – біздің «Алаш» партиясы. Негізгі мақсаты – қазақ елін ешкімге тәуелсіз, дербес ел қылу… – дегенді уәж еткен тұста большевиктердің жоғын жоқтаушы Әбілқайыр Досовтың қарымта жауап беріп, қарсылық білдіруі сол саяси қайшылықтың өршіп тұрған кезін, қазақ әлемінің екіге бөлінуін анық сипаттайды.
Бүгінгі Алаш арыстарының арманы орындалып, тәуелсіз ел болған тұста, сол кездегі халық үшін жапа шеккен ұлт қайраткерлерінің ақталып, олардың мәдениет, әдебиет, саясат, ғылым-білім саласындағы істері ғалымдар, жазушылар, сыншылар тарапынан қазіргі заман талабы тұрғысынан қайта зерделеніп, жаңа шығармалар, туындылар, деректі кітаптар шығарылу үстінде. Бүгінгі ұрпақ, болашақ ұрпақ үшін Алаш партиясы мен оны құрған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Әбікей Сәтбаев, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқаев, Елдос Омаров, Райымжан Мәрсеков, Халел Досмұханбетұлы, Жақып Ақбаев тағы басқа Алаш мүшелері, сонымен бірге Кереку өңірінде Алаш партиясына мүше болған азаматтардың жарқын бейнесі қазіргі әдебиетте, көсемсөзде, деректі шығармаларда, көркем фильмдерде кеңінен орын алуы тиіс.
Жұмағали ҚОҒАБАЙ
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.